БІЗДІҢ МҰРАҒАТТАН
“Эврика драмасының” арқасында көп адам шындықты білді
“ЭВРИКА!” Бұл сөз “Таптым!” дегенді білдіреді. ХІХ ғасырда Калифорниядағы (АҚШ) “алтын безгегі” кезінде алтын тапқан кенші осылай айғайлайтын. Бірақ Чарлз Тейз Рассел мен басқа да “Киелі кітапты зерттеушілер” алтыннан да бағалы қазына — Киелі кітаптағы шындықты тапты. Олар шындықты тауып қана қойған жоқ, оны өзгелерге жеткізгілері де келді.
1914 жылдың жазында Киелі кітап Зерттеушілердің Халықаралық Бірлестігі (КЗХБ) шығарған “Жаратылыстың фотодрамасы” деген сегіз сағаттық көрсетілім үлкен қалаларда миллиондаған көрермен жинады. Киелі кітапқа негізделген бұл фотодрама таң-тамаша қалдыратын көшпелі суреттерден, түрлі түсті слайдтардан, диктордың керемет дауыс жазбасы мен әдемі классикалық музыкадан құралған еді. Фотодрама көрерменді жаратылыстан бастап Иса Мәсіхтің Мыңжылдық билігінің соңына дейінгі оқиғалармен таныстырды (Аян 20:4) *.
Ал шағын қалашықтар мен ауылдар жайлы не деуге болады? Шындыққа сусағандардың бәрі көре алу үшін, 1914 жылдың тамызында КЗХБ “Эврика драмасын” шығарды. Бұл “Фотодраманың” кинокадрлар алынып тасталған, тасымалдауға ыңғайлы нұсқасы еді. “Эврика драмасы” үш топтамадан тұрды, әрі әрқайсысы бірнеше тілде болды. “Эврика Х” деп аталған бірінші топтама барлық дауыс жазбалар мен музыкадан тұрды. “Эврика Ү”-те барлық дауыс жазбалар мен музыка, сондай-ақ әдемі етіп боялған слайдтар болды. Ал үйде тыңдауға арналған “Эврика отбасылық драмасы” таңдамалы дауыс жазбалар мен мадақтау әндерінен тұрды. Жұрт драмаға қажетті арзан патефондар мен проекторлар да сатып ала алатын.
“Киелі кітап зерттеушілері” бұл топтамаларды ауылды жерлерде кинопроектор не үлкен экрансыз-ақ тегін көрсетіп, Патшалық туралы хабарды жаңа аумақтарға жеткізді. Тек дыбыстан тұратын “Эврика Х”-ті күндіз де, түнде де ойнатуға болатын. Ал “Эврика Ү”-ті көрсету үшін электр қуатының орнына карбид шамын қолдануға болатын. Фин тіліндегі “Күзет мұнарасында”: “Біз бұл суреттерді кез келген жерде дерлік көрсете аламыз”,— деп жазылды. Бұл, шынымен де, солай еді.
Үлкен театрларды жалға алудың орнына, тапқыр “Киелі кітап зерттеушілері” жиі мектептің сынып бөлмесі, сот залы, теміржол бекеті, тіпті үлкен үйлердің қонақ бөлмесі сияқты тегін жайлар табатын. Көп жағдайда көрсетілім далада өткізілетін, бұл үшін экран орнына қамбаның қабырғасына үлкен ақ мата ілінетін. Антони Хамбук: “Жұрт бағдарламаны отырып тамашалай алу үшін, фермерлер өз бақтарында бөренелерден шағын стадион жасайды”,— деп жазды. Осы “Эврика” тобы құрал-жабдықтарын, жүктерін, түнеу мен ас дайындауға арналған керек-жарақтарын “Драма арбасымен” таситын.
“Эврика драмасының” көрермендер саны шағын топтан жүздеген адамға жететін. Құрама Штаттарда 150 тұрғыны бар қалашықтағы мектепке 400 көрермен жиналды. Тағы бір жерде “Эврика драмасын” көру үшін кейбіреулер 8 шақырым жол жүріп келген. Швецияда тұратын Шарлотта Албергтің шағын үйіне жиналып, драма күйтабақтарын тыңдаған көршілері зор әсер алыпты. Ал Австралиядағы оқшау жерде орналасқан кеншілер қалашығындағы көрсетілімге шамамен 1500 адам келген. “Күзет мұнарасындағы” есепте орта мектеп пен колледждердегі көрсетілімге қатысты былай делінді: “Суреттер мен патефонда ойналған керемет жазбалар профессорларды да, оқушыларды да қайран қалдырды”. “Эврика драмасы” тіпті кинотеатрлар бар жерлерде де өте танымал болған.
ШЫНДЫҚ ТҰҚЫМЫН СУАРУ
“Киелі кітап зерттеушілерінің” топтары не қауымдары жер-жерлерге баяндамашылар жіберетін. Олар барған жерлерінде баяндамалар айтып, “Эврика драмасын” көрсететін, сосын жаңа топтар құратын. “Эврика драмасын” қанша адам көргенін анықтау қиын. “Драманың” біраз бөлімдері үнемі көрсетілген. Бірақ 1915 жылы оны көрсетіп жүрген 86 топтың 14-і ғана жүйелі түрде есеп берген. Толық мәлімет жоқ болғанына қарамастан, жыл аяғындағы қорытындыда “Драманы” бір миллионнан аса адам көргені мәлімденді. Сондай-ақ 30 000 адам Киелі кітапқа негізделген әдебиетке тапсырыс беріпті.
“Эврика драмасы” тарихта елеулі із қалдырмаған болар, десе де сол бірегей драманы көптеген елдерде миллиондаған адам көрген болса керек. Олардың көбісі алтыннан да қымбат қазына — Киелі кітаптағы шындықты тауып: “Эврика!”— деп айғайлаған.
^ абзац 4 “Біздің мұрағаттан” айдарындағы “Сенімді нығайтқан 100 жыл бұрынғы фильм” мақаласын қара (“Күзет мұнарасы” 2014 жыл 15 ақпан, 30—32 беттер).