Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Сендер “мәнін түсінесіңдер” ме?

Сендер “мәнін түсінесіңдер” ме?

“Жазбалардың мәнін түсінулері үшін саналарын толығымен оятты” (ЛҰҚА 24:45).

1, 2. Иса қайта тірілген күні шәкірттерінің сенімін қалай нығайтты?

ИСА қайта тірілген күн. Оның екі шәкірті Иерусалимнен 11 шақырымдай жерде орналасқан бір ауылға бара жатыр. Исаның қайта тірілгенінен бейхабар олар жақында болған оқиғаларды ойлап, жабырқап келеді. Бір кезде Иса пайда болып, оларға қосылады да, еңсесі түскен шәкірттерінің көңіліне жұбаныш береді. Қалай? Ол “Мұса мен бүкіл пайғамбарлардан бастап, Жазбалардың бәрінде өзі жайлы айтылғандарды түсіндіріп береді” (Лұқа 24:13—15, 27). Иса Жазбалардың мәнін “толығымен ашып бергенде”, олардың жүректері жалындап кетеді (Лұқа 24:32).

2 Сол кеште екі шәкірт Иерусалимге қайта оралып, елшілерді тауып алады да, болған жайтты айтып береді. Олар әлі сөйлеп жатқанда, араларында Иса пайда болады. Бірақ елшілердің бойын үрей билейді. Иса олардың сенімін қалай нығайтты? Киелі кітапта былай делінген: “Жазбалардың мәнін түсінулері үшін [олардың] саналарын толығымен оятты” (Лұқа 24:45).

3. Неліктен біз кейде жабырқаймыз және қызметке деген көзқарасымыздың дұрыс болуына не көмектеседі?

3 Сол шәкірттер іспетті біз де кейде жабырқаймыз. Бәлкім, Иеміздің ісінде көп еңбектеніп, бірақ еш нәтиже көрмей, ұнжырғамыз түсіп жүрген шығар (Қор. 1-х. 15:58). Немесе зерттеушіміз рухани қадамдар жасап жатпағандай көрінер. Ал кейбірі тіпті Ехобадан бас тартқан шығар. Олай болса, қызметімізге деген көзқарасымыз дұрыс болу үшін не істеуіміз керек? Бізге Исаның астарлы әңгімелерін толығымен түсінгеніміз көмек болады. Ендеше солардың үшеуін қарастырып, қандай сабақ алуға болатынын көрейік.

ҰЙЫҚТАП ЖАТҚАН ТҰҚЫМ СЕБУШІ

4. Исаның ұйықтап жатқан тұқым себуші туралы астарлы әңгімесінің мәні неде?

4 Марқа 4:26—29 оқы. Исаның ұйықтап жатқан тұқым себуші туралы астарлы әңгімесінің мәні неде? Астарлы әңгімедегі тұқым себуші жеке жариялаушыларды, ал тұқым ақжүректі адамдарға уағыздалып жатқан Патшалық туралы хабарды бейнелейді. Тұқым себуші күнделікті тіршілігімен айналысып, “түнде ұйықтап, таңертең тұрып” жүре береді. Тұқым егілген кезден орақ салынғанға дейін, яғни біраз уақыт бойы өседі. Сол аралықта ол “көктеп шығып, өсе бастайды”. Осылай “өздігінен”, өсу сатысымен бірте-бірте жетіле береді. Сол сияқты адам да рухани жағынан бірте-бірте сатылап өседі. Ал бойында Құдайға қызмет етуге деген ықылас пайда болғанда, ол “өнім әкеледі”, яғни Ехобаға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өтеді.

5. Иса ұйықтап жатқан тұқым себуші туралы астарлы әңгімені не үшін айтқан?

5 Иса бұл әңгімені не үшін айтқан? Ол “мәңгі өмірге ыңғай танытқандардың” жүректеріне түскен шындық тұқымын өсіретін Ехоба екенін түсіндіргісі келген (Ел. іс. 13:48; Қор. 1-х. 3:7). Біз тұқым сеуіп, суарамыз, бірақ оның өсу-өспеуі біздің қолымызда емес: оны мәжбүрлеп өсіре де, өсуін тездете де алмаймыз. Астарлы әңгімедегі тұқым себуші сияқты, біз де тұқымның қалай өсіп-жетілетінін білмейміз. Күнделікті тіршілікпен айналысып жүргенімізде, тұқым білінбей өсе береді. Бірақ уақыт өте келе ол өнім әкелуі мүмкін. Сонда жаңа шәкірт егін жинау ісіне қосылып, бізге қолғабыс етеді (Жох. 4:36—38).

6. Зерттеушінің рухани өсуіне қатысты біз нені түсінуіміз керек?

6 Бұл астарлы әңгіменің біз үшін қандай пайдасы бар? Біріншіден, Киелі кітапты зерттеп жүрген адамның рухани өсу-өспеуі біздің қолымызда емес екенін мойындауымыз керек. Рас, біз оған, қолымыздан келгенше, рухани өсуге көмектесеміз, бірақ шомылдыру рәсімінен өтуге мәжбүрлемейміз. Себебі мұндай шешімді адам өзі қабылдау керек екенін түсінеміз. Әрине, бұл үшін біздің тарапымыздан кішіпейілділік қажет. Адамның жүрегінде Құдайға деген сүйіспеншілік пайда болғанда, ол өз ықыласымен бағышталады. Сонда ғана ол Ехобаға ұнамды болады (Заб. 50:14; 53:8; 109:3 сілт.).

7, 8. а) Ұйықтап жатқан тұқым себуші жайлы астарлы әңгіменің біз үшін тағы қандай пайдасы бар? Мысал келтір. ә) Бұл әңгімеден Ехоба мен Иса туралы не білеміз?

7 Екіншіден, астарлы әңгіменің мәнін түсінгеніміз бастапқыда қызметіміздің нәтижесін көрмесек, ұнжырғамыздың түспеуіне көмектеседі. Мұндайда бізге шыдамдылық қажет (Жақ. 5:7, 8). Зерттеуші рухани өсу үшін қолымыздан келгеннің бәрін істегенмен, бұдан еш нәтиже шықпаса, бұл — біздің жаман тәлімгер болғанымыздың белгісі емес. Ехоба шындық тұқымының тек өзгеруге дайын, кішіпейіл адамның жүрегінде өсуіне жол береді (Мат. 13:23). Ендеше қызметіміздің жемістілігін қанша адамның шомылдыру рәсімінен өткенімен өлшемеуіміз керек. Ехоба үшін қызметіміздің қаншалықты нәтижелі болғанының көрсеткіші — адамдардың уағызымызды қалай қабылдағаны емес. Нәтижесі қандай болатынына қарамай, адалдықпен уағыздай берер болсақ, Ехоба үшін, міне, осы бағалы (Лұқа 10:17—20; Қорынттықтарға 1-хат 3:8 оқы).

8 Үшіншіден, біз адамның бойында болып жатқан өзгерістерді байқай бермейміз. Мысалы, бір ерлі-зайыпты өздерімен Киелі кітапты зерттеп жүрген миссионерге жариялаушы болғылары келетінін айтады. Бауырласымыз бұл үшін оларға шылым шегуді қою керек екенін түсіндіреді. Олар бірнеше ай бұрын шылымды тастағандарын айтқанда, ол таңғалады. Ерлі-зайыптылар шылымды неге тастады екен? Олар шылым шегіп жатқандарын Ехобаның көріп тұрғанын әрі оның екіжүзділікті жек көретінін түсініпті. Сондықтан екеуі шылымды миссионердің көзінше шегеміз не мүлдем тастаймыз деген шешімге келеді. Дұрыс шешім қабылдауға оларды жүректерінде өсіп жатқан Ехобаға деген сүйіспеншілік талпындырды. Бауырласымыз екеуінің бойында болып жатқан өзгерістен бейхабар болғанмен, олар рухани өсіп жатқан еді.

ТЕҢІЗГЕ ТАСТАЛҒАН АУ

9. Теңізге тасталған ау туралы астарлы әңгіменің мәні неде?

9 Матай 13:47—50 оқы. Исаның теңізге тасталған ау туралы астарлы әңгімесінің мәні неде? Патшалық туралы ізгі хабардың бүкіл адамзатқа уағыздалуын Иса үлкен аудың теңізге тасталуына теңеген. Мұндай ауға “әртүрлі” әрі көп балық түсетініндей, біздің уағызымыз да әртүрлі әрі көптеген адамды қызықтырады (Ишая 60:5). Жыл сайын конгрестеріміз бен Еске алу кешіне миллиондаған адамның келетіні — осының дәлелі. Сол бейнелі балықтардың кейбірі “жақсы”, олар мәсіхшілердің қауымына келіп шоғылады. Әйтсе де Ехобаға ұнамды болмағандықтан, “жарамсыз” болып шығатындары да бар.

Матай 13:47—50 оқығаннан кейін...

10. Иса теңізге тасталған ау туралы астарлы әңгімені не үшін айтқан?

10 Иса бұл әңгімені не үшін айтқан? Астарлы әңгімедегі балықтардың ажыратылуы зор алапат кезінде болатын соңғы сотқа емес, қазіргі зұлым заманның соңғы күндерінде не болатынына нұсқайды. Иса бұл әңгімесінде шындық жолы қызықтырғандардың бәрі Ехобаның жағына шықпайтынын көрсеткен. Біздің қауымдарымызға келетін не Киелі кітапты зерттейтіндердің бәрі бірдей өмірлерін өзгерткісі келмейді (Пат. 3-ж. 18:21). Өзге біреулері мәсіхшілер қауымына баруды доғарады. Мәсіхші отбасында өссе де, Ехобаның талаптарын жақсы көруді үйренбеген жастар да бар. Әйтсе де Иса әр адамның жеке өзі шешім қабылдауы керек екеніне баса назар аударған. Ал дұрыс шешім қабылдағандар Ехоба үшін “қазынадай” қымбат (Хақ. 2:7).

...бүгінде қалай қолдануға болатынын қарастыр

11, 12. а) Теңізге тасталған ау туралы астарлы әңгіменің біз үшін қандай пайдасы бар? ә) Бұл әңгімеден Ехоба мен Иса туралы не білеміз?

11 Бұл астарлы әңгіменің біз үшін қандай пайдасы бар? Астарлы әңгіменің мәнін түсінгеніміз зерттеушіміз не балаларымыздың бірі шындық жолын таңдамаса, қатты көңіліміз қалып, сары уайымға салынбауға көмектеседі. Бұндай жайт қанша күш салғанымызға қарамай, орын алуы мүмкін. Адамның Киелі кітапты зерттеуге келіскені не шындықты біліп өскені міндетті түрде Ехобамен тығыз қарым-қатынаста болады дегенді білдірмейді. Ехобаның билігіне мойынсұнғысы келмейтіндер уақыт өте оның халқынан алыстап кетеді.

Шындыққа қызығушылық білдіргендердің кейбірі Ехобаның жағына шығады (9—12 абзацтарды қара)

12 Бұл шындықтан кетіп қалғандардың қауымға қайтып оралуына болмайды дегенді білдіре ме? Я болмаса өмірін Ехобаға бағыштамаған адамды “жарамсыз балық” деп санап, мүлдем күдер үзуіміз керек пе? Жоқ. Зор алапат басталғанша мұндайлар үшін әлі де есік ашық. Ехобаның өзі оларды: “Маған қайтып келіңдер. Сонда Мен де сендерге қайтып келемін”,— деп шақырып жатқандай (Малх. 3:7). Бұл Исаның адасқан ұл туралы астарлы әңгімесінен анық көрінеді (Лұқа 15:11—32 оқы).

АДАСҚАН ҰЛ

13. Адасқан ұл туралы астарлы әңгіменің мәні неде?

13 Исаның адасқан ұл туралы астарлы әңгімесінің мәні неде? Астарлы әңгімедегі мейірімді әке біздің көктегі сүюші Әкеміз Ехобаны бейнелейді. Әкесінен еншісін сұрап алып, ысырап еткен ұл болса қауымға бармай қойғандарды білдіреді. Олардың Ехобадан алшақ Шайтанның дүниесіне кетіп қалғаны “алыс бір елге аттанғанмен” тең (Ефес. 4:18; Қол. 1:21). Сөйтсе де кейбірі уақыт өте есін жиып, ауыр сапар шегіп, Ехобаның ұйымына қайта оралады. Күнәларына өкінген сол кішіпейіл жандарды Әкеміз Ехоба құшақ жая қарсы алады. Ол әрқашан кешіруге дайын (Ишая 44:22; Пет. 1-х. 2:25).

14. Иса адасқан ұл туралы әңгімені не үшін айтқан?

14 Иса адасқан ұл туралы әңгімені не үшін айтқан? Ехоба жолдан адасқандардың өзіне қайта оралғанын қалайды. Иса мұны жүрекке жылы тиетіндей етіп бейнелеген. Астарлы әңгімедегі әке үмітін үзбей, баласының қайта оралуын күткен. Ал баласының үйіне қайтып келе жатқанын алыстан көргенде, оны қарсы алуға асыққан. Бұл астарлы әңгіме шындық жолын тастап кеткендердің бойында Ехобаға қайта оралуға деген зор ықылас оятады. Олар рухани жағынан әбден қалжыраған шығар, оның үстіне, қайта оралу ұят әрі қиын болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұл — күш салуға тұратын іс. Олардың қайта оралғандарына тіпті көктегілер де қуанатын болады (Лұқа 15:7).

15, 16. а) Исаның адасқан ұл туралы астарлы әңгімесінен не білеміз? Мысал келтір. ә) Бұл әңгімеден Ехоба мен Иса туралы не білеміз?

15 Бұл астарлы әңгіменің біз үшін қандай пайдасы бар? Біздің Ехобаға еліктегеніміз абзал. Біз “асыра әділетті” болғымыз келмейді, қайта, күнәларына өкініп, қауымға қайта оралғандарды құшақ жая қабылдағымыз келеді. Олай етпесек, Ехобамен қарым-қатынасымызды бұзып аламыз (Уағ. 7:16). Бұл әңгімеден тағы мынаны білеміз: қауымды тастап кеткен адамнан күдер үзбей, оны “жоғалған қой” деп есептеген дұрыс (Заб. 118:176). Қауымнан алыстап кеткен адамды кездестірсек, мейірім танытып, қайта оралуы үшін көмек ұсынамыз ба? Оған қажетті көмек көрсетілу үшін бірден ақсақалдарды хабардар етеміз бе? Иә, Исаның адасқан ұл туралы астарлы әңгімесінен білгенімізді іс жүзінде қолданар болсақ, міндетті түрде солай етеміз.

16 Бүгіндегі “адасқан ұлдардың” Ехобаның мейіріміне және қауымдағылардың сүйіспеншілік пен қолдау көрсеткеніне қаншалықты риза екеніне көңіл бөлейікші. 25 жыл бұрын қауымнан шығарылып, қайта оралған бір бауырлас былай деді: “Қауымға қайта қабылданғанда, мен үшін Ехобаның “қайта нығайтатын уақыты” басталып, қуанышым арта берді (Ел. іс. 3:19). Бауырластардың әрқайсысы қолдауға, сүйіспеншілік танытуға дайын тұрады! Енді менің керемет рухани отбасым бар”. Ал бес жыл бойы Ехобадан жырақта жүрген бір бойжеткен қайта оралған кезі туралы былай деді: “Бауырластардың тарапынан Иса айтқан сүйіспеншілікті анық көргенімде, бойымды сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезім биледі. Ехобаның ұйымының мүшесі болғанға не жетсін!”

17, 18. а) Мақалада қарастырылған үш астарлы әңгімеден не білдік? ә) Біз не істей беруіміз керек?

17 Жоғарыда қарастырылған үш астарлы әңгімеден не білдік? Біріншіден, адамның рухани өсу-өспеуі біздің қолымызда емес екенін мойындауымыз керек. Бұл Ехобаның билігінде. Екіншіден, бізбен араласқан не Киелі кітапты зерттегендердің бәрі шындық жағына шығады деп күтпеген дұрыс. Үшіншіден, біреу шындықты тастап, Ехобадан алыстап кетсе, енді қайта оралмайды деп, одан күдер үзбеу керек. Ал ол қайта оралса, Ехобаға еліктеп, құшақ жая қарсы алайық.

18 Бәріміз де білімге, түсінік пен даналыққа ие болуға ұмтыла берейік. Исаның астарлы әңгімелерін оқығанда, келесі сұрақтар жөнінде ойланайық: “Оның мәні неде? Бұл әңгіме Киелі кітапқа не үшін жазылған? Білгенімізді өмірде қалай қолдануға болады? Бұл әңгімеден Ехоба мен Иса туралы не білеміз?” Осылай етер болсақ, Исаның сөздерінің мәнін шынымен ұғатынымызды көрсетеміз.