Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Тәжірибелі ақсақалдардың тәлім беру тәсілдері

Тәжірибелі ақсақалдардың тәлім беру тәсілдері

“Менен естігендеріңді адал кісілерге сеніп тапсыр” (ТІМ. 2-Х. 2:2).

1. а) Ехобаның қызметшілеріне не нәрсе бұрыннан мәлім және бүгінгі күн жөнінде не деуге болады? ә) Осы мақалада не қарастырылады?

ЕХОБАНЫҢ қызметшілері бірдеңеге үйренудің жетістікке жеткізетінін атам заманнан біледі. Мысалы, Ыбырам соғысуды үйренген адамдарын ертіп алып, Лұтты жау қолынан босатқан (Мұс. 1-ж. 14:14—16). Дәуіт патшаның тұсында “арнайы дайындықтан өткен” әнші-күйшілер Ехобаны мадақтап ән шырқаған (Шеж. 1-ж. 25:7). Бүгінде біз де рухани ұрысқа қатысып, Шайтан мен оның дүниесіне қарсы соғысып жүрміз (Ефес. 6:11—13). Сондай-ақ Ехобаны мадақтауға бар күшімізді салудамыз (Евр. 13:15, 16). Сондықтан қызметіміз жемісті болу үшін, Ехобаның ертедегі қызметшілері іспетті үйренуге ықыласты болуымыз керек. Қауымда тәлім беру, үйрету ісін Ехоба ақсақалдарға тапсырған (Тім. 2-х. 2:2). Ендеше, ер бауырластарды отардың қамын ойлауға үйретіп жүрген тәжірибелі ақсақалдар қолданып жүрген тәсілдермен танысайық.

ШӘКІРТІҢДІ РУХАНИ НЫҒАЙТ

2. Шәкіртін қауым істеріне баулымас бұрын ақсақал не істеуді жөн көруі мүмкін және неге?

2 Ақсақалдарды диқанға теңеуге болады. Диқанға тұқым сеппес бұрын, топырақты тыңайтқыштармен құнарландыру қажет болуы мүмкін. Сонда жер мол өнім береді. Сол сияқты ақсақалға да шәкіртіне қауымды қамқорлаудың қыр-сырын үйретпес бұрын, белгілі бір тармақтарды қарастыру қажет болатын шығар. Сонда шәкірті алып жатқан тәлімін өмірде қолдануға бейім болады (Тім. 1-х. 4:6).

3. а) Шәкіртіңмен әңгімелескенде, Марқа 12:29, 30-дағы сөздерді қалай қолдануыңа болады? ә) Ақсақалдың дұғасы шәкіртіне қалай әсер етуі мүмкін?

3 Шәкіртіңнің ойы мен іс-әрекетіне шындықтың қаншалықты әсер еткенін білу үшін: “Ехобаға бағышталғаның өмірлік шешімдеріңе қалай әсер етті?”— деп сұрауыңа болады. Мұндай сұрақ қасиетті қызметімізді қалай жан-тәнімізбен атқаруға болатынына қатысты әңгімеге ұласуы мүмкін (Марқа 12:29, 30 оқы). Ал әңгімелеріңнің соңында, бәлкім, дұға етіп, Ехобадан шәкіртіңе киелі рух беруін сұрарсың. Өзінің игілігі үшін шын жүректен дұға еткеніңді естігенде, оның мерейі өседі!

4. а) Шәкірттің рухани өсуіне қандай тармақтар ықпал етуі мүмкін? ә) Үйрету ісіндегі ақсақалдардың басты мақсаты қандай?

4 Шәкіртті үйрету ісін елгезек, сенім артуға тұрарлық әрі кішіпейіл болудың маңыздылығын түсінуге көмектесетін тармақтарды қарастырудан бастаған жақсы (Пат. 1-ж. 19:19—21; Нех. 7:2; 13:13; Ел. іс. 18:24—26). Топыраққа тыңайтқыштар қаншалықты қажет болса, шәкіртке де осы қасиеттер соншалықты қажет. Солардың арқасында оның рухани өсімі жылдам болады. Францияда қызмет ететін Жан-Клод деген ақсақал былай дейді: “Менің басты мақсатым — шәкіртіме мәселеге рухани тұрғыдан қарауға көмектесу”. Сондай-ақ ол Құдай Сөзіндегі керемет жайттарды көрсету үшін белгілі бір тармақтарды бірге оқудың мүмкіндігін іздейтінін айтты (Зәб. 119:18). Шәкіртті рухани нығайтудың тағы қандай жолдары бар?

ШӘКІРТІҢЕ МАҚСАТ ҚОЮҒА КӨМЕКТЕС

5. а) Шәкіртіңнен рухани мақсаттары жайлы сұрағаның неге маңызды? ә) Неге бауырластарды жасөспірім кезінен қауым істеріне баулыған жақсы? (Сілтемені қара.)

5 Шәкіртіңнен: “Қандай рухани мақсаттарың бар?”— деп сұрап көр. Егер оның нақты мақсаты болмаса, онда ойға қонымды әрі қолжетімді мақсат қоюына көмектес. Кезінде өзіңнің қандай мақсат қойғаныңды және оған қол жеткізгенде қалай қуанғаныңды айтып беруіңе болады. Нақты мақсат қоюға көмектесу — қарапайым, әйтсе де тиімді тәсіл. Африкада ақсақал әрі ізашар болып қызмет ететін Виктор былай деп есіне алды: “Жас кезімде бір ақсақал менің мақсаттарым туралы бірер сұрақ қойды. Сол сұрақтардан кейін қызметім жайлы кәдімгідей ойлана бастадым”. Тәжірибелі ақсақалдар келесі жайтқа да баса назар аударды: ер бауырластарды жасөспірім кездерінен жастарына қарай тапсырма беріп, қауым істеріне баулыған маңызды. Мұндай дайындық оларға ер жетіп, алаңдататын жайттар көбейгенде, рухани мақсаттарын назарда ұстауына көмектеседі * (Зәбүр 71:5, 17 оқы).

Шәкіртіңе тапсырылған істің не себепті атқарылуы керек екенін түсіндір, сосын күш салғаны үшін мақта (5—8 абзацтарды қара)

6. Исаның өзгелерді үйрету тәсілінің маңызды қыры қандай?

6 Шәкіртіңе не істеу керектігін ғана емес, оны неге істеу керек екенін түсіндіру арқылы да оның қызмет етуге деген ықыласын оятуыңа болады. Солай етер болсаң, Ұлы Ұстаз Исаға еліктейсің. Елшілеріне шәкірт дайындау ісін тапсырмас бұрын, Иса бұл бұйрыққа олардың неге мойынсұнулары тиіс екенін түсіндірген. Ол: “Маған көк пен жердегі барлық билік берілген”— деді. Бұдан кейін: “Сондықтан барыңдар да, барлық халықтардан шәкірттер дайындаңдар”,— деп қосты (Мат. 28:18, 19). Исаның өзгелерді үйрету тәсілін қарастырып көрейік.

7, 8. а) Исаның үйрету тәсіліне қалай еліктеуге болады? ә) Шәкіртті мақтау қаншалықты маңызды? б) Үйрету ісінде ақсақалдарға қандай кеңестер көмектеседі? (“ Өзгелерді үйрету тәсілдері” деген қоршауды қара.)

7 Шәкіртіңе қандай да бір істі неге істеу керек екенінің Жазбаларға негізделген себебін келтір. Осылай сен оған ережелерге ғана емес, Киелі кітаптағы принциптерге сүйеніп әрекет етуді үйретесің. Мысалы, бір бауырласқа Патшалық сарайының есік алды таза, жүруге қауіпсіз болуын қадағалауды тапсырдың делік. Онымен Титке 2:10-тармақты қарастырып, Патшалық сарайының кіреберісінің таза да жүруге қауіпсіз болғаны Құдайдың ілімін қалай көркейтетінін түсіндіруіңе болады. Сондай-ақ бұл тапсырманы орындағанының қарттарға қандай игілігі тиетінін сұрап көр. Осылай әңгімелесу арқылы шәкіртіңе бірінші орынға ережелерді емес, адамдарды қоюды үйретесің. Сонда ол атқарып жатқан қызметінің игілігін бауырластар көріп жатқанына қуанатын болады.

8 Кеңесіңді қолдануға тырысып жүргені үшін шәкіртіңді мақтауды ұмытпа. Бұлай ету қаншалықты маңызды? Өсімдікке су құйсаң, жайқалып сала береді. Сол сияқты шын көңілден айтылған мақтау сөздер де шәкірттің көңілін семіртеді (Матай 3:17 салыстыр).

БАСҚА ДА ҚИЫНДЫҚТАР

9. а) Тұрмыс деңгейі жоғары елдерде тұратын кейбір ақсақалдар үйрету ісінде қандай қиындыққа кезігеді? ә) Жас бауырластардың кейбірінің өмірінде неге шындық бірінші орында тұрмайды?

9 Тұрмыс деңгейі жоғары елдерде тұратын ақсақалдар кезігуі мүмкін басқа бір қиындық бар. Оларға 20 не 30-дан асқан ер бауырластарды қауым істеріне атсалысуға талпындыру қиынға соғып жатады. Жиырмаға жуық батыс елдерінде қызмет ететін ақсақалдарға: “Сендердің ойларыңша, кейбір жас бауырластардың қауым істеріне атсалысудан қашқақтауының себебі неде?”— деген сұрақ қойылды. Олардың ойлары мынаған келіп тоғысты: кей бауырластарды жас кездерінде ешкім рухани мақсаттар қоюға талпындырмаған. Ал кей жағдайда қауым істеріне көбірек араласуға ықыласты жастарды ата-анасы жоғары білім алуға не атақ-мансапқа талпындырған! Мұндай жастар үшін шындық ешқашан бірінші орында тұрмаған (Мат. 10:24).

10, 11. а) Селқос көрінетін бауырласқа ой қалпын өзгертуге қалай көмектесуге болады? ә) Мұндай бауырласпен қандай тармақтарды қарастыруға болады және неге? (Сілтемені қара.)

10 Егер бауырлас селқос көрінсе, оның ой қалпын өзгерту біраз тер төгуді әрі шыдамды болуды талап етеді. Бірақ үміт үзбеген дұрыс. Қисық өсіп келе жатқан тал шыбықты тіреу байлап, жаймен түзулейді. Тап солай бауырластың қауым істеріне қатысты көзқарасын бірте-бірте өзгертуге болады. Бұл үшін не істеу керек?

11 Бауырласпен достасып ал. Ол қауымға керек екенін сезінсін. Біраз уақыт өткен соң асықпай отырып, онымен бірге нақты тармақтарды қарастырып, Ехобаға не үшін бағышталғаны жайлы ой жүгіртуге көмектес (Уағ. 5:4; Ишая 6:8; Мат. 6:24, 33; Лұқа 9:57—62; Қор. 1-х. 15:58; Қор. 2-х. 5:15; 13:5). Одан: “Ехобаға бағышталғанда, оған қандай уәде бердің?”— деп сұрауыңа болады. Я болмаса көңілін толқытатын келесідей сұрақтар қой: Сен шомылдыру рәсімінен өткенде, сеніңше, Ехобаның жүрегін қандай сезім биледі? (Нақ. с. 27:11). Ал Шайтанның ше? (Пет. 1-х. 5:8). Жақсылап таңдалған тармақтар бауырласқа қатты әсер етуі мүмкін * (Еврейлерге 4:12 оқы).

ШӘКІРТТЕР, АДАЛ БОЛЫҢДАР

12, 13. а) Шәкірт Елішенің көзқарасы қандай болған? ә) Ехоба Елішенің адалдығы үшін не істеді?

12 Жас бауырластар, қауымға сендердің көмектерің қажет! Олай болса, Ехобаға арнаған қызметтеріңнің жемісті болуына қандай көзқарас ықпал етеді? Бұл сұрақтың жауабын табу үшін кезінде шәкірт болған Елішенің өмірінде орын алған жайттарды қарастырып көрейік.

13 Шамамен 3000 жыл бұрын Ілияс пайғамбар жас Елішені көмекшісі болуға шақырады. Еліше бірден келісіп, сол егде тартқан пайғамбарға қызмет көрсетіп жүреді (Пат. 2-ж. 3:11). Алты жылдан кейін ол ұстазының Исраил еліндегі қызметі аяқталғалы жатқанын біледі. Сонда Ілияс жақсы тәлім алған Елішеге бұдан былай өзімен бірге еріп жүрмеуді өтінеді. Бірақ Еліше: “Мен сізді тастамаймын!”— деп үш рет бас тартады. Ол ұстазының қасында мүмкіндігінше ұзағырақ қалғысы келеді. Ехоба оның адалдығын назарынан тыс қалдырмады. Ол Ілиястың таңғажайып түрде әкетілгенін Елішенің өз көзімен көруіне мүмкіндік берді (Пат. 2-ж. 2:1—12).

14. а) Елішенің үлгісіне қалай еліктеуіңе болады? ә) Шәкірттің тапсырылған істі жауапкершілікпен орындағаны неге маңызды?

14 Елішенің үлгісіне қалай еліктеуіңе болады? Қандай тапсырма берілмесін, бірден келіс. Ұстазыңды досың деп біл, өзің үшін жасап жүрген жақсылығын бағалайтыныңды көрсет. Тәлімін қалай қабылдайтының ол үшін “Мен сізді тастамаймын” дегенмен тең болуы мүмкін. Ал ең бастысы, кез келген тапсырманы жауапкершілікпен орында. Неге бұл маңызды? Себебі жауапкершілікті әрі сенім артуға тұратын адам екеніңді көргенде ғана, ақсақалдар Ехобаның саған көбірек іс жүктегісі келетініне сенімді болады (Зәб. 101:6; Тімөтеге 2-хат 2:2 оқы).

ТӘЖІРИБЕЛІ АҚСАҚАЛДАРДЫ СЫЙЛА

15, 16. а) Еліше ұстазын сыйлайтынын қалай көрсетті? (Мақаланың басындағы суретті қара.) ә) Неге басқа пайғамбарлардың Елішеге сенімділігі артты?

15 Еліше туралы жоғарыда қарастырылған үзіндіден тәжірибелі ақсақалдарды сыйлау қаншалықты маңызды екені көрінеді. Ілияс пен Еліше Иерихонға келген соң, сол жерден Иорданға қарай бет алды. Өзеннің бойында “Ілияс шапанын шешіп, орады да, судың бетін ұрып қалып еді, су қақ айырылды”. Олар жол-жөнекей әңгімелесе жүріп, құрғаған өзен арнасымен арғы бетке өтті. Иә, Еліше әлі де ұстазынан бірдеңе үйреніп қалғысы келді. Ілиястан ажыраған мезетке дейін ол ұстазының әр сөзін көңіліне тоқып алуға тырысты. Сосын Ілиясты құйын көтеріп алып кетті. Ал Иорданның бойына қайта келген Еліше: “Ілиястың Құдайы Ехоба қайда?”— деді де, суды ұстазының шапанымен ұрып қалды. Су тағы да қақ айырылды (Пат. 2-ж. 2:8—14).

16 Байқасаң, Еліше алғаш рет керемет жасағанда, ұстазы Ілиястың кереметін айны қатесіз қайталады. Бұдан не білеміз? Еліше “билік қолда, енді бәрін өзім қалағандай істеймін” деп ойлаған жоқ. Қайта, Ілияс салған жолмен жүріп, ұстазын құрметтейтінін көрсетті. Ал бұл басқа пайғамбарлардың Елішеге деген сенімділігін арттырды (Пат. 2-ж. 2:15). Әйтсе де 60 жыл пайғамбар болған Еліше Ехобаның күшімен Ілиястан да көп кереметтер жасады. Сенің бұдан қандай сабақ алуыңа болады?

17. а) Шәкірттердің қай жағынан Елішеге еліктеуіне болады? ә) Уақыт өте келе Ехоба шәкірттерді қалай жарылқауы мүмкін?

17 Қауымда саған көбірек жауапкершілік жүктелсе, “қазаншының еркінде қайдан құлақ шығарса да” дегеннің керін келтіріп, қауымда орнатылған тәртіпті толығымен өзгертуім керек деп ойлама. Мынаны есте ұстаған жөн: өзгерістер біреу қалағандықтан емес, қауымның қажеттіліктеріне және Ехобаның ұйымының басшылығына сай жасалу керек. Еліше істеген ісімен басқа пайғамбарларға сенімділік берген, әрі Ілияс қолданған тәсілдерді бірден өзгертпей, оны сыйлайтынын көрсеткен. Сен де ұстазыңның Киелі кітапқа негізделген тәсілдерін қолдана берер болсаң, оны сыйлайтыныңды көрсетесің, ал бауырластардың саған сенімі артады (Қорынттықтарға 1-хат 4:17 оқы). Әйтсе де тәжірибең арта келе қауым Ехобаның қарқындап алға басып жатқан ұйымымен қатарласа жүру үшін, қандай да бір өзгерістер жасайтының сөзсіз. Ал уақыт өте келе, Елішенің жағдайындағыдай, Ехоба ұстаздарыңнан да көп іс атқаруыңа көмектесетін шығар (Жох. 14:12).

18. Ер бауырластарды үйрету ісін неге кейінге қалдырмаған дұрыс?

18 Біз осы және алдыңғы мақалада берілген кеңестер көбірек ақсақалдарды өзгелерді үйретуге уақыт бөлуге талпындырады деп үміттенеміз. Олардан үйренуге лайық деп табылған бауырластар да елгезек болып, алған тәлімдерін Ехобаның отарын қамқорлау үшін қолдана бергей. Сонда дүниежүзіндегі барлық қауымдар рухани берік болып, алдағы қиын қыстау кезеңде адалдықтарынан таймайды.

^ 5-абзац Егер жас бауырлас рухани толысқан, кішіпейіл әрі Киелі кітаптағы басқа да талаптарға сай келетін болса, 20-ға толмағанына қарамай, ақсақалдардың оны қызмет көмекшісі етіп тағайындауға ұсыныс жасауына болады (Тім. 1-х. 3:8—10, 12). “Күзет мұнарасының” (ор.) 1990 жыл, 1 ақпанындағы санының 23-бетін қара.

^ 11-абзац Келесі басылымдардағы ойларды қолдануға болады: “Күзет мұнарасы” 2012 жыл, 15 сәуір, 14—16 беттердегі 8—13 абзацтар; “Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар” 16-тарау, 1—3 абзацтар.