Ехоба бізді өзіне жақындатып тартады
“Құдайға жақындаңдар, сонда ол да сендерге жақындайды” (ЖАҚ. 4:8).
1. Адамдар не нәрсеге мұқтаж және бұл мұқтаждықты кімдер қанағаттандыра алады?
АДАМ БАЛАСЫ жылы да тығыз қарым-қатынасқа мұқтаж. Мысалы, адам өзін бақытты сезіну үшін, оның жақсы көретін, бағалайтын әрі жанын түсінетін отбасы мен достары болуы керек. Алайда бәрінен бұрын достық қарым-қатынасты Жаратушымызбен дамытуымыз қажет (Уағ. 12:1).
2. Ехоба бізге қандай уәде берді және неліктен көп адамның бұл уәдеге сенуі қиын?
2 Киелі кітапта Ехоба бізді өзіне жақындауға шақыратыны айтылған. Егер солай етер болсақ, оның да бізге жақындайтыны уәде етілген (Жақ. 4:8). Жанға жай беретін неткен керемет сөздер! Десе де көп адамның Құдайдың адам баласына жақын болғысы келеді деген ойға сенуі қиын. Олар өздерін бұған лайықсыз сезінеді немесе Құдайды адамдардан тым алшақ деп есептейді. Шын мәнінде, Ехобаға жақындау мүмкін бе?
3. Ехоба жайлы не нәрсеге сенімді болуымыз керек?
3 Иә, Ехобаға шынымен жақындауға болады. Өйткені ол өзін іздеп тапқысы келетіндердің “әрқайсысынан алыс емес” (Елшілердің істері 17:26, 27; Забур 144:18 оқы). Құдайымыз біздің кемелсіз болғанымызға қарамастан, өзіне жақын болғанымызды қалайды, сондай-ақ ықыласына бөлеп, бізбен достық қарым-қатынас орнатқысы келеді (Ишая 41:8; 55:6). Бұны өз жағдайында сезінген забур жыршысы: “Мінажаттар құлағыңа жетеді, Барлық адамдар алдыңа келеді. Қандай бақытты — Өзің таңдағандар”,— деп Ехоба жайлы жаза алған (Заб. 64:3, 5). Енді Яһуда патшасы Асаның Құдайға, ал Құдайдың оған қалай жақындағанын Киелі кітаптан қарастырып көрейік *.
ЕРТЕДЕГІ МЫСАЛДАН АЛАР САБАҚ
4. Аса патша Яһуда халқына қандай үлгі көрсетті?
4 Аса патшаның таза ғибадатқа деген құлшынысы зор еді. Ол патша тағына отырғанда, ғибадатханадағы жезөкшелік пен пұтқа табынушылық елде кеңінен етек алған еді. Бірақ ол елді осындай азғын іс-әрекеттерден тазартты (Пат. 3-ж. 15:9—13). Асаның өзі Ехобаға жақындап, оның заңдарын орындап жүргендіктен, халықты да “ата-бабаларының сиынған Құдайы — Жаратқан Иеге бет бұрып мойынсұнуға әрі Оның Таурат заңы мен өсиеттерін орындауға” емін-еркін шақырды. Ехоба оның осындай іс-әрекеттеріне батасын төкті. Нәтижесінде оның билік құруының алғашқы 10 жылында елде бейбітшілік орнады. Елде орнаған мұндай тыныштық өздігінен пайда болмағанын білген патша халыққа былай деді: “Жаратқан Иеге бет бұрып, Оның еркін біліп, орындауға ұмтылып келеміз. Содан Ол бізге барлық жағымыздан тыныштық сыйлады” (Шеж. 2-ж. 14:1—7). Ал қазір әрі қарай не болғанын қарастырайық.
5. Асаның Құдаймен қарым-қатынасы қалай сыналды әрі бұл жағдай немен аяқталды?
5 Күндердің күнінде эфиопиялық Зарах өзінің 1 000 000 сарбазымен әрі 300 соғыс арбасымен Яһудаға қарсы аттанды (Шеж. 2-ж. 14:8—10). Ал енді өзіңді Асаның орнына қойып көрші. Осындай үлкен әскерді көргенде, не сезінер едің? Сенің әскерің бар-жоғы 580 000 сарбаздан тұрады. Бір сарбазыңа жаудың екі сарбазынан тиеді! Сонда сен Құдай мұндай жағдайға неліктен жол берді деп аң-таң болар ма едің? Туындаған бұл жағдайды өз ақылыңа сүйеніп шешер ме едің? Асаның бұл жағдайда қалай әрекет еткенінен Ехобаға етене жақын екені әрі сол қарым-қатынасына үміт артқаны көрінді. Ол: “Уа, Жаратқан Ие, Сен біздің Құдайымызсың! Пенденің Өзіңнен басым болуына жол бере көрме!”— деп жалбарына дұға етті. Оның жалбарынышына Құдай қалай жауап берді? Ол эфиопиялықтарды ойсырата жеңді. Жаудың бірде-бірі аман қалмады (Шеж. 2-ж. 14:11—13).
6. Асаға қай жағынан еліктеуіміз керек?
6 Аса ненің арқасында Құдайдың басшылығы мен қорғанышына үміт арта алды? Киелі кітапта Аса жайлы “Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеді”, сондай-ақ “өмір бойы Жаратқан Иеге шын жүректен берілген адам болды” деген сөздер жазылған (Пат. 3-ж. 15:11, 14). Біз де Құдайға шын жүректен қызмет етуіміз қажет. Сонда қазірдің өзінде және болашақта да Ехобамен қарым-қатынасымыз берік болады. Ехоба Құдайдың бірінші болып бізге жақындағаны әрі өзімен қарым-қатынас орнатып, оны нығайта беруге көмектесетіні үшін қаншалықты ризамыз десеңші! Ендеше, Құдайдың бізді өзіне жақындату үшін жасаған екі қадамын қарастырайық.
ЕХОБА БІЗДІ ТӨЛЕМ АРҚЫЛЫ ЖАҚЫНДАТТЫ
7. а) Ехоба бізді өзіне жақындату үшін не істеді? ә) Құдайдың өзіне жақындатуының ең керемет жолы қандай?
7 Ехоба адамзатқа деген сүйіспеншілігін оларға тамаша қоныс сыйлауымен көрсетті. Қазірдің өзінде де өмірімізге қажетті нәрселермен қамтамасыз етіп, бізді сүйетінін көрсетіп келеді (Ел. іс. 17:28; Аян 4:11). Ал одан да маңыздысы — Ехоба біздің рухани мұқтаждығымызды қанағаттандыруда (Лұқа 12:42). Бұған қоса, ол біздің айтқан дұғаларымызды жеке өзі тыңдайтынына сендіреді (Жох. 1-х. 5:14). Алайда Ехобаның өзіне жақындатуының ең керемет жолы — сүйіспеншілікпен берген төлем құрбандығы (Жоханның 1-хаты 4:9, 10, 19 оқы). Ехоба бізді күнә мен өлімнің құрсауынан босату үшін, “жалғыз Ұлын” жерге жіберді (Жох. 3:16).
8, 9. Иса Құдайдың ниетінде қандай рөл атқарады?
8 Тіпті Мәсіх келмей тұрып-ақ, Ехоба адамдардың сол төлемнің пайдасын көре алуына жағдай жасады. Құтқарушының келетіні жайлы алғашқы пайғамбарлық айтылған сәттен бастап, Ехоба сол төлем беріліп қойылғандай қарастырды. Себебі өз ниетінің міндетті түрде жүзеге асатынын білді (Жар. 3:15). Ғасырлар өте елші Пауыл “Иса Мәсіхтің төлеген құнының негізінде азат еткені” үшін Құдайға ризашылығын білдіріп: “Ол сабырлылық сақтап, бұрынғы уақытта жасалған күнәларды кешіріп отырды”,— деген болатын (Рим. 3:21—26). Иә, Құдайға жақындау үшін Исаның атқаратын рөлі аса маңызды.
9 Кішіпейіл адамдар тек Иса арқылы ғана Ехобаны танып-біліп, онымен достық қарым-қатынас дамыта алады. Бұл туралы Жазбаларда не делінген? Пауыл былай деп жазған: “Құдай бізге сүйіспеншілігін көрсетіп, әлі де күнәкар болғанымызда Мәсіх біз үшін өмірін қиды” (Рим. 5:6—8). Құдай төлем құрбандығын лайық болғанымыз үшін емес, бізді қатты сүйетіндіктен берді. Иса былай деген: “Мені жіберген Әкем жақындатып тартса ғана, адам маған келе алады”. Басқа бір жолы: “Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге келе алмайды”,— деген болатын (Жох. 6:44; 14:6). Ехоба киелі рухын қолданып, Иса арқылы адамдарды өзіне жақындатып, мәңгілік өмірге жеткізетін сүйіспеншілігіне бөлейді (Яһуда 20, 21 оқы). Қазір Ехобаның өзіне жақындату үшін жасаған екінші қадамын қарастырайық.
ЕХОБА БІЗДІ СӨЗІ АРҚЫЛЫ ЖАҚЫНДАТАДЫ
10. Киелі кітап Құдайға жақындауымызға қалай көмектеседі?
10 Мақаланың осы тұсына дейін Киелі жазбалардың 14 кітабынан үзінділер келтірілді. Киелі кітап болмағанда, Жаратушымызға жақындай алатынымызды біле алар ма едік? Төлемнің берілгенін және Иса арқылы Ехобаға жақындай алатынымызды қайдан білер едік? Ехоба киелі рухын қолданып, Киелі кітапты жаздырды. Бұл кітапта оның тартымды қасиеттері мен ұлы ниеттері жазылған. Мысалы, Мысырдан шығу 34:6, 7-де Ехоба өз-өзін сипаттап, Мұсаға былай деген: “Құдай мейірімді де қайырымды, Тез қаһарланбайтын да өте рақымды. Ол берік мейірімін мыңдағандарға танытады, Өзіне қарсы шығып теріс қылықтарды, Жасаған күнәкарды да кешіруге дайын тұрады”. Бойында осындай қасиеттері бар тұлғаға кімнің жақындағысы келмейді? Ехоба біздің Киелі кітап беттерінен өзін танып-білген сайын, оның шынайы Тұлға екеніне көзіміз жете түсетінін әрі оған жақындай беретінімізді біледі.
11. Не үшін Құдайдың қасиеттері мен жолдарын өте мұқият зерттеуіміз қажет? (Мақаланың басындағы суретті қара.)
11 Құдайға қалай жақындай алатынымыз жайлы “Ехобаға жақында” кітабының алғы сөзінде былай делінген: “Кез келген достық қарым-қатынас адаммен жақынырақ танысып, оған тән жағымды қасиеттерді біліп, оларды бағалаудан басталады. Сондықтан бізге Киелі кітапта айтылған Құдайдың қасиеттері мен жолдарын өте мұқият зерттеу қажет”. Ехобаның өз Сөзін адам баласына түсінікті етіп жаздырғанына қаншалықты ризамыз десеңші!
12. Неліктен Ехоба Киелі кітапты жаздыру үшін адамдарды қолданған?
12 Киелі кітапты жаздыру үшін Ехобаның періштелерді қолдануына болар еді. Себебі біздің не істеп, не қойғанымыз олар үшін бәрібір емес қой (Пет. 1-х. 1:12). Құдайдың адамзатқа арнаған хабарын жазу тапсырмасы періштелерге берілгенде, олар бұны орындай алар еді, бұған еш дау жоқ. Бірақ олар әр жағдайды адам тұрғысынан көре алар ма еді? Біздің мұқтаждығымызды, әлсіздігіміз бен қалауларымызды түсінер ме еді? Жоқ! Мұны Ехоба жақсы біледі. Ол Киелі кітапты адамдарға жаздыруымен бұл кітапты жанымызға жақын етті. Өйткені біз оның жазушылары мен Киелі кітаптағы басқа да кейіпкерлердің ойлары мен сезімдерін жақсы түсінеміз. Олардың уайым-қайғысын, күмәні мен қорқынышын, бойларындағы кемшіліктерін түсініп, жетістіктері мен қуаныштарына ортақтаса аламыз. Ілияс пайғамбар іспетті, Киелі кітап жазушыларының бәрі “біздікіндей сезімі бар” адамдар болған (Жақ. 5:17).
13. Жүністің дұғасы саған қалай әсер етеді?
13 Мысалы, Құдайдан алған тапсырманы орындаудан қашқан Жүніс пайғамбардың не сезінгенін жазып қалдыру періштелердің біріне жүктелді делік. Періште Жүністің сезімін толық жеткізе алар ма еді? Бұл екіталай. Ехобаның бұл оқиғаны және теңіз түбінде жалбарына айтқан дұғасын жазуды Жүністің өзіне тапсырғаны қандай жақсы болған! Жүніс былай деген: “Көңілім құлазып, үміт өшкенде, Уа, Тәңір Ием, Сені алдым есіме” (Жүніс 1:3, 10; 2:1—9).
14. Неліктен Ишаяның өзі жайлы жазған сөздері сені бейжай қалдырмайды?
14 Ишая пайғамбардың да өзі жайлы не жазғанын қарастырып көрейік. Құдайдың даңқы жайлы аян көргеннен кейін, өзінің күнәкар екенін сезініп, бұл пайғамбар былай деген: “Қасіретке қалдым-ау, енді құритын болдым! Себебі мен күнәкармын, аузымнан шыққан сөздерім арам, әрі сөйлеген сөздері арам халықтың арасында тұрып жатырмын. Сонда да мен Патшаны, Әлемнің Иесін, өз көзіммен көрдім!” (Ишая 6:5). Періште осындай сөздерді айта алар ма еді? Ал Ишая болса айта алған, әрі осы сөздерді оқығанда, біз оның сезімін жақсы түсінеміз.
15, 16. а) Неге біз басқа адамдардың сезімдерін түсіне аламыз? Мысал келтір. ә) Ехобаға жақындау үшін бізге не көмектеседі?
15 Періштелер Жақып іспетті “еш лайықты емеспін” дей ала ма? Я болмаса өздерін Петірдей “күнәкар” сезіне ме? (Жар. 32:10; Лұқа 5:8). Исаның шәкірттері сияқты қорқынышқа бой алдыра ма? Қарсылыққа қарамастан, ізгі хабарды жариялау үшін Пауыл мен басқа да мәсіхшілер іспетті, әділ періштелерге батылдық дамыту қажет пе? (Жох. 6:19; Сал. 1-х. 2:2). Жоқ, өйткені олар барлық жағынан кемелді әрі адам атаулыдан әлдеқайда жоғары. Ал кемелсіз адамдар осындай сезімдерімен бөліскенде, біз оларды жақсы түсінеміз. Себебі өзіміз де солар сияқтымыз ғой. Сондықтан да Құдай Сөзін оқығанда, біз “қуанғандардың қуанышына, қайғырғандардың қайғысына ортақтаса” аламыз (Рим. 12:15).
16 Ехобаның ертедегі қызметшілерімен қандай қарым-қатынаста болғаны жайлы ой жүгіртсек, Құдайымыз туралы тамаша нәрселер біле аламыз. Шыдамдылық пен сүйіспеншілік таныта отырып, кемелсіз адамдарды өзіне жақындатқанын байқаймыз. Осылайша Ехобаны жақсырақ тани түсіп, оған деген сүйіспеншілігіміз артады. Осының арқасында Құдайға жақындай түсеміз (Жақып 4:8 оқы).
ҚҰДАЙМЕН МЫЗҒЫМАС ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ДАМЫТ
17. а) Азариях Асаға қандай кеңес берді? ә) Азариях берген дана кеңеске Асаның немкетті қарағаны неден көрінді әрі мұның салдары қандай болды?
17 Аса патша эфиопиялықтардың әскерін ойсырата жеңген соң, Құдайдың пайғамбары Азариях Аса патшаға және оның соңынан ерген халыққа мына дана сөздерді айтады: “Сендер Құдаймен бірге жүргендеріңде Ол да сендермен бірге жүріп жар болады. Егер де Оған бет бұрып сиынып Оны іздесеңдер, таба аласыңдар. Бірақ Одан бас тартсаңдар, Ол да сендерден бас тартады” (Шеж. 2-ж. 15:1, 2). Алайда уақыт өте келе Аса бұл кеңеске құлақ асуды қояды. Солтүстік Исраил патшалығы шабуыл жасағанда, Аса патша сириялықтардың көмегіне жүгінеді. Қайтадан Ехобадан көмек сұраудың орнына ол жалған тәңірлерге табынатындармен одақ құрады. Сондықтан Құдайдың пайғамбары келіп, оған: “Осы істегеніңіз үлкен ақылсыздық болды. Сол үшін де бұдан былай соғыстан көз ашпайтын боласыз!”— дейді. Осы сөздерге сай, Асаның билік құруының қалған жылдарында үздіксіз соғыстар болып тұрды (Шеж. 2-ж. 16:1—9). Бұл біз үшін қандай сабақ?
18, 19. а) Құдайдан біршама алыстап кетсек, не істегеніміз жөн? ә) Ехобаға қалайша жақындай түсуге болады?
18 Ендеше, Ехобадан алшақтап кетпейік. Егер одан алыстап кеткен болсақ, Ошия 12:6-дағы: “Құдайға қайта оралып, берік сүйіспеншілік пен әділдікті сақта! Әрқашан өз Құдайыңа үмітіңді арт!”— деген кеңеске құлақ асайық. Төлем құрбандығы жайлы ой жүгіртіп, әрі Киелі кітапты мұқият зерттей отырып, оған жақындаған үстіне жақындай берейік (Заңды қайталау 13:4 оқы).
19 Забур жыршысы: “Құдайға жақын болғаным қандай игі!”— деп жазған. Сондықтан да Ехоба жайлы жаңа нәрселерді біле берейік (Заб. 72:28). Сонда оны жақсы көрудің себептері арта береді. Егер Ехобаға жақындай түссек, ол да бізге қазір де, мәңгілік бойы да жақындай береді!
^ абзац 3 Аса патша жайлы “Еңбектеріңнің жемісін әлі де көресіңдер” атты мақаланы 2012 жылғы “Күзет мұнарасының” 15 тамызындағы санынан оқуға болады.