Ехоба дайындық рухын танытатындарға батасын төгеді
ЖАРАТУШЫМЫЗ бізді құрметке бөлеп, баға жетпес ерік бостандығын сыйлады. Ехоба осы бостандықтарын аянбай шынайы ғибадатты өркендету үшін қолданатындарды және өзінің киелі есімінің қасиетті тұтылуы мен еркінің орындалуына қолдау көрсететіндерді молынан жарылқайды. Ол біздің қорқыныштан не біреудің мәжбүрлеуімен мойынсұнғанымызды қаламайды. Қайта, шынайы сүйіспеншілігіміз бен зор ризашылығымыз талпындырғандықтан, өз еркімізбен мойынсұнғанымызды қатты бағалайды.
Мысалы, исраилдіктер Синай шөлін кезіп жүргенде, Ехоба оларға ғибадат ететін орын тұрғызуды бұйырды. Бұдан кейін ол: “Қолдарыңда барларыңнан Жаратқан Иеге арнап тарту беріңдер. Оған шын жүректен сый-тарту ұсынғысы келетіндер [тартуларын] алып келсін”,— деді (Мыс. ш. 35:5). Әрбір исраилдік мүмкіндігіне қарай кез келген тарту жасай алатын. Ерікті садақа ретінде не әкелінсе де, қанша мөлшерде болса да, бәрі Құдай еркін орындау үшін қолданылмақ еді. Халық бұл шақыруға қалай қарады?
Ехобаға сый-тарту беруге “ерік білдіргендердің” бәрі, яғни “шын жүректен, өз еркімен” бергісі келген әркім садақа жасады. Ері де, әйелі де өз еріктерімен Ехобаның ісіне қажетті мынадай заттар әкелді: сәнді түйреуіш, сырға, сақина, алтын, күміс, мыс, көк және ал қызыл жіп, иірілген күлгін жүн, сапалы зығыр жіп, ешкінің түбіті, қызыл түске боялған қой терісі мен итбалық терісі, қараған ағашы, асыл тастар, бальзам, май. Олардың “әкелгендері барлық жұмыстарды атқаруға жетіп, тіпті қажетті мөлшерден артылып” қалды (Мыс. ш. 35:21—24, 27—29; 36:7).
Ехобаны әсіресе қуантқаны — халықтың әкелген заттары емес, шынайы ғибадатқа қолдау көрсету үшін танытқан дайындық рухтары болды. Исраилдіктер осы істе уақыттары мен күштерін жұмсауға ықылас білдірді. Киелі кітапта күллі шебер әйелдердің өз қолдарымен түрлі жіп иіріп әкелгені, сондай-ақ “шын ықыласы болған шебер әйелдердің” ешкінің түбітін иіргені айтылған. Бұған қоса, Ехоба Беселиелге “ақыл-парасат пен қабілет дарытып, барлық өнерден хабардар етіп қойды”. Иә, Құдай Беселиел мен Аһолияпқа тапсырылған жұмыстың бәрін атқаруға қажетті қабілет дарытты (Мыс. ш. 35:25, 26 ЖД, 30—35).
Ехоба Исраил халқын ерікті садақа жасауға шақырғанда, “ерік білдірген” әркімнің шынайы ғибадатқа қолдау көрсететініне кәміл сенген. Ал дайындық рухын танытқандарға ол жомарттықпен батасын төгіп, басшылығын берген және шексіз қуаныш сыйлаған. Бұл оқиға қызметшілері дайындық рухын танытқанда, Ехоба оларға батасын төгіп, қажетті қабілет пен біліктілік дарытатынына сенімділік береді (Заб. 33:10). Ехоба жанқиярлықпен қызмет етіп жүрген сені де дайындық рухың үшін молынан жарылқайтынына сенімді бол.