Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Қатеңе өкінген соң, бауырластарыңның сенімін нығайт”

“Қатеңе өкінген соң, бауырластарыңның сенімін нығайт”

ИСАДАН танғаннан кейін Петір қатты жылады. Петірге рухани күйін қалпына келтіру үшін әлі күш салу керек болса да, Иса оның басқаларға көмектескенін қалады. Ол былай деді: “Сен қатеңе өкінген соң, бауырластарыңның сенімін нығайт” (Лұқа 22:32, 54—62). Кейінірек Петір I ғасырдағы мәсіхшілер қауымының тірегі бола алды (Ғал. 2:9). Сол сияқты, ақсақал болып қызмет еткен бауырлас бұрынғы жауапкершілігін қайтадан алып, бір сенімдегі бауырластарды нығайтудан келетін қуанышты сезіне алады.

Кейбір бауырластар бақылаушылық міндеттерінен айырылып қалған соң, өздерін түкке тұрғысыз сезінген. Оңтүстік Америкада 20 жылдан аса уақыт бойы ақсақал болып қызмет еткен Хулио * былай дейді: “Өмірімнің басым бөлігі бауырластардың хал-жағдайын білу, бақташылық сапармен қауым мүшелеріне бару және баяндамалар дайындаумен өтетін. Бірақ әп-сәтте осының бәрі ғайып болып, бұл істердің орны үңірейіп қалды. Бір сөзбен айтқанда, бұл мен үшін өте ауыр кезең болды”. Бүгінде Хулио қайтадан ақсақал болып қызмет етіп жүр.

“БҰҒАН ЗОР ҚУАНЫШПЕН ҚАРАҢДАР”

Шәкірт Жақып: “Бауырластарым, әртүрлі сынақтарға ұшырағанда, бұған зор қуанышпен қараңдар”,— деп жазған (Жақ. 1:2). Мұнда Жақып біз қудалауға ұшырағанда және кемелсіздікпен күрескенде туындайтын сынақтар жайлы айтып тұр. Сондай-ақ ол өзімшілдік, алалаушылық сияқты тағы басқа бейімділіктер туралы да айтқан (Жақ. 1:14; 2:1; 4:1, 2, 11). Әрине, Ехобаның түзетуін қабыл алу қиынға соғуы мүмкін (Евр. 12:11). Алайда мұндай қиындықтың сынаққа айналып, бізді қуаныштан айыруына жол бермеуіміз керек.

Қауымдағы жауапкершіліктен айырылып қалғанымыз бізге сеніміміздің қаншалықты берік  екенін тексеруге және Ехобаға деген сүйіспеншілігімізді дәлелдеуге кедергі жасамайды. Сондай-ақ кім үшін қызмет еткеніміз жайлы ойлансақ болады. Жеке бастың пайдасы үшін бе, әлде Құдайды сүйгендіктен және қауым Құдайдың меншігі екенін, қамқорлауға лайық екенін түсінгендіктен бе? (Ел. іс. 20:28—30). Бұрын ақсақал болып қызмет еткен бауырластар қасиетті қызметтерін қуанышпен атқара берулерімен барлығына, соның ішінде Шайтанға да, өздерінің Ехобаға деген сүйіспеншіліктерінің шынайы екенін дәлелдей алады.

Дәуіт патша жасаған ауыр күнәлары үшін жөнге салынғанда, түзетуді қабыл алып, кешірімге ие болған. Ол: “Әділетсіз істері кешірілген, барлық күнәларынан ақталған қандай бақытты әрбір жан! Иеміз мойнына кінә артпайтын, жан дүниесінде жалғандық болмайтын қандай бақытты әрбір жан!”— деп жырлаған (Заб. 31:1, 2). Жөнге салынғаны Дәуітті күнәсінан тазартып, Құдай халқының жақсы бағушысы етті.

Ақсақалдық қызметтеріне қайта оралған бауырластар жиі бұрынғыға қарағанда жақсы бағушы болып жатады. Бір ақсақал: “Қазір мен шалыс қадам басқан бауырласқа қалай көмектесу керек екенін жақсырақ білемін”,— дейді. Тағы бір ақсақал: “Бауырластарға қызмет ету мәртебесін бұрынғыдан да бағалай түстім”,— дейді.

СЕН ҚЫЗМЕТІҢЕ ҚАЙТА ОРАЛА АЛАСЫҢ БА?

Забур жыршысы: “[Ехоба] бізді ұдайы айыптамайды”,— деп жазды (Заб. 102:9). Сондықтан біз ауыр күнә жасаған адамға Ехоба ендігәрі сенім артпайды деп ойламауымыз керек. Көп жыл бойы ақсақал болып қызмет етіп, кейін мәртебелі қызметінен айырылып қалған Рикарду былай дейді: “Қателік жасағаныма қатты қапа болдым. Ұзақ уақыт бойы өзімді лайықсыз сезініп, бақылаушы ретіндегі қызметіме қайта орала алмай жүрдім. Бауырластардың сеніміне қайта ие бола алатыныма сенімсіз болдым. Бірақ өзгелерге көмектесуді жақсы көретіндіктен, Киелі кітап зерттеу сабақтарын өткізетінмін, Патшалық сарайында бауырластарды жігерлендіріп, олармен қызметке шығатынмын. Бұл маған қайтадан сенімділікке ие болуға көмектесті. Қазір мен қайтадан ақсақал болып қызмет етемін”.

Ехоба көптеген ер бауырластарға қауымда жетекшілік ету ықыластары мен қуаныштарын қайта жандандыруға көмектесуде

 Реніш сақтау бауырласқа ақсақалдық қызметіне оралуға кедергі жасауы мүмкін. Бұл орайда Ехобаның қызметшісі Дәуітке еліктегеніміз дұрыс. Оған қызғаншақ патша Саулдан қашып жүруге тура келген. Саулдан кек алуға бірнеше рет мүмкіндігі болса да, Дәуіт олай етпеген (Пат. 1-ж. 24:4—7; 26:8—12). Қайта, Саул шайқаста қайтыс болғанда, Дәуіт оны ұлы Жонатан екеуін “сүйікті, сүйкімді” жандар деп жоқтаған (Пат. 2-ж. 1:21—23). Дәуіт реніш сақтамаған.

Егер сен өзіңді қандай да бір түсініспеушіліктің не әділетсіздіктің құрбаны сезінсең, көңіліңе реніш ұялатпа. Мысалы, Британияда 30 жылдай ақсақал болған Уильям осы жауапкершілігінен айырылғанда, ол кейбір ақсақалдарға ренжіп қалады. Оған ойын өзгертуге не әсер етті? Уильям былай дейді: “Мен Әйүп кітабын оқығаннан көп жігер алдым. Егер Ехоба Әйүпке үш досымен татуласуға көмектессе, маған ақсақалдармен тату болуға одан бетер көмектеспей ме?!” (Әйүп 42:7—9).

АҚСАҚАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТІНЕ ОРАЛҒАНДАРҒА ҚҰДАЙ БАТАСЫН БЕРЕДІ

Егер сен Құдай отарын бағудан бас тартқан болсаң, неге бұлай шешкенің жайлы ойланып көр. Жеке бастың қиындықтары еңсеңді басты ма? Өміріңде басты орынға басқа жайттар шықты ма? Өзгелердің кемелсіздіктері жігеріңді жасытты ма? Қандай себеп болмасын, ақсақал болған кезіңде басқаларға көмектесудің түрлі жолы болғанын естен шығарма. Айтқан баяндамаларың бауырластарды нығайтты, көрсеткен үлгің оларды жігерлендірді, бақташылық сапарларың оларға сынақтарда мойымауға көмектесті. Осылайша ақсақал ретіндегі адал қызметің Ехобаны да, өзіңді де қуантты (Нақ. с. 27:11).

Қасиетті қызметті қуана атқаруыңмен Ехобаны жақсы көретініңді дәлелде

Ехоба көптеген ер бауырластарға қауымда жетекшілік ету ықыластары мен қуаныштарын қайта жандандыруға көмектескен. Егер сен ақсақал болып қызмет етуден бас тартқан не одан айырылып қалған болсаң, қайтадан “бақылаушы міндетіне ұмтыла” аласың (Тім. 1-х. 3:1). Қолостағы мәсіхшілер “Ехобаның есіміне лайықты өмір сүріп, оған барлық жағынан ұнамды” болулары үшін, Пауыл олардың тура білімге ие болғандарын қалаған. Сондықтан Пауыл олар үшін “Құдайға үнемі дұға еткен” (Қол. 1:9, 10). Ақсақалдық қызметіңе қайта оралған болсаң, Ехобадан күш, шыдамдылық пен қуаныш сұра. Осы соңғы күндері Құдай халқы қамқор ақсақалдардың қолдауына мұқтаж. Сен бауырластарыңды нығайтуға дайынсың ба?

^ абзац 3 Кейбір есімдер өзгертілген.