Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Неге біз киелі болуымыз керек?

Неге біз киелі болуымыз керек?

“Киелі болыңдар!” (ЛЕУ. 11:45).

1. Леуіліктер кітабының біз үшін қандай пайдасы бар?

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ басқа жазбаларына қарағанда, Леуіліктер кітабында киелілік туралы анағұрлым көп жазылған. Бұл қасиет Ехобаның адал қызметшілерінің бәрінің бойында болу керек. Сондықтан Леуіліктер кітабын түсінсек әрі бағаласақ, қалай киелі бола алатынымызды ұғынамыз.

2. Леуіліктер кітабы жайында не білеміз?

2 “Киелі жазбалардың бәрі тәлім беру үшін тиімді”. Мұса пайғамбар жазған Леуіліктер кітабы да сол Жазбалардың құрамына кіреді (Тім. 2-х. 3:16). Бұл кітаптың әр тарауында Ехобаның есімі шамамен он реттен кездеседі. Леуіліктер кітабын түсінгеніміз бізді Ехобаның есіміне кір келтіретін кез келген әрекеттен аулақ болуға талпындырады (Леу. 22:32). Ал онда “Мен Ехобамын” (ЖД) деген тіркестің жиі қолданылғаны Құдайға мойынсұнғыш болуымыз керектігін есімізге салады. Осы және келесі мақалада Леуіліктер кітабындағы жарқыраған “асыл тастардың” кейбірін қарастырамыз. Бұл Ехобаға ғибадат еткенде, қасиетті болуымызға көмектеседі.

КИЕЛІ БОЛУ — ТАЛАП

3, 4. Һарон мен оның ұлдарының жуынып, тазаруы нені білдірді? (Осы беттегі суретті қара.)

3 Леуіліктер 8:5, 6 оқы. Ехоба Һаронды Исраил халқына бас діни қызметкер етіп тағайындады, ұлдары болса діни қызметкерлікке қойылды. Һарон Иса Мәсіхті, ал ұлдары Исаның майланған ізбасарларын бейнелейді. Олай болса, Һаронның жуынып, тазару рәсімін жасағаны Иса да тазару керек дегенді білдірді ме? Иса күнәсіз, “еш кіршіксіз” болған, сондықтан оған тазарудың қажеті жоқ еді (Евр. 7:26; 9:14). Һаронның тазарғаны Исаның таза да әділ екенін бейнеледі. Ал Һаронның ұлдарының тазарғаны нені білдірді?

4 Һаронның ұлдарының жуынуы көкте діни қызметкер болу үшін таңдалғандардың тазаруының нышаны болған. Майланғандардың шомылдыру рәсімінен өтуі мен Һаронның ұлдарының тазаруының арасында байланыс бар ма? Жоқ. Шомылдыру рәсімі — күнәдан тазарудың емес, адамның Ехоба Құдайға бағышталуының белгісі. Майланғандар “Құдай сөзімен жуып-тазартылады”. Бұл үшін олар Мәсіхтің тәлімін өмірде барынша қолданулары керек (Ефес. 5:25—27). Міне, осылай олар таза да қасиетті болады. Ал “басқа қойлар” жөнінде не дейміз? (Жох. 10:16)

5. Неге басқа қойлар Құдай Сөзі арқылы жуып-тазартылады деуге болады?

5 Һаронның ұлдары Исаның басқа қойларын, яки “ұлы жамағатты”, бейнелемейді (Аян 7:9). Бірақ шомылдыру рәсімінен өткен басқа қойлар да Құдай Сөзі арқылы тазарып, киелі болған ба? Иә! Жерде өмір сүруге үміттенетіндер Киелі кітаптан Исаның төгілген қанының маңыздылығы мен күші туралы оқығанда, бұған сеніп, Ехобаға “күні-түні қасиетті қызмет” атқаратын болды (Аян 7:13—15). Майланғандар мен басқа қойлар үнемі тазарып отырады, сондықтан жүріс-тұрыстары әрқашан үлгілі (Пет. 1-х. 2:12). Бағушылары Исаға мойынсұнып, ізімен жүрген майланғандар мен басқа қойлардың тазалығы мен ынтымағы Ехобаны қуанышқа бөлейді.

6. Неге өзімізді тексеріп тұрғанымыз дұрыс?

6 Исраилдің діни қызметкерлеріне қойылған тән тазалығына қатысты талаптың бүгінде біз үшін зор мәні бар. Киелі кітапты зерттеп жүргендер жиі біздің таза да ұқыпты болып жүретінімізді, ғибадат орындарымыздың да таза екенін байқайды. Әйтсе де діни қызметкерлердің жуынып тазарғаны Ехобаның ғибадат тауына шыққандардың бәрінің, ең алдымен, “жүрегі таза” болуы керек екеніне нұсқайды (Забур 23:3, 4 оқы; Ишая 2:2, 3). Құдайға қасиетті қызмет атқарғанда тәніміз ғана емес, ойымыз бен жүрегіміз де кіршіксіз болу керек. Бұл үшін өзімізді жиі-жиі тексеріп тұрған жөн. Кейбірімізге киелі болу үшін, мұндай тексеруден кейін елеулі өзгерістер жасау қажет болатын шығар (Қор. 2-х. 13:5). Мысалы, әдейі порнография көретін шомылдыру рәсімінен өткен мәсіхшінің өзіне “Мені киелі деуге бола ма?” деген сұрақ қоюына болады. Сосын арам әдеттен арылу үшін көмек сұрағаны абзал (Жақ. 5:14).

МОЙЫНСҰНУ АРҚЫЛЫ КИЕЛІ БОЛ

7. Леуіліктер 8:22—24 тармақтарда не жазылған және Иса осы орайда қандай үлгі қалдырған?

7 Һарон бас діни қызметкерлікке, ал ұлдары діни қызметкерлікке тағайындалғанда, олардың оң құлақтарына, оң қолдары мен оң аяқтарының бас бармақтарына қошқардың қаны жағылды (Леуіліктер 8:22—24 оқы). Бұл олардың өз міндеттерін мойынсұнушылықпен атқаратындарының белгісі ретінде жасалды. Бас діни қызметкер Иса осы орайда майланғандар мен басқа қойларға керемет үлгі қалдырды. Оның құлағы Ехобаның басшылығына түрулі болған, қолымен оның еркін орындаған, аяғы ешқашан киелі жолдан ауытқымаған (Жох. 4:31—34).

8. Ехобаның қызметшілері не істеулері тиіс?

8 Майланған мәсіхшілер мен басқа қойлар Бас діни қызметкер Иса салған мінсіздік жолымен жүрулері керек. Олар Киелі кітаптағы басшылыққа мойынсұнулары тиіс, сонда Ехобаның рухын ренжітуден аулақ болады (Ефес. 4:30). Сонымен қатар “аяқтарының астына түзу жол салулары” керек (Евр. 12:13).

9. Басқарушы кеңестің мүшелерімен иық тіресе қызметтесіп жүрген үш бауырлас не деді және олардың айтқандары киелі болуыңа қалай көмектеседі?

9 Басқарушы кеңестің мүшелерімен ондаған жыл бойы иық тіресе қызмет еткен үш бауырластың жүрекжарды сөздеріне көңіл қояйықшы. Жерде өмір сүруге үміті бар сол бауырластардың бірі былай деді: “Әрине, бұл — ерекше мәртебелі қызмет. Сөйтсе де тығыз араласқанда, рухпен майланған болса да, олардың да кемелсіз екенін байқайсың. Бірақ мен басшылықты қолға алғандарға мойынсұнамын деген шешімімнен жылдар бойы тайған емеспін”. Екінші бауырлас: “Мәсіхке бағынуға” қатысты Қорынттықтарға 2-хат 10:5 сияқты тармақтар маған басшылықты қолға алғандарға мойынсұнып, олармен қызметтес болуға көмектеседі. Бұл — жүректен шыққан мойынсұнушылық”,— деді. Үшіншісі болса ойын былай деп сабақтады: “Ехоба сүйетінді сүйіп, жек көретінді жек көру әрі үнемі оның басшылығына сүйеніп, оған ұнамдыны істеу дегеніміз оның ұйымына, сондай-ақ жерге қатысты ниетін жүзеге асыру үшін қолданып отырған адамдарына мойынсұнуды білдіреді”. Бұл бауырластың жадында Нейтан Норрдың үлгісі сақталған екен. Кейінірек Басқарушы кеңестің мүшесі болған Норр бауырлас, өзгелердің күмән келтіргеніне қарамай, 1925 жылғы “Күзет мұнарасы” журналында басылған “Халықтың туылуы” деген мақаладағы ойларды ықыласпен қабылдаған еді. Мұндай мойынсұнушылық оған қатты әсер еткен екен. Осы үш бауырластың сөздері жөнінде ойланғаның мойынсұну арқылы киелі болуыңа көмектеседі.

ҚҰДАЙДЫҢ ҚАНҒА ҚАТЫСТЫ ЗАҢЫНА МОЙЫНСҰН

10. Құдайдың қанға қатысты заңына мойынсұну қаншалықты маңызды?

10 Леуіліктер 17:10 оқы. Ехоба исраилдіктерге “қанның кез келген түрін ішіп-жеуге” тыйым салған. Малдың да, адамның да қанынан аулақ болу мәсіхшілерден де талап етіледі (Ел. іс. 15:28, 29). Құдай бізге “қарсы шығып”, қауымынан аластатады деген ойдың өзі көңілімізге қорқыныш ұялатады. Біз Ехобаны жақсы көреміз, әрі оған мойынсұнғымыз келеді. Тіпті өмірімізге қауіп төніп тұрса да, біз Ехобаны білмейтін, оған мойынсұнғысы да келмейтін адамдардың қысымына берілмейміз. Қаннан бас тартқанымыз үшін, өзгелердің келеке-мазағына қалатынымызды түсінеміз, сөйтсе де өз ұстанымымыздан таймаймыз (Яһд. 17, 18). Қанды ішіп-жеуден және құйдырудан аулақ болуға деген шешімімізде берік тұруға не көмектеседі? (Заң. қ. 12:23)

11. Неге жыл сайынғы Кешірім күні жай ғана рәсім болмаған?

11 Ежелгі Исраилде жыл сайынғы Кешірім күні бас діни қызметкердің қанды қалай қолданғанынан Құдайдың қанға деген көзқарасын түсінуге болады. Ол кезде қан тек арнайы мақсатта — Ехобадан кешірім іздегендердің күнәларын өтеу үшін қолданылған. Бас діни қызметкер бұқа мен текенің қанын келісім сандығының қақпағының айналасы мен үстіне бүркіп шашатын (Леу. 16:14, 15, 19). Осы қан арқылы Ехоба исраилдіктердің күнәсін кешіретін. Бұған қоса, Ехобаның бұйрығына сай, азық қылу үшін жануар аулаған адам оның қанын ағызып, топырақпен көміп тастауы тиіс еді. Себебі “тірі мақұлықтың жаны оның қанында” (Леу. 17:11—14). Мұның бәрі жай ғана рәсім болды ма? Жоқ, аталмыш бұйрықтар мәнсіз рәсім емес еді. Ехоба жүздеген жыл бұрын Нұх пен оның ұрпақтарына да қанды ішіп-жеуге тыйым салған (Жар. 9:3—6). Бұның мәсіхшілерге қандай қатысы бар?

12. Пауыл қан мен кешірілудің байланысын еврей мәсіхшілерге қалай түсіндірген?

12 Елші Пауыл еврей мәсіхшілерге қанның күші туралы жазғанда: “Мұса заңы бойынша бәрі дерлік қанмен тазартылады. Қан төгілмей, күнә кешірілмейді”,— деп түсіндірген (Евр. 9:22). Дегенмен құрбандыққа мал шалудың пайдасы уақытша еді. Пауылдың айтуынша, құрбандық шалу исраилдіктерге күнәкарлықтарын және күнәдан біржола арылу үшін анағұрлым зор құрбандыққа мұқтаж екендерін естеріне салып отырған. Иә, “Мұса заңы болашақ баталардың өзі емес, тек көлеңкесі” еді (Евр. 10:1—4). Ендеше күнә кешірілу үшін қандай шара қолданылды?

13. Исаның өз қанының құнын Ехобаға ұсынғанының сен үшін қандай мәні бар?

13 Ефестіктерге 1:7 оқы. Иса Мәсіх біз үшін өмірін өз еркімен құрбан етті. Иса мен оның Әкесін жақсы көретіндер үшін бұның мәні орасан зор (Ғал. 2:20). Сөйткенмен де бізді күнәларымыздан арылтқан — Исаның өліп, қайта тірілгеннен кейін жасаған ісі. Мұса заңы бойынша Кешірім күні жасалатын рәсім Исаның осы ісінің нышаны болған. Сол күні бас діни қызметкер құрбандыққа шалынған малдың қанынан алып, киелі шатырдың, ал кейінірек Сүлеймен соққан ғибадатхананың Ең қасиетті бөлмесіне кіретін де, қанды, былайша айтқанда, Құдайдың алдына апарып ұсынатын (Леу. 16:11—15). Сол сияқты Иса да “көктің өзіне еніп”, адами қанының құнын Ехобаның алдына апарып ұсынды (Евр. 9:6, 7, 11—14, 24—28). Исаның төгілген қанына сенгеніміз күнәларымыздан арылтып, ар-ұжданымызды тазартқанына біз дән ризамыз!

14, 15. Ехобаның қанға қатысты заңын түсіну және оған мойынсұну неге маңызды?

14 Енді не себепті Ехобаның қанның кез келген түрінен аулақ болуды бұйырғанын жақсырақ түсінген боларсың? (Леу. 17:10) Неге Ехобаның қанды киелі деп қарастыратынының мәнін ұқтың ба? Ехоба үшін қан мен өмір тең (Жар. 9:4). Олай болса, оның қанға деген көзқарасын есепке алып, одан аулақ болуға қатысты бұйрығына мойынсұнғанымыз жөн емес пе?! Біз үшін Құдаймен тату болудың жалғыз жолы — Исаның төлем құрбандығына сеніп, Жаратушымыз үшін қанның ерекше мәні бар екенімен санасу (Қол. 1:19, 20).

15 Кез келгеніміз аяқастынан қанға қатысты мәселеге тап болуымыз мүмкін. Я болмаса туысымыз не досымызға күтпеген жерден қан құйдыру-құйдырмауды шешу керек болатын шығар. Осындай қысылтаяң кезде қанның ұсақ бөлшектері мен ем-шараларға қатысты да шешім қабылдау қажет болып жатады. Сондықтан зерттеу жасап, туындауы мүмкін төтенше жағдайларға дайын болғанымыздың маңызы зор. Осылай алдын ала әрекеттенгеніміз әрі дұға еткеніміз ұстанымымызға берік болып, қысымға берілмеуге көмектеседі. Біз Киелі кітапта тыйым салынған әрекетке барып, Ехобаның жүрегін ауыртқымыз келмейді. Бүгінде көп дәрігерлер мен қан құюды жақтайтындар науқастардың жанын сақтау үшін, жұртты қан тапсыруға талпындырады. Алайда Ехобаның киелі халқы Жаратушының қанды пайдалануға қатысты талаптар қоюға құқығы бар екенін мойындайды. Ол үшін “қанның кез келген түрі” қасиетті. Сондықтан қанға қатысты заңға мойынсұнуға деген шешімімізде берік тұрайық. Сонымен қатар киелі жүріс-тұрысымыз арқылы Исаның қанының өмірді сақтайтын күшін бағалайтынымызды көрсетейік. Себебі тек сол арқылы ғана күнәларымыз кешіріледі, әрі мәңгілік өмірге жол ашылады (Жох. 3:16).

Ехобаның қанға қатысты заңына мойынсұнамын деп берік шешім қабылдадың ба? (14, 15-абзацтарды қара)

ЕХОБА БІЗДЕН КИЕЛІ БОЛАДЫ ДЕП КҮТЕДІ

16. Ехобаның халқы неге киелі болу керек?

16 Ехоба исраилдіктерді Мысырдан алып шыққанда, оларға былай деген: “Құдайларың болу үшін өздеріңді Мысыр елінен азат етіп алып шыққан Жаратқан Ие Менмін. Мен киелімін, сондықтан сендер де киелі болыңдар!” (Леу. 11:45). Ехоба өзі киелі болғандықтан, Исраил халқы да киелі болады деп күтті. Оның куәгерлері ретінде біз де киелі болуымыз керек. Леуіліктер кітабынан бұны анық көрдік.

17. Леуіліктер кітабына қатысты көзқарасың қай жағынан өзгерді?

17 Леуіліктер кітабындағы кейбір ойларды қарастырғанымыздың пайдалы болғаны сөзсіз. Осы талқылаудан кейін, бұл кітапқа деген ризашылығың арта түскен болар. Ондағы маңызды жайттар туралы ой жүгірткенің не себепті киелі болуың керектігін жақсырақ түсінуіңе ықпал еткені даусыз. Әйткенмен бұл кітаптан тағы қандай “асыл тастар” табуға болар екен? Ехобаға деген қасиетті қызметімізді атқаруға қатысты тағы не біле аламыз? Мұны келесі мақаладан білейік.