Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ақсақалдар, өзгелерді үйрету ісіне уақыт бөліп жүрсіңдер ме?

Ақсақалдар, өзгелерді үйрету ісіне уақыт бөліп жүрсіңдер ме?

“Әр нәрсенің өз уақыты бар” (УАҒ. 3:1).

1, 2. Аудандық бақылаушылар қауымдардағы қандай жайтты байқаған?

БІР аудандық бақылаушы ақсақалдар кеңесімен өткізген кездесуін аяқтар алдында сондағы ақсақалдарды көзімен шолып өтті. Кейбірі оған әке болуға жарайтын сол еңбекқор бағушыларға қарап тұрып, оның бойын бір жылы сезім биледі. Сөйтсе де оны бір мәселе мазалады, сондықтан ол: “Бауырластар, қауым істерін атқаруды басқа да ер бауырластарға үйрету үшін қандай жұмыс жасалды?”— деп сұрады. Бұлай сұрауының себебі — ол соңғы сапарында оларды үйрету ісіне көбірек уақыт бөлуге талпындырған еді. Ақырында бір ақсақал: “Тоқ етерін айтар болсақ, жарытып ештеңе істемедік”,— деді. Қалғандары онымен келісіп, бастарын изеді.

2 Егер сен ақсақал болсаң, жоғарыдағы сұраққа қалай жауап берер едің? Бәлкім, сен де әлгі ақсақалдың сөзімен келісерсің. Дүниежүзіндегі аудандық бақылаушылардың байқауынша, біраз қауымдарда ақсақалдарға ер бауырластарды, жасын да, кәрісін де, отарды қамқорлауды үйретуге көбірек уақыт бөлу керек. Алайда бұл оңайға соқпауы мүмкін. Неге?

3. а) Ер бауырластарды қауымды қамқорлауға үйретудің маңызды екені Жазбалардан қалай көрінеді? (Сілтемені қара.) ә) Неге бұл кейбір ақсақалдарға қиын болуы мүмкін?

3 Ақсақалдар, сендер бауырластарды үйрету ісіне арнайы уақыт бөлу керектігін жақсы түсінесіңдер *. Қауымдарың рухани мықты болу үшін әрі жаңа қауымдар құрылу үшін ер бауырластардың көп болғаны жақсы екенін де білесіңдер (Ишая 60:22 оқы). Құдай Сөзі ақсақалдарды “өзгелерге тәлім беруге” шақыратыны да сендерге аян (Тімөтеге 2-хат 2:2 оқы). Әйтсе де бірінші абзацта сөз етілген ақсақалдарға оңай болмағаны сияқты, сендерге де бұл оңай емес шығар. Өйткені сендер атқаратын тірлік көп: отбасы қамы, жұмыс, қауым істері мен басқа да қауырт істер. Сондықтан ер бауырластарды қауымды қамқорлауға үйрету үшін мүлдем уақыт жоқ болып көрінетін болар.

ӨЗГЕЛЕРДІ ҮЙРЕТУ — ҚАУЫРТ ІС

4. Кейбір ақсақалдар қандай себеппен өзгелерді үйрету ісін кейінге ысыра беруі мүмкін?

4 Кейбір ақсақалдарға өзгелерді үйрету ісіне уақыт бөлу не себепті қиын болуы мүмкін? Бәлкім, олар мынадай ойда шығар: “Әрине, өзгелерді үйрету маңызды, бірақ қауымда одан да қауырт істер бар ғой. Үйрету ісін кейінге ысыра тұрсам, бұл қауымға еш әсер ете қоймас”. Қауымдағы біраз істерді күттірмей шешу керек екені рас. Алайда өзгелерді үйрету ісін кейінге ысыра бергеніміз қауымның рухани күйіне кері әсер етуі мүмкін.

5, 6. Жүргізуші туралы мысалдан не нәрсеге үйренуге болады?

5 Мынадай мысалды қарастырып көрейікші: жүргізуші көлігінің қозғалтқышы дұрыс жұмыс істеу үшін, арагідік майын ауыстырып тұру керек екенін біледі. Сөйтсе де ол майын ауыстыруға қарағанда, көлігіне жанармай құйып тұру әлдеқайда маңызды деген ойда болуы мүмкін: жанармайсыз көлік жүрмейді ғой. Ол: “Майын ауыстыруға қолым тимей жүр, қозғалтқыш біраз шыдай тұрар”,— деп ойлайтын шығар. Бірақ бұлай ету қауіпті. Өйткені көліктің майы дер кезінде ауыстырылмаса, күндердің күнінде қозғалтқыш істен шығады. Сонда оны жөндеуге қыруар уақыт пен қаражат жұмсау керек болады. Бұдан қандай түйін жасаймыз?

6 Қауымда жылдам атқарылуы тиіс істер көп, олай етілмесе, мұның қауымға кесірі тиюі мүмкін. Сондықтан жанармайдың таусылып қалмағанын қадағалап отыратын жүргізуші сияқты, ақсақалдар да “ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізіп” отыру керек (Філіп. 1:10). Бірақ кейбір ақсақалдар қауымда туындаған мәселелерді шешуден қолы босамай жүргенде, өзгелерді үйрету ісі шет қалып қояды. Ал бұл қозғалтқыштың майын ауыстыруды кейінге ысырумен тең. Ақсақалдар өзгелерді үйретуді кейінге қалдыра берсе, күндердің күнінде қауымның қажеттіліктерін қанағаттандыра алатын ер бауырластар жоқ болады.

7. Өзгелерді үйретуге уақыт бөлетін ақсақалдарға деген көзқарасымыз қандай болу керек?

7 Ендеше өзгелерді үйрету ісін кейінге ысыруға болады деген ойдан аулақ болған дұрыс. Қауымның болашағын ойлап, ер бауырластарды үйретуге уақыт бөлетін ақсақалдар — “үлгілі басқарушы” әрі қауым үшін нағыз бата (Петірдің 1-хаты 4:10 оқы). Ал қауым мүшелері қалай мұның игілігін көреді?

ЕРТЕҢГІ КҮННІҢ ҚАМЫ

8. а) Ақсақалдарды өзгелерді үйретуге не талпындырады? ә) Қажеттілік бар жерлерде қызмет етіп жүрген ақсақалдарға қандай қауырт іс тапсырылған? (“ Қауырт тапсырма” деген қоршауды қара.)

8 Аса тәжірибелі деген ақсақалдардың өзі жастары ұлғайған сайын бұрындағыдай көп тірлік атқара алмайды. Мүмкіндіктерінің шегін білетін ақсақалдар мұны мойындайды (Миха 6:8). Сондай-ақ олардың “қолайсыз уақыт пен кездейсоқ жағдайға тап болып”, қауымдағы жауапкершілігін атқара алмай қалуы мүмкін екенін де ескергені жөн (Уағ. 9:11, 12; Жақ. 4:13, 14). Сондықтан Ехобаның халқының игілігі мен ертеңін ойлайтын ақсақалдар жылдар бойы жинаған тәжірибесін жастау бауырластарға қалдыру үшін барын салады (Зәбүр 71:17, 18 оқы).

9. Болашақта болатын қандай жайт бүгінде өзгелерді үйрету ісінің маңыздылығын арттыруда?

9 Өзгелерді үйретуге уақыт бөлетін ақсақалдар тағы қай жағынан қауым үшін бата болып табылады? Олар қауым мүшелерінің рухани берік болуына үлес қосады. Қалайша? Олардың өзгелерді үйреткенінің арқасында қауымдағылардың Құдайға адал әрі өзара бірлікте болуына көмектесе алатын бауырластар көп болады. Бұл болса бүгінде өте маңызды, ал зор алапат кезінде қазіргіден де маңызды болмақ (Езек. 38:10—12; Миха 5:5, 6). Сондықтан, қымбатты ақсақалдар, біз сендерден бүгіннен бастап өзгелерді үйретуге уақыт бөлуді әдетке айналдыруды сұраймыз.

10. Өзгелерді үйретуге уақыт табу үшін ақсақалдарға не істеу керек болуы мүмкін?

10 Біз сендердің бар күштерің мен уақыттарыңды қауым істерін атқаруға жұмсап жүргендеріңді түсінеміз. Сондықтан сол уақыттың біразын өзгелерді үйретуге бөлу керек болатын шығар (Уағ. 3:1). Бұлай еткендерің қауым үшін игілікті болады.

АЛДЫМЕН ЖҮРЕКТІ ДАЙЫНДАУ КЕРЕК

11. а) Жүргізілген сауалнамадан қандай қызықты жайт байқалды? ә) Нақыл сөздер 15:22-дегі сөздерді ескерсек, неге өзге ақсақалдар берген кеңесті қарастырған дұрыс?

11 Жақында жасалған сауалнамада өзгелердің рухани өсуіне көмектесіп жүрген біраз ақсақалдан мұны қалай істеп жүргендері сұралды *. Олардың жағдайы әртүрлі болғанмен, бәрінің ойы бір жерден шықты. Бұдан мынадай тұжырым жасауға болады: Пауылдың заманындағыдай, Киелі кітапқа негізделген тәлім “қай жердегі қауымда болмасын” үйренушілер үшін тиімді (Қор. 1-х. 4:17). Осы және келесі мақалада сол ақсақалдар берген кеңестердің кейбірі қарастырылады (Нақ. с. 15:22). Ой жеңіл жеткізілу үшін осы мақалаларда үйрететін ақсақалды “ұстаз”, ал үйренетін бауырласты “шәкірт” деп атайық.

12. Ұстаз не істеу керек және неге?

12 Ұстаз шәкіртті жаңа іске үйрету үшін алдымен бұған қолайлы жағдай жасау керек. Мысалы, диқан тұқым сеппес бұрын, жерді өңдеп, топырағын қопсытады. Ұстаздың да шәкіртінің жүрегін дайындап алғаны дұрыс. Мұны қалай істеуге болады? Осы орайда ежелде өмір сүрген Самуил пайғамбар жақсы үлгі қалдырған.

13—15. а) Самуил пайғамбарға Ехоба не істеуді тапсырды? ә) Самуил тапсырмасын қалай орындады? (Мақаланың басындағы суретті қара.) б) Неге Самуил туралы осы оқиға әсіресе ақсақалдарды қызықтыру керек?

13 Үш мыңнан аса жыл бұрын өмір сүрген Самуил пайғамбарға бірде Ехоба: “Ертең шамамен осы уақытта саған Бениямин жерінен бір кісіні жіберемін. Оны халқым Исраилге басшы етіп тағайындап, басына май жақ”,— деді (Сам. 1-ж. 9:15, 16). Сонда Самуил өзінің билігі аяқталғанын түсінді. Себебі Ехоба оған өзінің орнын басатын адамды тағайындауды тапсырды. Самуил “Оны бұл іске қалай дайындасам екен?” деген ойға қалса керек. Содан оған бір ой келеді де, оны жүзеге асыру үшін жоспар құрады.

14 Келесі күні Самуил Саулды кездестіргенде, Ехоба оған мынаны айтты: “Ол халқымды басқаратын болады” деген адамым — осы”. Сонда Самуил жоспарын жүзеге асыруға кірісті. Ол Саулды асқа шақырып, қызметшісі екеуіне төрден орын берді. Сосын Саулға арнап бөлек қойылған сыбағасын беріп жатып: “Алдыңа алып, жей бер. Оны қонақ шақырдым деп, арнайы сен үшін бөлек алдырып қойған едім”,— деді. Қонақасынан кейін екеуі жол-жөнекей әңгімелесіп, Самуилдің үйіне қарай ылдилады. Самуил дәмді тамақтан кейін, сейіл құрып келе жатқан осы бір сәтті дұрыс қолданғысы келді. Самуилдің үйіне жеткенде, ол қонағына үйдің жайпақ төбесіне көтерілуді ұсынды. Осылай Самуил кешкі салқында үй төбесінде отырып, Саулмен ұзақ әңгімелесті. Ал келесі күні ол Саулға май жағу рәсімін жасады да, бетінен сүйді. Сосын тағы біраз нұсқаулар айтқан соң, жөніне жіберді. Енді Саул алдағы оқиғаларға дайын еді (Сам. 1-ж. 9:17—27; 10:1).

15 Әрине, басшы ету үшін біреуге май жағу рәсімін жасау мен бауырласты ақсақал не қызмет көмекшісі болуға үйрету — екі түрлі нәрсе. Әйтсе де Самуил пайғамбардан біраз сабақ алуға болады. Солардың екеуін қарастырып көрейік.

ЫЖДАҒАТТЫ ҰСТАЗ ӘРІ НАҒЫЗ ДОС

16. а) Исраилдіктер патша тағайындап беруді сұрағанда, Самуил не сезінді? ә) Самуил Ехобаның тапсырмасын қалай орындады?

16 Лажсыз емес, ыждағатпен істе. Исраилдіктердің өз патшасы болғанын қалайтынын алғаш естігенде, Самуил көңілі түсіп, өзін ешкімге керек емес сезінген шығар (Сам. 1-ж. 8:4—8). Халықтың талабын орындауға оның ыждағатсыз болғаны сонша — жұрттың қалауын орындауы керек екенін Ехобаның үш рет айтуына тура келді (Сам. 1-ж. 8:7, 9, 22). Бірақ Самуил осындай жағымсыз сезімдердің әсерімен ашынып не қатуланып кетпеді. Қайта, Саулға майлау рәсімін жасау тапсырылғанда, Ехобаға мойынсұнды. Самуил мұны мәжбүр болғандықтан емес, оны жақсы көргендіктен істеді.

17. Бүгінде ақсақалдар қалай Самуилге еліктеп жүр және бұның нәтижесі қандай болуда?

17 Бүгінгі күні тәжірибелі ақсақалдар Самуилге еліктеп, өздері үйретіп жүрген бауырластарға оң көзбен қарайды (Пет. 1-х. 5:2). Олар қауымдағы кейбір міндеттерімнен айырылып қаламын деп қорқып, үйрету ісінен тартыншақтамайды. Мейірімді ұстаздар үшін шәкірттері — бақталас емес, қайта, қызметтестері, қауымға берілген бағалы сый (Қор. 2-х. 1:24; Евр. 13:16). Ал шәкірттері өз қабілеттерін қауымның игілігі үшін қолданып жатқандарын көргенде, мұндай жанқияр ақсақалдар еңбектерінің рәтін көреді! (Ел. іс. 20:35).

18, 19. Шәкірттің жүрегін қалай дайындауға болады және бұл неге маңызды?

18 Тек ұстаз емес, дос бола біл. Самуил Саулды кездестірген бойда май құйылған құтысын ала сала, оны Саулдың басына құйып жіберіп, жөніне жіберуіне болар еді. Ал Саул майланғанмен, патша болуға еш дайындалмаған күйі кетер еді. Бірақ Самуил олай еткен жоқ, қайта, бірте-бірте Саулдың жүрегін дайындады. Олар жақсылап тамақтанып, асықпай серуендеп, ұзақ әңгімелесіп, сосын жақсылап тынығып алғаннан кейін ғана Самуил май жағу рәсімін жасауды дұрыс көрді.

Өзгелерді үйрету достық қарым-қатынастан басталады (18, 19-абзацтарды қара)

19 Бүгінгі күні де үйретуді бастамас бұрын ұстаз шәкіртімен аралас-құралас болып, достасып алу керек. Бұл үшін жасалатын қадамдар ақсақал тұратын ел мен жергілікті әдет-ғұрыптарға қарай әртүрлі болуы мүмкін. Әйткенмен қай елде тұратыныңа қарамай, шәкіртіңе арнайы уақыт бөлсең, ол өзін бағалайтыныңды білетін болады (Римдіктерге 12:10 оқы). Мұндай мейірімділік пен қамқорлық үшін кез келген шәкірт риза болары сөзсіз.

20, 21. а) Жақсы ұстаз не істейді? ә) Келесі мақаладан не білеміз?

20 Ақсақалдар, мынаны ұмытпаңдар: жақсы ұстаз үйретуді ғана емес, үйретіп жүрген адамын да жақсы көреді (Жохан 5:20 салыстыр). Шәкірт мұны бірден байқайды, әрі бұл оның алып жатқан тәлімін қалай қабылдайтынына қатты әсер етеді. Сондықтан, қымбатты ақсақалдар, шәкірттерің үшін ұстаз ғана емес, дос та бола біліңдер (Нақ. с. 17:17; Жох. 15:15).

21 Жүрегін дайындаған соң, ақсақал шәкіртін үйретуді бастайды. Оның қандай тәсілдерді қолданғаны дұрыс? Мұны келесі мақаладан білеміз.

^ 3-абзац Осы және келесі мақала бірінші кезекте ақсақалдарға арналған. Сөйтсе де қарастырылатын жайттарға бәріміздің де ден қойғанымыз абзал. Сонда шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырластардың бәрі қауымды қамқорлауды үйрену керек екенін түсінеді. Ал мұның игілігін бүкіл қауым көреді.

^ 11-абзац Сауалнама мына елдердегі ақсақалдар арасында жүргізілді: Австралия, Бангладеш, Бельгия, Бразилия, Жапония, Құрама Штаттар, Мексика, Намибия, Нигерия, Оңтүстік Африка, Франция, Франциялық Гвиана, Ресей, Реюньон.