Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Оқырман сауалдары

Оқырман сауалдары

Иса саддукейлерге қайта тірілетіндер жайлы: “Үйленбейді де, күйеуге де шықпайды”,— деген (Лұқа 20:34—36). Ол жер бетінде өмір сүру үшін қайта тірілетіндер жайлы айтқан ба?

Олар қайта тірілген өмірлік серігімен жаңа дүниеде қайта қосылуды аңсайтын шығар. Әйелі қайтыс болған бір кісі: “Мүмкін болғанда, біз ешқашан айырылыспас едік. Қайта, жұбымыз жазылмай, мәңгі бақи бірге ғибадат етуді бар жүрегімізбен қаладық. Мен әлі де соны қалаймын”. Қайта тірілгендер отау құра алады деп күтуге келелі себеп бар ма? Қысқаша айтар болсақ, біз мұны нақты білмейміз.

Исаның қайта тірілу мен некеге тұруға қатысты айтқан жоғарыдағы сөздері біраз жыл бойы әдебиеттерімізде былай түсіндірілді: Иса жерде өмір сүру үшін қайта тірілетіндер жайлы әрі олардың неке құрмайтыны жөнінде айтқан болса керек * (Мат. 22:29, 30; Мар. 12:24, 25; Лұқа 20:34—36). Әрине, кесіп айта алмаймыз, бірақ Иса көктегі өмірге қайта тірілетіндер туралы айтқан болуы мүмкін бе? Ендеше, оның сөздеріне үңіліп көрейік.

Иса қайта тірілу жайлы кіммен сөйлескен? (Лұқа 20:27—33 оқы). Қайта тірілуге сенбейтін саддукейлермен. Олар Исаны сөзден ұстап алғысы келіп, қайта тірілу мен әмеңгерлік неке * жайында сұрақ қояды. Сонда Иса: “Осы заманның адамдары үйленеді, күйеуге шығады. Ал келер заманда өмірге ие болуға және өлімнен қайта тірілуге лайық болғандар үйленбейді де, күйеуге де шықпайды. Олар періштелер іспетті болады, сондықтан ешқашан өлмейді. Сондай-ақ өлімнен қайта тірілетіндіктен Құдайдың балалары болады”,— деп жауап береді (Лұқа 20:34—36).

Неліктен әдебиеттерімізде Иса жердегі өмірге қайта тірілетіндер жайлы айтса керек деген тұжырым жасалды? Бұған негізгі екі себеп болған: біріншіден, саддукейлер сұрақ қойғанда, жердегі өмірге қайта тірілетіндерді ойда тұтса керек, Иса болса сұрақтарына қарай жауап берген. Екіншіден, Иса сөзінің соңында Құдайға адал болған Ыбырайым, Ысқақ, Жақып туралы айтқан. Ал олар жердегі өмірге қайта тірілетіндердің қатарынан еді (Лұқа 20:37, 38).

Алайда Иса көктегі өмірге қайта тірілетіндер жайлы айтқан болуы да мүмкін. Бұлай деуге қандай негіз бар? Иса қолданған негізгі екі тіркесті қарастырайық.

“Өлімнен қайта тірілуге лайық болғандар”. Адал болған майланған мәсіхшілер “Құдай патшалығына... кіруге лайық деп есептеледі” (Сал. 2-х. 1:5, 11). Төлемнің арқасында өмір сүру үшін әділ деп жарияланатындықтан, олар күнәнің кесірінен айыпталғандар ретінде өлмейді (Рим. 5:1, 18; 8:1). “Бақытты әрі қасиетті” атанған олар көкте өмір сүру үшін қайта тірілуге лайық саналады (Аян 20:5, 6). Ал жерде өмір сүру үшін қайта тірілетіндерге келсек, олардың арасында “әділетсіздер” де болады (Ел. іс. 24:15). Оларды қайта тірілуге “лайық деп есептелетіндердің” қатарына жатқызуға бола ма?

 “Олар ешқашан өлмейді”. Басқа аудармаларда бұл ой “бұдан былай оларға өлімнің билігі жүрмейді” деген сияқты сөздермен берілген. Жердегі өмірлерінің соңына дейін адал болған майланғандар көктегі өмірге қайта тірілтіледі, әрі оларға өлместік — шексіз, еш құрымайтын өмір беріледі (Қор. 1-х. 15:53, 54). Көктегі өмірге қайта тірілгендерге өлімнің билігі жүрмейді *.

Жоғарыда айтылғандардан қандай тұжырым жасауға болады? Иса некеге тұру мен қайта тірілу жайлы сөздерін көктегі өмірге қайта тірілетіндерге қатысты айтқан болуы мүмкін. Олай болса, бұдан олар жайлы мынадай жайттар ашылады: олар неке құрмайды, өлмейді және періштелерге, яғни рухани әлемде мекендейтін рухани жаратылыстарға ұқсас болады. Сөйтсе де мұндай тұжырым бірнеше сұрақ тудырады.

Біріншіден, неге Иса саддукейлерге жауап бергенде, көктегі өмірге қайта тірілу жайлы айтқан? Олар сұрақ қойғанда, жердегі өмірге қайта тірілетіндерді ойда тұтқан сияқты ғой? Иса қарсыластарының сұрақтарына әрқашан тікелей жауап бермеген. Мысалы, өзінен белгі көрсетуді сұраған яһудилерге ол: “Мына ғибадатхананы қиратыңдар, мен оны үш күнде қайта тұрғызамын”,— деген. Иса олардың ғибадатхана ғимараты жөнінде ойлағанын білсе керек, әйтсе де “ғибадатхана” деп ол өзінің денесін айтқан (Жох. 2:18—21). Бұл жағдайда да Иса қайта тірілуге де, періштелердің бар екендігіне де сенбейтін саддукейлердің шынайы ниетпен қоймаған сұрағына жауап беруге өзін міндетті сезінбеген шығар (Нақ. с. 23:9; Мат. 7:6; Ел. іс. 23:8). Қайта, өзінің ақжүректі шәкірттеріне көктегі өмірге қайта тірілетіндер жайлы шындықты ашқысы келген болар. Себебі шәкірттерінің көктегі өмірге үміті бар еді.

Екіншіден, неге Иса әңгімесінің соңында жерде өмір сүру үшін қайта тірілетін Ыбырайым, Ысқақ, Жақып жөнінде айтқан? (Марқа 12:26, 27 оқы). Байқасаң, Иса сол адал рубасылары туралы айтарда сөзін “ал өлгендердің қайта тірілетіні жөнінде” деп бастаған. Бұл сөздер көктегі өмірге қайта тірілу туралы тақырыптан жердегі өмірге қайта тірілу туралы тақырыпқа өту үшін қолданылған болуы мүмкін. Бұдан кейін Иса жанып тұрған бұтаның қасында болған Ехоба мен Мұсаның әңгімесінен үзінді келтіреді. Саддукейлер Мұсаның жазбасына сенеміз дейтін. Сондықтан Иса Ехобаның ниетіне сай, адамдар жердегі өмірге қайта тірілетінін дәлелдеу үшін Мұсаның жазбасына сүйенген (Мыс. ш. 3:1—6).

Үшіншіден, Исаның айтқан сөздері көктегі өмірге қайта тірілетіндерге қатысты болса, бұл жердегі өмірге қайта тірілгендер некеге тұра алады дегенді білдіре ме? Құдай Сөзінде бұл сұраққа нақты жауап берілмеген. Егер Иса, шынымен де, көктегі өмірге қайта тірілетіндер туралы айтқан болса, оның сөздерінен жердегі өмірге қайта тірілгендердің жаңа дүниеде неке құра алатын-алмайтынына қатысты ештеңе біле алмаймыз.

Біздің білетініміз — Құдай Сөзінде жұбайы көз жұмған адамның некеден босайтыны анық айтылған. Сондықтан жары қайтыс болған адам қайта отау құруды шешсе, өзін кінәлі сезінбеу керек. Бұл әр адамның жеке шешімі, сол себепті жар сүйіп, оның жылулығын сезінгісі келетін адамды ешкімнің сынап-мінемегені жөн (Рим. 7:2, 3; Қор. 1-х. 7:39).

Жаңа дүниеде өмір қандай болатынына қатысты жауап алғымыз келетін сұрақтар көп шығар. Бірақ ондай сұрақтарға қатысты долбар жасағанша, сол уақытты күтіп, бәрін өз көзімізбен көргеніміз жақсы. Сөйтсе де біз мынаған сенімдіміз: мойынсұнғыш адамдар бақытты болады. Өйткені Ехоба олардың барлық қажеттіліктері мен барлық қалауларын ең жақсы жолмен қанағаттандырады (Заб. 144:16).

^ абзац 4 “Күзет мұнарасы” (ор.) 1989 жыл 15 маусым, 22, 23-беттерді қара.

^ абзац 5 Киелі кітап заманындағы ғұрыпқа сай, артынан ұл бала қалдырмай қайтыс болған кісінің бауыры оның жесіріне үйленіп, ұрпағын жалғастыру керек болған (Жар. 38:8; Заң. қ. 25:5, 6).

^ абзац 9 Жердегі өмірге қайта тірілетіндерге өлместік емес, мәңгілік өмір беріледі. Өлместік пен мәңгілік өмірдің айырмашылығын білу үшін “Күзет мұнарасы” (ор.) 2007 жыл 1 қараша, 21-бетті қара.