Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Біз ойымыздан айнуымыз керек пе?

Біз ойымыздан айнуымыз керек пе?

БІР ТОП мәсіхші жастар киноға баруды шешеді. Олар бұл киноны сыныптастарының көбі мақтағанын естіген еді. Ал кинотеатрға барғанда, жарнамадан неше түрлі қарулар мен жартылай жалаңаш әйелдердің суретін көреді. Енді олар не істейді? Киноны бәрібір көруді шеше ме?

Осы жағдайдан көретініміздей, бізге Ехобамен қарым-қатынасымыз бен рухани күйімізге жаман не жақсы жағынан әсер ететін шешімдер қабылдауға тура келеді. Кейде бірдеңе істеуге ниеттеніп, бірақ жағдайды салмақтап-саралаған соң, ойымыздан айнып қалатын кездер болады. Бұл баянсыздықтың белгісі ме, әлде даналықтың ба?

Ойымыздан айну дұрыс болмайтын жағдайлар

Ехобаны жақсы көргендіктен біз өмірімізді оған бағыштап, шомылдыру рәсімінен өттік. Біз бар жүрегімізбен оған адал болуды қалаймыз. Ал жауымыз Шайтан Ібілістің есіл-дерті — бізді мінсіздігімізден айыру (Аян 12:17). Кезінде Ехобаға қызмет етіп, өсиеттерін орындаймыз деп шешім қабылдадық. Енді бұл ойымыздан айнып қалсақ, өкінішті болар еді! Мұның арты өлім болуы мүмкін.

Жиырма алты ғасырдан аса уақыт бұрын Бабыл патшасы Набуходоносор алтыннан алып мүсін тұрғызды. Сосын барлық адамдар соған бас ұрып табынсын деген жарлық шығарды. Олай етпеген әркім жанып тұрған пешке тасталмақ еді. Сөйтсе де Шадырақ, Мисақ, Әбдінего деген Ехобаның қызметшілері мүсінге табынбады. Сол үшін олар пешке тасталды. Алайда Ехоба керемет жасап, оларды аман алып қалды. Сол үш еврей жігіт Құдайға мойынсұнбаудан өлімді артық көрді (Дан. 3:1—27).

Кейінірек Даниял пайғамбар арыстанның апанына тасталуы мүмкін екеніне қарамай, дұғаға қатысты әдетінен айнымады. Қайта, дағдысы бойынша күніне үш рет Ехобаға дұға ете берді. Шынайы Құдай Ехоба өзіне ғибадат етуге деген шешімінен таймағаны үшін, сол адал пайғамбарын “арыстандардың аранынан құтқарып алды” (Дан. 6:1—27).

Құдайдың бүгіндегі қызметшілері де бағышталғандарына сай өмір сүреді. Мысалы, Африкадағы мектептердің бірінде оқитын бір топ Ехоба куәгері мемлекеттік рәмізге табыну рәсіміне қатысудан бас тартады. Мектеп әкімшілігі өзгелер сияқты бұл рәсімге қатыспаса, оларды мектептен шығарып жібереміз деп қорқытады. Көп ұзамай сол қалаға білім министрі келгенде, сол Куәгер оқушылардың кейбірімен сөйлеседі. Сонда әлгі жас Куәгерлер еш тайсалмай, оған өз ұстанымдарын ілтипатпен түсіндіреді. Содан бері бұл мәселе қайтып көтерілген емес: бауырластар Ехобаға мойынсұнғаны үшін мектепте қудаланбайтын болды.

Әйелі қатерлі ісікке шалдығып, мезгілсіз қайтыс болған Джозефтің жағдайын да қарастырып көрейік. Джозефтің туыстары оның жерлеу рәсіміне қатысты ұстанымдарын түсінетін әрі сыйлайтын. Бірақ әйелінің туыстары шындықта емес еді. Сондықтан кейбір жерлеу рәсімдерін орындағылары келді, ал олардың арасында Құдайға ұнамсыздары да болды. Джозеф былай дейді: “Олар менің бұған көнбейтінімді көргенде, балаларымның ойын өзгертуге тырысты. Балаларым да ұстанымдарынан таймады. Мұнымен қоймай, олар түнімен ұйықтамай жоқтау рәсімін де жасағысы келді. Бірақ мен оларға түнімен жоқтағылары келсе, жоқтай берсін, тек менің үйімде емес екенін айттым. Олар бұл рәсімнің менің де, әйелімнің де ұстанымына қайшы екенін білетін. Сондықтан ұзақ әңгімелескеннен кейін, олар бұл рәсімді басқа жерде жасайтын болды”.

Джозеф сөзін былай деп жалғады: “Басымызға түскен сол қаралы күндері Ехобаға жалбарынып, отбасымыздың оның заңдарынан аттап кетпеуіне көмектесуін сұрадым. Ол дұғаларымды естіп, қысымға берілмей, берік болуымызға көмектесті”. Джозеф пен балалары ұстанымдарынан айнуды қиындықты шешудің жолы деп есептемеді.

Ойымыздан айну дұрыс болатын жағдайлар

Б. з. 32 жылының Құтқарылу мейрамынан кейін көп ұзамай Иса Сидон аймағына барады. Сол жерде оған финикиялық бір әйел бұйымтаймен келеді. Әйел одан қызының бойындағы жынды қуып шығаруын қадала өтінеді. Бастапқыда Иса оған мүлдем жауап бермейді. Ал шәкірттеріне: “Мен тек Исраил үйінің жоғалған қойларына ғана жіберілдім”,— дейді. Әлгі әйел қоймай сұрай берген соң, Иса: “Балалардың нанын алып, күшіктерге тастау дұрыс болмас”,— деп жауап береді. Бірақ әйел зор сеніммен: “Рас айтасыз, Ием. Алайда күшіктер де қожайындарының дастарқанынан түскен қоқымды жейді ғой”,— дейді. Сонда Иса оның өтінішін орындап, қызын сауықтырады (Мат. 15:21—28).

Бұл жағдайда Иса Ехобаға еліктеді. Себебі Ехоба да дұрыс деп есептеген жағдайларда ойын өзгертуге дайын. Мысалы, исраилдіктер табыну үшін өздеріне алтын бұзау жасап алғанда, Ехоба оларды жойып жібергісі келген. Бірақ Мұса халықты жоймауын сұрап жалбарынғанда, ол бұл райынан қайтты (Мыс. ш. 32:7—14).

Елші Пауыл Иса мен Ехобаға еліктеген. Ол біраз уақыт Марқаны өздерімен миссионерлік сапарға алып шыққысы келмеді. Өйткені бірінші сапарларында ол Пауыл мен Барнабаны тастап кеткен еді. Бірақ кейінірек Пауыл оның рухани толысқанын әрі қызметте қолғабыс ете алатынын көріп, ойын өзгертеді. Сондықтан ол Тімөтеге: “Марқаны бірге ала кел, өйткені ол қызметіме пайдалы болмақ”,— дейді (Тім. 2-х. 4:11).

Біз жөнінде не деуге болады? Мейірімді де шыдамды, сүйіспеншілікке толы Әкеміз Ехобаға еліктеп, біз де кей жағдайларда ойымызды өзгертуді дұрыс деп табатын шығармыз. Мысалы, өзгелерге қатысты көзқарасымыз өзгеруі мүмкін. Ехоба Құдай мен Иса кемелді, ал біз кемелді емеспіз. Сондықтан адамның өзгеруге дайын екенін байқасақ, кінәсін жеңілдететін жайттарды ескеріп, оған деген көзқарасымызды өзгертеміз бе?

Теократиялық мақсаттарға қатысты бастапқы ойымыздан айну дұрыс болатын кездер де болады. Киелі кітапты зерттеп, қауымға барып жүргендердің кейбірі шомылдыру рәсімінен өтуді кейінге ысыруы мүмкін. Кейбір жариялаушылар, мүмкіндігі бар болса да, ізашарлық қызметті бастауға асықпайтын шығар. Ал ер бауырластардың кейбірі қауымда жауапкершілік алудан қашқақтайтын болар (Тім. 1-х. 3:1). Сен өзің жайлы не дер едің? Ехоба сені осындай мәртебелі қызметтердің дәмін татып көруге шақырады. Ендеше ойыңды өзгертіп, Ехоба мен өзгелерге көбірек қызмет ете аласың ба?

Ойымыздан айнығанда, батаға кенелетін кездер болады

Ехоба куәгерлерінің Африкадағы Бетелінде қызмет ететін Элла былай дейді: “Бетелдік қызметімді жаңа бастағанда, мұнда ұзақ қала алмаймын деп ойладым. Мен Ехобаға бар жан-тәніммен қызмет еткім келетін, бірақ маған отбасымнан жырақта болу өте қиын еді. Алғашқыда отбасымды қатты сағынатынмын! Бірақ менімен бір бөлмеде тұратын бауырлас маған жігер берді. Сондықтан мен қалуды шештім. Міне, Бетелде қызмет етіп жүргеніме он жыл болды. Қазір мен мүмкіндігінше Бетелде ұзақ қалып, бауырластарыма қызмет ете бергім келеді”.

Ойымыздан айну керек жағдайлар

Қабылдың інісіне іштарлық жасап, ашуға булыққан кезі есіңде ме? Құдайдың ықыласына ие болу үшін, оған бар болғаны жақсылық жасау керек еді. Бірақ ол қабағын түйіп, безеріп алды. Сондықтан Құдай оған “босағасын жағалаған” күнәдан үстем болуға кеңес берді. Оның жамандық жасаудан айнып, көзқарасын өзгертуіне болар еді, бірақ ол Құдайдың кеңесін елемеді. Содан ол інісін ұрып өлтіріп, тарихтағы алғашқы кісі өлтірушіге айналды (Жар. 4:2—8).

Қабыл ойынан айнығанда, не болар еді?

Ұзиях патшамен болған жағдайды да қарастырып көрейікші. Бастапқыда ол Ехобаға ұнамдыны істеп, онымен тығыз қарым-қатынаста болды. Бірақ кейінірек өркөкіректеніп кетті. Ұзиях діни қызметкер болмаса да, ғибадатханаға кіріп, хош иісті зат түтетпек болды. Діни қызметкерлер ақылға шақырмақ болғанда, ол бұл ойынан айныды ма? Жоқ, ол “қатты ашуланып”, олардың ескертулерін құлағына да ілмеді. Сондықтан Ехоба оны алапес ауруына ұшыратты (Шеж. 2-ж. 26:3—5, 16—20).

Иә, бастапқыдағы ойымыздан мүлдем айнуымыз керек жағдайлар болады. Өз замандасымызбен болған оқиғаны қарастырып көрейік. Йоахим 1955 жылы шомылдыру рәсімінен өтеді, бірақ 1978 жылы қауымнан шығарылады. 20 жылдан аса уақыт өткеннен кейін ол өкініп, қайтадан Ехоба куәгерлерінің қатарына қосылады. Жақында бір ақсақал одан неге соншама ұзақ уақыт қауымға қайта оралмағанын сұрағанда, ол былай деді: “Мен ашулы едім, оның үстіне, өркөкірек болдым. Соншама уақытты босқа жібергеніме қатты өкінемін. Қауымнан шығарылғаннан кейінгі уақыттың бәрінде мен Ехоба куәгерлері шындықты үйрететінін білетінмін”. Иә, Йоахимге көзқарасын өзгертіп, өкіну керек болды.

Кейде бізге де бастапқы ойымыздан айнып, көзқарасымызды өзгерту керек болатын шығар. Ехобаға ұнамды болу үшін, солай етуге әрқашан дайын болайық (Заб. 33:9).