Қолда бар алтынды қадірлей біл
“Біз... Құдайдан келген рухты қабылдадық. Осының арқасында Құдайдың бізге тарту еткендерін түсіне аламыз” (ҚОР. 1-Х. 2:12).
1. Көп адам қандай мәтелді жақсы біледі?
“ҚОЛДА бар алтынның қадірі жоқ” деген мәтелді екінің бірі біледі. Сенің де осы мәтелдің растығына көзің жеткен кездер болған ба? Мысалы, ауқатты отбасында еш таршылық көрмей өскен адамға қолда бардың бәрі аспаннан түсіп жатқандай болуы мүмкін. Тәжірибесі болмағандықтан, өмірде ненің шынымен бағалы екенін айыра білмейтін жастар да қолда бар алтынды қадірлемейтін шығар.
2, 3. а) Мәсіхші жастар неден сақ болулары керек? ә) Қолымызда бар қазынаны қадірлей білуімізге не көмектеседі?
2 Жасөспірім немесе 20-дан енді асқан қыз не жігіт болсаң, сен үшін өмірде не маңызды? Мына дүниедегі жастардың есіл-дерті дүние-мүлік: жақсы жалақы, жайлы үй, соңғы шыққан техника. Алайда бар ойымыз тек осындай заттарда болса, олардан әлдеқайда маңызды рухани байлықтан құралақан қалуымыз мүмкін. Өкінішке қарай, бүгінде рухани байлыққа ие болғысы келетіндер некен-саяқ. Шындық жолында тәрбиеленген жастар, ата-аналарыңнан алған рухани қазыналарыңды қадірлемей кетуден сақ болыңдар! (Мат. 5:3) Қолда бар алтынды қадірлемегендерің бүкіл өмірлеріңе әсер етуі мүмкін.
3 Сондықтан бұған жол бермеңдер. Рухани мұрамызды қадірлей білуге не көмектеседі? Осыған орай Киелі кітаптағы бірнеше мысалды қарастырып көрейік. Бұл мысалдар жастарға ғана емес, әрбір мәсіхшінің өз рухани қазынасын бағалауына көмектеседі.
ОЛАР ҚАДІРЛЕЙ БІЛМЕДІ
4. Патшалықтар 1-жазба 8:1—5 тармақтардан Самуилдің ұлдары жайлы не білеміз?
4 Киелі кітапта үлкен рухани мұра алып, бірақ оны бағаламаған адамдар туралы оқиғалар бар. Сондай оқиғалардың бірі бала күнінен Ехобаға қызмет етіп, оған ұнамды өмір сүрген Самуил пайғамбардың отбасында болған (Пат. 1-ж. 12:1—5). Ол ұлдары Жоел мен Абиях үшін еліктеуге тұрарлық үлгілі әке еді. Бірақ олар мұның қадірін білмеді. Киелі кітапта айтылғандай, екеуі тура жолмен жүрмей, “шындықты бұрмалайтын” (Патшалықтар 1-жазба 8:1—5 оқы).
5, 6. Жосияның ұлдары мен немересі қандай патша болды?
5 Жосия патшаның ұлдары да әкелерінің жолымен жүрмеді. Жосия ғибадат мәселесінде үлгілі әке болған. Хатшысы ғибадатханадан табылған Құдай Заңын оқып бергенде, ол барын салып Ехобаның нұсқауларын орындауға кірісті. Елден пұтқа табынушылық пен сиқырлықты жою үшін үлкен іс атқарды, халықты да Ехобаға мойынсұнуға шақырды (Пат. 4-ж. 22:8; 23:2, 3, 12—15, 24, 25). Иә, ол ұлдарына бай рухани мұра қалдырды! Кейінірек Жосияның үш ұлы, бір немересі патша болды, бірақ бірде-біреуі оның қалдырған мұрасын бағаламады.
6 Жосиядан кейін оның ұлы Жоғахаз таққа отырды, бірақ ол “Жаратқан Иеге жеккөрінішті істер істеді”. Жоғахаз небәрі үш ай билік еткен соң, Мысыр перғауыны оны тұтқынға алып кетіп, ол сол жақта көз жұмды (Пат. 4-ж. 23:31—34). Бұдан кейін оның бауыры Жохақым 11 жыл билік құрды. Әкесі қалдырған мұраны ол да бағаламады. Жохақымның жеккөрінішті болғаны соншалық — Еремия пайғамбар “оның өлігі есектің өлімтігіндей” көмусіз қалатынын айтқан (Ерм. 22:17—19). Жосия патшаның тағына отырған басқалар да — оның ұлы Седекия мен немересі Ехониях — өздеріне дейінгілерден артық болған жоқ. Ол екеуі де Жосияның жолымен жүрмеді (Пат. 4-ж. 24:8, 9, 18, 19).
7, 8. а) Қалай Сүлеймен рухани мұрасын ысырап етті? ә) Рухани мұрасын ысырап еткен адамдар туралы Киелі кітапта жазылған оқиғалардан қандай сабақ аламыз?
7 Сүлеймен патша да әкесі Дәуіттен мол рухани қазына мұра еткен. Керемет рухани тәрбие көрген ол бастапқыда жақсы патша болғанмен, кейінірек алған мұрасын бағалаудан қалды. “Себебі қартайған шағында әйелдері Сүлейменнің жүрегін бөтен тәңірлерге бұрып әкетті. Осылайша оның жүрегі әкесі Дәуіттің Құдай Иесіне толықтай бағышталған жүрегі сияқты болмады” (Пат. 3-ж. 11:4). Ақырында Сүлеймен Ехобаның ықыласынан айырылып қалды.
8 Текті отбасынан шыққан, әрі жұрт зор үміт артқан сол кісілердің бұрыс жолды таңдағандары неткен өкінішті! Бірақ ежелде өмір сүрген жастардың бәрі олай етпеген. Бүгінгі күні де жастардың бәрі бірдей емес. Ендеше, жас мәсіхшілерге үлгі болатын бірнеше мысалды қарастырып көрейік.
ОЛАР ҚАДІРЛЕЙ БІЛДІ
9. Нұхтың ұлдары қандай керемет үлгі қалдырды? (Мақаланың басындағы суретті қара.)
9 Нұхтың ұлдары бізге керемет үлгі қалдырған. Құдай Нұхқа кеме соғып, отбасымен соның ішіне кіруді тапсырды. Оның ұлдары Ехобаның еркін орындаған дұрыс деп тапса керек. Бұл үшін олар әкелерін тыңдаулары керек еді. Уақыт өте Нұхтың отбасы кеме соғып, бәрі соған кірді (Жар. 7:1, 7). Не үшін? Жаратылыс 7:2-де айтылғандай, олар мұны “жер бетіндегі жануарлардың барлығы өмірлерін жалғастыру үшін” істеді. Жануарлар ғана емес, адам баласы да аман қалмақ еді. Нұхтың ұлдары әкелерінен алған рухани мұраны бағалағандықтан адам атаулының аман қалуына үлес қосу және тазартылған жер бетінде таза ғибадатты қалпына келтіру мәртебесіне ие болды (Жар. 8:20; 9:18, 19).
10. Бабылға әкетілген төрт еврей жігіті алған тәлімдерін бағалайтындарын қалай көрсетті?
10 Бірнеше ғасырдан кейін Хананиях, Мишаел, Азариях, Даниял деген төрт еврей жігіті алған тәлімдерін қатты бағалайтындарын көрсетті. Б. з. б. 617 жылы олар Бабылға жер аударылды. Келбетіне ақылы сай сол жігіттердің бабылдықтар сияқты өмір сүріп кетулеріне болар еді. Бірақ олар олай етпеді. Төрт жігіттің іс-әрекетінен рухани мұраларын, алған тәлімдерін, ұмытпағандары көрініп тұрды. Жас кездерінде алған рухани тәлімдерінен таймағандарының арқасында олар зор батаға ие болды (Даниял 1:8, 11—15, 20 оқы).
11. Қалай өзгелер Исаның рухани мұрасының игілігін көрген?
11 Жақсы үлгілерді қарастырғанда, Құдай Ұлы Исаның үлгісін айтпай кетпеске болмас. Оның Әкесінен алғаны өте көп еді, әрі ол оны барынша бағалаған. Исаның алған тәліміне деген ризашылығы: “Ештеңені өздігімнен істемей, қайта, Әкем не үйретсе, соны айтамын”,— деген сөздерінен көрінеді (Жох. 8:28). Ол Әкесінен алғанның бәрін өзгелердің игілігі үшін қолданғысы келген. Қасына жиналған жұртқа Иса былай деді: “Құдай патшалығы туралы ізгі хабарды басқа қалаларда да жариялауым керек. Өйткені мен сол үшін жіберілдім” (Лұқа 4:18, 43). Иса тыңдаушыларына “осы дүниелік болмау” керектігін түсіндіргісі келді. Себебі, жалпы алғанда, осы дүниедегі адамдар рухани нәрселерді бағаламайды (Жох. 15:19).
РУХАНИ МҰРАҢДЫ ҚАДІРЛЕЙ БІЛ
12. а) Тімөтеге 2-хат 3:14—17 тармақтардағы сөздерді қалай бүгіндегі көптеген жастарға қатысты қолдануға болады? ә) Мәсіхші жастар қандай сұрақтар туралы ойланғандары дұрыс?
12 Біз қарастырған мысалдардағы жігіттер сияқты, сені де Ехобаға адал ата-ана тәрбиелеген шығар. Егер солай болса, Жазбалардағы Тімөте туралы жазылған сөздерді саған да қатысты қолдануға болар (Тімөтеге 2-хат 3:14—17 оқы). Сен шынайы Құдай жайлы ата-анаңнан білдің, оған қалай ұнамды болуға болатынын да солардан “үйрендің”. Бәлкім, олар саған нәресте кезіңнен-ақ тәлім бере бастаған шығар. Мұның “Мәсіх Исаға деген сенімің арқылы құтқарылуға жетуіңе”, сондай-ақ Құдайға қызмет етуге “толықтай даяр болуыңа” зор ықпал еткені сөзсіз. Олай болса, сен қолда бар алтынды қадірлеп жүрсің бе? Бұл сұрақ сені өз-өзіңді тексеруге талпындыруы мүмкін. Келесі сұрақтар жөнінде ойланып көрші: “Ежелде өмір сүрген адал куәгерлерге еліктегім келе ме? Ехобаның Куәгері екенімді мақтан тұтамын ба? Ерекше әрі ең жоғары мәртебеге ие екенімді түсінемін бе?”
13, 14. Кейбір мәсіхші жастар не істеуге азғырылады, бірақ оған берілу неге ақылдылыққа жатпайды? Мысал келтір.
13 Куәгерлер отбасында өскен кейбір жастар керемет рухани жұмағымыз бен Шайтанның түнек басқан дүниесінің арасындағы айырмашылықты көре алмауы мүмкін. Тіпті кейбіреулері осы дүниедегі өмірдің дәмін татып көргісі келетін шығар. Өзің білетіндей, көліктер зулап жатқан жолға шықсақ, көлік қағып кетіп жарақаттануымыз не тіпті өліп кетуіміз мүмкін. Бірақ шынымен солай екеніне көз жеткізу үшін жолға жүгіріп шығар ма едің? Бұлай етуің екіталай! Сол сияқты осы дүниенің әсері қаншалықты жаман екеніне көз жеткізу үшін, оның “бейбастақ істеріне” араласып көрудің қажеті жоқ (14 Азия елдерінің бірінде тұратын Женер мәсіхшілер отбасында өсіп, 12 жасында шомылдыру рәсімінен өтеді. Бірақ жасөспірім шағында оны осы дүние қызықтыра бастайды. Ол: “Мен осы дүниедегі “еркіндікті” сезініп көргім келді”,— дейді. Содан Женер екіжақты өмір сүре бастап, 15 жасында осы дүниедегі достары сияқты ішімдік ішіп, балағат сөздер айтуға әдеттенеді. Достарымен бильярд не қатыгез компьютерлік ойындар ойнайтындықтан, үйіне кеш келетін кездері де жиілейді. Алайда уақыт өте келе мұндай “еркіндіктің” өзі ойлағандай керемет емес екеніне көзі жете бастайды. Бұл мағынасыз өмір еді. Қауымға қайта оралған Женер былай дейді: “Мені әлі де көптеген нәрселер қызықтырады, бірақ Ехобаның баталары олардан әлдеқайда көп”.
15. Мәсіхшілер отбасында тәрбиеленбесе де, жастардың не жайлы ойлағандары дұрыс?
15 Әрине, қауымдарымызда мәсіхшілер отбасында өспеген жастар да бар. Сен де солардың бірі болсаң, өзіңе қандай мәртебе берілгені туралы ойлап көрші: сен Жаратушыңды білесің, әрі оған қызмет етіп жүрсің! Жер бетіндегі миллиардтаған адамның арасынан Ехоба бізді өзіне жақындатып тартып, шындықты ашты. Бұл нағыз бата емес пе?! (Жох. 6:44, 45) Бүгінде 1000 адамның 1-і ғана шындық жөнінде тура білім алған, ал солардың бірі сенсің. Шындыққа қалай келгенімізге қарамай, бұл бізді зор қуанышқа бөлейді емес пе?! (Қорынттықтарға 1-хат 2:12 оқы) Женер былай дейді: “Тірі Құдайға қызмет етіп жүргенім жайлы ойласам, толқып кетемін. Әлемнің Иесі Ехоба ескеретіндей мен кіммін сонша?” (Заб. 8:5) Тағы бір бауырлас өз сезімін былай деп жеткізді: “Ұстаздары таныса, шәкірттері марқайып қалады. Ендеше, Ұлы Тәлімгер Ехобаның сені танығанынан артық мәртебе бар ма?!”
СЕН НЕ ІСТЕЙСІҢ?
16. Бүгінде мәсіхші жастардың қандай жолды таңдағаны ақылдылыққа жатады?
16 Өзіңе қандай мәртебе берілгенін қарастырғаннан кейін, тура жолды таңдағандардың қатарында болуға деген шешімің бұрынғыдан да берік болсын. Осылай сен Құдайдың адал қызметшілеріне еліктейсің. Бұл ойланбастан осы дүниенің ағымымен жойылуға қарай кетіп бара жатқан көптеген жастарға еруден әлдеқайда жақсы (Қор. 2-х. 4:3, 4).
17—19. Осы дүниедегі жастарға ұқсауға қатысты байсалды көзқараста болуыңа не көмектеседі?
17 Осы дүниедегілерден өзгеше болу оңай емес, әрине. Бірақ бұл жайлы ойланар болсаң, мұның дұрыс екенін түсінесің. Мысалы, олимпиадаға қатысатын спортшыны алайық. Оның мұндай деңгейдегі спортшы болу үшін өзгелерге ұқсамау керектігінде сөз жоқ. Оған жаттығуға кететін уақытын ұрлайтын, көңілін алаңдататын біраз нәрселерден бас тартуға тура келетін шығар. Әйтсе де құрдастарына ұқсамауға ықыласты болғанының арқасында ол көбірек жаттыға алады, әрі өз мақсатына жетеді.
18 Осы дүниедегілер әрекеттерінің артын ойлай бермейді. Егер оларға ұқсамай, дүниенің өнегелік және рухани жағынан құлдырататын әрекеттерінен аулақ болсаң, “шынайы өмірді берік ұстанасың” (Тім. 1-х. 6:19). Жоғарыда сөздері келтірілген бауырлас былай деді: “Күнделікті нанымдарыңа сай өмір сүрсең, қанағат сезінесің. Бұл — Шайтанның дүниесінің ағымына қарсы жүзуге күшің бар деген сөз. Ал ең бастысы, Ехоба сені мақтан тұтып, күлімдеп тұрғандай болады! Сондай кездерде өзгелерге ұқсамайтыныңа қуанасың!”
19 Егер адам бүгінгі күнін ғана ойласа, өмірі босқа өтеді (Уағ. 9:2, 10). Осыны түсініп, өмірдің мәні мен болашағың туралы ойлап жүрсең, “осы дүниеліктер іспетті өмір сүрмей”, шынымен мағыналы өмірді таңдағаның дұрыс емес пе?! (Ефес. 4:17; Малх. 3:18)
20, 21. Дұрыс шешім қабылдағанымыздың нәтижесі қандай болады? Бірақ бұл үшін қандай талап қойылады?
20 Дұрыс шешім қабылдасақ, қазірдің өзінде қанағаттанарлық өмір кешеміз, әрі болашақта “жерді мұра етіп”, мәңгі өмір сүруге үмітіміз болады. Алдымызда күтіп тұрған баталардың бәрін тіпті елестете де алмаймыз (Мат. 5:5; 19:29; 25:34). Әрине, Ехоба әншейіннен-әншейін батасын бере салмайды, бізге қойылатын талап та бар (Жоханның 1-хаты 5:3, 4 оқы). Бірақ Құдайға адалдықпен қызмет етіп жүргеніміз зая кетпейді!
21 Ехобадан көл-көсір бата алып отырған біздер неткен бақыттымыз! Біздің Ехобаның Сөзіндегі шындық туралы тура біліміміз бар. Сонымен қатар оның өзі және ниеті жайлы шындықты білеміз. Біз оның есімімен аталу әрі оның Куәгері болу мәртебесіне иеміз. Ол бізге әрқашан қолдаймын деп уәде еткен (Заб. 117:7). Ендеше бәріміз, жасымыз да, кәріміз де, рухани мұрамызды қадірлейтінімізді және Ехобаны “мәңгі бақи даңқтауды” қалайтынымызды көрсете берелік (Рим. 11:33—36; Заб. 32:12).