Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехобаның еркіндегі әйелдердің рөлі

Ехобаның еркіндегі әйелдердің рөлі

“Ізгі хабарды жариялайтын қыз-келіншектер қалың қолды құрайды” (ЗАБ. 68:11 ЖД).

1, 2. а) Құдай Адам атаға қандай сыйлар берді? ә) Құдай Адам атаға не үшін әйел берді? (Осы беттегі суретті қара.)

ЕХОБА жер шарын белгілі бір ниетпен, яғни адамдар “мекендеу үшін жаратты” (Ишая 45:18). Құдай алғашқы адамды, Адам атаны, кемелді етіп жаратып, тамаша Едем бағына қоныстандырды. Ондағы алып ағаштар, сылдырап аққан бұлақтар, асыр салып ойнақтаған жан-жануарлар Адам атаны қуанышқа бөлесе керек. Бірақ оған бір маңызды нәрсе жетпеді. Бұның не екенін Ехобаның сөздерінен білуге болады: “Адамның жалғыз болғаны жақсы болмас. Мен оған өзіне сай көмекші жасап берейін”. Содан Құдай Адам атаны терең ұйқыға батырды да, бір қабырғасын алып, әйел жасап шығарды. Адам ата ұйқыдан оянғанда, қуанышында шек болмады! Ол: “Міне, бұл — сүйек, өз сүйегімнен шыққан, Әрі тән, өз тәнімнен шыққан!”— деді (Жар. 2:18—23).

2 Бұл ерекше сый еді: Құдай әйелді Адам атаға кемелді көмекші етіп берді. Бұған қоса, әйелге дүниеге бала әкелу мәртебесін сыйлады. Сондықтан “Адам әйеліне Хауа (яғни “Өмір сүруші”) деген ат қойды. Себебі ол өмір сүруші адамзат атаулының түп анасы болатын болды” (Жар. 3:20). Алғашқы адамдарға Құдай неткен керемет сый берді десеңші! Осылай бүкіл жер бетін солардың кемелді балалары мекендеп, бірте-бірте оны жұмаққа айналдыру керек-тін. Ал басқа жаратылыстардың  бәрі солардың билігінде болмақ еді (Жар. 1:27, 28).

3. а) Құдайдың батасына ие болу үшін Адам ата мен Хауа ана не істеулері керек еді, бірақ не болды? ә) Біз қандай сұрақтарды қарастырамыз?

3 Алдарында күтіп тұрған баталарға ие болу үшін, Адам ата мен Хауа ана Ехобаға мойынсұнулары әрі оның билігін мойындаулары керек еді (Жар. 2:15—17). Олар үшін Ехобаға адал болып қалу аса маңызды болды. Сонда ғана түп ата-анамыз Құдайдың өздеріне қатысты ойластырған ниетінің бәрін жүзеге асыра алар еді. Бірақ олар “ежелгі жылан” — Шайтанның ықпалына беріліп, Құдайға қарсы шықты (Аян 12:9; Жар. 3:1—6). Бұл әйел баласына қалай әсер етті? Тарих бойында Құдайға ұнамды әйелдер қандай істерімен танымал болды? Неге бүгіндегі мәсіхші әйелдерді “қалың қол” деп атауға болады? (Заб. 68:11 ЖД).

БҮЛІКТІҢ НӘТИЖЕСІ

4. Адам мен Хауаның жасаған күнәсі үшін кім жауапты еді?

4 Шығарған бүлігі үшін жауап беру керек болғанда, Адам ата: “Қасыма Өзің берген әйел маған сол ағаштың жемісінен берді, содан мен жедім”,— деп ақталды (Жар. 3:12). Ол жауапкершіліктен бас тартып қана қойған жоқ, бар кінәні Құдай жаратып берген әйелге, тіпті Құдайдың өзіне жапқысы келді! Рас, Адам да, Хауа да күнә жасады, бірақ жауапкершілік Адамның мойнында еді. Сондықтан елші Пауыл: “Бір адам [Адам ата] арқылы дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді”,— деп жазған (Рим. 5:12).

5. Құдайдың адамзатқа біраз уақыт өзінен дербес билік жүргізуге жол бергені нені дәлелдеді?

5 Шайтан алғашқы жұптың көңіліне “бізге Ехобаның Билеуші болғаны қажет емес” деген ой ұялатты. Бұдан “Билік етуге кім құқылы?” деген маңызды сұрақ туды. Осы мәселе біржола шешілу үшін, Құдай адамзаттың біраз уақыт өзінен дербес билік жүргізуіне жол берді. Мұның жақсылыққа апармайтынын ол білді. Адамзат қоғамы Құдайдан дербес биліктің кесірінен ғасырлар бойы қиындықтан көз ашпай келеді. Өткен ғасырдың өзінде соғыстарда 100 000 000 адам қаза болды. Олардың арасында миллиондаған жазықсыз адамдар, әйелдер мен балалар да бар. Мұндай мысалдар жетіп артылады. Бұлар “адамның өз жүретін жолын өздігінен бағыттай” алмайтынын көрсетеді (Ерм. 10:23). Осы жайтты түсінетіндіктен біз Ехобаны Билеушіміз деп мойындаймыз (Нақыл сөздер 3:5, 6 оқы).

6. Көп елдерде әйел баласына қалай қарайды?

6 Шайтанның билігіндегі мына дүниеде еркектер де, әйелдер де жапа шегуде (Уағ. 8:9; Жох. 1-х. 5:19). Сөйтсе де кейбір жантүршігерлік жауыздықтар әйел баласына жасалады. Дүниежүзі бойынша әйелдердің 30 пайызы еркектерден зәбір көреді екен. Кей қоғамдарда ер адамдарды әйелдерден артық санайды. Себебі есейгенде олар әулетінің атын жалғастырады, қартайған ата-анасы мен ата-әжелеріне қарайды деп есептеледі. Кейбір елдерде қыз бала — қалаулы бала емес, сондықтан ұл балаларға қарағанда, қыз балаларды көбірек алдыртып тастайды.

7. Құдай еркек пен әйелге қандай бастама берген?

7 Әйелдерге қарсы жасалатын қылмыстар Құдайға мүлдем ұнамайды. Ол әйел баласын әділдіктен айырмайды, қайта, сый-құрметке бөлейді. Бұл Ехобаның Хауаны қалай жаратқанынан анық көрінеді. Хауа Адамның құлы емес, керемет көмекшісі болу үшін жаратылған, әрі соған лайық қасиеттері болған. Сондықтан да Киелі кітапта Ехобаның жаратылыс ісін бітірген соң, “жаратқандарының бәріне қарап, өте жақсы екенін көргені” айтылған (Жар. 1:31). Иә, Ехобаның жаратылыстарының бәрі де “өте жақсы” болған.  Ол еркекке де, әйелге де керемет бастама берген!

ЕХОБАНЫҢ ҚОЛДАУЫНА ИЕ БОЛҒАН ӘЙЕЛДЕР

8. а) Бүгінде басым көпшіліктің мінез-құлқы қандай? ә) Тарих бойында Ехоба кімдерді ықыласынан айырмаған?

8 Едемдегі бүліктен кейін, еркек-әйел демей, адамдардың мінез-құлқы жаппай құлдырады. Әсіресе өткен ғасырда бұл бұрын-соңды болмағандай деңгейге жетті. Киелі кітапта “соңғы күндері” адамдардың зұлымдықты көптеп жасайтыны алдын ала айтылған. Зұлымдықтың кең тарағаны соншалық — бүгінгі күн “ерекше қиын уақыт” деп орынды аталған (Тім. 2-х. 3:1—5). Бірақ тарих бойында Жаратушы Ие Ехоба өзіне арқа сүйейтін, заңдарына мойынсұнатын, сондай-ақ өзіне Билеуші ретінде бағынатын ерлер мен әйелдерді ықыласынан айырған емес (Забур 70:5 оқы).

9. Топан судан қанша адам аман қалды және неге?

9 Құдай жерге Топан су қаптатып, Нұхтың заманында өмір сүрген қатыгез адамдарды жойып жібергенде, азғана адам аман қалды. Сол заманда Нұхтың бауырлары әлі тірі болған болса, олар да Топан суда қаза тапқан (Жар. 5:30). Сол апаттан төрт еркек, төрт әйел аман қалды: Нұх пен оның әйелі және олардың үш ұлы мен үш келіні. Олар Құдайдан қорқып, оның еркін орындағандықтан аман қалды. Бүгінде жер бетінде өмір сүріп жатқан миллиардтаған адам — Құдайдың қолдауына ие болған сол сегіз жанның ұрпағы (Жар. 7:7; Пет. 1-х. 3:20).

10. Неге Ехоба адал рубасылардың Құдайдан қорқатын әйелдерін қолдаған?

10 Жылдар өте адал рубасылардың Құдайдан қорқатын әйелдері де Ехобаның қолдауына ие болған. Бастарына түскен ауыр жағдайға шағымдану олар үшін жат еді (Яһд. 16). Мысалы, Ыбырайымның отбасы барлық жағдай жасалған Ур қаласын тастап, өзге елде шатырларда тұрып, көшіп-қонып жүрді. Сол кезде Ыбырайымның әйелі Сараның күңкілдегенін елестетудің өзі қиын. Қайта, ол күйеуіне ізетпен мойынсұнып, “қожайыным” деп атаған (Пет. 1-х. 3:6). Рабиғаның да мысалын қарастырып көрейік. Ол күйеуі үшін Ехобаның батасы әрі тамаша жар болды. Рабиғаның Ысқаққа “қатты ұнап”, анасынан айырылғаннан кейінгі қайғысын сейілткеніне таңғалмаса да болады (Жар. 24:67). Бүгінде де арамызда Сара мен Рабиға сияқты Құдайға ұнамды әйелдердің бар болғаны қандай тамаша!

11. Босандырушы еврей әйелдер қалай батылдық танытты?

11 Мысырда құлдықта жүрген жылдарда исраилдіктер өсіп-өніп әбден көбейді. Сонда Мысыр перғауыны жаңа туылған ұл балалардың көзі құртылсын деген жарлық шығарды. Бірақ сол заманда босандырушы әйелдердің үстінен қараған Шипыра мен Пуа атты еврей әйелдер не істеді екен? Ехобаны қастерлегендіктен сол батыл әйелдер перғауынның жарлығын орындамады. Сол үшін Ехоба оларды жарылқап, өздерін де отбасылы етті (Мыс. ш. 1:15—21).

12. Дебора, Жаил деген әйелдер не істеді?

12 Исраил билерінің заманында Құдайдың қолдауына ие болған әйелдердің бірі Дебора пайғамбар еді. Ол Барақ биге жігер берді, исраилдіктердің қанаушыларынан босауына үлес қосты. Бірақ ол қанахандықтар жеңілгенде, атақ-даңққа Барақ емес, “бір әйел” ие болатынын пайғамбарлық етті. Өйткені Құдай қанахандықтардың әскербасы Сисараны сол әйелдің қолына бермек еді. Сисараны Жаил деген исраилдік емес әйел өлтіргенде, Дебораның айтқаны орындалды (Би. 4:4—9, 17—22).

13. Киелі кітаптан Әбигел жайлы не білуге болады?

13 Б. з. б. он бірінші ғасырда Құдайға  адал Әбигел деген әйел өмір сүрді. Ол ақылды әйел еді, ал күйеуі Набал дөрекі, еш қадірсіз, ақымақ кісі болатын (Пат. 1-ж. 25:2, 3, 25). Дәуіт пен оның жігіттері біраз уақыт бойы Набалдың малын қарайлап жүреді. Кейінірек Дәуіт жігіттерін ас-ауқат сұрауға жұмсағанда, Набал оларды “балағаттап”, құрқол қайтарып жібереді. Бұған Дәуіт қатты ашуланып, Набал мен оның бар адамдарын қырып тастағысы келеді. Мұны естіген Әбигел ас-су алып, Дәуіт пен жігіттерінің алдынан шығады. Осылайша қантөгістің алдын алады (Пат. 1-ж. 25:8—18). Сонда Дәуіт оған: “Сені бүгін маған жолықтырып отырған Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге шүкірлік!”— дейді (Пат. 1-ж. 25:32). Ал Набал өлгеннен кейін, Дәуіт Әбигелге үйленеді (Пат. 1-ж. 25:37—42).

14. Шаллумның қыздары қандай жұмыс атқарды және бүгінде әйел бауырластар қандай жұмысқа атсалысуда?

14 Б. з. б. 607 жылы бабылдықтар Иерусалим мен оның ғибадатханасын ойран еткенде, көптеген ер кісілер, әйел, бала-шаға қаза болды. Ал б. з. б. 445 жылы Нехемияның басшылығымен қаланың дуалы қайта қалпына келтірілді. Жөндеу жұмыстарына қатысқандардың арасында Иерусалимнің жарты ауданының әкімі Шаллумның қыздары да болды (Нех. 3:12). Әкімнің қыздары болғандарына қарамай, олар өз еріктерімен қара жұмыс істеді. Бүгінде де теократиялық құрылыс жұмыстарына түрлі жолдармен қолдау көрсетіп жүрген әйел бауырластарға біз дән ризамыз!

БІРІНШІ ҒАСЫРДА ҚҰДАЙҒА ҰНАМДЫ БОЛҒАН ӘЙЕЛДЕР

15. Мәриям деген әйелге Құдай қандай мәртебе берді?

15 Б. з. І ғасырынан аз уақыт бұрын және І ғасырда Ехоба біраз әйелдерге керемет мәртебе берген. Солардың арасында Мәриям деген пәк қыз да болды. Мәриям Жүсіп деген жігітке айттырылып қойған еді. Бірақ олар әлі қосылмай тұрып, киелі рухтың әсерімен Мәриямның бойына таңғажайып түрде бала бітеді. Неге Ехоба Исаның анасы етіп Мәриямды таңдады? Оның бойында кемелді баласын нәресте шағынан ер жеткенге дейін тәрбиелеуге қажетті қасиеттер болған болу керек. Тарихтағы ең ұлы адамның анасы болу неткен зор мәртебе! (Мат. 1:18—25).

16. Исаның әйел затына қалай қарағанын көрсететін мысал келтір.

16 Иса әйел баласына мейірімді болған. Мысалы, 12 жыл бойы қан кетіп ауырған әйелді алайық. Ол қаумалаған жұрттың арасынан өтіп, Исаның арт жағынан келеді де, қолын көйлегіне тигізеді. Бірақ Иса оған ұрысып тастаған жоқ, қайта: “Қызым, сеніміңнің арқасында айықтың. Уайымдамай қайта бер, жаныңа батқан дерттен сауықтың”,— дейді (Мар. 5:25—34).

17. Б. з. 33 жылының Елуінші күн мейрамында қандай таңғажайып жайт орын алды?

17 Исаның шәкірті болған әйелдердің кейбірі Иса мен оның елшілеріне қызмет көрсеткен (Лұқа 8:1—3). Б. з. 33 жылының Елуінші күн мейрамында 120 адамға ғажайып түрде киелі рух қонады. Олардың арасында әйелдер де бар еді (Елшілердің істері 2:1—4 оқы). Бұл жайында мынадай пайғамбарлық айтылған: “Мен [Ехоба] өз Рухымды бүкіл адамзаттың үстіне құямын. Ұл-қыздарың пайғамбарлық сөз айтады,.. тіпті құл-күңдердің үстіне де Рухымды төгемін” (Жоел 2:28, 29). Елуінші күн мейрамында болған осы керемет жайт арқылы Ехоба жолдан тайған Исраил халқын ықыласынан айырып, бұдан былай ерлер мен әйелдерден құралған “Құдайдың Исраилін” қолдайтынын көрсетті (Ғал. 3:28; 6:15, 16). Ізгі хабарды жариялаушы Філіптің төрт қызы да бірінші ғасырда уағыздау қызметіне атсалысқан әйелдердің қатарында болған (Ел. іс. 21:8, 9).

 “ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕР ҚАЛЫҢ ҚОЛДЫ ҚҰРАЙДЫ”

18, 19. а) Шынайы ғибадатқа қатысты Құдай ерлер мен әйелдерге қандай мәртебе берді? ә) Ізгі хабарды жариялап жүрген әйелдерге қатысты забур жыршысы не деген?

18 1800 жылдардың аяғында азғана ерлер мен әйелдер шынайы ғибадатқа қызығушылық танытты. Олар бүгінде Исаның пайғамбарлығының орындалуына атсалысып жүргендерге жол ашты. Иса былай деген: “Патшалық жайлы осы ізгі хабар барлық ұлттарға куәлік етілу үшін, бүкіл жер бетінде уағыздалады. Сонда осы заманның соңы келеді” (Мат. 24:14).

19 Сол кезде құралған “Киелі кітап зерттеушілерінің” шағын тобы бүгінде 8 000 000-ға жуық Ехоба куәгерінен тұрады. Былтыр 11 000 000-нан аса адам Исаның өлімін Еске алу кешіне келіп, Киелі кітаппен танысқысы келетіндерін көрсетті. Осы Кешке келгендердің басым көпшілігі әйелдер. Дүниежүзі бойынша Патшалық туралы уағыздайтын 1 000 000-нан астам толық уақытты қызметшілердің де көбісі әйелдер. Иә, Құдай өзіне адал әйелдерге забур жыршысының келесі сөздерінің орындалуына атсалысу мәртебесін берген: “Ехоба бұйрық береді; Ізгі хабарды жариялайтын қыз-келіншектер қалың қолды құрайды” (Заб. 68:11 ЖД).

Ізгі хабарды уағыздап жүрген әйелдер, расында да, “қалың қолды құрайды” (18, 19-абзацтарды қара)

ҚҰДАЙДЫ ҚАСТЕРЛЕЙТІН ӘЙЕЛДЕРДІ ЗОР БАТАЛАР КҮТІП ТҰР

20. Отбасылық ғибадат не жеке зерттеу кезінде қандай мәліметті қарастыруға болады?

20 Киелі кітапта айтылған Құдайға адал әйелдердің барлығы жөнінде жазуға орын жетпес еді. Бірақ олармен Құдай Сөзі және басылымдарымыздағы мақалалар арқылы танысуға болады. Мысалы, біз Руттың адалдығы жайлы ой жүгірте аламыз (Рут 1:16, 17). Ал Естер патшайымның атымен аталған кітап пен сол патшайым туралы мақалаларды оқығанымыз сенімімізді нығайтады. Осы және басқа да әйелдер туралы мәліметті отбасылық ғибадат бағдарламасына қосуға болады. Ал салтбасты болсақ, мұндай мәліметтерді жеке зерттеу кезінде қарастырайық.

21. Қалай Құдайды қастерлейтін әйелдер қиын шақтарда адалдықтан таймаған?

21 Уағыз ісіне қатысып жүрген әйел бауырластарға Ехобаның батасын беріп отырғаны әрі қиын шақтарда оларды қолдайтыны айдан анық. Бұның бір дәлелі мынау: нацистік және коммунистік режим кезінде Құдайдан қорқатын көп әйелдер жапа шекті, тіпті оған мойынсұнғаны үшін өмірлерінен айырылды, сөйтсе де мінсіздіктерінен таймады (Ел. іс. 5:29). Бүгінгі күні де әйел бауырластар мен басқа бауырластар да Ехобаның бүкіләлемдік билігін қолдайтындарын көрсетуде. Ал Ехоба болса, былайша айтқанда, олардың оң қолдарынан ұстап, ежелдегі исраилдіктерге арнаған: “Қорықпа, Мен сені қолдап-қорғаймын”,— деген сөздерін бұларға да айтып отыр (Ишая 41:10—13).

22. Алда бізді қандай мәртебелі істер күтіп тұр?

22 Жақын болашақта Құдайды қастерлейтін ерлер мен әйелдер жер бетін жұмаққа айналдырады және қайта тірілген миллиондаған адамға Ехобаның ниетін түсінуге көмектеседі. Сол уақыт келгенге дейін, ер не әйел болайық, Құдайымызға иық тіресе қызмет ету мәртебесін бағалайық (Соф. 3:9).