Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехобамен қарым-қатынасың қаншалықты тығыз?

Ехобамен қарым-қатынасың қаншалықты тығыз?

“Құдайға жақындаңдар, сонда ол да сендерге жақындайды” (ЖАҚ. 4:8).

1. Неге Ехобамен қарым-қатынасымыз барынша берік болу керек?

ҚҰДАЙҒА бағышталып, шомылдыру рәсімінен өткен болсаң, сенің зор қазынаң, Ехобамен жеке қарым-қатынасың бар. Бірақ бұл қазынаңа үнемі қауіп төніп тұрады. Мұндай қауіпті Шайтанның дүниесі ғана емес, өз кемелсіздігіміз де төндіруі мүмкін. Бәріміз де осындай күйдеміз. Сондықтан Ехобамен қарым-қатынасымыз барынша берік болу керек.

2. Ехобамен қарым-қатынасымызды қалай нығайтуға болады?

2 Сенің Ехобамен қарым-қатынасың қаншалықты тығыз? Оны нығайта түскің келе ме? Жақып 4:8-де: “Құдайға жақындаңдар, сонда ол да сендерге жақындайды”,— делінген. Көріп отырғанымыздай, біз Құдайға қарай қадам жасасақ, ол да бізге қарай қадам жасайды. Бұл әрекет қайталанған сайын, Ехобаға жақындай түсіп, өзімізді оның қасында жүргендей сезінеміз. Сонда бізде де Исанікіндей сенімділік болады. Ол: “Мені жіберген шынымен бар... мен оны білемін”,— деген (Жох. 7:28, 29). Ал Ехобаға жақындау үшін нақты қандай қадамдар жасау керек?

Құдаймен қалай сөйлесуге болады? (3-абзацты қара)

3. Ехобамен қалай сөйлесуге болады?

3 Ехобаға жақындау үшін жасауымыз керек маңызды қадамдардың бірі — онымен үнемі сөйлесу. Бірақ Құдаймен қалай сөйлесуге болады? Сен өзіңнен жырақта тұратын досыңмен қалай хабарласасың? Бәлкім, жиі хат жазысып не телефонмен сөйлесіп тұратын шығарсыңдар. Ехобаға дұға еткен сайын, сен де онымен сөйлесесің (Зәбүр 142:2 оқы). Ал оның Сөзін оқып, ой жүгірткен сайын, Ехобаның саған сөйлеуіне жол бересің (Ишая 30:20, 21 оқы). Онымен осылай әңгімелескеніміз қарым-қатынасымызды нығайтады, әрі ол біз үшін нағыз Дос болады. Олай болса, осы тақырыпты тарқата түсейік.

КИЕЛІ КІТАПТЫ ЗЕРТТЕГЕНІҢДЕ, ЕХОБА СЕНІМЕН СӨЙЛЕСЕДІ

4, 5. Киелі кітапты зерттегенде, Ехоба сенімен қалай сөйлеседі? Мысал келтір.

4 Киелі кітаптағы хабардың бүкіл адамзатқа арналғаны бәрімізге мәлім. Бірақ ол сенің Ехобаға жақындауыңа көмектесе ме? Әрине. Киелі кітапты жүйелі оқып, зерттегенде, оқығандарыңның саған қандай қатысы бар екені, өмірде қалай қолдана алатының жайлы ойланып көр. Сонда Сөзі арқылы Ехобаның сөйлеуіне жол бересің. Осылай сен оған одан сайын жақындай түсесің (Евр. 4:12; Жақ. 1:23—25).

5 Мысалға, Исаның “өздеріңе қазынаны жерде жинауды доғарыңдар” деген сөздері жайлы ой жүгіртіп көрші. Егер Патшалықтың мүддесін бірінші орынға қойып жүрсең, онда Ехобаның саған риза екенін сезінесің. Ал бұл үшін тұрмысыңды қарапайым ету керектігін байқасаң, демек, Ехоба саған қандай өзгерістер жасау керек екенін білдіріп отыр (Мат. 6:19, 20).

6, 7. а) Киелі кітапты зерттегеніміз біздің Ехобаға және оның бізге деген сүйіспеншілігіне қалай әсер етеді? ә) Біз қандай мақсатпен зерттеуіміз керек?

6 Алайда Жазбаларды зерттегенде, біз тек жақсаруымыз керек тұстарды ғана байқамаймыз. Ехобаның игі істері мен тартымды қасиеттерін бағалай түсіп, оны бұрынғыдан да жақсы көреміз. Ал біздің сүйіспеншілігіміз артқан сайын, оның да бізге деген сүйіспеншілігі арта түседі. Осылайша арақатынасымыз нығаяды (Қорынттықтарға 1-хат 8:3 оқы).

7 Бірақ Киелі кітапты дұрыс мақсатпен зерттеген маңызды. Жохан 17:3-те былай делінген: “Мәңгілік өмірге ие болу үшін сені, жалғыз шынайы Құдайды, және өзің жіберген Иса Мәсіхті танып-білу керек”. Демек, біздің мақсатымыз тек білім алу емес, Ехобаның болмысын жақыннан танып-білу болу керек (Мұсаның 2-жазбасы 33:13 оқы; Зәб. 25:4).

8. а) Азарияхпен болған жағдайды оқығанда, қандай сұрақ туындауы мүмкін? ә) Ехобаның болмысын жақсы білсек, оның шешімдеріне күмәнданамыз ба?

8 Ехобаны жақыннан танитын адам Киелі кітапта жазылған оның қандай да бір әрекетін түсінбесе де, аса уайымдамайды. Сондай үзінділердің бірі Патшалар 2-жазба 15:1—5 тармақтарда жазылған. Яһуда патшасы Азарияхтың тұсында халық әлі де ғибадат төбелерінде құрбандық шалатын, ал патшаның өзі “Ехобаның алдында ұнамды істер істейтін”. Сөйтсе де Ехоба оны алапес ауруына шалдықтырады да, патша өмірінің соңына дейін одан айықпайды. Құдай оны не үшін жазалады? Бұл туралы үзіндіде ештеңе айтылмаған. Бірақ біз “Азариях келелі себепсіз жазаланды ма?” деп уайымдаймыз ба? Ехобаның болмысын жақсы білетін болсақ, мұндай сұрақ туындамайды. Өйткені біз оның әрқашан “тиісінше жөнге салатынын” білеміз (Ерм. 30:11). Азарияхтың алапеске ұшырағанының нақты себебін білмесек те, бұл бізге Ехобаның әрқашан әділ шешім қабылдайтынына зор сенімділік береді.

9. Ехобаның Азарияхты жазалауының себебін түсінуге не көмектеседі?

9 Киелі кітаптың өзге жерлерінде аталмыш оқиғаға қатысты басқа да жайттар баяндалған. Азариях патша Ұзиях деген атпен де белгілі болған (Пат. 2-ж. 15:7, 32). Шежірелер 2-жазба 26:3—5 және 16—21 тармақтардан көретініміздей, Ұзиях біраз уақыт Ехобаның алдында ұнамды істер істеген. Бірақ кейінірек “өз сорына тәкаппарланып кетіп”, діни қызметкерлерге жүктелген істі атқармақ болды. Бұлай етуге оның құқығы жоқ еді. Сондықтан өркөкірек патшаға сексен бір діни қызметкер қарсы шығып, оны ақылға шақырды. Ал Ұзиях не істеді? Ол “ашу шақырып”, қаншалықты тәкаппар болып кеткенін көрсетті. Иә, Ехобаның оны неге алапеске шалдықтырғаны таңғалдырмайды!

10. Неге бізге Ехобаның әрбір шешімінің себебін білу шарт емес және Ехобаға деген сенімімізді қалай арттыруға болады?

10 Ал Киелі кітаптың басқа жерлерінде мән-жайды ашатын мәлімет болмаса ше? Құдайдың әрекетінің дұрыстығына күмәнданасың ба? Әлде Ехобаның әрдайым дұрыс әрекет ететініне көзімізді жеткізетін мәлімет Киелі кітапта жеткілікті екеніне сенімді боласың ба? (Мұс. 5-ж. 32:4). Ехобаның болмысын біле түскен сайын, оған деген сүйіспеншілігіміз бен сеніміміз артады. Сонда бізге оның әрбір шешімінің себебін білу қажет болмайды. Ал сүйіспеншілігіміз бен сеніміміздің қаншалықты артатыны Киелі кітапты зерттеп, ой жүгіртуге қаншалықты күш салатынымызға байланысты (Зәб. 77:12, 13).

ДҰҒА ЕТКЕНІҢДЕ, СЕН ЕХОБАМЕН СӨЙЛЕСЕСІҢ

11—13. Ехобаның дұғаларымызды тыңдайтынын қайдан білеміз? (Мақаланың басындағы суретті қара.)

11 Дұға еткенде, Ехобамен қарым-қатынасымыз нығая түседі. Дұғада біз оны мадақтаймыз, алғыс айтамыз әрі басшылық сұраймыз (Зәб. 32:8). Бірақ Ехобаны қасыңда тұрғандай сезіну үшін, дұғаңды тыңдайтынына сенімді болуың керек.

12 Кейбіреулердің ойынша, дұға тек жантыныштығы үшін қажет. Олар біреудің дұғама жауап алдым деуінің себебін былай түсіндіреді: адам бар болғаны ойындағысын дауыстап айтып, басына түскен қиындықтың бетін ашып алады да, бар ой-санасын оның шешімін табуға бағыттайды. Дұғаның мұндай пайдасы бар екені рас. Сөйтсе де жүректен шыққан дұғаларыңды Ехоба шынымен тыңдай ма?

13 Мына жайлы ойланып көрейікші: Иса көкте болғанда, жердегі қызметшілерінің дұғаларына Ехобаның қалай жауап бергенінің куәсі болған. Ал өзі жер бетінде қызмет етіп жүргенде, көктегі Әкесіне сезімдерін жеткізу үшін дұға еткен. Ехобаның бәрібір тыңдамайтынын білсе, ол дұға етер ме еді? Бірде Иса тіпті түнімен дұға айтқан (Лұқа 6:12; 22:40—46). Ол дұға тек жан дауасы деген ойда болса, шәкірттеріне дұға етуді үйретер ме еді? Исаның дұғаны Ехобамен сөйлесудің жолы деп білгені айдан анық! Бірде ол Әкесіне: “Дұғама құлақ салғаныңа рақмет. Дұғамды ылғи еститініңді білемін”,— деген. Ехобаның дұғаларымызды тыңдайтынына біз де сенімдіміз (Жох. 11:41, 42; Зәб. 65:2).

14, 15. а) Нақты дұға етудің қандай пайдасы бар? ә) Бір бауырласқа дұға еткені Ехобамен қарым-қатынасын нығайтуға қалай көмектесті?

14 Әдетте біз нақты айтқан дұғаларымызға Ехобаның берген жауабын, тіпті онша анық берілмесе де, байқауға тырысамыз. Дұғаларыңа жауап алғанда, Ехобаға бұрынғыдан да жақындай түсесің. Әсіресе оған көкейіңде жүрген жайттарды ашқанда солай болады.

15 Қатирамен * болған жағдайды қарастырып көрейікші. Ол жүйелі уағыздағанмен, мұны ұнатпайтын. Қатира былай дейді: “Мен уағыздауды ұнатпайтынмын. Нақтырақ айтсам, мүлдем ұнатпайтынмын. Зейнетке шыққанымда, бір ақсақал менен жалпы ізашар болады деп күтетінін айтты, тіпті қолыма өтініш қағазын ұстатты. Содан мен ізашар болуды шешіп, Ехобаға уағыз ісін ұнатайыншы деп күнде дұға ететін болдым”. Ехоба оған жауап берді ме? Қатира сөзін былай деп жалғады: “Міне, үш жылдан бері ізашармын. Уағызға көбірек шығатындықтан әрі басқа бауырластардан үйренгендіктен қызметім біраз жақсарды. Бүгінде мен уағыздауды ұнатып қана қоймаймын, жақсы көремін. Ал ең бастысы, Ехобамен қарым-қатынасым бұрындағыдай емес, әлдеқайда тығыз”. Көріп отырғанымыздай, дұғаларының арқасында Қатира Ехобаға жақындады.

БІЗДІҢ ТАРАПЫМЫЗДАН ЖАСАЛАТЫН ҚАДАМ

16, 17. а) Ехобамен қарым-қатынасымыз нығая беру үшін не істеу керек? ә) Келесі мақалада қандай мәселе қарастырылады?

16 Ехобамен қарым-қатынасымызды нығайту — өмірлік мақсат. Оның бізге жақын болғанын қаласақ, өз тарапымыздан қадам жасауымыз керек. Олай болса, Киелі кітапты зерттеу және дұға ету арқылы онымен үзбей “араласып” тұрайық. Сонда басымызға түскен қиындықтарға төтеп бере аламыз.

Ехобамен қарым-қатынасымызды нығайту — өмірлік мақсат. (16, 17-абзацтарды қара)

17 Бірақ қатты дұға еткенімізге қарамай, қиындығымыз шешілмейтін кездер болады. Мұндайда Ехобаға деген сеніміміз сыналады. Біз оның дұғаларымызды тыңдайтынына немесе онымен қандай да бір қарым-қатынасымыз бар екеніне күмәндана бастайтын шығармыз. Бұндай кездерде Ехобаның қасымызда екеніне деген сеніміміздің шайқалмауына не көмектеседі? Келесі мақаладан осы сұрақтың жауабын тауып көрейік.

^ 15-абзац Есімі өзгертілген.