Ол “жолды білді”
ЕХОБА КУӘГЕРЛЕРІНІҢ Басқарушы кеңесінің мүшесі Гай Холлис Пирс 2014 жылдың 18 наурызында, сейсенбі күні жердегі өмірін аяқтады. Осылай оның Мәсіхтің қайта тірілген бауырларының бірі болуға деген үміті 79 жасында жүзеге асты (Евр. 2:10—12; Пет. 1-х. 3:18).
Гай Пирс 1934 жылы 6 қарашада Оберн қаласында (Калифорния штаты, АҚШ) дүниеге келді. Ол 1955 жылы шомылдыру рәсімінен өтті. Ал 1977 жылы сүйікті әйелі Пенниге үйленді. Балалы-шағалы болып, әке атанған Гай бауырластың әкелік қамқорлығы басқаларға да сезіліп тұратын. 1982 жылдан бастап Пенни екеуі ізашар болып қызмет етті, ал 1986 жылы Құрама Штаттарда аудандық қызметке тағайындалып, 11 жыл бойы сол қызметті атқарды.
1997 жылы Гай және Пенни Пирс бауырластар Құрама Штаттардағы Бетелге шақырылды. Басында Гай бауырлас қызмет бөлімінде істеді, ал 1998 жылы Басқарушы кеңестің Кадрлар жөніндегі комитетіне көмекші ретінде тағайындалды. 1999 жылдың 2 қазанында Күзет мұнарасы, Киелі кітап және трактаттар қоғамының жыл сайынғы жиналысында оның Басқарушы кеңестің мүшесі болып тағайындалғаны хабарланды. Соңғы жылдары ол Кадрлар жөніндегі комитетте, сондай-ақ Жазушылар, Баспа, Үйлестірушілер комитеттерінде қызмет етті.
Жылы жүзді, әзілдей білетін Гай бауырлас ешкімді жатсынбайтын. Оның қасында кез келген бауырлас, мәдениеті мен шығу тегіне қарамай, өзін еркін сезінетін. Әсіресе оның сүйіспеншілігі, кішіпейілділігі, әділ заңдар мен принциптерге деген құрметі әрі Ехобаға деген ғаламат сенімі адамдарды ерекше баурап алатын. Гай бауырлас тіпті күн ұясынан шықпай қалса да, Ехобаның уәделері орындалмай қалмайды деп есептейтін, әрі ол осы шындықты бүкіл әлемнің білгенін қалады.
Сонымен қатар Гай бауырлас таңертең ерте тұрып, жиі қара кешке дейін талмай Ехобаға қызмет ететін. Бауырластарды жігерлендіру мақсатымен ол дүниежүзін аралап шықты. Ол бетелдіктерге, өзімен достасқысы келгендерге, сондай-ақ ақыл-кеңес пен көмек сұрағандарға көңіл бөлу үшін уақытын еш аямайтын. Қанша жыл өтпесін бауырластар оның достық пейілін, қонақжайлылығы мен Киелі кітаптан айтқан жігерлі сөздерін ұмытпай келеді.
Осындай аяулы бауырласымыз бен досымыздың артынан жұбайы мен алты баласы, немерелері мен шөберелері қалды. Оған қоса, оның сан жетпейтін рухани балалары да бар. 2014 жылы, наурыздың 22-сі күні өткен жерлеу рәсімінде Гай бауырласпен қызметтес болған Басқарушы кеңестің мүшесі Марк Сандерсон баяндама айтты. Бруклиндегі Бетелде айтылған бұл баяндамада ол Гай бауырластың көкте өмір сүруге деген үмітін тілге тиек етіп, Исаның мына сөздерін оқыды: “Әкемнің үйінде орын көп... Мен сендерге орын дайындауға бара жатырмын. Барып, орын дайындаған соң, қайтып келіп, өзім болатын жерде болуларың үшін, сендерді алып кетемін. Мен баратын жаққа жолды білесіңдер” (Жох. 14:2—4).
Біз Гай бауырласты қатты сағынамыз. Әйтсе де оның біржолата тұратын “үйіне” барар “жолды білгеніне” қуанамыз.