Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жойылатын соңғы жау — өлім

Жойылатын соңғы жау — өлім

“Жойылатын соңғы жау — өлім” (ҚОР. 1-Х. 15:26).

1, 2. О баста Адам мен Хауаның өмірі қандай болған және осы орайда қандай сұрақтар туындайды?

АДАМ АТА мен Хауа ана жаратылғанда, олардың ешбір жауы болмаған. Олар кемелді болды әрі жұмақта өмір сүрді. Жаратушының ұл-қызы ретінде екеуі онымен тығыз қарым-қатынаста болды (Жар. 2:7—9; Лұқа 3:38). Олардың ғұмыры қаншаға созылатыны Құдайдың екеуіне берген тапсырмасынан көрініп тұрды (Жаратылыс 1:28 оқы). “Жер бетін толтырып, оны өздеріне бағындыру” үшін, Адам мен Хауаға белгілі бір уақыт жеткілікті болар еді. Алайда “жер бетіндегі барлық жануарларға билік жүргізе” беру үшін, олар мәңгі өмір сүрулері қажет еді. Иә, бұл билікті іске асыруға Адамға өлім кедергі болмау керек-тін.

2 Олай болса, неге бүгінде жағдай мүлдем басқа? Адамның бақытына қара бұлт үйірген соншама көп жау, солардың ішіндегі ең қас жау — өлім қайдан пайда болды? Құдай бұл жауларды қалай жояды? Осы сұрақтардың жауабын Киелі кітап беттерінен таба аламыз. Қазір соларды қарастырайық.

 СҮЙІСПЕНШІЛІКПЕН БЕРІЛГЕН ЕСКЕРТУ

3, 4. а) Ехоба Адам мен Хауаға қандай бұйрық берді? ә) Сол бұйрықты орындау қаншалықты маңызды болды?

3 Адам мен Хауа мәңгі өмір сүруге жаралғанмен, бұл олар ешқашан өлмейді дегенді білдірмеген. Өмір сүру үшін олар ауамен тыныстап, ішіп-жеп, ұйықтау керек еді. Олардың өмірлері әсіресе өмірдің қайнар көзі Ехобамен қарым-қатынастарына байланысты болды (Заң. қ. 8:3). Ехобаның басшылығына мойынсұнғанда ғана олардың ғұмыры ұзағынан, көрер қуанышы молынан болар еді. Ехоба мұны Хауа жаратылмай тұрғанда-ақ, Адамға анық та айқын жеткізген: “Құдай Ие адамға бұйрық беріп: — Саған бақтағы күллі ағаштардың жемістерін жеуге болады. Бірақ жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың жемісін жемейсің! Себебі одан жесең, сол күні өлесің,— деді” (Жар. 2:16, 17).

4 “Жақсылық пен жамандықты танытатын ағаш” ненің жақсы, ненің жаман екенін анықтауға тек Құдайдың құқы бар екенін білдірген. Әрине, Адам ата жақсы мен жаманды ажырата білген, өйткені ол Құдайға ұқсас етіп жаратылды әрі ар-ұжданы болды. Ал аталмыш ағаш болса Адам мен Хауаның есіне Ехобаның басшылығына әрдайым мұқтаж екендерін салып тұрған. Егер ағаштың жемісінен жесе, бұлары Құдайға “Сенің ережелерің бізге керек емес!” дегенмен парапар еді. Мұның салдары ауыр болып, Құдай алдын ала ескерткендей, өздері де, балалары да өлімге душар болар еді.

ӨЛІМ ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛДЫ?

5. Адам мен Хауаның Ехобаға мойынсұнбауына не себеп болды?

5 Хауа ана жаратылған соң, Адам ата оған Құдайдың бұйрығы жөнінде айтты. Хауа ана бұл бұйрықты жақсы білген, өйткені оны жылан арқылы сөйлеген Шайтанға сөзбе-сөз дерлік қайталай алған (Жар. 3:1—3). Кезінде Құдайдың рухани ұлы болған Шайтан Ібіліс өз бойында билік пен тәуелсіздікке деген құмарлықтың өрши түсуіне жол берген болатын (Жақып 1:14, 15 салыстыр). Ол зымиян ниетін жүзеге асыру үшін, Құдайды өтірікші деп айыптады. Хауаға Құдайдың тілін алмаса, өлмейтінін, қайта, Құдай сияқты болатынын айтып, соған сендіргісі келді (Жар. 3:4, 5). Бұған иланып қалған Хауа ана Жаратушысына мойынсұнбай, өз бетінше әрекет етіп, ағаштың жемісінен жеді. Адам атаға да жегізді (Жар. 3:6, 17). Шын мәнінде, Шайтан оны алдап соққан еді (Тімөтеге 1-хат 2:14 оқы). Адам ата дұрыс емес екенін білсе де, “әйелінің тілін алды”. Жылан дос болып көрінгенмен, оның артында тұрған Шайтан Ібіліс, шындығында, аяусыз жау еді. Ол айтқан өтірігінің салдары оңалмастай қайғылы болатынын білген.

6, 7. Ехоба Адам мен Хауаға шығарған үкімін қалай жүзеге асырды?

6 Осылай Адам мен Хауа өздеріне өмір берген және басқа да игіліктер сыйлаған Ехобаға қарсы бүлік шығарды. Әлбетте, Ехоба болған жайттың бәрін көріп тұрды (Шеж. 1-ж. 28:9; Нақыл сөздер 15:3 оқы). Әйткенмен Адамға, Хауаға және Шайтанға ол өзіне деген шынайы сезімдерін көрсетуге жол берді. Әке болғандықтан олардың әрекеті Ехобаның жанына қатты батқаны шүбәсіз (Жаратылыс 6:6 салыстыр). Бірақ ол Соттаушы да болғандықтан, күнәкарларға әділ жазасын берді.

7 Құдай Адамға: “[Жақсылық пен жамандықты танытатын ағаштың  жемісін] жесең, сол күні өлесің”,— деген болатын. Мұндағы “күн” деген сөзді Адам ата 24 сағатқа созылатын тәулік деп түсінген болу керек. Сондықтан сол күні-ақ, күн ұясына батпай тұрып өлемін деп ойласа керек. Ехоба сол күні, “қоңыр салқын самал соққан кезде”, Адам мен Хауаға тіл қатты (Жар. 3:8). Әділ Соттаушы ретінде ол алдымен екеуінің жауабын тыңдап алды (Жар. 3:9—13). Сосын екі күнәкарды өлім жазасына кесті (Жар. 3:14—19). Неге Ехоба оларды бірден өлтірмеді? Бұлай еткенде, оның адамзатқа қатысты ниеті жүзеге аспай қалар еді (Ишая 55:11). Өлім жазасына кесілген Адам мен Хауаға күнәнің зардабы бірден әсер ете бастаса да, Ехоба олардың дүниеге ұрпақ әкелуіне жол берді. Олардың ұрпақтары жарқын келешектен үмітті болды. Ал Адам мен Хауа Құдайдың көзінде күнә жасаған күні-ақ өлді. Өйткені Ехоба үшін 1000 жыл бір күнге тең, осылайша олар бір “күннің” ішінде қайтыс болды (Пет. 2-х. 3:8).

8, 9. Адам атаның күнәсі балаларына қалай әсер етті? (Мақаланың басындағы суретті қара.)

8 Адам мен Хауаның балалары олардың тілазарлығының зардабын тартты ма? Иә. Римдіктерге 5:12-де: “Бір адам арқылы дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді, осылайша адамдардың бәрі өлетін болды, себебі бәрі күнә жасады”,— делінген. Өлімнің ең бірінші құрбаны болған Әбіл еді (Жар. 4:8). Кейін Адамның басқа да балалары мен немерелері қартайып, өлді. Оларға өліммен қатар күнә да берілді ме? Мұның жауабын елші Пауылдың келесі сөздерінен табамыз: “Бір кісінің мойынсұнбауы көп адамды күнәкар етті” (Рим. 5:19). Осылайша күнә мен өлім адамзаттың қашып құтыла алмайтын сұм жауына айналды. Күнә мен өлім Адам атаның балаларының ағзасына қалай берілгенін нақты білмесек те, зардабы соқырға таяқ ұстатқандай анық.

9 Киелі кітаптың күнә мен өлімді “барлық халықтарды жауып тұрған жамылғымен, күллі ұлттарды бүркеп тұрған жабумен” салыстырғаны өте орынды (Ишая 25:7 ЖД). Ауа өткізбей, тұншықтырып тұрған бұл жамылғы адамдардың бәрін бүркеп алған. Міне, сондықтан да “Адам атамен байланыстағылардың бәрі өлуде” (Қор. 1-х. 15:22). Олай болса, ойымызға Пауылдың “Өлімге жетелейтін осы тәнімнен мені кім құтқарады?” деген сұрағы еріксіз оралады. Шынымен де, оны құтқара алатын біреу бар ма еді? * (Рим. 7:24).

КҮНӘ МЕН ӨЛІМ ЖОЙЫЛАДЫ

10. а) Ехобаның өлімді жоятынын қандай тармақтар растайды? ә) Осы тармақтардан Ехоба мен Иса туралы не білеміз?

10 Пауылды тек Ехоба ғана құтқара алатын. Ишая “жамылғы” туралы айтқан соң, артынша: “Ол өлімді біржола жоқ қылады. Жаратушы Тәңір Ие барлық бет-жүздердің көз жастарын сүртіп жұбатады”,— деген (Ишая 25:8). Балаларының қасіретінің көзін жойып, олардың көз жасын сүртетін әке секілді, Ехоба да қуана-қуана өлімді жояды. Бұл істе оған Иса қолғабыс етеді. Қорынттықтарға арналған 1-хаттың 15:22-сінде: “Адам атамен байланыстағылардың бәрі өлетініндей, Мәсіхпен байланыстағылардың бәрі тіріледі”,— делінген. Сондай-ақ Пауыл өзінің “Мені кім құтқарады?”  деген сұрағына өзі жауап беріп: “Иеміз Иса Мәсіх арқылы мені құтқарып алатын Құдайға рақмет!”— деген (Рим. 7:25). Демек, Адам мен Хауа күнә жасаса да, Ехобаның адамзатқа деген сүйіспеншілігі еш суымады. Әкесіне алғашқы адам жұбын жаратуға көмектескен Иса да адамзатты жақсы көруін доғарған жоқ (Нақ. с. 8:30, 31). Алайда адам баласы күнә мен өлімнен қалай құтылмақ?

11. Ехоба адамзатқа көмектесу үшін қандай шара қолданды?

11 Адам ата күнә жасағанда, Ехоба әділ үкім шығарып, оны өлімге кескен еді. Нәтижесінде, адамдар кемелсіз болып, өлетін болды (Рим. 5:12, 16). Бұл жайлы Римдіктерге 5:18-де: “Бір күнәнің кесірінен барлық адамдар айыпталды”,— делінген. Алайда Ехоба өз нормаларын бұзбастан қалайша өлімге кесілген адамзатты құтқара алар еді? Мұның жауабын Исаның келесі сөзінен табамыз: “Адам Ұлы... көптеген адамдар үшін жанын төлем ретінде беруге келді” (Мат. 20:28). Иса жер бетіндегі кемелді адам болғандықтан, төлемді беруге лайық еді. Бұл төлем қалайша әділдікке сай келмек еді? (Тім. 1-х. 2:5, 6).

12. Қандай төлем әділдікке сай келді?

12 Кемелді адам болғандықтан, Иса мәңгі өмір сүре алар еді. Ехоба о баста Адам ата үшін де осыны қалаған. Оның үстіне, ол жер беті Адамның ұрпақтарына толғанын ниет еткен. Әкесіне және Адамның ұрпақтарына деген зор сүйіспеншілік Исаға өз өмірін құрбандыққа беруге қозғау салды. Иә, Иса өзінің кемелді өмірін, яғни Адам ата жоғалтқан өмірге сай келетін өмірді құрбан етті. Кейінірек Ехоба Исаны көкте рухани тұлға ретінде қайта тірілтті (Пет. 1-х. 3:18). Бұл төлем Ехобаның әділдігіне сай келді: кемелді өмір үшін кемелді өмір берілді. Осының арқасында Иса Адамның ұрпақтарына мәңгі өмір сүруге жол ашты. Осылайша Иса қандай да бір мағынада Адам атаның орнын басты. Сондықтан да Пауыл Исаны өмір беретін “соңғы Адам” деп атаған (Қор. 1-х. 15:45).

Өлімнің ең бірінші құрбаны болған Әбіл Исаның төлемінің пайдасын көреді (13-абзацты қара)

13. Дүниеден өткендер үшін “соңғы Адам” не істейді?

13 Жақын болашақта “соңғы Адам” өзінің “өмір беретін рух” екенін көрсетіп, Адам атаның ұрпақтарына өмір сыйлайды. Олардың басым көпшілігі бұрын дүниеден өтіп кеткендер болмақ. Олар жер бетінде қайта тіріледі (Жох. 5:28, 29).

14. Адамдар кемелсіздіктен қалай арыла алады?

14 Адамдар кемелсіздіктен қалай арылады? Бұл үшін Ехоба көкте Патшалық орнатқан. Онда “соңғы Адам” — Иса және адамзат арасынан таңдалған 144 000 билік етеді (Аян 5:9, 10 оқы). Исамен бірге билік ететіндер кезінде өздері кемелсіз болғандықтан, қол астындағы азаматтарын жақсы түсінетін болады. Иса және онымен бірге билік ететіндер 1000 жыл бойы адамдарға өздері жеңе алмайтын кемелсіздіктен арылуға көмектеседі (Аян 20:6).

15, 16. а) “Соңғы жау — өлім” қашан жойылады? ә) Қорынттықтарға арналған 1-хат 15:28-ге сай, Иса не істейді?

15 1000 жылдың соңында тілалғыш адамдар Адам атаның тілазарлығының кесірінен пайда болған жаулардан түгел құтылады. Киелі кітапта былай делінген: “Адам атамен байланыстағылардың бәрі өлетініндей, Мәсіхпен байланыстағылардың бәрі тіріледі. Бірақ барлығы өз кезегімен: алғашқысы болып Мәсіх, сосын, Мәсіх осында болатын кезде оның меншігіндегілер [онымен бірге билік ететіндер]  тіріледі. Соңында Мәсіх күллі үкімет, барша билік пен күшті жоқ қылады да, Патшалықты Құдай Әкесіне тапсырады. Құдай барлық жауларын аяғына жығып бергенше, ол билік жүргізуі тиіс. Жойылатын соңғы жау — өлім” (Қор. 1-х. 15:22—26). Иә, Адам атадан келген өлім түбінде құрып жоқ болады. Бүкіл адамзатты жауып тұрған “жамылғы” мәңгілікке алынып тасталады (Ишая 25:7, 8 ЖД).

16 Елші Пауыл өз сөздерін былайша сабақтады: “Құдай өз Ұлына бәрін бағындырған соң, Ұлы да өзіне бәрін бағындырған Құдайға бағынатын болады. Осылайша Құдай бірден-бір Билеуші болмақ” (Қор. 1-х. 15:28). Исаның билігі өз мақсатына қол жеткізеді. Содан соң ол билігі мен кемеліне жеткен адамзатты Ехобаға табыстайды.

17. Болашақта Шайтанмен не болмақ?

17 Адамзаттың бүкіл қасіретіне себепші болып отырған Шайтанмен не болмақ? Мұның жауабы Аян 20:7—15 тармақтарда жазылған. Мыңжылдықтың соңында Шайтанға кемелді адамдарды соңғы рет сынауға жол беріледі. Сосын Шайтан мен оның соңынан ергендер мәңгілікке жойылады. Бұл “екінші өлім” деп аталады (Аян 21:8). Осы өліммен өлгендер ешқашан қайта тірілмейтіндіктен, екінші өлім өз күшінде қала береді. Егер Ехобаға адал болсақ, “екінші өлім” бізге жау бола алмайды.

18. Құдайдың Адам атаға берген тапсырмасы қалай іске асады?

18 Бұдан кейін кемелділікке жеткен адамдар Ехобаның мақұлдауына толықтай ие болып, мәңгі өмірді иеленеді. Адамзат бақытына тұсау салған жаулар атымен жоқ болады. Кезінде Адам атаға берілген тапсырма оның қатысуынсыз іске асады. Жер беті оның ұрпақтарына толып, олар жерді күтіп-баптайды және ондағы жан-жануарларды қамқорлайды. Ехобаның жуырда соңғы жау — өлімді жоятынын білу неткен қуаныш десеңші!

^ абзац 9 “Киелі жазбаларды түсіну” (ағ.) кітабында ғалымдар адамдардың неге қартайып, неге өлетіндігін түсіндірмек болғанда, бір маңызды жайтты назардан тыс қалдыратыны айтылған. Олар алғашқы адам жұбын өлімге кескен Жаратушының өзі екенін білмейді, сондықтан да қартаю процесі мен өлімді толық түсіне алмайды (2-том, 247-б.).