Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

БІЗДІҢ МҰРАҒАТТАН

“Өте бағалы кезең”

“Өте бағалы кезең”

1870 жылы АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы Питтсбург (Аллегейни) қаласында бір кішкене топ Жазбаларды зерттей бастады. Чарлз Тейз Расселдің басшылығымен олар Мәсіхтің төлем құрбандығы жөнінде зерттеу жүргізіп, көп ұзамай оның Ехобаның ниетінде негізгі рөл атқаратынын түсінді. Төлем құрбандығының — тіпті Иса жайлы естімегендерге де — құтқарылуға жол ашатынын білгенде, олар зор қуанышқа кенелді. Ризашылық сезімі осы адамдарды Исаның қайтыс болған күнін жыл сайын атап өтуге талпындырды (Қор. 1-х. 11:23—26).

Расселл бауырлас төлем құрбандығы Құдай сүйіспеншілігінің айрықша көрінісі екенін паш ету мақсатымен “Сион күзет мұнарасы” атты басылымды шығара бастады. “Күзет мұнарасы” Мәсіхтің қайтыс болған уақытын еске алатын кезді “өте бағалы кезең” деп атады, сондай-ақ “бағалы сенімге ие болған екі не үш адам жиналса, тіпті ол жалғыз болса да, Иеміз онымен бірлікте болады” деп, өз оқырмандарын Питтсбургта немесе өзге бір жерде оңаша топ болып осы оқиғаны атап өтуге шақырды.

Питтсбургтегі Еске алу кешіне келушілердің саны жылдан жылға көбейе берді. Адамдарға “мұндағы жалындаған жүректер сендерді жылулықпен қарсы алады” деген шақыру жасалды. Расында да, жергілікті Киелі кітап зерттеушілері өздерінің рухани бауырластарын жылы шыраймен қарсы алып, ас-сумен қамтамасыз етті. 1886 жылы Исаның өлімін еске алу кезінде бірнеше күнге созылған “Жалпыға арналған кездесу” болды. “Күзет мұнарасы” адамдарды: “Иемізге, оның бауырларына және оның шындығына деген сүйіспеншілікке толы жүректеріңмен келіңдер”,— деп шақырды.

“Лондон киелі шатыры” ғимаратында Еске алу кешінің рәміздерін беру схемасы

Төлемге сенім білдіріп Еске алу кешіне келгендерге арнап Питтсбургтегі Киелі кітап зерттеушілері бірнеше жыл қатарынан конгрестер ұйымдастырды. Киелі кітап зерттеушілерінің қатары көбейген сайын, дүниежүзі бойынша ұйымдастырылатын Еске алу кештерінің де, оған келушілердің де саны арта берді. 1910 жылдары кездесуге келген жүздеген адамдардың арасынан рәміздерді өткізуге бірнеше сағат кететін, өйткені олардың бәрі дерлік рәміздерден дәм тататын деп Чикаго экклесиясысының (қауымының) мүшесі Рей Бопп есіне алды.

Қандай рәміздер қолданылды? “Күзет мұнарасында” Иеміздің кешкі асында Исаның шарап қолданғаны жайлы жазылса да, “тәні әлсіздерді” азғырмау үшін, шараптың орнына жүзім шырынын немесе компотын қолдану ұсынылды. Алайда “ашыған шарап қолданылу керек” деп есептейтіндерге шарап берілді. Кейіннен Киелі кітап зерттеушілері еш қоспасы жоқ қызыл шарап қана Исаның қанының лайықты бейнесі бола алатынын түсінді.

Мына қағаз бен қарындаш Никарагуадағы түрмеде Еске алу кешіне қатысқандардың санын жазу үшін камерадан камераға берілген

Исаның өлімін еске алу кезі бауырластарға терең ой жүгіртуге мүмкіндік берді. Дегенмен кейбір қауымдарда бауырластар бұл кездесу барысында қайғыға беріліп, соңында ләм-мим деместен үйді-үйіне тарқайтын. 1934 жылы жарық көрген “Ехоба” атты кітапта Еске алу кешін Исаның азапты өліммен өлгеніне қайғырып емес, керісінше, 1914 жылдан бері Патша ретінде билік етіп жатқанына қуанып өткізу керектігі айтылды.

1957 жылы Еске алу кешіне жиналған Мордовияның (Ресей) еңбек түзеу лагеріндегі бауырластар

1935 жыл болашақтағы Еске алу кештеріне зор әсерін тигізген елеулі өзгерістің орын алуымен есте қалды. Бұл — Аян 7:9-дағы “ұлы жамағат” сөзіне қатысты түсініктің өзгеруі. Сол уақытқа дейін Ехобаның қызметшілері бұл топты бағышталған, бірақ құлшынысы аз мәсіхшілер деп есептеп келген. Ал енді бұл жамағат жер бетіндегі жұмақта өмір сүруге үміттенетін адал қызметшілер екені анықталды. Осы жаңа түсініктен кейін Расселл Поггенси өз-өзін мұқият тексеріп: “Ехоба киелі рухы арқылы менің бойымда көкке баруға деген үміт оятқан жоқ”,— деп мойындады. Поггенси бауырлас және сол сияқты көптеген адал адамдар рәміздерден дәм татуын доғарса да, Еске алу кешіне келуді жалғастыра берді.

Осы “өте бағалы кезеңде” ұйымдастырылған уағыздауға арналған арнайы науқандар барлығына төлем құрбандығына деген ризашылығын білдіруге мүмкіндік берді. 1932 жылғы “Бюллетень” басылымы мәсіхшілерді тек рәміздерден дәм тататын “Еске алу кешінің әулиелері” болмай, қайта, шындықты жариялайтын “шынайы жұмысшылар” болуға шақырды. Ал 1934 жылы аталмыш басылым: “Еске алу кешінің уақытына 1000 адам табыла ма?”— деп қосалқы ізашарлық қызметті бастауға шақырды. “Информатор” * басылымында майланған мәсіхшілерге қатысты: “Патшалық жайлы уағыздағанда ғана олардың қуанышы толық болады”,— деген сөздер жазылды. Кейіннен бұл сөздер жер бетіндегі жұмақта өмір сүруге үміттенетіндердің жағдайына да қатысты болды.

Харольд Кинг оңаша камерада отырған кезінде Еске алу кеші жайлы өлең жолдары мен әндер жазған

Ехобаның халқы үшін Исаның өлімін еске алу кеші жыл бойындағы ең қасиетті кеш болып табылады. Олар бұл кешті ешқандай қиындыққа қарамастан атап өтеді. 1930 жылы Перл Инглиш пен оның қарындасы Ора Еске алу кешіне қатысу үшін 80 шақырым жаяу жүріп өткен. Миссионер Харольд Кинг болса Қытай түрмесіндегі оңаша камерада отырған кезінде Еске алу кеші жайлы өлең жолдары мен әндер жазған, сондай-ақ қара қарақат пен күріштен рәміздер жасаған. Шығыс Еуропада, Орталық Америка мен Африкадағы батыл мәсіхшілер соғыс жүріп жатса да, Еске алу кешін атап өтуге тыйым салынса да қорқынышқа бой алдырмаған. Қай жерде не қандай жағдайда болмайық, біз Еске алу кешінің өте бағалы кезеңінде бас қосып, Ехоба Құдай мен Иса Мәсіхті даңқтаймыз.

^ 10-абзац “Бюллетень” кейіннен “Информатор” деп аталды. Ал қазір бұл басылым “Біздің патшалық қызметіміз” деп аталады.