Оқырман сауалдары
Қауымнан көмек алуға лайықты болу үшін жесір әйелге қойылған Тімөтеге 1-хат 5:9-дағы талапты қалай түсінуге болады?
Мұндағы “күйеуіне адал болған” деген тіркес түпнұсқа тілде “бір ғана күйеуі болған” дегенді білдіреді (Тім. 1-х. 5:9 сілт.). Елші Пауыл бұл жерде жесір қалғанға дейін әйелдің қандай болғаны туралы айтқаны анық. Сонда ол бір-ақ рет тұрмысқа шыққан жесір жайлы айтқан ба? Әлде оның сөздерін басқаша түсінуіміз керек пе? *
Кейбіреулер Пауыл бұл тармақта бір рет қана күйеуге шыққан жесірлер жайлы жазған деген ойда. Рас, ежелгі қоғамның біразында жесір қалған әйел қайтадан тұрмысқа шықпаса, жұртқа қадірлі болған. Алайда мұндай көзқарас Пауылдың басқа хаттарында жазған сөздерімен үйлеспейді. Мысалы, Қорынттағы мәсіхшілерге ол қайтадан тұрмысқа шықпаған жесір әйелдің бақыттырақ болатынын айтқан, сөйтсе де артынан оның “кімге тұрмысқа шығамын десе де өз еркі екенін, тек Иеміздің ізбасарына шығу керектігін” түсіндірген (Қор. 1-х. 7:39, 40; Рим. 7:2, 3). Ал Тімөтеге арналған хатында: “Жас жесірлердің күйеуге шыққанын... қалаймын”,— деген (Тім. 1-х. 5:14). Демек, қайтадан тұрмыс құруды шешкен жесірлерге еш айып тағылмаған.
Олай болса, Пауылдың Тімөтеге 1-хат 5:9-дағы сөздерін қалай түсінуге болады? Бір көңіл бұрарлық жайт — Пауыл хаттарында “бір ғана әйелі бар” не “бір ғана әйелге үйленген” деген сияқты тіркестер қолданған (Тім. 1-х. 3:2, 12; Тит. 1:6). Пауыл оларды мәсіхші бақылаушылар мен қызмет көмекшілеріне қойылатын талаптардың тізіміне кіргізген. Мұндай мәнмәтінде бұл тіркес негізінен ер адамның қауымда жауапкершілік алуға лайықты болуы үшін жұбайына адал әрі өнегелік жағынан таза болу керектігін білдіреді *. Ендеше, Тімөтеге 1-хат 5:9-дағы сөздер де тура осы ойға нұсқайды: жесір әйел қауымнан көмек алуға лайықты болу үшін, күйеуі тірі кезінде оған адал болған әрі өнегелік жағынан мінсіз болуы керек-тін. Пауылдың әрі қарай айтқан талаптары да осындай жесірлерге қатысты айтылған (Тім. 1-х. 5:10).
^ абзац 3 Елші Пауылдың заманындағы гректер мен римдіктер үшін полиандрия, яғни әйелдің бірнеше күйеуі болуы, жат нәрсе еді. Сондықтан Пауыл Тімөтеге айтқан бұл сөздерімен полиандрияға меңзеуі не бірнеше күйеуі бар әйелдерді айыптауы екіталай.
^ абзац 5 Бұл жайында көбірек білу үшін “Күзет мұнарасының” (ор.) келесі сандарын қара: 1996 жыл, 15 қазан 17-бет және 1982 жыл, 1 қараша 23-беттегі “Оқырман сауалдары”.