Оқырман сауалдары
Еремия: “Рахила өлген балаларын жоқтап, зар жылап жатыр”,— деуімен не дегісі келген?
Еремия 31:15-те былай деп жазылған: “Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: — Рамақ жерінде зор қасіреттен Дауыс естіледі зар еңіреген. Рахила өлген балаларын жоқтап, Жұбанудан бас тартады зар жылап: Келмеске кетті олар көздері құрып!”
Өзінің көзі тірісінде Рахила ұлдарынан айырылған жоқ. Сондықтан Рахила өлгеннен кейін, 1000 жыл өткен соң жазылған Еремияның сөздері, бір қарағанда, қате болып көрінуі мүмкін.
Рахиланың тұңғыш ұлы Жүсіп еді (Жар. 30:22—24). Кейінірек Рахила екінші баласы Буняминді туды. Алайда босана салысымен ол қайтыс болып кетті. Сол себепті Еремия 31:15-ті оқығанда, “Неге мұнда Рахила балаларын жоқтап жылап жатыр деп айтылған?” деген сұрақ туындайды.
Назар аударатын бір жайт — Рахиланың тұңғышы Жүсіптен уақыт өте Манаса, Ефрем деген екі ұл туылды (Жар. 41:50—52; 48:13—20). Кейінірек Ефрем Исраилдің солтүстік патшалығындағы басты әрі беделді руға айналып, тіпті он ру соның атымен аталатын болды. Ал Рахиланың екінші ұлынан тараған бунямин руы яһуда руына қосылып, оңтүстік патшалықты құрады. Демек, Рахиланы, қандай да бір мағынада, солтүстік және оңтүстік патшалықтан тұрған Исраил елінің барлық аналарының бейнесі деуге болады.
Еремияның кітабы жазылмай тұрғанда, ассириялықтар он рулы солтүстік патшалықты жаулап алып, халқының көбісін құлдыққа айдады. Алайда Ефремнің ұрпағының кейбірі Яһуда жеріне қашқан болса керек. Б. з. б. 607 жылы бабылдықтар Яһуданың екі рулы оңтүстік патшалығын жаулап алды. Ал құлдыққа алынғандардың көбісі Иерусалимнен солтүстікке қарай 8 шақырымдай жерде орналасқан Рамаққа әкетілген болса керек (Ерм. 40:1). Бұл қала Рахила жерленген Бунямин жерінде орналасқан еді. Құлдыққа айдалғандардың кейбірі сол қалада өлтірілген болуы мүмкін (Пат. 1-ж. 10:2). Демек, Рахиланың зар жылауы бейнелі мағынада оның буняминдіктерді немесе Рамақ қаласында қаза тапқандарын жоқтағанын білдірсе керек. Я болмаса, Еремияның жоғарыдағы сөздері өлім құшқан не құлдыққа әкетілген Исраил халқын жоқтаған Құдай халқының барлық аналарына нұсқайды деп те тұжырымдауға болады.
Қалай болған күнде де, Рахиланың балаларын жоқтап жылағаны туралы Еремияның сөздерінің пайғамбарлық мәні бар еді. Бұл сөздер бірнеше ғасырдан кейін сәби Исаның өміріне қауіп төнгенде орындалды. Ирод патша Иерусалимнің оңтүстігіне жақын орналасқан Бетлехем қаласындағы екі жасқа дейінгі барлық ер балаларды өлтіруге бұйрық берді. Осылайша сол балалардың “көздері құртылып”, өлтірілді. Ұлдарынан айырылған аналардың зар еңірегендерін көз алдыңа елестетші! Бұл жоқтау Иерусалимнің солтүстігіндегі сонау Рамаққа дейін естілгендей болған! (Мат. 2:16—18)
Сонымен, Рахиланың балаларын жоқтап жылағаны туралы сөздер Еремияның заманында да, Исаның тұсында да балаларынан айырылған яһуди аналардың қайғысын cуреттеу үшін қолданылған. Әрине, өлім деген “жаудың еліне” аттанған адамдар қайта тірілу кезінде сол жаудың құрсауынан босап, өмірге қайта оралады (Ерм. 31:16; Қор. 1-х. 15:26).