Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Қай жерде жүрсең де, Ехобаның даусына құлақ ас

Қай жерде жүрсең де, Ехобаның даусына құлақ ас

“Сонда сендер бір дауыстың арт жақтан: “Жол мынау, сонымен жүріңдер!” дегенін еститін боласыңдар” (ИШАЯ 30:21).

1, 2. Ехоба өз қызметшілеріне басшылығын қалай береді?

КИЕЛІ КІТАП заманында адамдар Ехобаның басшылығын түрлі жолдармен алып отырған. Құдай оларға періштелер, аян не түс арқылы болашақта не болатынын білдірген, сондай-ақ белгілі бір тапсырмалар берген (Ру. сан. 7:89; Езек. 1:1; Дан. 2:19). Ал кейде Ехоба халыққа басшылығын жеткізу үшін өзінің атынан сөйлейтін адамдарды таңдаған. Құдайдың басшылығын қандай жолмен білмесін, оған құлақ асқандар оның батасына кенеліп отырған.

2 Бүгінде Ехоба халқына басшылығын өзінің Сөзі, киелі рухы және қауым арқылы береді (Ел. іс. 9:31; 15:28; Тім. 2-х. 3:16, 17). Беріліп жатқан бұл нұсқаулар “Жол мынау, сонымен жүріңдер!” деген дауысты естіп тұрғандай ап-анық (Ишая 30:21). Бұған қоса, Ехоба өз сөзін жеткізу үшін Исаны қолданады. Ал Иса, өз кезегінде, “адал да ақылды құл” арқылы қауымдарды жетелейді (Мат. 24:45). Беріліп жатқан бұл басшылыққа немқұрайды қарамауымыз керек, өйткені мәңгілік өмірге ие болуымыз бұған қалай мойынсұнатынымызға байланысты (Евр. 5:9).

3. Ехобаның басшылығына мойынсұнуды қиындататын қандай кедергілер бар? (Мақаланың басындағы суретті қара.)

3 Шайтан Ібіліс бізге Ехобадан келіп жатқан өмір беретін басшылықты көмескілеуге тырысады. Оның үстіне, алдамшы жүрегіміз де осы басшылыққа толық мойынсұнуымызға  кедергі жасауы мүмкін (Ерм. 17:9). Сондықтан Құдайдың даусын естуге кедергі жасайтын нәрселерді қалай жеңе алатынымызды қарастырайық. Сонымен қатар, жағдайымыз қандай болмасын, Ехобаға ұдайы дұға айтып жүргеніміз онымен қарым-қатынасымызды сақтап қалуға көмектесетіні жайлы да сөз қозғайық.

ШАЙТАННЫҢ АЙЛА-АМАЛДАРЫНАН САҚ БОЛ

4. Шайтан қалайша адамдардың санасына ықпал етуге тырысады?

4 Шайтан жалған мәлімет беру әрі бұрыс нәрсені үгіттеу арқылы адамдардың санасына ықпал етуге тырысады (Жоханның 1-хаты 5:19 оқы). Газет-журналдар, кітаптар, теле-радио мен Интернет түрлі мәліметті жердің түкпір-түкпіріне таратуда. Бұл ақпарат құралдарының пайдалы екені рас, алайда олар жиі Құдайдың талаптарына қайшы келетін жүріс-тұрысты қолдап жатады (Ерм. 2:13). Мысалы, жаңалықтар мен көңіл-көтеру индустриясы бір жынысты адамдардың некесін кәдімгі нәрсе етіп көрсетеді. Нәтижесінде көптеген адамдар Киелі кітаптың гомосексуализмге қатысты көзқарасын тым қатаң деп есептейді (Қор. 1-х. 6:9, 10).

5. Қалайша біз Шайтанның үздіксіз үгіт-насихатынан сақтана аламыз?

5 Құдайдың әділ талаптарын жақсы көретіндер қалайша Шайтанның толассыз үгіт-насихатынан сақтана алады? Жақсы мен жаманды қалай ажырата алады? Құдай Сөзіне “бағыну” арқылы (Заб. 118:9). Құдай Сөзіндегі сенімді басшылық бізге шындық пен жалған насихатты ажыратуға көмектеседі (Нақ. с. 23:23). Иса Жазбалардан үзінді келтіріп: “Адам Ехобаның аузынан шыққан әрбір сөзімен өмір сүруі тиіс”,— деген (Мат. 4:4). Біз Киелі кітап принциптерін өмірде қолдануды үйренуіміз қажет. Мысалы, азғындыққа тыйым салатын заң берілмей тұрғанда, Жүсіп бұның Құдайдың көз алдында ауыр күнә екенін түсінген. Потифардың әйелі оны азғындық жасауға еліктіргенде, Құдайға жеккөрінішті бұл істі жасау оның ойына да кіріп-шықпаған (Жаратылыс 39:7—9 оқы). Біршама уақыт бойы бұған көндіруге тырысса да, ол әлгі әйелдің Ехобаның даусын көмескілеуіне жол бермеген. Жақсы мен жаманды ажырату үшін Ехобаның даусына ден қойып, ал Шайтанның үздіксіз үгіт-насихатының үніне құлақ аспау қажет.

6, 7. Шайтанның зымиян кеңесіне еріп кетпеу үшін не істеуіміз қажет?

6 Бұл дүние бір-біріне қарама-қайшы келетін діни ілімдерге белшесінен батқандықтан, адамдар шынайы дінді іздеу бос әурешілік деп ойлайды. Бірақ Ехобаны тыңдауға дайын болсақ, ол бізге шындықты еш қиналмай табуға көмектеседі. Бір уақытта екі дауысты бірдей тыңдау мүмкін емес болғандықтан, кімді тыңдайтынымызды шешіп алуымыз керек. Біз Исаның “даусын танып”, соған құлақ асуымыз қажет, себебі Ехоба оны өз қойларына бағушы етіп тағайындаған (Жохан 10:3—5 оқы).

 7 “Не естіп тұрғандарыңа ден қойыңдар”,— дейді Иса (Мар. 4:24). Ехобаның ақыл-кеңестері анық әрі тура, алайда оларды қабылдау үшін, дұрыс көзқарас ұстануымыз керек. Егер абай болмасақ, Құдайдың сүйіспеншілікпен берген кеңесіне емес, Шайтанның зымиян кеңесіне еріп кету қаупі бар. Осы дүниенің әуендері мен өлеңдеріне, бейнефильмдеріне, телебағдарламаларына, кітаптарына, сондай-ақ Құдайды білмейтін дос-жарандарға, ұстаздар мен мамансымақ адамдарға өз өміріңе үстемдік етуіне ешқашан жол берме (Қол. 2:8).

8. а) Қалайша жүрегіміз Шайтанның тұзағына түсіруі мүмкін? ә) Қауіптің белгілерін елемесек, неге әкеліп соғуы мүмкін?

8 Шайтан біздің күнәкар бейімділіктерімізді жақсы біледі, әрі солардың жетегінде кеткенімізді қалайды. Шайтан осы мақсатын жүзеге асыруға тырысқанда, мінсіздігімізді сақтау адам айтқысыз қиын болады (Жох. 8:44—47). Мысалы, бір бауырлас бір сәттік рақатқа бөлену үшін, ешқашан істемеймін деген нәрсесін істеп қойды делік (Рим. 7:15). Бұл өкінішті жағдайға ол қалай душар болды? Бәлкім, ол Ехобаның даусын мұқият тыңдауды бірте-бірте доғара бастаған шығар. Жүрегіндегі қауіпті белгілерді байқамаған не тіпті елемеген болар. Мысалы, ол дұға айтуды қоюы, қызметке сирек шығуы, я болмаса қауым кездесулерін жібере бастаған болуы мүмкін. Ақырында, өз қалауының жетегінде кетіп, қылығын бұрыс екенін біле тұра жасайды. Алайда қауіптің мұндай белгілерін бірден байқап, тез арада қажетті өзгерістер жасап отырсақ, қайғылы жайттың алдын алуға болады. Бұған қоса, жолдан таюшылардың сөздеріне ден қою да Ехобаның даусын мұқият тыңдауды доғаруға әкеледі (Нақ. с. 11:9).

9. Неліктен күнәкар бейімділіктеріміздің белгілерін ертерек анықтағанымыз маңызды?

9 Ауруды ертерек анықтаса, адамның өмірін сақтап қалуға болады. Сол сияқты, азғырылуымызға әкелуі мүмкін белгілерді тез арада анықтасақ, қайғылы жағдайдың бетін қайтара аламыз. Сондықтан бойымыздан күнәкар бейімділіктерді байқасақ, “Ібіліс өз еркін орындату үшін тірідей ұстап алмай” тұрғанда, бірден әрекет еткеніміз дұрыс (Тім. 2-х. 2:26). Ойларымыз бен қалауларымыздың Ехобаның айтқандарынан ауытқи бастағанын байқасақ, не істеуіміз керек? Еш кідірместен Құдайға кішіпейілділікпен бет бұрып, кеңесіне ден қойып, сөздерін шын жүректен қабылдауымыз қажет (Ишая 44:22). Кейбір бұрыс шешімдеріміз жанымызды жаралап, Құдайға бет бұрған күннің өзінде ащы зардаптарын тартқызуы мүмкін. Қайта, Ехобадан ешқашан ажырамай,  дереу мұндай қателіктердің алдын алғанымыз анағұрлым жақсы емес пе?!

Рухани істерді әдетке айналдырғанымыз Шайтанның айла-амалдарынан сақтануға қалай көмектеседі? (4—9 абзацтарды қара)

МЕНМЕНДІК ПЕН АШКӨЗДІКТЕН САҚ БОЛ

10, 11. а) Менмендіктің қандай белгілері бар? ә) Қорах, Датан және Абиронның қайғылы жағдайы бізге қандай ескерту болып табылады?

10 Жүрегіміз бізді тура жолдан тайдыра алатынын ұмытпауға тиіспіз. Күнәкар бейімділіктеріміздің ықпалы өте зор! Мысалға менмендік пен ашкөздікті алайық. Осы екеуінің қалайша Ехобаның даусын көмескілеп, құрдымға жетелейтінін қарастырайықшы. Менмен адам өзі жайлы тым жоғары пікірде болады. Ол “не істесем де, өзім білемін” деген көзқарасты ұстанады. Сондықтан бауырластардың да, ақсақалдардың да, тіпті ұйымның да оған не істеу керектігін айтуына және ақыл-кеңес беруіне қақылары жоқ деп ойлайды. Мұндай адам үшін Ехобаның даусы еміс-еміс қана естіледі.

11 Ехоба Исраил халқын шөл далада алып жүру үшін Мұса мен Харонды тағайындаған болатын. Бірақ Қорах, Датан және Абирон менмендікке бой алдырып, оларға қарсы бүлік шығарып, Ехобаға өз беттерінше ғибадат етпек болды. Бұған Ехоба қалай қарады? Құдай оларды өлімге кесті (Ру. сан. 26:8—10). Осы тарихи оқиға — біз үшін үлкен сабақ. Ехобаға қарсы шығу қайғыға душар етеді. Сондай-ақ “менмендік — күйреудің басы” екенін ешқашан естен шығармайық (Нақ. с. 16:18; Ишая 13:11).

12, 13. а) Ашкөздіктің жақсылыққа апармайтынын көрсететін мысал келтір. ә) Ашкөздікті жүгендемесе, қалайша ол тез арада тасқынға айналатынын түсіндір.

12 Ал енді ашкөздікті қарастырайық. Ашкөз адам жиі еркінсіп, дұрыс жүріс-тұрыстың аясынан шығып кетеді. Сирия әскербасы Нағыман алапесінен айыққан соң, Еліше пайғамбарға сый-тартулар ұсынады. Бірақ пайғамбар олардан бас тартады. Алайда Елішенің қызметшісі Гехәзи сол сый-тартуларға қатты қызығады. Ол іштей: “Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: Мен оның артынан қуып жетіп, одан бірдеңе алып қалайын!”— деп ойлайды да, Елішеге білдіртпей, Нағыманның артынан жүгіріп барады. Сөйтіп, оған шылқи өтірік айтып, “бір ат басындай күміс пен екі киім жиынтығын” сұрайды. Гехәзидің бұл ісі мен Ехобаның пайғамбарына айтқан өтірігі немен бітті? Ашкөз Гехәзи алапеске шалдықты! (Пат. 4-ж. 5:20—27).

13 Басында сыздықтап аққан ашкөздікке тосқауыл қойылмаса, ол тез арада үлкен тасқынға айналуы мүмкін. Киелі кітаптағы Аханның мысалы — бұның айқын дәлелі. Оның ашкөздігі қалайша тез арада үлкен тасқынға айналғанын көрейікші. Ахан былай деді: “Олжаның арасынан бабылдық әдемі шапан, екі жүз мысқал күміс және салмағы елу мысқал сом алтынды көргенде, оларға қатты қызығып кетіп, ала салдым”. Бұрыс қалауын жүгендеудің орнына, ол ашкөздікке беріліп, әлгі заттарды ұрлап, шатырына жасырып қояды. Аханның ұрлығы ашылғанда, Ешуа оның Ехобаның қаһарына ұшырайтынын айтады. Сол күні-ақ Ахан мен оның отбасы таспен атқыланып өлтірілді (Ешуа 7:11, 21, 24, 25). Ашкөздік — еш сейілмейтін қауіп. Сондықтан да “ашкөздік атаулыдан сақ болайық” (Лұқа 12:15). Сонымен қатар азғындық та ашкөздікке жатады. Санамызда оқта-текте жаман ойлар мен азғын қиялдар пайда болуы мүмкін, бірақ олар ушығып, күнәға әкеп соқпауы үшін, ой-санамызды қадағалап, бұрыс қалауларымызды жүгендеп отырғанымыз аса маңызды (Жақып 1:14, 15 оқы).

14. Бойымызда менмендік пен ашкөздікке деген бейімділікті байқасақ, не істеуіміз керек?

14 Менмендік те, ашкөздік те жақсылыққа апармайды. Бұрыс бағытты ұстанудың  зардаптары жайлы ой жүгірткеніміз бізге осындай бейімділіктеріміздің Ехобаның даусын көмескілеуіне жол бермеуге көмектеседі (Заң. қ. 32:29). Киелі кітапта тек дұрыс бағыт жайлы ғана емес, сол бағытты ұстанудың игілігі мен ұстанбаудың зардаптары туралы да айтылады. Егер жүрегіміз менмендік пен ашкөздіктің жетегінде кетіп, жаман істерге итермелесе, бұның салдары қандай болатыны жөнінде ойланғанымыз өте маңызды! Жаман іс-әрекеттердің салдары өзімізге, жақындарымызға, әсіресе Ехобамен қарым-қатынасымызға қалай әсер ететіні жайлы ойлануымыз керек.

ӘРДАЙЫМ ЕХОБАМЕН ӘҢГІМЕЛЕС

15. Исадан не нәрсеге үйрене аламыз?

15 Ехоба бізге тек жақсылық тілейді (Заб. 1:1—3). Мұқтаж болғанымызда, қажетті басшылығын береді (Еврейлерге 4:16 оқы). Кемелді болса да, Иса Ехобамен үнемі әңгімелесіп тұрудың маңыздылығын түсінген. Сондықтан ол ұдайы дұға еткен. Ал Ехоба Исаны ғажайып түрде нығайтып, өз басшылығын беріп отырған, қызмет көрсетуге періштелерін жіберген, киелі рухын берген, 12 елшісін таңдауға көмектескен (Мат. 3:17; 17:5; Мар. 1:12, 13; Лұқа 6:12, 13; Жох. 12:28). Иса сияқты, біз де жүрегімізді ақтарып, Ехобаға дұға айтуымыз қажет (Заб. 61:8, 9; Евр. 5:7). Осылайша Ехобамен әрдайым әңгімелесеміз, әрі оны даңққа бөлейтін жолда берік тұрамыз.

16. Даусын тыңдауымыз үшін, Ехоба бізге қалай көмектеседі?

16 Ехоба бізді өзінің ақыл-кеңесіне мойынсұнуға мәжбүрлемейді. Бірақ қаласақ болғаны, оның ақыл-кеңестерін оп-оңай таба аламыз. Бізді жетелесін деп оның киелі рухын сұрауымыз қажет, сонда Құдай оны жомарттықпен береді (Лұқа 11:10—13 оқы). Алайда “қалай тыңдайтынымызға назар аударғанымыз” маңызды (Лұқа 8:18). Мысалы, Ехобадан бойымыздағы азғын бейімділікке берілмеуге күш сұрап алып, бірақ порнография қарауды не азғындыққа толы фильмдерді көруді жалғастыра берсек, екіжүзді болғанымыз! Ехобаның көмегін алу үшін, ол өз рухын төгетін жерлер мен жағдайдаларда болу керек. Мысалы, оның рухы қауым кездесулерінде бар екенін білеміз. Көп бауырластар қауым кездесуінде естіген тәлімдерінің арқасында қайғылы жағдайлардан аулақ бола алған. Нәтижесінде жүрегіндегі жаман қалауларды көре біліп, қажетті өзгерістер жасаған (Заб. 72:12—17; 142:10).

ЕХОБАНЫҢ ДАУСЫ СЕН ҮШІН АНЫҚ ЕСТІЛЕ БЕРСІН

17. Өз-өзімізге сенімді болып кетудің қандай қаупі бар?

17 Ежелгі Исраилдің патшасы Дәуіттің мысалын қарастырып көрейік. Жас кезінде ол Ғолият есімді філістірлік алыппен жекпе-жекке шығып, жеңіске жетті. Уақыт өте келе ол сарбаз, кейіннен патша болды. Исраил халқын қорғап, олар үшін дана шешімдер қабылдау оның міндетіне айналды. Бірақ өзіне тым сенімді болып кеткенде, алдамшы жүрегі оны адастырды. Содан ол Барсабиямен азғындық жасап, тіпті оның күйеуі Ұрияны өлтіртті. Алайда Ехоба оны түзеткенде, кішіпейілділікпен күнәсін мойындап, онымен қарым-қатынасын қайта қалпына келтірді (Заб. 50:6, 8, 12, 13).

18. Ехобаның даусына әрі қарай да құлақ асуға не көмектеседі?

18 Қорынттықтарға 1-хат 10:12-дегі кеңеске сай, өз-өзімізге тым сенімді болып кетпейік. “Адам өз жүретін жолын өздігінен бағыттай” алмайды, демек, біз не Ехобаның, не Шайтанның даусына ереміз (Ерм. 10:23). Ендеше, ұдайы дұға етейік, киелі рух беретін бағыттан ауытқымай, үнемі Ехобаның даусын мұқият тыңдайық.