Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨМІРБАЯН

Біз анағұрлым табысты карьера таптық

Біз анағұрлым табысты карьера таптық

БІЗ Гвен екеуміз бес жасымыздан би билеуді үйрене бастадық. Бірақ ол кезде бір-бірімізді әлі танымайтын едік. Өсе келе, екеуіміз де балет карьерасын қуалауға белді бекем будық. Осы карьерамыздың ең шыңына жете бергенде, біз бұның бәрінен бас тарттық. Мұндай шешім жасауға не түрткі болды?

Дейвид: Мен 1945 жылы Англияның Шропшир өлкесінде дүниеге келдім. Әкемнің тыныш ауылды жерде фермасы болатын. Мектептен келген соң, мен тауықтарға жем беріп, жұмыртқаларын жинап, сондай-ақ ірі қара мен қойға қарауды жақсы көретінмін. Ал каникул кездері жер өнімін жинап, кейде тракторымызды айдап көмектесетінмін.

Алайда менде өзге бір іске деген қызығушылық ояна бастады. Кішкентай шағымда әуен естігенде, әкем менің билегім келіп тұратынын байқаған. Бес жасқа толғанымда, әкем мені жергілікті би мектебіне чечётка үйренуге бермекші болды. Сөйтіп, анам мені сол мектепке апарды. Ал би мұғалімі менің балетке деген қабілетімді байқап, сол биге де үйрете бастады. Он бес жасымда Лондондағы Корольдік балет мектебіне стипендия ұтып алдым. Сол жерде Гвенмен кезіктім. Кейіннен екеумізді бірге билейтін жұп етіп тағайындады.

Гвен: Мен көшелері азан-қазан болып жататын Лондон қаласында 1944 жылы туылдым. Кішкентай болсам да, мен Құдайға қатты сенетінмін. Бірақ Киелі кітапты қанша оқысам да, оны түсіну маған қиынға соғатын. Ал би мектебіне мені бес жасымда берді. Алты жылдан соң бүкіл Ұлыбританиялық жарыста жеңімпаз атанып, Корольдік балет мектебінің жасөспірімдерге арналған бөлімінде оқуға жолдама ұтып алдым. Бұл мектеп Лондонның шетіндегі Ричмонд саябағында орналасқан. Бұл георгиан үлгісінде салынған Уайт Лодж сарайы еді. Осы жерде мектебімді жалғастырдым, әрі әйгілі ұстаздардан балетті үйрендім. 16 жасымда Корольдік балет мектебінің жоғарғы курсына ауыстым. Ол Лондонның орталығында орналасқан еді. Мен осында оқып жүріп, Дейвидті кезіктірдім. Небәрі бірнеше айдан соң біз Лондонның Ковент-Гарден ауданындағы Корольдік опера театрындағы операларда би биледік.

Балет карьерасымен жүріп, дүниежүзінің сахналарында би биледік

Дейвид: Иә, Гвен айтып өткендей, балет карьерамыз шарықтап, біз әйгілі Корольдік опера театрында әрі Лондонның Фестиваль балеті (қазір Ағылшын ұлттық балеті деп аталады) тобының құрамында би биледік. Корольдік балет тобының хореографтарының бірі Германияның Вупперталь қаласында халықаралық би тобын құрып, бізді солист бишілер ретінде таңдап алды. Біз дүниежүзінің театрларының сахналарында Марго Фонтейн ханым мен Рудольф Нуреев сияқты өнер саңлақтарымен бірге би биледік. Алайда бәсекелестікке толы мұндай өмір адамды өркөкірек ететінін байқадым. Уақыт өте келе біз өзімізді толығымен балетке арнадық.

Гвен: Менің бар есіл-дертім мен бүкіл жан-тәнім биде болды. Дейвид те, мен де атақ-даңқтың шыңын бағындыруды қаладық. Мен қолтаңба беруді, гүл шоқтарын алуды және көрермендердің ду қол шапалағын естуді ұнататынмын. Өнер әлемінде жүрген ортам азғындық, шылым шегу, ішімдік ішу деген нәрселерге толы еді. Әріптестерім сияқты, мен де сәттілік әкелетін тұмарларға сенетінмін.

ӨМІРІМІЗ ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРДІ

Некеге тұрған кезіміз

Дейвид: Сахнада өткізген көптеген жылдардан кейін мен үнемі көшіп-қонып жүруден шаршадым. Ауылды жерде өскендіктен, қарапайым ауыл өмірін аңсай бастадым. Осылайша 1967 жылы үлкен сахнаны тастап, ата-анамның үйінің қасындағы үлкен фермаға жұмысқа орналастым. Ферманың иесі маған шағын үй жалдауыма рұқсат берді. Сосын, Гвенге телефон шалып, маған тұрмысқа шығуын өтіндім. Ал бұл кезде ол соло биші деңгейіне дейін көтеріліп, тасы өрге домалаған кез еді. Сондықтан да оған шешім қабылдау оңайға соқпады. Десе де ол менің ұсынысымды қабыл алып, ауыл өмірінен еш хабары болмаса да, қасыма көшіп келді.

Гвен: Иә, ауылдағы өмірге сіңісу қиын болды. Ауа райының ыстық-суығына қарамастан, сиыр сауу, шошқаларға азығын, тауықтарға жемін беру — мен үйренген өмірден мүлдем өзгеше еді. Дейвид мал ұстаудың заманауи әдістеріне үйрену үшін, ауылшаруашылық колледжінің тоғыз айлық курсына түсті. Ол кешкісін үйге қайтып келгенге дейін, мен өзімді жалғыз сезінетінмін. Сол уақытта біздің үлкен қызымыз Джилли дүниеге келді. Мен Дейвидтің айтуымен көлік жүргізуді үйренген едім. Бірде жақын маңдағы бір қалашыққа барғанымда, Гаелді көрдім. Мен бұл келіншекті жергілікті дүкендердің бірінде жұмыс істеп жүрген кезінде кезіктірген едім.

Некеге тұрғаннан кейінгі фермадағы алғашқы кезеңдер

Гаел мені үйіне бір шыны шайға шақырып, қонақжайлылық танытты. Екеуіміз тойдың суреттерін көрдік. Сонда “Патшалық сарайы” деген жазуы бар жерде тұрған бір топ адамның суретіне көзім түсті. Мен Гаелден бұл неғылған шіркеу екенін сұрадым. Ол күйеуі екеуі Ехоба куәгері екенін айтқанда, мен қуанып кеттім, өйткені әкемнің жағынан бір туысымыздың Куәгер болғаны есіме түсті. Сондай-ақ әкемнің оған қатты ашуланып, әрі оны жек көріп, әдебиеттерін қоқыс жәшігіне лақтырғаны да есіме түсті. Сол кезде мен әдетте жылы шырайлы әкемнің осындай мейірімді адамға неге сонша ашуланғанына таңғалған едім.

Ақырында, сол әпкемнің сенген ілімдері шіркеудің ілімдерінен несімен өзгеше екенін білудің мүмкіндігі туды. Гаел маған Киелі кітаптың шын мәнінде не нәрсеге үйрететінін көрсетті. Үшбірлік, өлмейтін жан сияқты көптеген ілімдердің Жазбаларға қайшы екенін білгенде таңғалдым (Уағ. 9:5, 10; Жох. 14:28; 17:3). Сондай-ақ Киелі кітаптан бірінші рет Құдайдың есімін көрдім (Мұс. 2-ж. 6:3).

Дейвид: Гвен естіп білгендерімен бөліскенде, бала кезімде әкемнің маған Киелі кітапты оқуым керектігін айтқаны есіме түсті. Сондықтан Гвен екеуміз Гаел және оның күйеуі Деррикпен Киелі кітапты зерттеуге келістік. Кішігірім ферманы жалға алу мүмкіндігі туғандықтан, біз алты айдан кейін Шропширдегі Освестри қаласына көшіп бардық. Сол жерде Дирдри есімді әйел бауырлас бізбен Киелі кітап зерттеуді жалғастырды. Оған зор шыдамдылық таныту қажет болды, өйткені малға қараудан қолымыз босамайтын. Сондықтан да алғашында біздің рухани өсуіміз баяу болды. Дегенмен уақыт өте келе шындық жүрегімізде жайлап-жайлап тамыр жая бастады.

Гвен: Мен үшін бөгет болған тағы бір нәрсе ырымшылдық еді. Ишая 65:11-дегі сөздер маған Ехобаның “Сәттілік құдайы үшін дастарқан жаятындарға” қалай қарайтынын түсінуге көмектесті. Сәттілік әкеледі деп сенген барлық тұмарларымнан арылу үшін маған ұзақ уақыт пен көп дұға айту қажет болды. “Өзін жоғарылатқан әркім төмендетіледі, ал өзін төмен тұтқан әркім жоғарылатылады” деген сөздерден Ехобаның қандай адамдарды ықыласына бөлейтінін түсіндім (Мат. 23:12). Біздің қамымызды ойлайтыны сонша — тіпті өзінің сүйікті Ұлын құрбандыққа берген Құдайға қызмет еткім келді. Сол арада тағы бір қызымыз дүниеге келді. Бүкіл отбасымызбен жер бетінде мәңгі өмір сүре алатынымызды білгенім жүрегімді қуанышқа бөледі.

Дейвид: Киелі кітаптағы пайғамбарлықтардың — атап айтқанда, Матай кітабының 24-тарауындағы және Даниял кітабындағы пайғамбарлықтардың — таңғаларлық жолмен орындалғанын білгенімде, бұның шындық екеніне көзім жетті. Сондай-ақ бұл дүниедегі еш нәрсе Ехобамен жақын қарым-қатынасқа тең келмейтінін түсіндім. Сондықтан уақыт өте келе мансапқорлығымнан арыла бастадым. Әйелім мен қыздарымның да жағдайын ойлау керектігін түсіндім. Філіпіліктерге 2:4-тегі сөздерден бар назарымды тек өз қара басыма және үлкенірек ферма алуға аудармай, қайта, Ехобаға деген қызметті өмірімде бірінші орынға қоюым керектігін ұқтым. Уақыт өте келе темекіні тастадым. Бізге сенбі күні кешкісін 10 шақырым жерде өтетін кездесулерге қатысуды жоспарлау қиынға соқты, себебі сол уақытта сиырларды сауу қажет болатын. Алайда біз бірде-бір кездесуді жіберген емеспіз, осы орайда Гвеннің көп көмегі тиді. Сондай-ақ әрбір жексенбі таңертең сиырларды сауып болған соң, қыздарымызбен қызметке шығып тұратынбыз.

Өміріміздегі өзгерістерге туыстарымыздың көңілі толмады. Гвеннің әкесі онымен алты жыл бойы сөйлеспей қойды. Менің ата-анам да Куәгерлермен араласуымызға тосқауыл қоймақшы болды.

Гвен: Ехоба бізді осы сынақтардың барлығында қолдап отырды. Басымызға қиындық түскен кездің бәрінде Освестри қауымындағы бауырластар жанымыздан табылып, біздің жаңа отбасымыз сияқты болып кетті (Лұқа 18:29, 30). 1972 жылы біз өмірімізді Ехобаға бағыштап, шомылдыру рәсімінен өттік. Неғұрлым көбірек адамға шындықты білуге көмектескім келгендіктен, жалпы ізашарлық қызметке білек сыбана кірістім.

БАТАСЫ МОЛ ЖАҢА КАРЬЕРА

Дейвид: Фермада жұмыс істеген жылдары көп тер төгуге тура келсе де, біз қыздарымызға рухани жағынан жақсы үлгі көрсетуге тырыстық. Кейіннен үкіметтің қысқарту шараларының салдарынан фермамыздан бас тартуға тура келді. Үйсіз, жұмыссыз қалғандықтан, басшылық пен көмек сұрап, Ехобаға дұға еттік. Сол уақытта үшінші қызымыз небәрі бір-ақ жаста еді. Әйелім екеуіміз отбасын қамтамасыз ету үшін, бойымыздағы дарынымызды қолданбақ болып, би студиясын ашуды шештік. Рухани істерді бірінші орынға қоюға тырысқанымыз, өз жемісін әкелді. Мектепті бітірген соң, үш қызымыз да ізашарлық қызметті бастады. Гвен де ізашар болғандықтан, қыздарымызға күнделікті қолдау көрсете алды.

Екі үлкен қызымыз Джилли мен Дениз тұрмысқа шыққан соң, би студиясын жауып тастадық. Сосын, қай жерде қажеттілік барын сұрап, филиалға хат жаздық. Филиал бізді Англияның оңтүстік-шығысындағы қалашықтарға жіберді. Қолымызда тек жалғыз қызымыз Дебби қалғандықтан, мен де ізашарлық қызметке кірістім. Бес жылдан кейін бізден елдің солтүстігіндегі қауымдарға көмек көрсетуімізді сұрады. Дебби тұрмысқа шыққаннан кейін, біз Зимбабве, Молдова, Венгрия мен Кот-д’Ивуарда халықаралық құрылысқа қатыстық. Осы мәртебелі қызметте 10 жыл болдық. Сосын, Лондондағы Бетел құрылысына қол ұшын беру үшін Англияға қайтып келдік. Ауылшаруашылығынан хабарым болғандықтан, бауырластар Бетел фермасына көмек көрсетуімді сұрады. Қазір біз Англияның солтүстік-батысында ізашар ретінде қызмет етудеміз.

Халықаралық құрылыстағы қызметіміз бізге зор қуаныш әкелді

Гвен: Алғашында өмірімізді балетке бағыштадық, сол кезең біраз қуаныш әкелгенімен, өткінші болды. Ал қазір өмірімізді ең маңызды іске, Ехобаға қызмет етуге арнап жүрміз. Бұл бізге зор қуаныш сыйлауда, әрі бұл қуаныш мәңгіге жалғасады. Күйеуім екеуміз әлі де серіктеспіз, бірақ бұл жолы биде емес, ізашарлық қызметте. Өзгелермен құнды әрі өмір сыйлайтын хабармен бөліскеніміз бізге шексіз қуаныш әкелуде. Бұл “кепілдеме хат” осы дүниенің кез келген атақ-даңқынан анағұрлым артық (Қор. 2-х. 3:1, 2). Шындықты таппағанда, қазір бізде бұрынғыдан қалған тек естелік, ескі суреттер мен театрға шақыру қағаздары ғана болар еді.

Дейвид: Ехобаның қызметіндегі карьерамыз өмірімізде үлкен өзгерістер жасады. Сондай-ақ маған күйеу әрі әке ретінде жақсара түсуіме септігін тигізді. Киелі кітапта Мәриямның, Дәуіттің және тағы басқа адамдардың өз қуаныштарын бимен көрсеткені жайлы жазылған. Ехобаның Жаңа дүниесінде біз де өзгелерге қосылып, би билейтін уақытты асыға күтудеміз (Мұс. 2-ж. 15:20; Сам. 2-ж. 6:14).