Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жапонияға арналған тосын сый

Жапонияға арналған тосын сый

ЖАПОНИЯНЫҢ Нагоя қаласында 2013 жылдың 28 ақпанында өткен арнайы кездесуде Басқарушы кеңестің мүшесі Энтони Моррис бауырлас қуанышты хабарландыру жасап, тыңдаушыларды таңғалдырды. Бұл хабарландыру “Киелі кітап. Матай жазған ізгі хабар” атты басылымның жарық көргені жайлы еді. Осы қуанышты хабарландыруды естігенде, сол жерде жиналған әрі осы кездесуді онлайн трансляция арқылы көріп отырған 210 000-нан аса адамның барлығы ұзақ уақыт қол шапалақтады.

Жапон тіліндегі “Жаңа дүние аудармасынан” алынған 128 беттік Матайдың ізгі хабары — өте ерекше басылым. Моррис бауырлас бұл басылым “Жапон танабының мұқтаждығын қанағаттандыру” мақсатымен жасалғанын айтып түсіндірді. Бұл кітап несімен ерекше? Неліктен оны басып шығару қажет болды? Жұртшылық оны қалай қабылдады?

БҰЛ КІТАП НЕСІМЕН ЕРЕКШЕ?

“Матай” кітабының сырт көрінісі көпшілікті таңғалдырды. Жапон жазуын көлденеңінен де, тігінен де жазуға болады. Соңғы жарық көрген басылымдарды қоса алғанда, біршама журналдар мен кітаптардың мәтіні көлденең жазылды. Алайда осы жаңа басылымда мәтін жапон тіліндегі көптеген газеттер мен әдебиеттердегі іспетті тігінен жазылды. Жапон оқырмандарының көпшілігі бұны оқуға жеңіл жазу стилі деп қабылдайды. Бұған қоса, оқырмандар негізгі ойларды оңай көре алу үшін, әр беттің басында келтірілетін мәлімет мәтінге тақырыпшалар ретінде енгізілді.

Жапониядағы бауырластар “Матай” кітабын қолға ала салысымен-ақ оқи бастады. Сексендегі бір әйел бауырласымыз: “Мен Матай кітабын көп рет оқыдым, бірақ тігінен жазылған мәтін мен тақырыпшалар маған Таудағы уағызды тереңірек түсінуге көмектесті”,— деді. Бір жас әйел бауырлас былай деп жазды: “Мен “Матай” кітабын бір отырғанда-ақ оқып шықтым. Өзім көлденең жазылған мәтінге үйренгенмін, бірақ жапондықтардың көбісіне тігінен жазылған мәтін ыңғайлы”.

ЖАПОН ТАНАБЫНА АРНАЛҒАН

Неліктен Киелі жазбалардың әсіресе осы кітабы жапон танабының мұқтаждығына сай келеді деп айтуға болады? Көптеген жапондықтар Киелі кітаппен жақсы таныс болмаса да, олар оны оқуға кет әрі емес. Бұл жаңа басылым Киелі кітапты ешқашан көрмеген адамдарға Киелі жазбалардың осы бір бөлігін қолына алып, оқуға мүмкіндік береді.

Не себепті Матай кітабы таңдалынды? Жапондықтардың көпшілігі “Киелі кітап” деген сөзді естігенде, ойларына Иса Мәсіх түседі. Матай кітабында көптеген жапондықтарға қызықты болатын Исаның шежіресі мен туылуы, әйгілі Таудағы уағызы және соңғы күндерге қатысты әсерлі пайғамбарлығы бар болғандықтан, осы кітап таңдалынды.

Жапониядағы жариялаушылар үйден-үйге уағыздағанда және қайта барулар жасағанда осы жаңа басылымды құлшыныспен тарата бастады. Бір қыз бауырлас: “Қазір менде танаптағы адамдарға Құдай Сөзін ұсынуға көбірек мүмкіндік пайда болды. Мен тіпті “Матай” кітабын арнайы кездесу болған күні-ақ адамдарға ұсына алдым!”— деп жазды.

ЖҰРТШЫЛЫҚ ҚАЛАЙ ҚАБЫЛДАДЫ?

Жариялаушылар “Матай” кітабын қалай ұсынады? Көптеген жапондықтар “тар қақпа”, “інжу-маржандарыңды шошқалардың алдына лақтырмаңдар” және “ешқашан ертеңгі күнді ойлап уайымдамаңдар” деген сөздермен таныс (Мат. 6:34; 7:6, 13). Бұлар Исаның сөздері екенін білгенде, олар таңғалады. Ал бұл сөздерді Матай жазған ізгі хабардан көрсеткенде, олар: “Мен Киелі кітапты ең болмағанда бір рет оқып шықсам ғой деп әрқашан ойлайтынмын”,— деп жатады.

Жариялаушылар “Матай” кітабын қалдырған адамдарға қайта барғанда, олардың кейбірі кішкене бөлігін, ал өзгелері тіпті бүкіл кітапты оқып шыққандарын айтады. Алпыстағы бір адам жариялаушыға: “Бұл кітапты қайта-қайта оқып, жұбаныш таптым. Киелі кітап жайлы көбірек білгім келеді”,— деген.

“Матай” кітабы көпшілік орындарында да ұсынылуда. Қызметтің осы түрінде жүріп, бауырласымыз “Матай” кітабын алған бір жас әйелге өзінің электронды поштасының мекенжайын береді. Бір сағаттан кейін әлгі адам бауырласымыздың поштасына басылымды оқығанын және көбірек мәлімет алғысы келетінін жазып жібереді. Бір аптадан кейін, онымен Киелі кітап зерттеу сабағы басталады. Сосын ол көп ұзамай кездесулерге келе бастайды.

Жапониядағы қауымдарға бір жарым миллионнан аса “Киелі кітап. Матай жазған ізгі хабар” кітабы жөнелтілді. Бауырластар ай сайын оның ондаған мың данасын таратады. Осы басылымның алғы сөзінде баспашылардың сезімін паш ететін сөздер бар. Онда былай делінген: “Киелі кітаптың осы бөлігін оқығаныңыз Киелі жазбаларға деген қызығушылығыңызды арттыра түседі деп үміттенеміз”.