Сен уақтылы берілетін ас-суды қабылдап жүрсің бе?
БІЗ адамзат тарихындағы ең қиын кезеңде өмір сүрудеміз (Тім. 2-х. 3:1—5). Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз бен оның әділ талаптарын орындауға деген табандылығымыз күн сайын сыналып жатады. Иса бұл кезеңнің оңай болмайтынын алдын ала біліп, шәкірттеріне соңына дейін табанды болып қалу үшін қажетті күш-жігер беретінін айтқан (Мат. 24:3, 13; 28:20). Сондықтан ол рухани “ас-суды уақтылы беретін” адал да ақылды құлды тағайындаған (Мат. 24:45, 46).
1919 жылы адал да ақылды құл тағайындалғаннан бері әртүрлі тілде сөйлейтін миллиондаған “үй ішіндегілер” Құдайдың ұйымына жиналып, рухани ас-судың рақатын көруде (Мат. 24:14; Аян 22:17). Алайда мәліметтеріміз барлық тілге аударылмаған, оның үстіне бауырластардың барлығы бірдей әдебиеттеріміздің электронды түріне қол жеткізе алмайды. Мысалы, көбісінің тек jw.org сайтында ғана шығатын бейнематериалдарды көріп, мақалаларды оқуға мүмкіндіктері жоқ. Бұл осы бауырластарымыз рухани мықты болуға септігін тигізетін ас-суды жеткілікті түрде қабылдамай жүр дегенді білдіре ме? Бұл ретте дұрыс тұжырымға келу үшін маңызды төрт сұрақтың жауабын қарастырайық.
1. Ехоба беретін ас-судың негізгі құрамы не?
Шайтан Исаны тасты нанға айналдыруға азғырғанда, Иса: “Адам нанмен ғана емес, Ехобаның аузынан шыққан әрбір сөзімен де өмір сүруі тиіс”,— деп айтқан (Мат. 4:3, 4). Ехобаның сөзі Киелі кітапта жазылған (Пет. 2-х. 1:20, 21). Сондықтан Киелі кітап рухани ас-суымыздың негізгі құрамы болып табылады (Тім. 2-х. 3:16, 17).
Ехобаның ұйымы Киелі жазбалардың “Жаңа дүние аудармасын” толықтай не жартылай 120-дан астам тілге аударды және жыл сайын бұл тілдердің саны артуда. Бұған қоса, Киелі кітаптың басқа да аудармаларының миллиардтаған данасы мыңдаған тілде жарық көрген. Бұл таңғажайып жетістік Ехобаның “әртүрлі адамдардың құтқарылғанын және шындық жайлы тура білім алғанын қалайтынын” дәлелдейді (Тім. 1-х. 2:3, 4). Ехобаның “назарынан жасырын ешбір жаратылыс жоқ” екенін ескерсек, ол “рухани мұқтаждықтарын мойындайтын” әрбір жанды өзінің ұйымына шақырып, рухани ас-сумен қамтамасыз ететініне сенімді болсақ болады (Евр. 4:13; Мат. 5:3, 6 сілт.; Жох. 6:44; 10:14).
2. Рухани ас-су берудегі әдебиеттеріміздің рөлі қандай?
Берік сенім дамытқысы келетін адамға Киелі кітапты оқып қана қою жеткіліксіз. Ол оқығанын түсінуі әрі оған құлақ асуы керек (Жақ. 1:22—25). Бірінші ғасырда өмір сүрген эфиопиялық қызметші мұны жақсы түсінген. Уағыздаушы Філіп әлгі қызметшінің Құдай Сөзін оқып отырғанын көргенде, одан: “Оқығандарыңды түсініп жатырсың ба?”— деп сұрайды. Қызметші: “Ешкім үйретпесе қалай түсінейін?”— дейді (Ел. іс. 8:26—31). Сонда Філіп оған Құдай Сөзінен тура білім алуға көмектеседі. Білгендері қызметшінің жүрегіне жетіп, ол шомылдыру рәсімінен өтеді (Ел. іс. 8:32—38). Сол сияқты Киелі кітапқа негізделген әдебиеттердің шындық жайлы тура білім алуымыз үшін маңызы зор. Олар біздің сезімдерімізге әсер етіп, білгендерімізді қолдануға талпындырады (Қол. 1:9, 10).
Әдебиеттер арқылы Ехобаның қызметшілері ағыл-тегіл рухани ас-суды тойына ішіп-жеуде (Ишая 65:13). Мысалы, 210-нан аса тілге аударылатын “Күзет мұнарасы” журналы Киелі кітап пайғамбарлықтарын түсіндіреді, терең рухани шындықтар жайлы түсінігімізді кеңейтеді және Киелі кітап принциптерімен өмір сүруге деген ықыласымызды оятады. Ал шамамен 100 тілде жарық көретін “Ояныңдар!” журналы болса Ехобаның жаратылыстары жайлы білімімізді тереңдетеді, әрі Киелі кітаптағы тиімді кеңестерді қолдану жолдарын көрсетеді (Нақ. с. 3:21—23; Рим. 1:20). Адал да ақылды құл Киелі кітапқа негізделген мәліметтің 680-нен аса тілге аударылуына қам жасауда! Сен Киелі кітапты күн сайын оқуға уақыт бөлесің бе? Ай сайын жарық көретін журналдардың әр санын және жыл сайын сенің тіліңде шығып тұратын жаңа әдебиеттерді оқисың ба?
Әдебиеттер шығарумен қатар Ехобаның ұйымы қауым кездесулері мен конгрестерде айтылатын Киелі кітапқа негізделген баяндамалардың жоспарын құрастырады. Сол жиындардағы баяндамалар, драма, көрініс пен сұхбаттар саған ұнай ма? Расында да, Ехоба бізге рухани мол дастарқан жаюда! (Ишая 25:6).
3. Егер сенің тіліңде барлық әдебиеттер шықпаса, бұл сенің рухани ас-суды жеткілікті мөлшерде қабылдамай жүргеніңді білдіре ме?
Жоқ, олай емес. Ехобаның кейбір қызметшілері басқаларына қарағанда көбірек рухани ас-суға қол жеткізе алатыны рас. Бұған таңғалудың қажеті жоқ. Мысалға I ғасырдағы елшілерді алайық. Олар өзге шәкірттерге қарағанда көбірек нұсқау алған (Мар. 4:10; 9:35—37). Бірақ бұл басқа шәкірттердің рухани астан құр қалғандарын білдірмейді. Олар өздеріне қажетті асты алып отырған (Ефес. 4:20—24; Пет. 1-х. 1:8).
Тағы бір көңіл қоярлық жайт — жерде болған кезінде Исаның істегендері мен айтқандарының көбісі Інжіл жазбасына енбеген. Елші Жохан былай деп жазған: “Иса бұдан да басқа көп істер жасады. Олар егжей-тегжейлі жазылса, меніңше, жазылған шиыршықтар бүкіл дүниеге сыймас еді” (Жох. 21:25). Бізге қарағанда I ғасырдағы ізбасарлар кемелді адам Иса туралы көп нәрсені білген. Бірақ бұл Иса туралы біліміміз жеткіліксіз дегенді білдірмейді. Өйткені Ехоба біздің Исаның ізімен тура жүре алуымыз үшін қажетті білімнің болуына қам жасаған (Пет. 1-х. 2:21).
Елшілердің I ғасырдағы қауымдарға жазған хаттары жайында да ойлап көрші. Пауылдың кем дегенде бір хаты Киелі кітапқа енбей қалған (Қол. 4:16). Сол хаттың қолымызда болмағаны біліміміздің толық емес екенін білдіре ме? Жоқ. Ехоба біздің не нәрсеге мұқтаж екенімізді біледі, әрі рухани денсаулығымыз мықты болу үшін қажеттінің бәрімен қамтамасыз етеді (Мат. 6:8).
Ехоба біздің не нәрсеге мұқтаж екенімізді біледі, әрі рухани денсаулығымыз мықты болу үшін қажеттінің бәрімен қамтамасыз етеді
Бүгінде Ехобаның қызметшілерінің кейбірі рухани ас-судың көп түріне қол жеткізе алады. Алайда сенің тіліңде шығатын әдебиеттердің саны шектеулі болса қынжылма, себебі Ехоба сенің қамыңды ойлайды. Қолда бар мәліметті зерттей бер және мүмкіндігінше өзің түсінетін тілде өтетін кездесулерден қалма. Ехоба сенің рухани мықты болуың үшін барлығын жасап жатқанына сенімді бол (Заб. 1:2; Евр. 10:24, 25).
4. Егер jw.org сайтымызда шығатын мәліметтерге қол жеткізе алмасаң, рухани әлсіреп қалуың мүмкін бе?
Біздің веб-сайтта журналдардың электронды нұсқасы мен Киелі кітапқа негізделген басқа да әдебиеттер бар. Сондай-ақ онда ерлі-зайыптыларға, жасөспірімдерге және кішкентай балалары бар ата-аналарға арналған мәліметтер көп. Отбасылар бұл мәліметтерді отбасылық ғибадат кешінде қолданып, пайдасын көре алады. Бұған қоса, біздің сайтта Ғалақад мектебінің аяқталу салтанаты және жыл сайынғы кездесу сияқты жиындардың өткені туралы жазылады. Сондай-ақ табиғи апаттар мен зардап шеккендерге көрсетілген көмек жайлы және Ехобаның халқына қатысты заңи мәселелер туралы да айтылады (Пет. 1-х. 5:8, 9). Сонымен қатар веб-сайтымыз уағыздаудың керемет құралы болып табылады. Осының арқасында тіпті уағыз ісіне тыйым салынған елдер ізгі хабарды ести алады.
Алайда веб-сайтымызды қолдануға мүмкіндігің болсын-болмасын, сен рухани берік болып қала аласың. Өйткені адал құл үй ішіндегілердің рухани тойына тамақтана алулары үшін аянбай еңбек етіп, баспа түріндегі мәліметтерді жеткілікті мөлшерде шығаруда. Сондықтан сен jw.org сайтымызды қолдану үшін Интернетке қосылуға арналған құрылғы сатып алуға өзіңді міндетті сезінбеуің керек. Кейбір бауырластар веб-сайтымызда шығатын мәліметтердің біразын өздері басып шығарып, Интернетке кіруге мүмкіндігі жоқ бауырластарға береді екен. Бірақ бұлай ету қауым міндетіне кірмейді.
Біз Исаның рухани қажеттіліктерімізді қамтамасыз ету жайлы уәдесін орындап жатқанына шексіз ризамыз. Қиындыққа толы осы соңғы күндердің аяғына дейін Ехобаның әрі қарай да бізге рухани “ас-суды уақтылы беретініне” сенімді болайық!