Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Толық уақыт қызмет етіп жүргендерді ұмытпайық

Толық уақыт қызмет етіп жүргендерді ұмытпайық

“Біз сендердің сеніммен істеген істеріңді, сүйіспеншілікпен атқарған ауыр еңбектеріңді... үнемі есімізде ұстаймыз” (САЛ. 1-Х. 1:3).

1. Пауыл ізгі хабарды уағыздау үшін аянбай еңбек еткендерге қалай қараған?

ЕЛШІ ПАУЫЛ ізгі хабарды уағыздау үшін аянбай еңбек еткендерді бағалап, оларды бір сәтке де естен шығармаған. Мұны келесі сөздерінен көруге болады: “Біз сендердің сеніммен істеген істеріңді, сүйіспеншілікпен атқарған ауыр еңбектеріңді және Иеміз Иса Мәсіхке деген үміттеріңнің арқасында танытып жатқан табандылықтарыңды Құдай Әкеміздің алдында үнемі есімізде ұстаймыз” (Сал. 1-х. 1:3). Әлбетте, Ехоба да өзіне адал қызмет етіп жүрген жандардың шамасына қарай атқаратын азды-көпті еңбегін бағалап, әрдайым есінде ұстайды (Евр. 6:10).

2. Бұл мақалада не туралы сөз қозғалады?

2 Кешегі және бүгінгі күндегі көптеген қызметшілер Ехобаға толық уақыт қызмет ету үшін орасан зор құрбандықтарға барған. Осы мақалада І ғасырдағы кейбір қызметшілер Ехобаның ісінде қалай еңбектенгені жайлы сөз қозғалады. Сондай-ақ толық уақытты қызметтің бүгіндегі кейбір түрлері мен сол қызметті атқарып жүрген аяулы бауырластарымызды қалай естен шығармауға болатынын да қарастырамыз.

БІРІНШІ ҒАСЫРДАҒЫ МӘСІХШІЛЕР

3, 4. а) Бірінші ғасырда кейбіреулер қандай қызмет атқарған? ә) Олар күндерін қалай көрген?

3 Иса шомылдыру рәсімінен өткен соң көп ұзатпай жаһандық  көлемде орын алатын уағыз ісіне ұйытқы болды (Лұқа 3:21—23; 4:14, 15, 43). Ал Иса қайтыс болғаннан кейін, уағыз ісі кең етек алу үшін елшілер жетекшілікті өз қолдарына алды (Ел. іс. 5:42; 6:7). Кейбір мәсіхшілер үйлерінен жырақта миссионер ретінде қызмет етті. Мысалы, Філіп Палестинаның әр жерінде уағыздады (Ел. іс. 8:5, 40; 21:8). Пауыл да ізгі хабарды уағыздау үшін үйінен шалғай жатқан жерлерге сапар шекті (Ел. іс. 13:2—4; 14:26; Қор. 2-х. 1:19). Ал Марқа, Лұқа және Силуан (немесе Сыйлас) сияқты қызметшілердің бірі Киелі кітапты жазуға атсалысса, бірі хатшы болған (Пет. 1-х. 5:12). Осындай ер бауырластармен үзеңгілес жүрген көптеген әйел бауырластар да бар еді (Ел. іс. 18:26; Рим. 16:1, 2). Грек жазбаларынан көрініс тапқан олардың қызықты оқиғалары адамды еріксіз баурап әкетеді. Сондай-ақ олардың бастан өткергендері Ехоба өз қызметшілерінің еңбегін ұмытпай, мұқтажын қамтамасыз ететінін көрсетеді.

4 Ертедегі толық уақытты қызметшілер күндерін қалай көрген? Әрине, олар бауырластар көмектесуге міндетті деп ойламаған. Олар ара-тұра жарты күндік жұмыс жасаған (Қор. 1-х. 9:11—15). Алайда бір сенімдегілер көмек қолын ұсынғанда, одан бас тартпаған. Мысалы, бауырластар оларды қонаққа шақырған, тоқтайтын орын берген және басқа да жолдармен көмектескен. Иә, толық уақытты қызметшілерге бауырластар жекелей не бүкіл қауым болып қол ұшын беруге ықыласты болған (Елшілердің істері 16:14, 15; Філіпіліктерге 4:15—18 оқы).

БҮГІНДЕГІ ТОЛЫҚ УАҚЫТТЫ ҚЫЗМЕТШІЛЕР

5. Толық уақыт қызмет ететін бір ерлі-зайыпты өз өмірлері жайлы қандай ойда?

5 Бүгінде де толық уақытты қызметтің түр-түрін атқарып жүрген бауырластар аз емес (“ Толық уақытты қызметтің түрлері” деген қоршауды қара). Осындай таңдау жасағандары туралы олар не ойлайды? Бұл сұрақты өздеріне қойып көрсең, олардың жауаптары сені жігерлендірері сөзсіз. Мысалы, бұрын жалпы ізашар, арнайы ізашар, миссионер болған, ал қазір басқа елдегі Бетелде қызмет етіп жүрген ер бауырлас былай дейді: “Кезінде толық уақытты қызметті бастағаным — өмірімде жасаған ең дұрыс шешімдерімнің бірі. 18 жасымда мен жолайырықта тұрғандай күй кешкен едім: маған я университетті, я ізашарлық қызметті таңдау керек болды. Ехоба толық уақыт қызмет үшін жасаған құрбандықтарды ешқашан ұмытпайтынын өмір маған айқын көрсетті. Мен Ехоба сыйлаған қабілет-дарынымды мейлінше қолдана алдым. Мансап қууды таңдағанда, бұл мүмкін болмас еді”. Оның жұбайы былай дейді: “Қызметтің әр түрі менің рухани толысуыма көмектесті. Біз әрдайым Ехобаның қорғап, жетелеп отырғанын сезіндік. Жылы орнымыздан қозғалмай отыра бергенде, мұның ешқайсысын көрмес едік. Толық уақытты қызметте өтіп жатқан өміріміз үшін Ехобаға алғыс айтудан жалықпаймыз”. Сен де осындай өмірді қалайсың ба?

6. Ехоба біздің қызметімізге қалай қарайды?

6 Толық уақыт қызмет етуге бәрінің бірдей жағдайы келе бермейтіні рас. Ехоба олардың да шын жүректен атқарып жатқан қызметтерін жоғары бағалайды. Мысалы, Філімонға 1—3 тармақтарда (оқы) Пауыл Қолос қаласындағы қауымға сәлем жолдап, тіпті кейбіреулерінің есімін атаған. Иә, олардың ерен еңбектері Пауыл үшін де, Ехоба үшін де бағалы болған. Олай болса, көктегі Әкеміз үшін сенің қызметің де аса құнды. Бірақ арамызда жүрген толық уақытты қызметшілерге қалай қолдау көрсете аламыз?

ІЗАШАРЛАРҒА КӨМЕКТЕСЕЙІК

7, 8. Ізашарлық қызмет дегеніміз не және қауымдағылар ізашарларға қалай көмектесе алады?

7 Бірінші ғасырдағы құлшынысты уағыздаушылар сияқты, бүгіндегі ізашарлар да — қауымға қанат бітіретін асыл жандар. Олар ай сайын уағызға 70 сағат арнауға тырысады. Сен оларға қалай қолдау көрсете аласың?

 8 Шари есімді ізашар әйел бауырлас былай деп ой бөлісті: “Алдына жан салмай, күнде қызмет ететін ізашарлар құрыштай берік көрінгенмен, олар да жігерге мұқтаж” (Рим. 1:11, 12). Кезінде ізашар болған басқа бір әйел бауырлас қауымындағы ізашарлар турасында былай деді: “Олар табанынан тозып аянбай қызмет етеді. Сондықтан оларды көлікпен қызметке жеткізіп салғанда, тамаққа шақырғанда, жолақысын төлегенде, я болмаса ақшалай көмектескенде, олар бір марқайып қалады. Осындай істерімізбен ізашарлардың қамын шынымен ойлайтынымызды көрсетеміз”.

9, 10. Қауымдағы кейбір бауырластар ізашарларға қалай көмектескен?

9 Ізашарларға қызметте қол ұшын бергің келер ме еді? Олар кезігетін қиындықтар жайлы Бобби есімді ізашар әйел бауырлас: “Бізге әсіресе аптаның ішінде қызметтесетін бауырлас керек”,— десе, оның қауымындағы өзге бір ізашар былай деп бөлісті: “Түстен кейін қызметке шығатын серік табу — қиынның қиыны”. Кезінде ізашар болған, ал қазір Бруклиндегі Бетелде қызмет ететін әйел бауырлас сол уақытты жылы сезімдермен еске алып былай дейді: “Бірде көлігі бар бір әйел бауырлас:— Серік таба алмай, жалғыз қалған кезде маған хабарлас, екеуміз барамыз,— деді. Сол бауырлас менің ізашарлық қызметімнің “жан сақтаушысы” болды”. Ал Шари ізашарлардың көзге байқалмайтын қиындығы жайлы былай деп сыр шертті: “Қызметтен кейін салтбасты бауырластар әдетте жалғыз қалады. Сондықтан оларды ара-тұра отбасылық ғибадатқа шақырып тұруға болады. Басқа да істерге осылайша тартқанымыз ізашарларға болаттай берік болуға көмектеседі”.

10 Толық уақыт қызмет етіп жатқанына 50 жылдай болған бір әйел бауырлас кезінде салтбасты қыздармен бірге ізашар болғанын былай есіне алады: “Біздің ақсақалдар ізашарларға бірнеше айда бір рет барып тұратын. Денсаулығымыз, жұмысымыз, қиындықтарымыз жайлы сұрастыратын. Олар шын мәнінде қамымызды ойлайтын. Тұрып жатқан үйімізге келіп, бізге қандай да бір көмек керек пе, жоқ па — соны көріп кететін”. Бұл ақсақалдар және өзгелер ертеде Пауылға қол ұшын берген Онисипорды есімізге салса керек. Өз отбасы болса да, ол қолынан келген көмегін Пауылдан аямаған (Тім. 2-х. 1:18).

11. Арнайы ізашарлық қызмет дегеніміз не?

 11 Кейбір қауымдар арнайы ізашарлармен жарылқанған. Олар қызметке ай сайын 130 сағат жұмсайды. Сондай-ақ қауымның басқа да істеріне белсене атсалысады. Жұмыс істеуге уақыттары аз я мүлдем болмағандықтан, филиалдың тарапынан оларға азын-аулақ жәрдемақы беріледі. Бұл оларға негізгі шығындарын жабуға және көп уақытын қызметке арнауға мүмкіндік береді.

12. Ақсақалдар мен бауырластар арнайы ізашарларға қалай көмектесе алады?

12 Арнайы ізашарларға қалай көмектесе аламыз? Олармен байланысып тұратын Бетелдегі бір ақсақал былай дейді: “Ақсақалдар арнайы ізашарлармен сөйлесіп, жағдайларын біліп жүрулері керек. Сонда олардың қандай көмекке мұқтаж екенін анықтай алады. Жәрдемақы алатындықтан, кейбір бауырластар олардың жағдайы жақсы деп ойлайды. Алайда қауымдағы бауырластар оларға көп жағынан көмек бере алады”. Жалпы ізашарлар сияқты арнайы ізашарлар да қызметке шығатын серік табылып жатса, қуанышты болады. Сен олармен қызметке шыға аласың ба?

АУДАНДЫҚ БАҚЫЛАУШЫЛАРҒА КӨМЕК

13, 14. а) Аудандық бақылаушылар жайлы нені ұмытпауымыз керек? ә) Аудандық қызметте жүргендерге қалай көмектесе алар едің?

13 Аудандық бақылаушылар мен олардың жұбайлары рухани күшті, жігері мықты адамдар болып көрінеді. Бұл рас та. Әйткенмен олар да жігерге, қызметтес болатын серікке және арагідік көңіл көтеруге мұқтаж екенін ұмытпауымыз керек. Егер олар сырқаттанып қалса немесе ауруханаға жатып қалса ше? Уақыт тауып оларға барғанымыз, керек-жарағын алып бергеніміз олардың жанына шипа болар еді. Елшілердің істері кітабын жазған “сүйікті дәрігер Лұқа” да сапарда жүрген Пауыл мен өзгелерге жәрдемдескен (Қол. 4:14; Ел. іс. 20:5—21:18).

14 Аудандық бақылаушылар мен олардың жұбайлары жақын достарының болғанын қалайды әрі оларды қатты бағалайды. Бір аудандық бақылаушы: “Достарым менің қай кезде жігерге зәру екенімді сезіп қояды. Олар көрегендікпен сұрақтар қояды. Осының арқасында ішімдегі уайымдарымды айта аламын. Тыңдарға құлақ болғандарының өзі — мен үшін үлкен көмек”,— деп бөлісті. Аудандық бақылаушылар мен олардың жұбайлары бауырластардың жеке көңіл бөлгендеріне дән риза.

БЕТЕЛ ОТБАСЫНЫҢ МҮШЕЛЕРІНЕ ДЕМЕУ БОЛ

15, 16. Бетелдіктердің атқаратын қызметтері неліктен маңызды және біз оларға қалай демеу бола аламыз?

15 Дүниежүзі бойынша көптеген бауырлас Бетелде толық уақытты қызмет атқарады. Олар өз филиалдарына қарасты елдердегі Патшалық ісін алға жылжытуда ерен еңбек етуде. Сенің қауымыңда не ауданыңда бетелдіктер бар болса, оларды есте ұстайтыныңды қалай көрсете аласың?

16 Бетелге жаңадан келгендер алғашқыда жалғызсырап, үйлері мен достарын қатты сағынуы мүмкін. Сондықтан басқа бетелдіктер мен жаңа қауымындағы бауырластар олармен танысып, достасуға тырысса, бұл олардың көңіліне демеу болады (Мар. 10:29, 30). Олардың жұмыс кестесі қауым кездесулеріне баруға, апта сайын қызметке шығуға мүмкіндік береді. Алайда бетелдіктердің қосымша міндеттері де бар. Қауымдағылар бұған түсінушілікпен қарап, бетелдіктерді және олардың қызметтерін бағалайтынын көрсетсе, мұның игілігін бәрі көреді (Салоникалықтарға 1-хат 2:9 оқы).

ӨЗГЕ ЕЛДЕГІ ТОЛЫҚ УАҚЫТТЫ ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІ ҰМЫТПАЙЫҚ

17, 18. Өзге елге тағайындалғандар қандай қызмет атқарады?

17 Толық уақытты қызметшілердің кейбірі өзге елге тағайындалып жатады. Оларға сол елдің тамағына, тіліне, әдет-ғұрпына, жаңа тұрмыс-тіршілігіне үйренуге тура келеді. Олар қандай қызмет атқарады?

 18 Олардың кейбірі миссионер болып қызмет етіп, уағыз ісіне көп атсалысады. Арнайы тәлім алған олар өз тәжірибелерімен қауымдағы бауырластармен бөліседі. Жергілікті филиал оларды қарапайым баспанамен және негізгі шығындарын өтеу үшін жәрдемақымен қамтамасыз етеді. Өзге елде қызмет ететіндердің біразы филиалға немесе аударма кеңселеріне көмектесуге, филиал ғимараттарын, Патшалық және Конгресс сарайларын соғу ісіне тағайындалады. Бұлар да тамақ, баспана сынды қажетті нәрселермен қамтамасыз етіледі. Бетелдіктер сияқты олар да үнемі қауым кездесулеріне барып, қызметке шығып тұрады. Қауымдар үшін бұл бауырластардың жинақтаған тәжірибелерінің пайдасы орасан зор.

19. Өзге елде қызмет ететін бауырластарға қалай көмектесе аламыз?

19 Толық уақыт қызмет ететін осындай бауырластарды қалай есте ұстай аласың? Мына жайтты ұмытпа: алғашқыда олар кейбір жергілікті тағамдарды жей алмауы мүмкін. Сондықтан қонаққа шақырғанда, олардан не жейтіндерін сұрап көр: үйреншікті тамақты ма, әлде жаңа тағамды ма? Оларға жаңа тілді және әдет-ғұрыпты үйрену үшін уақыт керек. Сондықтан айтып жатқаныңды бірден ұқпай жатса, түсінушілікпен қарап, көмектесуге тырыс. Олардың тілді меңгеруге деген ықыласы ерекше екенін есіңде ұста!

20. Толық уақытты қызметшілер мен олардың ата-аналарына қалай көмектесе аламыз?

20 Уақыт өте келе жырақта қызмет етіп жүргендердің қартайған ата-аналары көмекке мұқтаж болуы мүмкін. Егер ата-аналары Куәгер болса, балаларының қызметтерін жалғастыра бергенін шын көңілден қалайтыны айтпаса да түсінікті (Жох. 3-х. 4). Әрине, толық уақытты қызметшілер әке-шешесіне қарау үшін қолынан келгенін істейді, керек болса оларға жиі-жиі барып тұрады. Алайда толық уақытты қызметтегілерді қолдау үшін олардың ата-анасына жақын тұратындар да көмек қолын ұсынып, қамқорлық көрсете алады. Біз толық уақытты қызметшілердің дүниедегі ең маңызды істе, уағыз ісінде, талмай еңбектеніп жатқандарын естен шығармауымыз қажет (Мат. 28:19, 20). Ендеше сен де, қауымдағы бауырластар да толық уақытты қызметшілердің ата-аналарына қол ұшын бере аласыңдар ма?

21. Толық уақытты қызметшілерге өзгелердің көмегі мен алғыс сөздері қалай әсер етеді?

21 Толық уақытты қызметшілер пайда көздегеннен емес, Ехоба мен адамдарға ең жақсысын бергісі келгендіктен қызмет етіп жүр. Олар өздеріне ұсынған кез келген көмекті жоғары бағалайды. Басқа елде қызмет етіп жүрген бір әйел бауырлас көпшіліктің ойын білдіріп, былай деді: “Өзгелердің бірауыз алғыс сөзінің өзі бізді ойлайтындарын және еңбегімізді бағалайтындарын көрсетеді”.

22. Сен толық уақытты қызмет жайлы не ойлайсың?

22 Ехобаға толық уақытты қызмет ету — бүгіндегі ең жақсы өмір жолы. Ол — қызығы мен шыжығы қатар жүретін, үйретері мол, мәнді де мағыналы жол. Сондай-ақ толық уақытты қызмет Құдай Патшалығының тұсында мәңгіге жалғасатын қуанышты қызметке жақсы дайындық болып табылады. Сол кезде мұндай қызметті Ехобаның барлық қызметшісі атқарады. Олай болса, толық уақытты қызметтегі бауырластардың “сеніммен істеген істері мен сүйіспеншілікпен атқарған ауыр еңбектерін үнемі есімізде ұстайық” (Сал. 1-х. 1:3).