Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Дүниенің ақыры келмей тұрғанда, бірлікте болуды үйренейік

Дүниенің ақыры келмей тұрғанда, бірлікте болуды үйренейік

“Біз бір дененің мүшесіміз” (ЕФЕС. 4:25).

1, 2. Құдай барлық қызметшілерінің не істегенін қалайды?

ЖАСТАР, Ехобаның дүниежүзілік ұйымы сендерді қатты бағалайды. Көптеген елдерде шомылдыру рәсімінен өтетіндердің басым көпшілігі жастар. Ехобаға қызмет етуді шешкендердің қатарына жастардың көптеп қосылып жатқаны неткен ғанибет!

2 Жас болғандықтан саған құрбы-құрдастарыңмен араласқан ұнайтын шығар. Бәрімізге де өзіміз қатарлы адамдармен араласу қызықты екені рас. Алайда Құдай біздің, жасымыз бен шыққан ортамызға қарамастан, бірігіп ғибадат еткенімізді қалайды. Елші Пауыл Құдайдың еркі туралы: “Ол әртүрлі адамдардың құтқарылғанын және шындық жайлы тура білім алғанын қалайды”,— деп жазған (Тім. 1-х. 2:3, 4). Ал Аян 7:9-да Құдайдың қызметшілері “әрбір ұлттан, рудан, халықтан, тілден шығатыны” айтылған.

3, 4. а) Бүгінгі жастардың арасында қандай рух кең тараған? ә) Ефестіктерге 4:25-те Пауыл қауымды қалай суреттеген?

3 Ехобаның ұйымындағы жастар мен осы дүниедегі жастардың айырмашылығы қандай? Ехобаға қызмет етпейтін жастардың көбін тек өздері мен өз қалаулары қызықтырады. Кейбір зерттеушілердің айтуынша, жастар бұрын-соңды осыншалықты өзімшіл болмаған. Олардың киіну, сөйлеу мәнерінен “өмірден қалып кеткен” деп, аға ұрпақты құрметтемейтіні көрінеді.

4 Қайда қарасақ та, осындай рухты байқаймыз. Сондықтан осы рухқа қарсы тұрып, Ехобаға ұнамды болу үшін, жастарымызға көп күш салу керек болып жатады. Тіпті бірінші ғасырдың өзінде Пауыл бауырластарды “кезінде өздері жетегінде жүрген”, ал енді “тілазар адамдарға әсер етіп жатқан рухқа” қарсы тұруға талпындыруды қажет деп тапқан (Ефестіктерге 2:1—3 оқы). Осы дүниенің рухына қарсы тұрып, барлық бауырластармен бірлікте қызмет етіп жүрген жастар мақтауға тұрарлық. Олар, Пауыл айтқандай, бәріміздің “бір дененің мүшесі” екенімізді түсінеді (Ефес. 4:25). Зұлым дүниенің ақыры жақындаған сайын, біз үшін бірлікте қызмет етудің маңыздылығы артуда. Ал енді не себепті бөлектенбей, өзгелермен бірлікте болуымыз керек екенін түсінуге көмектесетін бірер мысалды қарастырып көрейік.

ОЛАР БӨЛЕКТЕНГЕН ЖОҚ

5, 6. Лут пен оның қыздарынан бөлектенбеуге қатысты қандай үлгі алуға болады?

5 Ертеде Құдай халқы талай қиындықты бастан кешкен. Сондай кездерде бірлесе әрекет етіп, бір-біріне қолдау көрсеткенде, Ехоба оларды қорғап отырған. Оның бүгінгі қызметшілері, жас-кәрі демей, Киелі кітапта жазылған мысалдардан үлгі алады. Ендеше Луттың мысалына көңіл бөлейік.

6 Лут пен оның отбасына қауіп төнді. Өйткені олар тұрып жатқан Содом қаласы жойылмақ еді. Лутқа Құдайдың періштелері келеді де, қаладан шығып, таулы өңірді паналау керек екенін түсіндіріп: “Жан сауғалап қаш!”— дейді (Жар. 19:12—22). Лут пен оның қыздары мойынсұнып, қаладан қашып шығады. Өкінішке қарай, өзге жақындары оларға ермейді. Лут болашақ күйеубалаларына қаладан қашу керектігін айтқанда, олар бұны үлкен кісінің “қалжыңы деп ойлады”. Сол үшін өмірлерінен айырылды (Жар. 19:14). Тек Лут пен одан бөлектенбей, қасында болған қыздары ғана аман қалды.

7. Мысырдан шыққан соң, жұмыла әрекет еткен халық үшін Ехоба не істеді?

7 Тағы бір мысалды қарастырайық. Исраилдіктер Мысырдан шыққанда, бір-бірінен дербес топтарға бөлініп, әрқайсысы өз беттерімен жүрген жоқ. Ал Ехоба теңізді қақ айырып жол ашқанда, Мұса одан жалғыз өзі немесе қасына ерген бірнеше ғана исраилдікпен өткен жоқ. Қайта, Ехобаның қалқалауымен бүкіл халық теңізден бірге өтті (Мыс. ш. 14:21, 22, 29, 30). Исраилдіктерге “көптеген бөтен ұлттықтар” қосылып, бәрі бір кісідей жұмыла әрекет етті (Мыс. ш. 12:38). Бірнеше адамның, бәлкім бір топ жастардың, бөлектеніп, өздеріне ұнаған басқа жолмен кеткенін елестетудің өзі қиын. Ехобаның қанатының саясын тастап, солай етсе, бұлары ақылдылыққа жатар ма еді?! (Қор. 1-х. 10:1)

8. Жосапаттың тұсында Құдай халқы не істеді?

8 Жосапат патшаның тұсында Құдай халқының басына қатер төнді: оларға қарай “үлкен қол келе жатты” (Шеж. 2-ж. 20:1, 2). Бір қуаныштысы — олар жауды өз күшімен жеңуге тырыспай, Ехобаға сүйенді (Шежірелер 2-жазба 20:3, 4 оқы). Бірақ мұны әрқайсысы өзі дұрыс деп тапқанына қарай, өз беттерінше істеген жоқ. Киелі кітапта былай делінген: “Яһуданың күллі халқы кішкентай нәрестелері, әйелдері және балаларымен бірге Жаратқан Иенің алдында тұрды” (Шеж. 2-ж. 20:13). Жасы бар, кәрісі бар — күллі халық Ехобадан басшылық алу үшін бірге жиналды, ал Ехоба оларды қорғады (Шеж. 2-ж. 20:20—27). Бұл — Ехобаның халқынан бөлектенбей, қиындықты бірге жеңуіміз керек екенін көрсететін керемет мысал!

9. Ертедегі мәсіхшілердің әрекеттері мен көзқарастарынан бірлік жөнінде не білеміз?

9 Ертедегі мәсіхшілер де ауызбірліктерімен танымал болған. Мысалы, біраз яһуди және яһуди дінін қабылдаған адамдар мәсіхші болғаннан кейін, “елшілерден тәлім алып, [бір-бірімен] барларымен бөлісіп, бірге ас ішіп, ұдайы дұға етумен болған” (Ел. іс. 2:42). Олардың арасындағы бірлік әсіресе қуғын-сүргін кезінде, бір-бірінің қолдауына мұқтаж болғанда, қатты байқалатын (Ел. іс. 4:23, 24). Қиын шақтарда бірлесе әрекет ету аса маңызды екенімен сен де келісетін шығарсың?

ЕХОБАНЫҢ КҮНІ ЖАҚЫНДАП КЕЛЕДІ

10. Қай кезде бірлікте болғанымыз аса маңызды?

10 Адамзаттың басына бұрын-соңды болмаған қиын кезең туғалы тұр. Жоел пайғамбар бұл күнді “қараңғылық пен қара түнектің” күні деп суреттеген (Жоел 2:1, 2; Соф. 1:14). Құдай халқы үшін бұл — нағыз бірлікте болатын кез. Исаның: “Жікке бөлінген әрбір патшалық қаңырап бос қалады”,— деген сөздерін ұмытпалық (Мат. 12:25).

11. Забур 121:3, 4-тегі сөздерді бүгіндегі Құдай халқына қатысты қалай қолдануға болады? (Мақаланың басындағы суретті қара.)

11 Осы дүниедегілер үшін ауыр күндер туғанда бірлігіміз мызғымайтындай болу керек. Біздің арамыздағы рухани бірлікті ежелгі Иерусалим қаласының бір-біріне жанастырыла салынған үйлеріне теңеуге болады. Олардың жақын орналасқаны соншалық — забур жыршысы Иерусалимді біртұтас қала ретінде суреттеген. Үйлердің осылай салынғанының арқасында қала тұрғындары бір-біріне көмектесіп, бір-бірін қорғай алатын. Бұған қоса, үйлердің жанастыра салынғаны Исраил руларының біртұтас халық болып Ехобаға ғибадат ететінін бейнелейтін (Забур 121:3, 4 оқы). Біз де бүгінгі таңда, сондай-ақ ауыр күндер туғанда біртұтас қала іспетті Ехобаның халқымен бірге болуымыз керек.

12. Құдай халқына шабуыл жасалғанда, аман қалу үшін не істеуіміз керек?

12 Неге ауыр күндер туғанда Құдай халқымен бірге болғанымыз маңызды? Езекиел кітабының 38-тарауында “Магог еліндегі Гогтың” Құдай халқына шабуыл жасайтыны пайғамбарлық етілген. Бұл кезде біздің арамыздан қыл өтпейтіндей болу керек. Иә, біз осы дүниенің көмегіне сүйенгіміз келмейді, қайта, бауырластарымызға етене жақын болуды қалаймыз. Әрине, біз бауырластардың арасында жүргендіктен ғана аман қаламыз деп үміттенбейміз. Ехоба мен оның Ұлы бізді құтқару үшін, Ехобамен жеке қарым-қатынасымыз болуы тиіс (Жоел 2:32; Мат. 28:20). Бірақ бұл Құдайдың отарынан алыстап, өз бетімізше жүруге болады дегенді білдірмейді. Бұлай ететіндерді Ехоба құтқарады деп ойлау ақылға қонбайды, солай емес пе? (Миха 2:12)

13. Осы қарастырылған жайттардан жастардың не нәрсеге үйренулеріне болады?

13 Олай болса, өзгелерден бөлектеніп, өз әлемінде өмір сүретін жастарға еліктеу даналыққа жатпайтыны айдан анық! Жас талғамай, бір-бірімізге көмегіміз ауадай қажет болатын кез жақындап келеді. Сондықтан қазір — жұмылған жұдырықтай бірігіп әрекет етуді үйренетін уақыт.

“БІЗ БІР ДЕНЕНІҢ МҮШЕСІМІЗ”

14, 15. а) Ехоба қандай мақсатпен бізді бірлікте болуға үйретуде? ә) Бірлікте болуға талпындыру үшін Ехоба бізге қандай кеңес беріп отыр?

14 Ехоба бізге бір-бірімізбен иық тіресе қызмет етуге көмектесуде (Соф. 3:8, 9). Ол бізге өзінің ниетіне сай әрекет етуді үйретіп отыр. Ал оның ниетіне не жатады? “Оның ниеті — бәрін Мәсіхтің қол астына жинау” (Ефестіктерге 1:9, 10 оқы). Иә, Ехоба бүкіл ғаламдағы жаратылыстарды біріктіргісі келеді, әрі мұны міндетті түрде жүзеге асырады. Сен Ехобаның ұйымымен бірлесе әрекет еткің келе ме?

15 Бүгінде Ехоба бізді бірлікте болуға үйретуде. Оның мақсаты — біздің мәңгі бақи бірлікте өмір сүргеніміз. Жазбалардан біз мынадай сөздерді жиі оқимыз: “бір-біріңді қамқорлаңдар”, “бір-біріңді бауырлардай сүйіңдер”, “бір-біріңді жұбатыңдар”, “бір-біріңді нығайтыңдар” (Қор. 1-х. 12:25; Рим. 12:10; Сал. 1-х. 4:18; 5:11). Кемелсіз болғандықтан бізге бірлікте болу оңай емес екенін Ехоба біледі. Сондықтан бір-бірімізді кеңпейілмен кешіруге шақырады (Ефес. 4:32).

16, 17. а) Жиналыстарымыздың мақсаттарының бірі қандай? ә) Иса жастық шағында қандай үлгі қалдырған?

16 Ехоба бізге мәсіхшілер қауымы арқылы да бірлікте болуға көмектеседі. Біз Еврейлерге 10:24, 25-тармақтарды жиі оқимыз. Жиналыстарымыздың мақсаттарының бірі — “сүйіспеншілікке және игі істерге талпындыру үшін, бір-бірімізге көңіл бөлу”. Бұның маңыздылығы біз үшін әсіресе қазір, яғни Ехобаның күні жақындаған сайын, арта түсуде.

17 Иса жастық шағында жиналыстарды бағалауға қатысты жақсы үлгі қалдырған. Ол 12 жасында ата-анасымен бірге үлкен рухани жиынға барады. Бір уақытта ата-анасы оны жоғалтып алады. Бірақ Иса құрдастарымен бірге босқа уақыт өткізіп жүрген жоқ еді. Жүсіп пен Мәриям оны ғибадатханада дін мұғалімдерімен рухани тақырыпқа әңгімелесіп отырған жерінен табады (Лұқа 2:45—47).

18. Қалай дұғаларымыз бірлікте болуымызға көмектеседі?

18 Бір-бірімізді сүю және жиналысқа келіп, бір-бірімізді нығайтумен қатар, бауырластар үшін дұға етуімізге болады. Олар үшін нақты дұға еткеніміз бір-біріміздің қамымызды ойлауымыз керектігін есімізге салып тұрады. Бұл — тек ересек мәсіхшілердің қолынан келетін әрі солар ғана істеуі тиіс нәрсе емес. Жастар, рухани отбасыларың қаймағы бұзылмай, бірлікте болу үшін, осылай етуге тырысып жүрсіңдер ме? Тырысып жүрсеңдер, Ехобаның күні келгенде осы дүниемен емес, бауырластармен тығыз байланыста боласыңдар.

Бәріміздің де бауырластарымыз үшін дұға етуімізге болады (18-абзацты қара)

“ӨЗАРА БАЙЛАНЫСТАҒЫ МҮШЕЛЕР” ЕКЕНІМІЗДІ КӨРСЕТЕ БЕРЕЙІК

1921. а) Қандай жағдайларда біз “өзара байланыстағы мүшелер” екенімізді көрсетеміз? Мысал келтір. ә) Бауырластардың табиғи апат кездеріндегі әрекеттерінен қандай үлгі алуыңа болады?

19 Ехобаның халқы Римдіктерге 12:5-те жазылған “өзара байланыстағы мүшелерміз” деген сөздерге сай өмір сүреді. Бұл әсіресе табиғи апаттар кезінде байқалады. Мысалы, 2011 жылдың желтоқсан айында Филиппинде тропикалық дауыл тұрып, Минданао аралында қатты сел болды. Бір түнде сел 40 000-нан аса үйді шайып кетті. Үйлерінен айырылғандардың арасында біраз бауырластар да бар еді. Бірақ елдегі филиалдың есебіне сай, “көмек көрсету комитеттері іске кіріспей жатып-ақ, басқа аймақтардағы бауырластар көмек жіберіпті”.

20 Шығыс Жапонияда қатты жер сілкініп, артынан цунами болғанда, көптеген бауырластар зардап шекті. Кейбірі тіпті бар мүлкін жоғалтты. Патшалық сарайынан 40 шақырымдай жерде тұратын Йошико үйінен айырылған еді. Ол: “Жер сілкінісінен кейін, келесі күні аудандық бақылаушы мен тағы бір бауырлас бізді іздеп келгенде, қатты таңғалдық”,— деді. Сосын жүзі бал-бұл жайнап, былай деп қосты: “Қауым арқылы рухани қажеттіліктеріміздің молынан қамтамасыз етілгеніне дән риза болдық. Оның үстіне, бізге жылы киім, аяқкиім, сөмке, жатарда киетін киім де берілді”. Көмек көрсету комитетінің бір мүшесі былай деді: “Жапонияның шартарабындағы бауырластар, бір-біріне көмектесу үшін бір кісідей жұмыла әрекет етті. Тіпті Құрама Штаттардан да бауырластар көмекке келді. Сонша жерден не үшін келгенін сұрағанда, олар: — Біз Жапониядағы бауырластарымызбен бірліктеміз, ал қазір олар көмекке мұқтаж,— деп жауап берді”. Сен бір-бірінің қамын осыншалықты ойлайтын ұйымның мүшесі екеніңді мақтан тұтасың ба? Мұндай бірліктің Ехоба үшін аса құнды екеніне сенімді бол.

21 Қазір өзара бірлікте болғанымыз болашақтағы қиын шақтарда бір кісідей жұмыла әрекет етуімізге көмектеседі. Тіпті дүниенің басқа шетіндегі бауырластармен қатынасымыз үзіліп қалса да, жергілікті бауырластар арасындағы бірлігіміз мызғымайды. Иә, бүгінде бірлік сақтасақ, қазіргі дүние жойылғанда болатын қиындықтарға бірге төтеп беруге дайын боламыз. Жапонияда тайфун болғанда, аман қалған Фумико: “Мына заманның ақыры жақын. Жуырда ешқашан табиғи апат болмайтын кез келеді. Оған дейін бір-бірімізге қол ұшын беруден талмайық”,— деді.

22. Бірлікте болғанымыздың болашақта қандай игілігін көреміз?

22 Бүгінде біздер — жасымыз бар, кәріміз бар — бірлікте болуға үйренудеміз. Мұны біз жікке бөлінген мына дүние жойылғанда аман қалуға дайындық деп білеміз. Көп ұзамай Құдайымыз өз халқын құтқарады (Ишая 52:9, 10). Есіңде болсын, Ехобаның бірлігі жарасқан халқының арасында болсаң, сенің де құтқарылуға үмітің болады. Келесі мақалада не себепті Құдайдан алған баталарымызды бағалай білуіміз керек екенін қарастырамыз.