Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Әрқашан Ехобаға арқа сүйеңдер!

Әрқашан Ехобаға арқа сүйеңдер!

“Ей, адамдар, әрдайым оған сенім артыңдар” (ЗӘБ. 62:8).

1—3. Пауылдың Ехобаға деген сенімі қалай нығайды? (Осы беттегі суретті қара.)

СЕН бірінші ғасырда Римде өмір сүрген мәсіхші болсаң, өміріңе үнемі қауіп төніп тұрар еді. Б. з. 64 жылы ондағы мәсіхшілерге қалаға өрт қойды, адам баласын жек көреді деген айып тағылып, ел арасында оларға деген өшпенділік жайлады. Бауырластардың біразы түрмеге жабылып, азапталып жатты. Ал кейбіреулері жыртқыш аңдарға таланды немесе бөренеге шегеленіп, түнде жарық болу үшін тірідей өртелді.

2 Елші Пауыл Римде осындай жантүршігерлік жайттар орын алып жатқанда, екінші рет қамауға алынса керек. Оның көкейінде “Бауырластар қолдауға келер ме екен?” деген сұрақ тұрған шығар. Себебі бірінші рет қамауға алынғанда, ешкім келмеген еді. Бұны біз оның Тімөтеге жазған мына сөздерінен білеміз: “Алғаш рет өзімді қорғап сөйлегенде, мені ешкім жақтамады, бәрі тастап кетті. Мұнысын Құдай олардың мойнына артпай-ақ қойсын”. Сөйтсе де ол мүлдем көмексіз қалмағанын мойындап: “Бірақ... Иеміз қасымда тұрып, күш берді”,— деген. Иә, оған қажетті күшті Иса берген. Ехобаның жіберген көмегінің оған қандай пайдасы тиді? Пауыл былай деді: “Мен арыстанның аузынан құтқарылдым” * (Тім. 2-х. 4:16, 17).

3 Сол жағдайды есіне түсіргені Пауылды нығайтып, басына түскен әрі болашақта кезігуі мүмкін кез келген қиындыққа төзуге Ехобаның күш беретініне сенімділік берсе керек. Сондықтан ол сөзін былай деп жалғады: “Иеміз мені жамандық атаулыдан құтқарып... аман сақтайды” (Тім. 2-х. 4:18). Иә, Пауыл адамның қолынан келмеген көмекті Ехоба мен Иса көрсете алатынына көз жеткізді!

ҚИЫНДЫҚТАР — ЕХОБАҒА СЕНІМ АРТУДЫҢ МҮМКІНДІГІ

4, 5. а) Саған қажетті көмекті кім бере алады? ә) Ехобамен қарым-қатынасыңды қалай нығайтуыңа болады?

4 Басыңа түскен қиындықпен жалғыз күресіп жүргендей сезінген кездерің болған ба? Бұл жұмыссыздық, мектептегі қысым, ауыр науқас не басқа да қиындықтар болуы мүмкін. Бәлкім, сен көмек сұрап, бірақ өзгелер қажетті көмекті көрсете алмаған шығар. Рас, кейде біз жұмыр басты пенде көмектесе алмайтын қиындыққа ұшырап жатамыз. Мұндай кезде Киелі кітаптағы “Ехобаға сенім арт” деген кеңес орынсыз, еш пайдасыз болып көріне ме? (Нақ. с. 3:5, 6). Әрине, жоқ! Киелі кітаптағы көптеген мысалдардан білетініміздей, Ехоба шынымен де көмектеседі.

5 Сондықтан адамдар көмектесе алмаса, бұған налыма. Қайта, елші Пауыл сияқты, мұны Ехобаға толықтай арқа сүйеп, оның сүйіспеншілікке толы қамқорлығын көрудің мүмкіндігі деп біл. Сонда оған деген сенімің нығаяды, әрі ол қасыңда жүргендей болады.

ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫМЫЗ БЕРІК БОЛУ ҮШІН ҚҰДАЙҒА СЕНІМ АРТУ КЕРЕК

6. Қиындыққа кезіккенде, Ехобаға сенім арту әсіресе қандай кезде қиын?

6 Басыңа қиындық түскенде, қолыңнан келгеннің бәрін істеп, қалғанын дұғада Ехобаға тапсырған соң, жантыныштығын сезіну мүмкін бе? Әрине, мүмкін! (Зәбүр 62:8; Петірдің 1-хаты 5:7 оқы). Ехобамен тығыз қарым-қатынаста болудың маңызды жолдарының бірі — оған арқа сүйеуді үйрену. Бірақ бұл оңай бола бермейді. Неге? Мұның бір себебі — Ехоба дұғамызға әрқашан бірден жауап бермейді (Зәб. 13:1, 2; 74:10; 89:46; 90:13; Абқ. 1:2).

7. Неге Ехоба тілегіміздің бәрін ә дегеннен орындай бермейді?

7 Неге Ехоба кез келген тілегімізді бірден орындай салмайды? Өзіміз білетіндей, Киелі кітапта ол әкеге теңеледі (Зәб. 103:13). Әдетте әке баласының тілегінің бәрін орындай бермейді, ал кейбірін бірден орындамайды. Кейде баланың сұраған заты бір сәттен кейін оны мүлдем қызықтырмауы мүмкін. Ал кейбір тілектерін орындаудың өз уақыты бар. Баланың өзіне не өзгелерге кері әсер ететін тілектері де болады. Оның үстіне, әр сөзін ә дегеннен орындай берсе, бала әкесінің қожайынына айналады. Осы сияқты себептермен Ехоба да біздің игілігіміз үшін дұғаларымызға бірден жауап бермеуі мүмкін. Жаратушымыз, Қожайынымыз әрі көктегі Әкеміз болғандықтан бұлай етуге оның құқығы бар. Ехобаның барлық тілегімізді ә дегеннен орындай бергені онымен дұрыс қарым-қатынаста болуымызға кедергі етер еді (Ишая 29:16; 45:9 салыстыр).

8. Қиындықтарға төтеп беруге қатысты Ехоба нені уәде еткен?

8 Ехоба қандай қиындыққа төтеп беруге шамамыздың келетінін, қайсысына келмейтінін біледі (Зәб. 103:14). Сондықтан бізге қажетті күш береді. Рас, кейде бізге әрі қарай шыдау мүмкін еместей көрінетін кездер болады. Бірақ Ехоба бізді шамамыздан артық қасірет шегуімізге жол бермейтініне сендіреді. Иә, ол “одан шығудың жолын көрсетеді” (Қорынттықтарға 1-хат 10:13 оқы). Сол себепті оның шамамыздың шегін білетініне сенімдіміз.

9. Көмек сұрап дұға еткенде, бірден жауап алмасақ, не істеуіміз керек?

9 Көмек сұрап дұға еткенде, бірден жауап алмасақ, шыдамды болайық. Себебі Әкеміз біз үшін қай кезде жауап бергені дұрыс екенін жақсы біледі. Оның да шыдамдылық танытып отырғанын ұмытпайық, өйткені ол бізді құтқаратын уақытты күтіп отыр ғой. “Ехоба сендерге ықыласын түсіру үшін шыдаммен күтіп отыр. Ол сендерге мейірім таныту үшін түрегеледі. Өйткені Ехоба — әділдік орнататын Құдай. Оны тағатсыздана күтетіндердің бәрі бақытты” (Ишая 30:18).

“АРЫСТАННЫҢ АУЗЫ”

10—12. а) Созылмалы ауруға шалдыққан отбасы мүшесіне күтім жасайтын мәсіхші қандай қиындыққа кезігуі мүмкін? ә) Қиындыққа тап болғанда, Ехобаға арқа сүйегеніміз онымен қарым-қатынасымызға қалай әсер етеді? Мысал келтір.

10 Басыңа ерекше ауыр күндер туса, сен де өзіңді Пауыл сияқты, “арыстанның аузына” түскендей не түскелі тұрғандай сезінетін шығарсың. Мұндай кездерде Ехобаға арқа сүйеу аса қиын, әйтсе де аса қажет. Мысалы, созылмалы ауруға шалдыққан отбасы мүшесіне күтім жасап жүрсің делік. Бәлкім, даналық пен күш-қуат сұрап дұға етерсің *. Өз тарапыңнан қолыңнан келгеннің бәрін істеген соң, енді Ехобаның саған көз қырын салып, қиындыққа төтеп беруіңе қажеттінің бәрін беретінін білгендіктен біршама жантыныштығын сезінесің, солай емес пе? (Зәб. 32:8).

11 Бірақ кейде жағдай мүлдем өзгеше болып көрінуі мүмкін. Бәлкім, дәрігерлердің ойлары бір жерден шықпайтын шығар. Немесе демеу бола ма деген туыстарың, керісінше, жығылған үстіне жұдырық болар. Әйтсе де Ехобадан күш сұрай бер. Оған жақындаудан талма (Самуилдің 1-жазбасы 30:3, 6 оқы). Сонда басыңа төнген қара бұлт сейілгенде, онымен қарым-қатынасыңның нығайғанын сезесің.

12 Бұған ата-анасы өмірден өткенге дейін оларға қараған Ләззаттың * көзі жеткен. Ол былай деді: “Жұбайым мен інім үшеуміз кейде не істерімізді білмей, өзімізді дәрменсіз сезінетінбіз. Бірақ қазір өткенді ойға алсақ, Ехоба бізді еш тастамаған екен: ол күш-қуат беріп, тығырыққа тірелгендей болған кезімізде де, дәл бізге қажетімен қамтамасыз етіп отырды”.

13. Үсті-үстіне қиындық туғанда, Ехобаға сенім артқаны бір бауырласқа қалай көмектесті?

13 Ехобаға толық сенім артқанымыз басымызға қаралы күн туғанда да күш береді. Рахиланың күйеуі (ол Куәгер емес болатын) онымен ажырасуды шешеді. Осындай жайсыз уақытта дәрігерлер Рахиланың інісінің ауыр дертке шалдыққанын анықтайды. Араға бірер ай салып, інісінің әйелі қайтыс болады. Өмірдің осындай соққыларынан есін жиған соң, Рахила жалпы ізашар болады. Сол-ақ екен, көп ұзамай анасы өмірден өтеді. Осының бәріне төтеп беруге оған не көмектесті? Рахила былай деп түсіндірді: “Мен күнде Ехобамен сөйлесетінмін, тіпті кішігірім шешім қабылдағанда да, одан кеңес сұрайтынмын. Осылай өзімді оған өте жақын сезіндім. Бұл мені өзіме не өзгелерге емес, Ехобаға арқа сүйеуге үйретті. Ол маған шынымен көмектесті, бар қажетімді қамтамасыз етті. Сондықтан Ехоба мені жетектеп жүргендей сезіндім”.

Тіпті отбасында Ехобамен қарым-қатынасымыз сыналуы мүмкін (14—16 абзацтарды қара)

14. Отбасы мүшесі қауымнан шығарылған мәсіхшінің не нәрсеге сенім артуына болады?

14 Тағы бір жайтты қарастырып көрейік. Отбасы мүшелерінің бірі қауымнан шығарылды делік. Біз Киелі кітаптан қауымнан шығарылғандармен араласпауымыз керектігін жақсы білеміз (Қор. 1-х. 5:11; Жох. 2-х. 10). Десе де бұл нұсқауды ұстану кейде өте қиын, тіпті мүмкін емес болып көрінетін шығар *. Мұндайда көктегі Әкеңнің өзіне адалдықпен мойынсұнуыңа көмектесетініне сенім артуыңа бола ма? Осы жағдайды Ехобамен қарым-қатынасыңды нығайтудың мүмкіндігі деп қарастыра аласың ба?

15. Адам атаның Ехобаға мойынсұнбауының себебі неде?

15 Осы орайда Адам атамен болған жайтты бір сәтке ойлап көрші. Ол шынымен Ехобаға мойынсұнбай-ақ өмір сүре беремін деп ойлады ма? Жоқ, себебі Жазбаларда “алданған Адам ата емес” екені айтылған (Тім. 1-х. 2:14). Онда неге мойынсұнбады? Адам ата мұны Құдайдан гөрі әйелін көбірек жақсы көргендіктен істеді. Ол Ехобаның емес, әйелінің тілін алды (Мұс. 1-ж. 3:6, 17).

16. Кімді бәрінен де қатты жақсы көруіміз керек және неге?

16 Бұл туыстарымызды жақсы көрмеуіміз керек дегенді білдіре ме? Әрине, жоқ! Бірақ біз Ехобаны бәрінен де қатты жақсы көруіміз керек (Матай 22:37, 38 оқы). Бұлай еткеніміз туысымыздың, мейлі ол Ехобаға қызмет етсін-етпесін, игілігіне асады. Сондықтан Ехобаға деген сүйіспеншілігің мен сеніміңді нығайта бер. Ал туысыңның қауымнан шығарылғанына қатты уайымдап жүрсең, дұға етіп, шер тарқат * (Рим. 12:12; Філіп. 4:6, 7). Жүрегіңді қан жылатқан осы жайтты Ехобамен қарым-қатынасыңды нығайта түсудің мүмкіндігі деп қарастыр. Сонда оған арқа сүйеуді үйренесің, әрі бұның тамаша нәтижесін көресің.

ҚОЛ ҚУСЫРЫП ОТЫРМАЙЫҚ

Уағыз ісіне қатысуыңмен Ехобаға арқа сүйейтініңді көрсет (17-абзацты қара)

17. Ехобаға арқа сүйейтінімізді уағыз ісіне қатысуымызбен қалай көрсетеміз?

17 Пауыл “арыстанның аузынан” не үшін құтқарылды? Ол мұны: “Мен арқылы уағыз ісі толық атқарылып, оны барлық халықтар есту үшін... арыстанның аузынан құтқарылдым”,— деп түсіндірді (Тім. 2-х. 4:17). Пауыл сияқты біз де талмай уағыздай берсек, Ехоба қажеттіліктерімізді көріп, “бәрін қосып беретініне” сенімдіміз (Мат. 6:33). “Құдай бізді ізгі хабарды уағыздауға лайық деп тапты”, әрі өзінің қызметтесі деп біледі (Сал. 1-х. 2:4; Қор. 1-х. 3:9). Уағыз ісіне мүмкіндігінше көп қатыссақ, жанымыз жай табатын кезді күту оңайырақ болады.

18. Ехобаға арқа сүйеп, онымен қарым-қатынасымызды нығайтудың қандай жолдары бар?

18 Олай болса, әрбір күні Ехобамен қарым-қатынасыңды нығайтуға тырыс. Көңіліңе қаяу түсірген әрбір жағдайды Ехобаға жақындай түсудің мүмкіндігі деп біл. Құдай Сөзіне терең бойласаң, ұдайы дұға етсең әрі уағыз ісіне барыңды салсаң, қазіргі және болашақтағы кез келген қиындыққа төтеп беруіңе Ехобаның көмектесетініне сенімді бола аласың.

^ 2-абзац Пауыл тура не бейнелі мағынада “арыстанның аузынан құтқарылған” болуы мүмкін.

^ 10-абзац “Ояныңдар!” (ор.) журналының келесі сандарынан науқасқа шалдыққан не науқасқа күтім жасап жүрген бауырластарға көмек болатын мақалалар басылған: 1997 жыл, 8 ақпан; 2000 жыл, 22 мамыр; 2001 жыл, 22 қаңтар.

^ 12-абзац Есімдер өзгертілген.

^ 14-абзац Осы сандағы “Қауымнан шығару — сүйіспеншіліктің белгісі” деген мақаланы қара.

^ 16-абзац Отбасы мүшесінің бірі Ехобадан бас тартқан адал бауырластарға “Күзет мұнарасының” (ор.) келесі сандарындағы мақалалар көмек болады: 2006 жыл, 1 қыркүйек, 17—21 беттер; 2007 жыл, 15 қаңтар, 17—20 беттер; “Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар” 207—209 беттер.