Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Сен “сергек боласың” ба?

Сен “сергек боласың” ба?

“Сергек болыңдар! Өйткені сендер сол күнді де, сағатты да білмейсіңдер” (МАТ. 25:13).

1, 2. а) Иса соңғы күндерге қатысты қандай жайтты ашты? ә) Біз қандай сұрақтарды қарастырамыз?

ЗӘЙТҮН ТАУЫНДА отырған Иса жоғарыдан Иерусалимдегі ғибадатханаға көз жіберді. Қасында отырған Петір, Әндір, Жақып, Жохандар оның болашаққа қатысты айтып жатқан ең керемет пайғамбарлығын ерекше зейінмен тыңдап отыр. Иса оларға өзі Патша тағында отырғанда, яғни зұлым дүниенің соңғы күндерінде, орын алуы тиіс көп жайттарды ашты. Сол бір маңызды кезеңде Исаның жер бетіндегі шәкірттеріне уақтылы рухани ас-су беріп тұратын өкілі болмақ еді. Ол бұл өкілдің “адал да ақылды құл” екенін айтты (Мат. 24:45—47).

2 Иса осы пайғамбарлығын аша түсіп, он қыз жайлы астарлы әңгімесін айтты (Матай 25:1—13 оқы). Енді, осы әңгімеге қатысты келесі сұрақтардың жауабын іздеп көрейік: 1) Бұл астарлы әңгіме қандай мақсатпен айтылды? 2) Адал майланған мәсіхшілер ондағы кеңесті қалай қолдануда және мұның нәтижесі қандай? 3) Бұл әңгіменің әрқайсысымыз үшін қандай пайдасы бар?

ОН ҚЫЗ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ ҚАНДАЙ МАҚСАТПЕН АЙТЫЛДЫ?

3. Бұрын он қыз туралы астарлы әңгіме қалай түсіндірілді және бұның нәтижесі қандай болуы мүмкін еді?

3 Алдыңғы мақалада айтылғандай, біраз жылдан бері адал құл кейбір Киелі кітап үзінділерінің бейнелі не пайғамбарлық мәніне емес, тәлімдік жағына көбірек назар аударуда. Бұрын біздің әдебиеттерімізде арагідік Исаның он қыз туралы астарлы әңгімесіндегі шам, май, құтылар тағы сол сияқты ұсақ-түйек заттардың да нені бейнелейтіні түсіндіріліп тұратын. Алайда мұнымен назарымыз әңгіменің қарапайым әрі қауырт хабарынан басқа жаққа ауып кеткен болуы мүмкін бе? Осы мақаладан көретініміздей, бұл сұрақтың жауабын білу аса маңызды.

4. Астарлы әңгімедегі а) күйеужігіттің және ә) қыздардың кім екендерін қалай анықтауға болады?

4 Он қыз туралы әңгіменің астарындағы ойға үңіліп көрейік. Алдымен, басты кейіпкерлерге назар аударайық: күйеужігіт кім? “Күйеужігіттің” Исаның өзі екені анық. Бұлай дейтін себебіміз — ол бірнеше жағдайда өзін “күйеужігіт” деп атаған (Лұқа 5:34, 35). Ал қыздар кімдер? Астарлы әңгімедегі қыздар күйеужігіт келгенде, жағулы шамдарын алып, дайын тұру керек болған. Бір ескеретін жайт — Иса “кішкене отарға” да осыны тапсырған: “Белдерің буулы, шамдарың жағулы болсын. Қожайынының үйлену тойынан оралуын күтіп жүрген құлдар сияқты болыңдар” (Лұқа 12:32, 35, 36). Оның үстіне, елші Пауыл да, елші Жохан да рухтың жетелеуімен майланған мәсіхшілерді қыздарға теңеген (Қор. 2-х. 11:2; Аян 14:4). Байқағанымыздай, Иса Матай 25:1—13 тармақтарда жазылған астарлы әңгімесін майланған ізбасарларына кеңес әрі ескерту болсын деп айтқан.

5. Он қыз туралы әңгімедегі кеңестің қай уақытқа қатысты берілгені неден көрінеді?

5 Енді уақытты қарастырайық: Исаның кеңесі қай уақытқа қатысты берілген? Бұл астарлы әңгімесінің соңына таман Исаның “Күйеужігіт келіп қалады” деген сөздерінен анық көрінеді (Мат. 25:10). Осы журналдың 2013 жылғы 15 шілдедегі санында талқыланғандай, Матай кітабының 24, 25-тарауларында жазылған Исаның пайғамбарлығында оның “келуі” жайында сегіз рет айтылған. Сегіз жағдайдың бәрінде гректің бір сөзі қолданылған. Сондай-ақ сол жағдайдың бәрі Исаның осы дүниені соттау және жою үшін келетін зор алапат кезіне нұсқайды. Демек, он қыз туралы астарлы әңгіме соңғы күндерге қатысты айтылған, бірақ әңгіменің түйіні шешілетін кез — зор алапат кезі.

6. Мәнмәтінін ескерер болсақ, он қыз туралы әңгіме қандай мақсатпен айтылған?

6 Иса он қыз туралы әңгімесін қандай мақсатпен айтты? Есімізде болса, ол Матай кітабының 24-тарауында өзінің адал да ақылды құлы болатыны туралы айтқан еді. Майланған мәсіхшілерден тұратын сол шағын топ соңғы күндері өмір сүретін мәсіхшілердің арасында басшылықты қолға алмақ еді. Иса соларды адалдықтан тайып кетпеуге шақырды. Ал келесі тарауда ол соңғы күндері өмір сүретін барлық майланған ізбасарларына арнап он қыз туралы әңгімесін айтып берді. Демек, бұл әңгіменің мақсаты — баға жетпес сыйларынан айырылып қалмау үшін оларды “сергек болуға” талпындыру (Мат. 25:13). Енді осы әңгімеге шолу жасап, ондағы кеңесті майланғандарың қалай қолданып жатқанын көрейік.

МАЙЛАНҒАНДАРДЫҢ ОН ҚЫЗ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕДЕГІ КЕҢЕСТІ ҚОЛДАНУЫ

7, 8. а) Ақылды қыздар ненің арқасында дайын болды? ә) Майланғандардың дайын екендері неден көрінеді?

7 Бұл әңгімеде ақылды қыздардың күйеужігіттің келуіне дайын болғанына баса назар аударылады. Неге олар дайын болды? Себебі олар алдын ала қамданды әрі қырағы болды. Күйеужігіттің келуін күту тапсырылған қыздардың бәрі түнімен шамдарын сөндірмей, сол бір қуанышты сәтті күтіп, қырағы болулары керек еді. Бес ақылды қыз ақылсыз құрбыларындай болған жоқ, алдын ала қамданып, шам ғана емес, құтыларына май да құйып әкелді. Майланғандар да осындай қам-қарекет жасады ма?

8 Әрине, жасады! Бүгінде, соңғы күндері, майланған мәсіхшілер ақылды қыздар сияқты, өздеріне тапсырылған істі ақырына дейін адал атқару үшін қамдануда. Бұл үшін Шайтанның дүниесі ұсынатын көптеген игіліктерден бас тарту керек. Майланғандар мұны түсінеді, әрі солай етуге дайын. Олар заманның ақыры жақындап қалғандықтан емес, Ехоба мен оның Ұлын жақсы көретіндіктен оған адал қызмет етуге бел буған. Майланғандар мінсіздіктерінен таймай, осы дүниенің рухының және оның мал-мүлікке, өнегелілік пен өзімшілдікке деген көзқарасының өздеріне әсер етуіне жол бермейді. Осылайша олар шамдарын дайын ұстаған ақылды қыздар сияқты, Күйеужігіт кешігіп жатқандай болып көрінсе де, оны шыдамдылықпен күте жүріп, шырақтай нұр шашуда (Філіп. 2:15).

9. а) Кез келген адамға қалғып кету тән екенін Иса қалай ескертті? ә) Майланғандар “Күйеужігіт келе жатыр!” деген айғайды “естігеннен” бері не істеуде? (Сілтемені қара.)

9 Ақылды қыздардың дайын болуына көмектескен келесі қасиет — қырағылық. Әрбір майланған мәсіхшінің ұзақ түнде ұйқыға берілмей, қырағы болуы мүмкін бе? Әрине! Есіңде болса, астарлы әңгімеде күйеужігіт кешігіп жатқандай болып көрінгенде он қыздың “барлығы қалғып, ұйқыға кеткені” айтылған. Иса мынаны жақсы білген: тәні әлсіз болғандықтан адам өзін қанша дайындаса да, қалғып кетуі мүмкін. Адал майланған мәсіхшілер тұспалдап айтылған осы ескертуді ойда ұстап, қырағы да сергек болу үшін бұрынғыдан да көп еңбектенуде. Астарлы әңгімеде айтылғандай, түнде қыздардың бәрі “Күйеужігіт келе жатыр!” деген айғайды естіп, әрекет еткен. Бірақ ақылды қыздар ғана ақырына дейін сергек болған (Мат. 25:5, 6; 26:41). Ал адал майланған мәсіхшілер жөнінде не деуге болады? Олар соңғы күндерде орын алғалы тұрған жайттардың айқын белгілерін қалт жібермей, былайша айтқанда “Күйеужігіт келе жатыр!” деген айғайды естіп, әрекет етуде. Олар да Күйеужігіттің келуіне әрқашан дайын болып, сергек жүр *. Енді астарлы әңгіменің немен біткеніне көңіл бөлейік. Әңгіменің бұл тұсы нақты уақыт аралығына нұсқайды.

АҚЫЛДЫ ҚЫЗДАРДЫҢ СЫЙЫ МЕН АҚЫЛСЫЗ ҚЫЗДАРДЫҢ ЖАЗАСЫ

10. Ақылды және ақылсыз қыздардың арасындағы әңгімеге қатысты қандай сұрақ туындайды?

10 Он қыз туралы астарлы әңгіменің ең шиеленіскен тұсы оқиғаның аяқ жағы, яғни ақылсыз қыздар мен ақылды қыздардың әңгімелескен жері болса керек (Матай 25:8, 9 оқы). Осыған орай мынадай сұрақ туындайды: “Көмек сұраған адамға майланған мәсіхшілердің қол ұшын бермей қойған кезі болған ба?” Бұл сұраққа жауап табу үшін тағы да уақытты қарастырып көрейік. Есімізде болса, айқындала түскен түсінігімізге сай, Иса, яғни Күйеужігіт, сот жүргізу үшін зор алапаттың соңына таман келеді. Ендеше, астарлы әңгіменің бұл тұсы зор алапат бітер алдында болатын оқиғаларға нұсқаса керек. Ал ол уақытта майланғандарға шешуші белгі салынып қойылады.

11. а) Зор алапаттың дәл басталар алдында не болады? ә) Ақылды қыздардың ақылсыз қыздарды май сатушыларға жібергені не нәрсеге нұсқайды?

11 Осылайша адалдығын сақтаған жер бетіндегі барлық майланғандарға шешуші белгі зор алапат басталмас бұрын салынады (Аян 7:1—4). Олардың көкке баратыны сол кезден бастап нақты белгілі болады. Алайда зор алапат басталғанға дейінгі жылдар туралы ойланып көрейікші. Сергек болмай, мінсіздіктерінен айырылып қалған майланған мәсіхшілерге не болмақ? Олар көкке бару мүмкіндігінен айырылады. Оларға зор алапаттың алдында шешуші белгі салынбайды. Бұл кезде басқа адал мәсіхшілер майланып қойылады. Зор алапат басталып, Ұлы Бабыл жойылғанда, бұл әлгі ақылсыз болып шыққандар үшін төбелерінен жай түскендей болуы мүмкін. Олар сол кезде ғана Күйеужігіттің келуіне дайын болмағандарын түсінетін шығар. Сондай қысылтаяң шақта олар жанталаса көмек сұраса ше? Бұл сұрақтың жауабын Исаның астарлы әңгімесінен табамыз: ақылды қыздар сатушыларға барып сатып алыңдар деп, майларынан беруден бас тартты. Есімізде болса, бұл кезде “түннің дәл ортасы” болатын. Мұндай уақытта олар май сатушыларды таба алар ма еді? Әрине, жоқ. Олар кеш қалған еді.

12. а) Мінсіздіктерін сақтамаған майланғандарға зор алапат кезінде көмек беру мүмкін бе? ә) Ақылсыз қыздарға ұқсағандардың ақыры қандай болады?

12 Сол сияқты адалдықтарынан таймаған майланғандар адал болудан қалғандардың ешқайсысына зор алапат кезінде көмектесе алмайды. Бұл кезде көмек көрсетуге тым кеш болады. Ендеше, адалдықтарын сақтамағандардың ақыры не болмақ? Иса ақылсыз қыздар босқа әуре болып, сатушыларға кеткенде не болғанын былай баяндады: “[Сол кезде] күйеужігіт келіп қалады. Дайын тұрған қыздар онымен бірге той болатын үйге кіреді де, арттарынан есік жабылады”. Зор алапаттың соңына таман салтанатқа бөленген Иса Мәсіх келгенде, адалдықтарынан таймаған майланған қызметшілерін көкке жинайды (Мат. 24:31; 25:10; Жох. 14:1—3; Сал. 1-х. 4:17). Ал ақылсыз қыздарға ұқсағандар үшін, яғни адалдықтарын сақтамағандар үшін есік жабылады. Олар, былайша айтқанда: “Мырза, мырза! Есікті аша көріңіз!”— деп айғайлайтын шығар. Бірақ Исаның жауабы сот күні серке сияқты адамдарға берген жауабы іспетті болады: “Шын айтамын, мен сендерді танымаймын!” Неткен өкінішті жайт! (Мат. 7:21—23; 25:11, 12).

13. а) Неге майланған мәсіхшілердің біразы адалдығын сақтамайды деген тұжырым жасамаған дұрыс? ә) Неге он қыз туралы астарлы әңгімеден Исаның майланғандарға деген сенімділігі көрінеді деуге болады? (Мақаланың басындағы суретті қара.)

13 Жоғарыда айтылғандарды ескерсек, қандай тұжырымға келуіміз мүмкін? Иса майланған қызметшілерінің біразы адал болмай, орнына басқаларды таңдау керек болатынын айтты ма? Жоқ. Есімізде болса, Матай кітабының 24-тарауында ол “адал да ақылды құлды” зұлым құлға айналып кетпеуге ескерткен. Бұл Иса солай болады деп күткен дегенді білдірген жоқ қой. Сол сияқты он қыз туралы астарлы әңгіме де пәрменді ескерту ретінде айтылған. Он қыздың бесеуі ақылды, ал бесеуі ақылсыз болғаны іспетті, алдын ала қамдану мен қырағы болу немесе ақымақ әрі опасыз болу әрбір майланған мәсіхшінің өз қолында. Елші Пауыл да майланған бауырластарына осыған ұқсас сөздер жазған (Еврейлерге 6:4—9 оқы; Мұсаның 5-жазбасы 30:19 салыстыр). Байқасаңдар, Пауыл қатаң ескерту жасаған, бірақ артынша бауырластарының өз сыйларын алатындарына деген сенімділік білдірген. Исаның он қыз туралы астарлы әңгімесіндегі ескертуден де сүйіспеншілік пен сенімділік байқалады. Иса Мәсіх өзінің майланған қызметшілері адалдықтарынан таймай, керемет сыйларын ала алатындарын біледі!

АСТАРЛЫ ӘҢГІМЕНІҢ “БАСҚА ҚОЙЛАР” ҮШІН ПАЙДАСЫ

14. Неге он қыз туралы астарлы әңгіменің “басқа қойлар” үшін де пайдасы бар деуге болады?

14 Иса он қыз туралы астарлы әңгімесін майланған ізбасарларына қатысты айтқан. Ал “басқа қойлар” үшін бұл әңгіменің пайдасы бар ма? (Жох. 10:16). Әрине, бар! Есімізде болса, астарлы әңгіменің мақсаты өте қарапайым: “Сергек болыңдар!” Бұл сөздер тек майланғандарға қатысты ма? Бірде Иса: “Сендерге айтқанымды бәріне де айтамын: сергек болыңдар!”— деген (Мар. 13:37). Оның барлық ізбасарларына қояр талабы — адал қызмет ету үшін жүректерін дайындау және сергек болу. Сондықтан барлық мәсіхшілер қызметті бірінші орынға қойып, майланғандардың үлгісіне еліктей алады. Тағы бір есте ұстарлық жайт — ақылсыз қыздар ақылды қыздардан майларынан беруді сұраған. Олардың бұл өтініші мынаны еске салады: біз үшін ешкім адал бола алмайды, шындық жолында да берік тұра алмайды, сергек те бола алмайды. Әрқайсысымыз Ехоба тағайындаған әділ Төрешінің алдында өзіміз жауап береміз. Біз соған дайын болуымыз керек. Ал ол жуырда келеді!

Ақылсыз қыздардың май сұрағаны біз үшін ешкімнің адал не сергек бола алмайтынын есімізге салады

15. Неге Мәсіх пен қалыңдықтың некелесуі барлық мәсіхшілерді қуанышқа бөлейді?

15 Исаның әңгімесіндегі басты жайттың да барлық мәсіхшілер үшін пайдасы бар. Иә, өзіміз күтіп жүрген көктегі неке салтанаты қайсысымызды қуантпайды дейсің! Болашақта майланғандар көктен орын алып, Армагеддоннан кейін Мәсіхтің қалыңдығы болады (Аян 19:7—9). Сол кезде жер бетіндегілердің бәрі сол некенің игілігін көреді, өйткені ол мінсіз үкіметтің орнайтынына кепілдік береді. Мейлі көкте не жерде өмір сүруге үміттенейік, он қыз туралы астарлы әңгімедегі маңызды сабақтан тәлім алуға белімізді бекем буайық. Осылай жүрегімізді дайындау, сергек болу арқылы Ехоба біз үшін даярлап отырған керемет өмірдің рақатын көруге қамданайық!

^ 9-абзац Астарлы әңгімеден көрінетіндей, “Күйеужігіт келе жатыр!” (6-тармақ) деген айғай шыққан кез бен күйеужігіттің шынымен келген кезінің (10-тармақ) арасында белгілі бір уақыт өткен. Соңғы күндер басталғалы майланғандар қырағы жүріп, Исаның осында болуының белгісін көре білді. Сондықтан олар Исаның Патша ретінде билік етіп отырғанын біледі. Сөйтсе де Иса келгенге дейін сергек жүру үшін олар күш салу керек.