Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨМІРБАЯН

Әкемнің орнын басқан Әке таптым

Әкемнің орнын басқан Әке таптым

МЕНІҢ ӘКЕМ 1899 жылы Австрияның Грац қаласында дүниеге келген. Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанда, ол әлі өрімдей бала еді. 1939 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс бұрқ ете түскенде, ол неміс әскерінің қатарына алынды. Өкінішке қарай, 1943 жылы соғыс Кеңес Одағында жүріп жатқанда, менің әкем қаза болды. Ол кезде мен небәрі 2 жаста едім, сондықтан әкем жайлы көп нәрсе білмеймін. Әкемнің қасымда болғанын қатты қалайтынмын. Әсіресе мектептегі балалардың әкелері бар, ал менде жоқ екенін көрген кезде, көңілім түсетін. Бірақ кейін жасөспірім шағымда мен көктегі Әкемді, ешқашан қайтыс болмайтын ұлы Әкені танып білгенде, үлкен жұбанышқа ие болдым (Абб. 1:12).

“БОЙСКАУТТАРМЕН” ӨТКЕН КҮНДЕРІМ

Бала кезім

Жасым жетіде болғанда, мен “Бойскауттар” деген жастар қозғалысына қосылдым. Бұл дүниежүзілік ұйымның негізін 1908 жылы Ұлыбритания әскерінің генерал-лейтенанты Роберт Стефенсон Смит Баден-Пауэлл қалаған. Ал 1916 жылы ол менің жасымдағы ұлдар үшін “Кабскауттар” (“Бөлтіріктер”) деп аталатын кіші скауттар тобын да ашқан болатын.

Мен демалыс күндері қаланың сыртына шығып, тігілген шатырлардың ішінде ұйықтауды, арнайы киім киюді, барабан дүрсіліне сап түзеп жүруді жақсы көретінмін. Әсіресе скауттармен бірге кешқұрым оттың басында ән айту, ну орманда ойын ойнау ұнайтын. Сонымен қатар мен табиғатқа қарап, Жаратушымыздың жасампаздығына қайран қалатынмын.

Бойскауттарды күнде жақсылық жасауға үйрететін, себебі бұл біздің ұранымыз еді. Біз бір-бірімізді “Дайын бол!” деп қарсы алатынбыз. Бұл маған қатты ұнайтын. Жүзден астам ұлдан тұратын біздің топта бір жартысы католиктер, екінші жартысы протестанттар еді, ал бір бала буддист болған.

1920 жылдан бері дүниенің әр бұрышынан жиналған скауттардың съезі бірнеше жылда бір рет өткізіліп тұрады. Мен 1951 жылы Австрияның Бад Ишль қаласында өткен скауттардың VII дүниежүзілік съезіне қатыстым. Ал кейін 1957 жылдың тамыз айында Англияның Бирмингем қаласының Саттон Паркінде өткен ІХ съезіне бардым. Сол кездесуге 85-тен астам елден жиналған 33 000-ға жуық бойскаут қатысты. Бұдан бөлек 750 000 адам келді, оның арасында Англияның Елизавета патшайымы да болды. Мен үшін бұл бір дүниежүзілік бауырластық сияқты еді. Шамалы уақыттан кейін одан да таңғажайып бауырластықпен — Құдайдың халқымен — танысатынымды сол кезде кім білген?

ЕХОБА КУӘГЕРЛЕРІМЕН АЛҒАШ РЕТ ТАНЫСУЫМ

Маған ең бірінші уағыздаған бас наубайханашы Рудольф Чигерл

1958 жылдың көктемінде мен Австрияның Грац қаласындағы “Гранд Хотел Вислер” қонақ үйінде даяшының оқуын бітіргелі жатқанмын. Сол кездерде бас наубайханашы болған әріптесім Рудольф Чигерл маған бейресми куәлік етті. Оған дейін мен шындық жайлы ештеңе естімеген едім. Ол Үшбірлік ілімі туралы әңгіме қозғап, оның Киелі кітапқа негізделмегенін айтты. Бірақ мен Үшбірлік ілімін жақтап, оның қателесіп тұрғанын дәлелдегім келді. Әріптесім Рудольфті адам ретінде жақсы көретінмін, сондықтан оны католик шіркеуіне қайта оралуға көндіруге тырыстым.

Руди (мен Рудольфті жиі солай атайтынмын) маған Киелі кітап бергісі келді. Мен оған тек католиктер қолданатын Киелі кітапты оқитынымды айттым. Сонда ол мен айтқан Киелі кітапты әкеліп берді. Оны оқи бастағанда, мен ішінен Күзет мұнарасы қоғамы басып шығарған бір трактат тауып алдым. Сөйтсем, оны Руди салып қойған екен. Бұл маған ұнамады, себебі бұндай әдебиеттерде жазылғанның бәрі дұрыс болып көрінгенімен, шын мәнінде олай емес деп ойлағанмын. Бірақ мен онымен Киелі кітап туралы әңгіме-дүкен құруға қарсы емес едім. Руди маған түсінікпен қарап, содан кейін ешқандай әдебиет ұсынған жоқ. Шамамен үш ай аралығында біз Киелі кітап жайлы арагідік әңгімелесіп, жиі қара кешке дейін отырып қалатынбыз.

Туған қалам Грацтағы қонақ үйінде оқуымды тамамдаған соң, менің анам әрі қарай білім алғанымды қалап, қаржылай көмектесті. Содан мен Альп тауларының аңғарында орналасқан Бад Хофгастейн қаласына көшіп, сондағы оқуорнына түстім. Бұл арнайы мектеп сол қаладағы “Гранд Хотел” қонақ үйімен қызметтескендіктен, тәжірибе жинақтау үшін мен кей кездері сонда барып жұмыс істейтінмін.

ЕКІ МИССИОНЕР ӘЙЕЛ БАУЫРЛАСТЫҢ КЕЛУІ

1958 жылы менімен Киелі кітапты зерттей бастаған Ильзе Унтердёрфер мен Эльфриде Лёр бауырлас

Руди менің жаңа мекенжайымды Венадағы Бетелге жіберді. Ал Бетел, өз кезегінде, маған Ильзе Унтердёрфер мен Эльфриде Лёр * деген екі миссионер әйел бауырласты жіберді. Бір күні қонақ үйдің қабылдау бөлімінде жұмыс істейтін кісі мені шақырып, сыртта тұрған көліктің ішіндегі екі әйел менімен сөйлескісі келетінін айтты. Оларды танымасам да, олардың кім екенін білу үшін сыртқа шықтым. Кейінірек мен олардың Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында нацистік Германияда біздің тыйым салынған әдебиеттерімізді тасығанын білдім. Тіпті соғыс басталмай тұрып, оларды құпия неміс полициясы (гестапо) ұстап алып, Лихтенбург концлагеріне жіберген екен. Ал соғыс кезінде олар Берлиннің түбіндегі Равенсбрук лагеріне ауыстырылған.

Бұл бауырластардың жастары менің анаммен қатарлас болғандықтан, оларды, әрине, құрметтедім. Мен олардың алтын уақыттарын бекерден-бекер кетіргім келмеді, себебі шындыққа қызығушылығым жоқ еді. Сондықтан мен католиктердің Рим папасы туралы ілімінің бұрыс екенін дәлелдейтін Киелі кітап тармақтарының тізімін ғана сұрадым. Католиктердің бұл ілімі ең бірінші Рим папасы — елші Петір екенін, әрі оның билігі келесі Рим папасына мұра етіп беріледі деп үйретеді. Мен осы ілімге қатысты тармақтардың тізімін алып, жергілікті шіркеу басшысымен сөйлеспекші екенімді айттым. Осылайша қайсысы шындық екенін көре аламын деп ойладым.

КӨКТЕГІ КИЕЛІ ӘКЕМ ЖАЙЛЫ ШЫНДЫҚТЫ ТАБУЫМ

Католик шіркеуі Матай 16:18, 19-дағы сөздер аталмыш ілімді қолдайды деп түсінеді. Бұған қоса, католицизмнің үйретуі бойынша, Киелі Әке ретінде есептелетін шіркеу басшылары ілімдер жайында тек бұлтартпас шындықты айтады. Көптеген католик дінін ұстанушылар осыған сенеді әрі сенімдерін осыған негіздейді. Мен де бұған сенгенмін. Сондықтан шіркеу басшысы Үшбірлік ілімін дұрыс деп айтса, бұл шындық болу керек деп ойладым. Алайда ол жаңылып, қателесіп қалса, онда бұл ілімнің де шындық болуы екіталай. Рим папасы жайлы ілім католиктер үшін ең маңызды ілім болғандықтан, өзге ілімдердің дұрыс-бұрыстығы толықтай осы ілімге байланысты еді.

Содан шіркеу басшысына барып, онымен сөйлескенімде, ол менің сұрақтарыма жауап бере алмады. Оның орнына, Рим папасы туралы ілімді түсіндіретін бір кітап берді. Мен оны үйге алып кетіп, оқып шықтым. Бұдан менің сұрақтарым одан бетер көбейді. Шіркеуге қайтадан барғанда, сұрақтарыма жауап бере алмаған шіркеу басшысы: “Мен сенің көзқарасыңды өзгерте алмаймын, сен де менің көзқарасымды өзгерте алмайсың... Аман бол!”— деп шығарып салды. Бұдан кейін ол менімен сөйлескісі келмеді.

Осы жағдайдан кейін мен Ильзе және Эльфриде бауырласпен Киелі кітапты зерттеуді бастадым. Олар маған шынайы киелі Әкеміз Ехоба жайлы көп тәлім берді (Жох. 17:11). Ол уақытта қалада бірде-бір қауым болмады, сондықтан осы екі әйел бауырлас қызығушылық танытқан бір отбасының үйінде жасырын түрде жиналыс өткізетін. Келушілер көп болмайтын. Арамызда шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырлас болмағандықтан, Ильзе мен Эльфриде бауырлас кездесудің мәліметтерін өзара талқылайтын. Сонымен қатар ара-тұра басқа қаладан бір ер бауырлас келіп, жалға алынған орында көпшілікке арналған баяндама айтып тұратын.

УАҒЫЗ ІСІНЕ АТСАЛЫСУЫМ

Ильзе және Эльфриде бауырлас менімен Киелі кітапты зерттеуді 1958 жылдың қазан айында бастаған болатын. Содан үш ай өткен соң, 1959 жылдың қаңтарында мен шомылдыру рәсімінен өттім. Шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын олардан уағыз ісі қалай атқарылатынын көру үшін, үйме-үй уағыздауға олармен бірге ілесіп баруды өтіндім (Ел. іс. 20:20). Сөйтіп, олармен алғаш рет қызметке барып келген соң, өзіме учаске сұрадым. Олар маған бір ауылды берді. Енді мен сол ауылға жалғыз өзім барып, үйме-үй уағыздап, қызығушылық танытқан адамдарға қайта баруым керек еді. Менімен үйден үйге уағыздаған ең бірінші ер бауырлас бізге кейінірек сапармен келген аудандық бақылаушы еді.

1960 жылы қонақ үйдегі оқуымды бітірген соң, туысқандарыма шындықты айту үшін туған қалама оралдым. Бірақ осы күнге дейін олардың бірде-біреуі шындыққа келген жоқ. Сөйтсе де араларындағы кейбірі қызығушылық танытып жатады.

ТОЛЫҚ УАҚЫТТЫ ҚЫЗМЕТКЕ АЯҚ БАСУЫМ

Жиырмалардағы кезім

1961 жылы ізашарлық қызметті бастауға талпындыру мақсатында қауымдарға филиалдан хаттар келіп жатты. Ол кезде күш-қайраты көп бойдақ болғандықтан, менде ізашар болмауға сылтау жоқ еді. Курт Кюн есімді аудандық бақылаушыға таянып, тағы бірнеше ай жұмыс істеп, ізашарлық қызметте көмек болатын көлік сатып алуыма қатысты ойын сұрадым. Ол маған не дегенін білесіздер ме? “Толық уақыт қызмет ету үшін Иса мен елшілеріне көлік қажет пе еді?” Оның осы бір ауыз сөзі маған жеткілікті болды. Мен ізашарлық қызметті мүмкіндігінше ертерек бастауды жоспарладым. Бірақ қонақ үйдің мейрамханасында аптасына 72 сағат жұмыс істегендіктен, маған өзгерістер жасау қажет болды.

Мен бастығыма кіріп, одан аптасына 60 сағат жұмыс істеуді сұрадым. Ол өтінішімді орындап, айлығымды сол күйінде қалдырды. Біраз уақыт өткеннен кейін, апта сайын 48 сағат жұмыс істеуге рұқсат сұрадым. Ол сол кезде де рұқсат беріп, айлығымды да азайтпады. Ал тағы бір рет бастығыма жолығып, аптасына 36 сағат, яғни 6 күн 6 сағаттан жұмыс істеуді өтінгенімде, ол оған да рұқсат берді. Бір қызығы, сол кезде де менің айлығым бір тиынға азайған жоқ! Бастығым менің жұмыстан кеткенімді қаламайтындай көрінді. Осындай жұмыс кестесімен мен жалпы ізашарлық қызметке кірістім. Ол кезде жалпы ізашарларға айына 100 сағат уағыздау керек еді.

Арада 4 ай өткен соң, Каринтия облысындағы Шпитталь-ан-дер-Драу қалашығына арнайы ізашар әрі қауым қызметшісі болып тағайындалдым. Ол кезде арнайы ізашарлар айына 150 сағат тапсыратын. Менің ізашарлық қызметімде серіктесім болмады. Бірақ Гертруд Лобнер есімді қауымымыздағы әйел бауырлас маған қатты көмектесті. Ол қауым қызметшісінің көмекшісі ретінде қызмет еткен болатын *.

ЖАҢА ТАҒАЙЫНДАЛУЛАР

1963 жылы мен аудандық бақылаушы болып тағайындалдым. Кейде бір қауымнан екінші қауымға жету үшін маған ауыр шабадандарымды арқалап, пойызбен жүруге тура келетін. Ол кезде бауырластардың көбісінде көлік болмады, сондықтан олар мені теміржол стансасынан алып кете алмайтын. Оларды ыңғайсыз жағдайға қалдырмау үшін, таксиге мінбейтінмін. Оның орнына, бүкіл жүгіммен бірге олардың үйлеріне жаяу баратынмын.

1965 жылы мен Ғалақад мектебінің 41-сыныбына шақырылдым. Сыныптастарымның көбісі мен сияқты бойдақ еді. Үлкен қуанышыма орай, мен қайтадан туған елім Австрияға аралаушы бақылаушы ретінде тағайындалдым. Бірақ үйге оралмас бұрын, бауырластар менен 4 апта Энтони Конти есімді аудандық бақылаушымен қызметтесе тұруды өтінді. Танапты жақсы көретін әрі жемісті қызмет атқаратын бұл бауырласпен бірге қызмет ету маған қатты ұнады. Біз екеуміз Нью-Йорктің солтүстік жағында орналасқан Корнуолл аймағында қызмет еттік.

Үйленген күніміз

Австрияға қайта оралғанда, өз ауданымда Тове Мерете есімді сүйкімді қыз бауырласпен таныстым. Ол 5 жасынан шындықта өсіп тәрбиеленген. Бауырластар бізден “қалай таныстыңдар?” деп сұрағанда, екеуміз қалжыңдап: “Біз үшін бәрін филиал ойластырып қойған еді”,— деп жауап береміз. Бір жылдан кейін 1967 жылдың сәуір айында біз үйленіп, шаңырақ көтердік, сөйтіп, аралаушы бақылаушылық қызметті екеуміз атқара бастадық.

Римдіктерге 8:5-те кейбір адамдар Ехобамен ерекше қарым-қатынасқа ие болып, оның рухани ұлдары атанатыны жазылған. Олар оны: “Абба, Әке!”— деп атайды. Мен де осы ерекше қарым-қатынасты 1968 жылы сездім. Сол кезде Ехоба рақымдылығымен мені рухани ұлы ретінде қабылдағанын түсіндім. Осылайша мен майланғандардың рухани бауырластығының бір мүшесі болдым.

Мерете екеуміз аудандық және облыстық бақылаушылық қызметте 1976 жылға дейін болдық. Кейде қыс кезінде біз температурасы 0 градустан төмен суық бөлмелерде ұйықтайтынбыз. Бірде оянып кетсек, біздің демімізден көрпенің үстіңгі жағын қырау басып қалған екен. Сөйтіп, түнде тоңбай ұйықтау үшін кішкентай электр жылытқыш сатып алуды шештік. Кейбір жерлерде түнде дәретханаға бару үшін, далаға шығып, қар басып жүру керек еді. Онымен қоймай, ол жерде суық жел азынап тұратын. Біздің жеке пәтеріміз болмағандықтан, сапар кезінде бір апта бойы тұрған үйде келесі дүйсенбіге дейін қалып қоятынбыз. Ал сейсенбі күні таңертең келесі қауымға жол жүріп кететінбіз.

Жылдар бойы қасымда жүрген жан жарымның өлшеусіз қолдауын әсіресе айта кеткім келеді. Мен оны қызметке шығуға ешқашан талпындырған емеспін, себебі ол танаптағы қызметті қатты жақсы көреді. Сондай-ақ ол достарын жақсы көреді әрі үнемі өзгелердің қамын ойлап жүреді. Бұл — нағыз көмек.

1976 жылы біз Венадағы филиалда қызмет етуге шақырылдық. Мен филиалдың комитет мүшесі болып тағайындалдым. Ол кезде шығыс Еуропаның кейбір елдері Австрия филиалының қарамағында болатын әрі филиал сол елдерге жасырын түрде әдебиеттер жіберіп тұратын. Бұл істе жетекшілікті Юрген Рундел бауырлас алған болатын. Менің үлесіме осы бауырласпен қызметтесу мәртебесі түсті. Кейін мен әдебиеттердің 10 шығыс еуропалық тілге аударылуын бақылап отыруға тағайындалдым. Юрген мен оның жұбайы Гертруд осы күнге дейін Германияда адалдықпен арнайы ізашар болып қызмет етіп жүр. 1978 жылдан бастап Австрияның филиалы журналдарға фототерім жасап, оларды кішігірім офсеттік баспа машинасымен алты тілде шығара бастады. Сондай-ақ біз әдебиеттерге жазылғысы келгендерге түбіртектер жіберіп тұрдық. Осы істерде Отто Куглич мұрындық болған. Қазір ол әйелі Ингридпен бірге Германиядағы филиалда қызмет етеді.

Австрияда көшеде қызмет етіп жатқан кезім. Бұл жерде мен куәлік берудің көптеген түріне қатыстым

Шығыс Еуропадағы бауырластар да өз елдері үшін әдебиеттерді микрофильмдерден, я болмаса мимеограф (немесе ротатор) арқылы басып шығаратын. Сөйтсе де оларға басқа елдерден көмек қажет болды. Ехоба олардың ісін көздің қарашығындай сақтап отырды. Филиалда отырған біздер тыйым салынған сол елдерде көп жыл адалдықпен қызмет еткен бауырластарды жанымыздай жақсы көріп кеттік.

РУМЫНИЯҒА АРНАЙЫ САПАР

1989 жылы маған Басқарушы кеңестің мүшесі Теодор Ярачпен бірге Румынияға бару бақыты түсті. Біздің мақсатымыз сол елдегі көптеген бауырласты біздің ұйымға қайта қосу еді. 1949 жылдан бастап олар түрлі себептермен ұйыммен байланыстарын үзіп алып, өздерінің жеке қауымдарын құра бастаған. Бірақ соған қарамастан олар уағыздау мен шомылдыру рәсімінен өтуді жалғастырып жүрді. Ұйыммен байланыста болған басқа елдегі бауырластар сияқты, олар да әскери бейтараптықтары үшін түрмеге жабылды. Біз Румынияға барған кезде ісімізге әлі де тыйым салынған болатын. Сондықтан Памфил Альбу деген бауырластың үйіне жасырын түрде келдік. Ол жерде төрт негізгі ақсақал мен Басқарушы кеңес мақұлдаған Румынияның жергілікті комитетінің мүшелері де болды. Сондай-ақ бізбен бірге Австриядан келген аудармашы Рольф Кёлнер де болған еді.

Талқылауымыздың екінші түні Альбу бауырлас өзінің жақтасы болған төрт ақсақалды бізге қосылуға көндіріп, былай деді: “Мұны қазір істемесек, мұндай мүмкіндік ешқашан тумауы мүмкін”. Содан кейін 5000-ға жуық бауырлас ұйымға қайта қосылды. Иә, бұл жағдай Ехоба үшін жеңіс болса, Шайтан үшін жеңіліс болды!

1989 жылы шығыс Еуропада коммунизм күйремес бұрын, Басқарушы кеңес әйелім екеумізді дүниежүзілік бас басқармаға шақырды. Бұл бір күтпеген сый еді. Сөйтіп, 1990 жылдың 1 шілдесінде біз Бруклиндегі Бетелде қызмет ете бастадық. 1992 жылы Басқарушы кеңестің Қызмет комитетіне көмекші болып тағайындалдым, ал 1994 жылдың шілде айынан бастап Басқарушы кеңестің мүшесі болу мәртебесіне ие болдым.

ӨТКЕНДІ ОЙЛАП, БОЛАШАҚТАН КҮТЕРІМ

Жұбайым екеуміз Бруклинде (Нью-Йорк)

Мейрамханадағы адамдарға даяшы ретінде тамақ ұсынған күндерім сонау артта қалды. Қазір мен рухани ас-суды дайындап, оны дүниежүзіндегі бауырластарға ұсынудан үлкен қуаныш табамын (Мат. 24:45—47). Толық уақытты қызметте өткізген 50-ден астам жылдарым жайлы ойласам, менде шексіз алғыстан басқа айтарым жоқ. Ехобаның дүниежүзілік бауырластыққа төккен баталарын көргенде, жан дүнием қуанышқа кенеледі. Сондай-ақ мен халықаралық конгрестерді қатты жақсы көремін. Өйткені ол жерде Әкеміз Ехоба мен Киелі кітап шындықтары жайлы көп тәлім беріледі.

Миллиондаған адам Киелі кітапты зерттеп, шындықты қабылдап, мәсіхшілердің дүниежүзілік бауырластығымен бірге Ехобаға қызмет етсе екен деп үнемі дұғаларымда сұраймын (Пет. 1-х. 2:17). Сондай-ақ адамдардың қайта тіріліп жатқанын көктен бақылап, арасынан әкемді көретін кезді тағатсыздана күтудемін. Әкем, анам және басқа да туыстарым жұмақта Ехобаға қызмет етуге ықыласты болады деген үмітім зор.

Мен адамдардың қайта тіріліп жатқанын көктен бақылап, арасынан әкемді көретін кезді тағатсыздана күтудемін

^ 15-абзац Олардың өмірбаяны “Күзет мұнарасының” (ағ.) 1979 жылғы 1 қараша айындағы санында жазылған.

^ 27-абзац Бүгінде қауым қызметшісі — ақсақалдар кеңесінің үйлестірушісі, ал қауым қызметшісінің көмекшісі — хатшы.