Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Тек Иеміздің ізбасарымен” неке құру. Бұл әлі де мүмкін бе?

“Тек Иеміздің ізбасарымен” неке құру. Бұл әлі де мүмкін бе?

“Қауымнан өзіме жар таба алмадым, мен қартайғанда жалғыз қалудан қорқамын”.

“Осы дүниедегі кейбір жігіттер мейірімді, сүйкімді әрі салмақты. Олар менің ұстанатын дініме қарсы емес, тіпті кейбір ер бауырластардан да артық”.

Құдайдың некелік серік іздеп жүрген кейбір қызметшілері осындай пікірлер айтып жатады. Десе де олар барлық мәсіхшілерге қатысты айтылған елші Пауылдың “тек Иеміздің ізбасарымен” некелесу керек деген кеңесін жақсы біледі (Қор. 1-х. 7:39). Онда неліктен мұндай пікірлер айтылады?

НЕГЕ КЕЙБІРЕУЛЕР КҮМӘНДАНАДЫ?

Жоғарыдағыдай пікірлерді айтатындар қауымдағы некеге тұруға құқы бар ер бауырластар мен қыз бауырластардың саны бір-біріне сәйкес келмейді дегенді алға тартатын шығар. Көп елдерде бұл шынымен де солай. Екі мысал қарастырайық: Кореяда, орта есеппен, 100 салтбасты бауырластың 57-сі қыз, ал 43-і ер бауырлас. Колумбияның есебіне сай, сол елдегі Куәгерлердің 66 пайызы қыз, ал 34 пайызы ер бауырлас.

Кейбір елдерде тағы бір қиындық бар. Атап айтқанда, қыз бауырластың сенімін бөліспейтін ата-анасы үлкен қалыңмал талап ететіндіктен, үйленгісі келетін, бірақ қарапайым өмір сүретін ер бауырластың мұны қалтасы көтермеуі мүмкін. Осындай қиындыққа тап болған қыз бауырлас “тек Иеміздің ізбасарларының” арасынан жар табу мүмкіндігі жоқтың қасы деп ойлар. Сөйтіп, оны келесідей сұрақ мазалауы ықтимал: “Бауырластардың арасынан лайықты жар табу мүмкін бе?” *

ЕХОБАҒА СЕНІМ АРТУ МАҢЫЗДЫ

Егер сені де осындай ой мазалаған болса, Ехоба жағдайыңды жақсы білетініне сенімді бол. Оның осы мәселеге қатысты сезімдеріңді толық түсінетіні сөзсіз (Шеж. 2-ж. 6:29, 30).

Сонда да Ехоба өз Сөзінде тек Иеміздің ізбасарымен неке құру керектігін айтқан. Неге? Өйткені ол өз халқының игілігін ойлайды. Ол бізді қате шешімнің зардаптарынан қорғап қана қоймай, бақытты болғанымызды да қалайды. Нехемияның күндерінде көп яһудилер Ехобаға ғибадат етпейтін бөтен ұлттардан әйел алғанда, Нехемия Сүлейменнің жаман үлгісін тілге тиек етіп: “Құдай оны [Сүлейменді] жақсы көрді... Алайда жатжерлік әйелдер тіпті оның өзін күнә жасауға еліктірді”,— деген (Нех. 13:23—26). Қызметшілерінің игілігін ойлағандықтан, Ехоба олардан тек шынайы ғибадат етушілермен ғана неке құруды талап етеді (Зәб. 19:7—10; Ишая 48:17, 18). Шынайы мәсіхшілер Құдайдың сүйіспеншілікпен берген басшылығын ризашылықпен қабылдайды, әрі оның басшылығына сенім артады. Осылайша Құдайға Басшы ретінде бағынуымен олар оны Әлемнің Әміршісі ретінде мойындайтынын көрсетеді (Нақ. с. 1:5).

Әрине, Құдаймен қарым-қатынасыңды бұзатын сенбейтін адаммен бір мойынтұрық кигің келмейтіні анық (Қор. 2-х. 6:14). Бүгінде көп мәсіхшілер Құдайдың уақыт сынағынан өткен және адамға қорған болатын басшылығына мойынсұнып, бұның шынымен дана кеңес екенін түсінген. Бірақ керісінше әрекет еткендер де бар.

БҰЛ ӘЛІ ДЕ МҮМКІН

Австралиядағы Мэгги * есімді бауырлас сенбейтін бір жігітпен кездесе бастағанда, не болғанын айтып, былай дейді: “Мен онымен бірге болу үшін, көп қауым кездесулеріне қатыспадым. Рухани күйім лезде құлдырап кетті”. Ал Индиядағы Ратана есімді бауырлас Киелі кітап зерттеп жүрген бір сыныптасымен кездесе бастайды. Алайда уақыт өте келе әлгі жігіттің шынайы ниеті анықталды: ол шындықты танып-білуді емес, Ратанамен көңіл қосуды қалаған екен. Ақыр соңында, бауырласымыз әлгі жігітпен неке құру үшін шындықтан кетіп, өзге бір дінді қабылдайды.

Ал енді Камерундағы Нденка есімді бауырластың мысалын қарастырайық. Тұрмысқа шыққанда, оның жасы небәрі он тоғызда болатын. Болашақ жары оның дініне еш қарсылық білдірмейтінін уәде етеді. Бірақ некеге тұрғандарына екі апта болысымен-ақ, күйеуі оған қауымға баруға тыйым салады. Нденка былай дейді: “Мен өзімді жападан-жалғыз қалғандай сезіндім, көз жасым көл болды. Ендігәрі өз өміріме өзім басшылық ете алмайтынымды түсіндім. Өкініштен өзегім өртенді”.

Әлбетте, сенбейтін жұбайлардың барлығы бірдей қатыгез әрі парықсыз бола қоймас. Тіпті сенбейтін адаммен құрылған некенің ащы зардабын тартпасаң да, сүйіспеншілікке толы көктегі Әкеңмен қарым-қатынасыңмен не болмақ? Құдайдың сенің игілігіңді ойлап берген кеңесіне құлақ аспағаныңды ойлағанда, не сезінесің? Ал, ең бастысы, Ехоба осы шешіміңе қалай қарайды? (Нақ. с. 1:33).

Дүниежүзі бойынша көптеген ер және қыз бауырластар “тек Иеміздің ізбасарымен” некелесу қажет деген нұсқаудың ең жақсы кеңес екенімен келіседі. Салтбасты бауырластар жарды тек шынайы ғибадат етушілердің арасынан таңдауға бел буу арқылы Құдайдың жүрегін қуанышқа бөлейді. Жапониядағы Мичико есімді қыз бауырласты туыстары сенбейтін адамға тұрмысқа шығуға көндіруге тырысады. Осы қысымға төтеп берумен қатар, оған құрбылары мен достарының қауымда өз жарларын тауып жатқанын көруге тура келеді. Ол былай дейді: “Ехоба “бақытты Құдай”, демек, біздің бақытымыз салтбасты не некеге тұрғанымызға байланысты емес деп өзіме қайта-қайта айтатынмын. Сондай-ақ оның жүрек қалауымызды орындайтынына да сенемін. Некеге тұрғымыз келіп, бірақ жар таба алмасақ, ең дұрысы — уақыты келгенше салтбасты болып қала беру” (Тім. 1-х. 1:11). Ақырында, Мичико тамаша бауырласқа тұрмысқа шықты. Мичико осынша уақыт күткеніне еш өкінбейді.

Кейбір ер бауырластар да лайықты жар тапқанға дейін, біраз уақыт күткен. Австралиялық Билл — осындай бауырластардың бірі. Ол кейде Куәгер емес қыздарға көңілі ауғанын мойындайды. Бірақ оларға тым жақындаудан барынша аулақ болған. Неге? Өйткені “сенбейтінмен бір мойынтұрық” киюге тіпті алғашқы қадам да жасағысы келмеген. Біраз жылдардың ішінде оның бірнеше қыз бауырласқа көңілі ауады, бірақ олардың оған деген еш сезімі болмайды. Оған өз теңін тапқанға дейін 30 жыл күтуге тура келеді. Билл: “Мен еш өкінбеймін”,— дейді де, бұнысын әрі қарай былай түсіндіреді: “Мен өзімді бақытты сезінемін. Өйткені әйелім екеуіміз қызметке шығамыз, зерттеу жүргіземіз, бірге ғибадат етеміз. Оның достарымен араласуға да, бас қосуға да қуаныштымын, себебі барлығымыз жалғыз Құдай Ехобаға ғибадат етеміз. Жұбайым екеуміз Киелі кітап принциптерін қолданып, некемізді нығайтудамыз”.

ЕХОБАНЫ КҮТУ БАРЫСЫНДА

Бар уайымыңды Ехобаның қолына табыстаған соң, не істей аласың? Неліктен осы уақытқа дейін неке құрмағаның жайлы ойлан. Егер бұның негізгі себебі Киелі кітаптағы “тек Иеміздің ізбасарымен” некелесуге қатысты нұсқауды ұстанғаның болса, онда Құдайдың осы талабына мойынсұнып жүргенің мақтауға тұрарлық. Құдай Сөзіне мойынсұнуға деген берік шешімің Ехобаның жүрегін қуантатынына сенімді бол (Сам. 1-ж. 15:22; Нақ. с. 27:11). Әрі қарай да Құдайға дұға етіп, “жүрек сырларыңды ақтара” бер (Зәб. 62:8). Жан тәніңмен әрі үздіксіз айтқандықтан, дұғаларың одан сайын мағыналы бола түседі. Ішкі және сыртқы қысымдарға төтеп беру барысында, Құдаймен қарым-қатынасың күн өткен сайын нығая түседі. Құдай Тағала өзінің адал қызметшілерінің қамын ойлайтынына әрі оның көз алдында аса бағалы екеніңе сенімді бол. Ол сенің мұқтаждықтарың мен ыстық қалауларыңды елеусіз қалдырмайды. Құдай ешкімге жар тауып беруді уәде етпейді. Дегенмен шынымен өмірлік серікке мұқтаж болсаң, Құдай сенің орынды қалауларыңды қалай ең дұрыс жолмен қанағаттандыру керектігін біледі (Зәб. 145:16; Мат. 6:32).

Кейде өзіңді: “Тезірек жауап қатшы, уа, Ехоба, Қажыр-қайратым таусылып барады. Менен жүзіңді жасырмашы”,— деген Зәбүр жыршысы Дәуіт сияқты сезінерсің (Зәб. 143:5—7, 10). Мұндай кездері көктегі Әкеңе саған қатысты еркі қандай екенін көрсетуге мүмкіндік бер. Мұны Құдай Сөзін оқуға және оқығандарың жайлы терең ой жүгіртуге уақыт бөлу арқылы істей аласың. Сонда оның заң-талаптарын жақсырақ біліп, әрі ертеде өзінің халқына қатысты қалай әрекет еткенін білетін боласың. Оның сөзіне үнемі мойынсұнар болсаң, Құдайға құлақ асудың даналық екеніне көзің жете түседі.

Салтбасты бауырластар қауым үшін өте бағалы, олар жиі отбасыларға және жастарға қолдау көрсетіп жатады

Салтбасты жылдарыңды қуанышты әрі жемісті ету үшін тағы не істей аласың? Салтбастылығыңды отбасы өмірін бақытты етуге көмектесетін қасиеттерді дамыту үшін қолдан, атап айтқанда, рухани түсінік, жомарттық, еңбекқорлық, адамгершілік, Құдайға шын берілгендік дамыт, сондай-ақ жақсатқа ие бол (Мұс. 1-ж. 24:16—21; Рут 1:16, 17; 2:6, 7, 11; Нақ. с. 31:10—27). Уағыздау қызметіне және өзге де рухани істерге толығымен қатысып, Патшалықты өміріңде бірінші орынға қоюға тырыс. Жоғарыда аталып өткен Билл үйленгісі келіп жүрген жылдарды есіне алып, былай дейді: “Олар зымырап өте шықты! Өйткені уақытымды Ехобаға арнап, ізашар ретінде қызмет еттім”.

“Тек Иеміздің ізбасарымен” некелесу — мүмкін нәрсе. Аталмыш нұсқауға құлақ асқаның Ехобаға даңқ әкеледі, әрі сені мәңгілік қанағат сезіміне бөлейді. Киелі кітапта былай делінген: “Ехобадан қорқатын, Бұйрықтарынан зор қуаныш табатын адам бақытты. Оның үйі байлық пен дәулетке толады, Әділ істері мәңгі бақи қалады” (Зәб. 112:1, 3). Сондықтан да Құдайдың “тек Иеміздің ізбасарымен” некелес деген талабына мойынсұнуға бел бу.

^ 7-абзац Бұл мақалада мәселені қыз бауырластың тарапынан қарастырғанымызбен, мұндағы принциптер ер бауырластарға да қатысты.

^ 13-абзац Кейбір есімдер өзгертілген.