Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба дүниежүзілік тәлім беру ісіне бағыт беруде

Ехоба дүниежүзілік тәлім беру ісіне бағыт беруде

“Мен Құдайларың Ехобамын. Мен сендерге пайдалыны үйретемін, Жүрулерің тиіс жолмен жетелеймін” (ИШАЯ 48:17).

1. Біздің заманымызда мәсіхшілер уағыз ісінде қандай қиындықтарға кезікті?

КИЕЛІ КІТАП ЗЕРТТЕУШІЛЕРІ * ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында көп қиындыққа кезікті. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер іспетті, олар да көпшілікке ұнамайтын хабарды жариялады. Азғантай адамнан тұратын бұл топты жұрт аса білікті деп есептемейтін. Бұған қоса, олар Шайтан Ібілістің “қатты ашуына” ұшырамақ еді (Аян 12:12). Олар уағыз ісін “ерекше қиын уақыт” ретінде танымал болатын “соңғы күндері” атқармақ-тын (Тім. 2-х. 3:1).

2. Уағыз ісі алға басу үшін Ехоба не істеуде?

2 Бірақ Ехобаның ниеті мынау болды: оның халқы ізгі хабарды бұрын-соңды болмаған көлемде жариялайды, әрі бұған ештеңе тосқауыл бола алмайды. Ехоба ежелдегі халқы Исраилді Бабыл құлдығынан босатқандай, бүгіндегі қызметшілерін де дүниежүзілік жалған діндер империясы “Ұлы Бабылдың” құрсауынан босатты (Аян 18:1—4). Ол бізге пайдалы болатын тәлім беруде, тыныштық сыйлауда, сондай-ақ алған тәлімімізді өзгелерге үйретуге көмектесіп отыр (Ишая 48:16—18 оқы). Бұл Ехоба болашаққа үңіле алатын қабілетін пайдаланып, жер бетінде орын алатын жайттарды алдын ала біліп, сосын уағыз ісін алға бастыру үшін солардың әрқайсысының өрбу барысына ықпал етіп отыр дегенді білдірмейді. Әрине, кейбір жайттар уағыз ісінінің атқарылуына жайлы болады. Бірақ Шайтанның билігіндегі дүниеде қуғын-сүргінге не өзге қиындықтарға ұшырағанда, біз бұл істі тек Ехобаның көмегімен ғана атқара аламыз (Ишая 41:13; Жох. 1-х. 5:19).

3. “Шынайы білім” қалай молая түсуде?

3 Ехоба киелі рухының жетелеуімен Даниял пайғамбарға ақырғы уақытта “шынайы білімнің” молайатынын жаздырған (Даниял 12:4 оқы). Ехоба Киелі кітап зерттеушілеріне мәсіхшілер әлемі ұзақ уақыт жасырып келген Жазбалардың негізгі шындықтарын түсінуге көмектесті. Енді, міне, бүгінде біз Даниялдың пайғамбарлығы қалай жүзеге асқанын көріп отырмыз: Ехобаның халқы тура білімді дүниежүзі бойынша таратып жүр. 8 миллионға жуық адам Киелі кітаптағы шындықты қуана қабылдап, оны жер-жерге уағыздауда. Ізгі хабардың дүниежүзі бойынша таралуына қандай жайттар септігін тигізді екен?

КИЕЛІ КІТАП АУДАРМАСЫ

4. ХІХ ғасырда Киелі кітап қанша тілге аударылды?

4 Ізгі хабарды жариялауда көмек болып отырған жайттардың бірі — Киелі кітаптың кең таралғаны. Ғасырлар бойы мәсіхшілер әлемінің дінбасылары адамдардың Киелі кітапты оқығанын қаламады, оқығандарды қудалады, тіпті оны аударған кісілердің кейбірін өлім жазасына кесті. Алайда Киелі кітап қоғамдарының арқасында ХІХ ғасырда Киелі кітап толықтай не оның кейбір бөліктері 400-дей тілде қолжетімді болды. Осылай сол ғасырдың аяғына таман көптеген адам Киелі кітапқа ие болды, бірақ олардың ілімдерге қатысты тура білімдері жоқ еді.

5. Ехоба куәгерлері Киелі кітапты аудару ісіне қандай үлес қосты?

5 Киелі кітап зерттеушілері уағыздауға тиіс екендерін білді, сондықтан Киелі кітап ілімдерін талмай өзгелерге түсіндірді. Бұған қоса, түрлі аудармаларды қолданды әрі үлестірді. Олар 1950 жылдан бері “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасының” толық нұсқасын не кейбір бөліктерін 120-дан аса тілде басып шығарды. Ал 2013 жылы ағылшын тілінде “Жаңа дүние аудармасының” қайта қарастырылған нұсқасы жарық көрді. Бұл аударманы басқа тілдерге тәржімелеу әлдеқайда жеңіл. Ал түсінуге де, оқуға да жеңіл Киелі кітап тәлім беру ісін де жеңілдетеді.

ТЫНЫШТЫҚ ОРНАҒАН КЕЗЕҢДЕР

6, 7. а) Соңғы 100 жылда қандай соғыстар болды? ә) Кей елдерде біршама тыныштық орнаған кезеңдердің болғаны уағыз ісіне қалай әсер етуде?

6 Бәлкім, сен: “Дүниеде тыныштық орнаған кез болған ба?”— деп таңданарсың. Мысалы, ХХ ғасырда болған соғыстарда миллиондаған адам қаза тапты. Әсіресе екі дүниежүзілік соғыста көп адам қырылды. Алайда 1942 жылы, Екінші дүниежүзілік соғыс ушығып тұрған шақта, Ехоба куәгерлерінің арасында басшылықты қолға алған Нейтан Норр конгресте “Тыныштық ұзаққа созыла ма?” деген баяндама айтты. Баяндамасында ол Аян кітабының 17-тарауын түсіндіріп, сол кезде басталған соғыстан кейін Армагеддон емес, тыныштық орнайтын кезең болатынын дәлелдеді (Аян 17:3, 11).

7 Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанмен, бүкіл жер бетінде тыныштық орнамады. Бір есепке сай, 1946—2013 жылдар аралығында 331 әскери қақтығыс болған. Сол қақтығыстарда миллиондаған адам мерт болды. Десе де сол жылдары көптеген елдерде біршама тыныштық болған, әрі Ехобаның халқы ізгі хабарды алға жылжыту үшін осы уақытты тиімді пайдаланды. Бұның нәтижесі қандай болды? 1944 жылы жариялаушылардың саны дүниежүзі бойынша 110 000-ға жуық болатын. Ал бүгінде шамамен 8 000 000! (Ишая 60:22 оқы). Иә, бейбіт кезеңде ізгі хабарды көп адамға уағыздай аламыз.

КӨЛІК САЛАСЫ

8, 9. Көлік саласында қандай жетістіктер болды және бұл қызметімізге қалай әсер етуде?

8 Көлік саласының жетіле түсуі де уағыз ісіне оң әсерін тигізді. 1900 жылы — бұл кезде “Күзет мұнарасының” бірінші саны жарық көргеніне 21 жылдай болған — бүкіл Құрама Штаттарда 8 000-ақ автокөлік тіркелген еді. Ал көлікпен жүруге небәрі бірнеше жүз шақырым жол жарамды болатын. Бүгінде болса дүниежүзінде 1,5 миллиардтан аса көлік, миллиондаған шақырым жақсы жолдар бар. Осылай көліктер мен жолдардың арқасында шалғай аумақтарда тұратын адамдарға да ізгі хабар уағыздалуда. Бірақ тіпті жол жүру оңай емес жерлерде тұрып жатсақ, әрі ұзақ жолды жаяу жүру керек болса да, біз шәкірт дайындау ісіне қатысу үшін қолдан келгеннің бәрін істейміз (Мат. 28:19, 20).

9 Біз көліктің басқа түрлерін де қолданамыз. Мысалы, әдебиеттеріміз жүк таситын көліктер, кемелер, пойыздармен алыс аумақтарға бірер аптаның ішінде жеткізіледі. Аудандық бақылаушылар, филиал комитетінің мүшелері, миссионерлер мен өзге де бауырластар конгрестерге немесе жүктелген қызметтерін атқару үшін қажетті жерге ұшақпен тез арада жетеді. Сондай-ақ Басқарушы кеңестің мүшелері мен дүниежүзілік бас басқармада қызмет ететін басқа да бауырластар әртүрлі елдердегі бауырластарды жігерлендіру және нұсқаулар беру үшін ұшақпен барады. Осылайша көлік саласындағы жетістіктер Ехобаның халқының арасындағы бірлікке біршама үлес қосуда (Зәб. 133:1—3).

ТІЛ ЖӘНЕ АУДАРМА ІСІ

10. Неліктен ағылшын тілін халықаралық тіл деуге болады?

10 Бірінші ғасырда бүкіл Рим империясының тұрғындары негізінен койне, яғни жалпыхалықтық грек тілінде сөйлеген. Ал бүгінде ең кең тараған тіл қандай? Көпшілік ағылшын тілі дер еді. Бір кітапта: “Жер тұрғындарының төрттен бір бөлігі дерлік ағылшын тілінде еркін не азды-көпті сөйлейді”,— делінген (“English as a Global Language”). Иә, адамдар ең көп үйренетін тіл — ағылшын тілі. Себебі ол дүниежүзі бойынша сауда-саттық, саясат, ғылым мен техника салаларында ортақ тіл болып табылады.

11. Ағылшын тілі шындықтың таралуына қалай әсер етуде?

11 Ағылшын тілінің кең қолданыста болғаны шындықтың да кең таралуына ықпал етуде. Жылдар бойы “Күзет мұнарасы” мен басқа да әдебиеттеріміз ең алдымен ағылшын тілінде шыққан. Бұл тіл — Ехоба куәгерлерінің дүниежүзілік бас басқармасының ресми тілі. Сонымен қатар Паттерсондағы (Нью-Йорк, АҚШ) Күзет мұнарасының білім орталығында тәлім беру бағдарламасы негізінен осы тілде өтеді.

12. Біздің әдебиеттеріміз қанша тілге аударылады және бұған техниканың қандай пайдасы тиюде?

12 Бізге барлық халықтарға Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздау ісі тапсырылғандықтан, әдебиеттеріміз 700-ге жуық тілге аударылады. Бұл көлемді істе көптілді электронды баспа жүйесін (MEPS) қоса алғанда, компьютерлік техниканың дамуы көмегін тигізуде. Осының арқасында Патшалық туралы хабар кеңінен таралуда, сондай-ақ бұл дүниежүзіндегі бауырластардың бірлікте болуына ықпал етіп отыр. Сөйтсе де арамыздағы бірлікке ерекше ықпал етіп отырған — бәріміздің шындықтың “таза тілінде” сөйлегеніміз (Софония 3:9 оқы).

ЗАҢДАР МЕН СОТ ШЕШІМДЕРІ

13, 14. Қалай мәсіхшілер бүгіндегі заңдар мен сот шешімдерінің игілігін көруде?

13 Алдыңғы мақалада қарастырғанымыздай, ертедегі мәсіхшілер бүкіл империяға күші жүретін Рим заңының игілігін көрген. Бүгінгі таңда да мәсіхшілер заң жүйесі беретін құқықтарды пайдаланады. Мысалы, дүниежүзілік бас басқармамыз орналасқан Құрама Штаттардың Конституциясына сай әр адамның діни сенім, сөйлеу және жиын өткізу бостандығы бар. Осының арқасында сондағы бауырластар емін-еркін бас қосып, Киелі кітапты зерттеп әрі білгендерін өзгелерге айта алады. Десе де оларға соттарда белгілі бір құқықтарын қорғауға тура келген (Філіп. 1:7). Құрама Штаттардың соттарында уағыз айту құқығына қатысты істер қозғалғанда, бауырластар жоғарғы сот орындарында жиі жеңіске жетіп отырған.

14 Басқа елдерде де еркін ғибадат ету мен уағыз ісімізге қатысты сот істері болды. Кей елдерде бізге қарсы шешім қабылданды, бірақ біз халықаралық соттарға жүгіндік. Мысалы, 2014 жылдың маусымында Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Сот 57 істі біздің пайдамызға шешті, әрі бұл шешімнің күші Еуропа Кеңесіне кіретін елдердің бәріне дерлік жүреді. Бізді барлық ұлттар жек көрсе де, көп елдердің заңдары Ехобаға еркін ғибадат етуімізге жол береді (Мат. 24:9).

ТӘЛІМ БЕРУ ІСІМІЗГЕ ЫҚПАЛ ЕТКЕН ӨНЕРТАБЫСТАР

Біздің Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерімізді дүниежүзіндегі адамдар оқи алады

15. Баспа өнеркәсібінде қандай өзгерістер болды және бұл қызметімізге қалай әсер етті?

15 Баспа өнеркәсібінің дамуы да дүниежүзілік уағыз ісінің алға басуына ықпал етті. Иоганнес Гутенберг 1450 жылдары ойлап тапқан жайпақ баспа қалпы ғасырлар бойы қолданыста болды. Бірақ соңғы 200 жылда баспа өнеркәсібінде елеулі жаңалықтар орын алды: пресс-қалыптардың көлемі мен жылдамдығы артты, жабдықтары да күрделенді. Қағаз өнімдері мен кітап түптеу арзандады. Баспа қалыптарының орнына офсетті баспа тәсілі келді, бұл басу жылдамдығы мен өнімнің сапасын арттырды. Осының бәрі біздің қызметімізге әсер етті ме? Еш суретсіз, тек ағылшын тілінде ғана шыққан ең алғашқы “Күзет мұнарасының” (1879 жылдың шілдесі) таралымы 6 000 дана болған. Ал бүгінде, 136 жылдан кейін, ай сайын 200-ден аса тілде шығатын түрлі түсті осы журналдың таралымы 50 000 000-нан асады.

16. Уағыз ісіне өнертабыстардың қандай септігі тиюде? (Мақаланың басындағы суретті қара.)

16 Соңғы 200 жылда Құдай халқы қолданған өнертабыстарды қарастырып көрейік. Жоғарыда біз пойыз, автокөлік, ұшақ жөнінде айтып кеттік. Бірақ мыналарды да айта кеткен жөн: велосипед, жазба машинасы, Брайль жазбасына арналған құрылғылар, телеграф, телефон, фото және бейнекамералар, аудио және бейнемагнитафондар, радио, теледидар, слайдтар, компьютерлер, Интернет. Мұндай құралдар түрлі жолдармен шәкірт дайындау ісін атқаруға көмектесіп келеді. Ехобаның халқы “ұлттардың сүтін емеді” деген пайғамбарлыққа сай, біз Киелі кітап және соған негізделген әдебиеттер басып шығару үшін, заманауи техника сияқты ұлттардың жетістіктерін қолданып келеміз (Ишая 60:16 оқы).

17. а) Неге Ехобаның бізге батасын беріп отырғаны айдан анық деуге болады? ә) Неге Ехоба бізге өзімен қызметтес болу мәртебесін беріп отыр?

17 Өзіміз көріп отырғандай, Ехобаның бізге батасын беріп отырғаны айдан анық. Әрине, өз еркін жүзеге асыру үшін ол біздің көмегімізге мұқтаж емес. Қайта, сүюші Әкеміз бізге өзімен қызметтес болу мәртебесін беріп отыр. Осының арқасында біз оған және айналамыздағыларға деген сүйіспеншілігімізді көрсете аламыз (Қор. 1-х. 3:9; Мар. 12:28—31). Сондықтан жер бетіндегі ең маңызды іске, Патшалық туралы хабарды жариялау ісіне, қатысудың мүмкіндігін қалт жібермейік. Дүниежүзілік тәлім беру ісіне өзі бағыт беріп, әрі көл-көсір батасын төгіп отырғаны үшін Ехобаға алғысымызды білдірейік!

^ 1-абзац Киелі кітап зерттеушілері 1931 жылдан бері Ехоба куәгерлері деп аталады (Ишая 43:10).