Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Исаның үлгілі дұғасына сай өмір сүрейік. ІІ бөлім

Исаның үлгілі дұғасына сай өмір сүрейік. ІІ бөлім

“Әкелерің... сендерге не керек екенін біледі” (МАТ. 6:8).

1—3. Бір бауырлас Ехобаның қажеттіліктерімізді білетініне неге сенімді болған?

2012 жылдың жазында Германияда Лана үшін естен кетпес бір оқиға болды. Оның ойынша, сол кезде ол екі дұғасына жауап алды. Пойызбен әуежайға бара жатқанда, Лана Ехобадан уағыз айтуға мүмкіндік тудыруын сұраған еді. Ол әуежайға келгенде, ұшатын уақытының келесі күнге ауыстырылғанын біледі. Сонда ол екінші рет дұға етіп, ақшасы аз және түнейтін жері жоқ екенін айтады.

2 Лана дұғасын айтып біте салысымен-ақ, әлдебіреудің: “Лана, сәлем! Мұнда қайдан жүрсің?”— дегенін естиді. Бұл оның мектепте бірге оқыған сыныптасы еді. Ол Оңтүстік Африкаға жол жүріп бара жатыр екен. Оны шығарып салуға анасы мен әжесі де келіпті. Сыныптасының анасы Елке Лананың жағдайын білген соң, үйлеріне шақырады. Елке мен анасы Ланаға қонақжайлылық танытады, әрі одан сенімі мен толық уақытты қызметі жайлы сұрастыра бастайды.

3 Келесі күні таңертең жақсылап ас ішіп алғаннан кейін, Лана олардың Киелі кітапқа қатысты тағы біраз сұрағына жауап береді. Содан соң оларға әрі қарай да рухани көмек көрсетудің қамын жасайды. Лана аман-есен үйіне оралып, ізашарлық қызметін жалғастырады. Ол оқиғаның осылай өрбігені дұғаларды тыңдайтын Ехобаның арқасында екеніне сенімді (Зәб. 65:2).

4. Біз қандай қажеттіліктерді қарастырамыз?

4 Күтпеген жерден қандай да бір қиындыққа тап болсақ, дереу Ехобаға дұға ететін шығармыз. Өз тарапынан Ехоба да адал қызметшілерінің айтқан өтініштерін ықыласпен тыңдайды (Зәб. 34:15; Нақ. с. 15:8). Алайда үлгілі дұға жайлы ой жүгіртсек, назардан тыс қалып қоюы мүмкін басқа да маңызды жайттарды байқайтын шығармыз. Мысалы, сол дұғадағы соңғы төрт өтініште айтылған рухани қажеттіліктерімізге назар аударайық. Ал енді талқылауымызды “бүгінгі күнге қажетті нанымызды бере көр” деген өтініштен бастайық (Матай 6:11—13 оқы).

“БҮГІНГІ КҮНГЕ ҚАЖЕТТІ НАНЫМЫЗДЫ БЕРЕ КӨР”

5, 6. Ештеңеден таршылық көрмесек те, неліктен “бүгінгі күнге қажетті нанымызды бере көр” деп дұға еткеніміз маңызды?

5 Байқасаң, бұл өтініште бүгінгі күнге қажетті “нанымды” емес, “нанымызды” бере көр делінген. Африкада аралаушы бақылаушы болып қызмет ететін Виктор былай дейді: “Мен Ехобаға шын жүректен алғыс айтудан талмаймын. Өйткені әйелім екеуміз не ішеміз, пәтерақыны кім төлейді деп қатты уайымдамаймыз. Күнделікті қажеттіліктерімізді бауырластар қамқорлықпен қамтамасыз етіп тұрады. Ал мен өз тарапымнан сол бауырластар қаржыдан тапшылық көрсе, онысы шешіліп отырса екен деп дұға етемін”.

6 Егер өзіміз азық-түліктен таршылық көрмесек, ас-суға жарымай жүрген немесе қандай да бір апаттан зардап шеккен бауырластар туралы ойлайық. Олар үшін дұға етіп қана қоймай, дұғамызға сай әрекет етуіміз керек. Мысалы, мұқтаждық көріп жүрген бауырластармен қолда барымызбен бөлісуге болады. Сонымен қатар дүниежүзілік іске жүйелі түрде садақа жасап тұрғанымыз абзал. Ал бауырластар бұл қаражатты даналықпен жұмсайды (Жох. 1-х. 3:17).

7. “Ешқашан ертеңгі күнді ойлап уайымдамаңдар” деген кеңесін Иса қандай мысалмен түсіндірді?

7 Күнделікті нанымызды сұрау туралы айтқанда, Иса негізгі қажеттіліктерімізге нұсқаған болса керек. Осы ретте ол Құдайдың тіпті даладағы гүлдерді де киіндіретініне назар аударды, содан кейін: “Құдай сендерді де киіндіреді емес пе, сенімі аздар-ау?! Сондықтан “Не киеміз?” деп ешқашан уайымдамаңдар”,— деді. Соңынан, ол “ешқашан ертеңгі күнді ойлап уайымдамаңдар” деген маңызды кеңесін қайталады (Мат. 6:30—34). Ендеше дүние-мүлікті тым көп уайымдамай, негізгі қажеттіліктеріміз қанағаттандырылса, соны місе тұтайық. Мұндай қажеттіліктерімізге мыналар жатуы мүмкін: баспана, отбасын қамтамасыз етуге керекті жұмыс және денсаулық мәселелерін шешуге қажетті даналық. Алайда тек осындай тәндік қажеттіліктерді ғана сұрап дұға етсек, бізге байсалдылық жетіспегені. Өйткені бұлардан анағұрлым маңызды рухани қажеттіліктеріміз де бар.

8. Исаның күнделікті нанымыз туралы айтқаны қандай маңызды қажеттілігімізді еске салады? (Мақаланың басындағы суретті қара.)

8 Исаның күнделікті нанымыз туралы айтқаны рухани ас-суға мұқтаж екенімізді еске салады. Ол: “Адам нанмен ғана емес, Ехобаның аузынан шыққан әрбір сөзімен де өмір сүруі тиіс”,— деген (Мат. 4:4). Сол себепті Ехобаның рухани ас-сумен уақтылы қамтамасыз етіп тұруын сұрап дұға ете берейік.

“ҚАРЫЗДАРЫМЫЗДЫ КЕШІРЕ КӨР”

9. Қай мағынада күнәні қарыз деуге болады?

9 Иса үлгілі дұғасында “қарыз” сөзін, ал кейінірек оны қайталағанда, “күнә” сөзін қолданған. Бұл сөздердің қандай байланысы бар? (Мат. 6:12 сілт.; Лұқа 11:4). 60 жыл бұрын осы журналда бұған келесідей тамаша анықтама берілді: “Құдай заңын бұзғанда, біз оған қарыз боламыз... Құдай жасаған күнәміздің орнына өмірімізді талап ете алады... Ол бізбен бейбіт қарым-қатынасын бұзып, өзі сыйлаған тыныштықтан айыра алады... Біз оған мойынсұнып, сүйіспеншілік танытуға борыштымыз. Ал күнә жасағанда, осы борышымызды өтемей, оған қарыз боламыз. Өйткені күнә — Құдайға сүйіспеншілік танытпау” (Жох. 1-х. 5:3).

10. Ехобаның күнәларымызды кешіруіне қандай негіз бар және бұл бізді не істеуге талпындыру керек?

10 Біз Құдайдың кешіріміне күнделікті мұқтажбыз. Сондықтан Ехоба Исаның өмірін төлем құрбандығы ретінде берілуіне қам жасады. Бұл құрбандық шамамен 2000 жыл бұрын берілсе де, оны күні кеше берілгендей бағалағымыз келеді. Біздің жанымыз үшін берілген бұл төлемнің құны жоғары болғаны сонша — оны ешбір адам баласы төлей алмас еді (Зәбүр 49:7—9; Петірдің 1-хаты 1:18, 19 оқы). Сол себепті де осы зор сыйы үшін Ехобаға әрдайым ризашылық білдіруіміз керек. Сонымен қатар үлгілі дұғада “менің күнәларым” емес, “біздің күнәларымыз” делінген, ал бұл барлық бауырластарымыздың кешірімге мұқтаж екенін есімізге салады. Иә, Ехоба өзіміздің ғана емес, бізге қарсы күнә жасағандарды қоса алғанда, өзгелердің де рухани күйін ойлағанымызды қалайды. Әдетте, бізге қарсы жасалған күнәлар ауыр болмайды. Сондықтан бауырластарымызды кешірсек, оларды шынымен жақсы көретінімізді әрі өзіміздің күнәларымызды кешіретін мейірімді Құдайға еліктейтінімізді көрсетеміз (Қол. 3:13).

Құдайдың кешіргенін қаласаң, өзің де кешірімді бол (11-абзацты қара)

11. Кешірімді болу неліктен маңызды?

11 Өкінішке қарай, кемелсіз болғандықтан кейде ренжіткен адамға кек сақтауымыз мүмкін (Мұс. 3-ж. 19:18). Ал болған жайт туралы өзгелерге айтатын болсақ, олар бізді жақтайтын шығар, осылай қауымның бірлігі бұзылады. Бұл жағдайдың жалғасуына жол бергеніміз Құдайдың мейірімділігі мен төлем құрбандығын бағаламайтынымызды көрсетеді. Кешірімді болмасақ, көктегі Әкеміз де бізді кешірмейді (Мат. 18:35). Иса үлгілі дұғасының артынша осы жайтқа баса назар аударған (Матай 6:14, 15 оқы). Сонымен қатар Құдайдың кешіріміне ие болу үшін күнә жасауды әдетке айналдырудан аулақ болуымыз керек. Бұл үлгілі дұғадағы келесі өтінішпен байланысты (Жох. 1-х. 3:4, 6).

“АЗҒЫРЫЛУЫМЫЗҒА ЖОЛ БЕРМЕ”

12, 13. а) Иса шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін, көп ұзамай не болды? ә) Шайтанның жетегінде кетсек, неге өзгелерді кінәламауымыз керек? б) Иса өле-өлгенше адалдығын сақтауымен нені дәлелдеді?

12 “Азғырылуымызға жол берме” деген өтініштің мәнін түсіну үшін, Исамен болған жайтты қарастырайық. Шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін, көп ұзамай ол Құдай рухының жетелеуімен шөл далаға барады. Сол жерде оны Ібіліс сынау керек еді (Мат. 4:1; 6:13). Бұл бізді таңғалдыру керек пе? Құдайдың Исаны жерге жіберуінің басты себебін түсінсек, бұл бізді таңғалдырмайды. Адам мен Хауа Құдайдың билігінен бас тартқанда, даулы мәселе көтерілген еді. Осы орайда біраз сұрақтар туындады. Мысалы, Құдайдың адамдарды қалай жаратқанында бір мін бар ма? “Зұлымның” қысым жасағанына қарамастан, кемелді адам Құдайдың билігін жақтай ма? Шайтан меңзегендей, адамзат үшін Құдайдан тәуелсіз болғаны жақсы ма? (Мұс. 1-ж. 3:4, 5). Осы іспетті сұрақтарға жауап алу үшін уақыт қажет болды. Бірақ осының арқасында барлық саналы жаратылыстар тек Ехобаның билігі игілікті екенін көрер еді.

13 Ехоба киелі, сондықтан ешкімді зұлымдық жасауға азғырмайды. Қайта, нағыз “Азғырушы” — Ібіліс (Мат. 4:3). Ол бізді азғыру үшін, әртүрлі жағдайлар жасауы мүмкін. Бірақ оның жетегінде кету-кетпеу әркімнің өз қолында (Жақып 1:13—15 оқы). Ібіліс азғырғанда, Иса Құдай Сөзінен үзінділер келтіріп, тыйып отырды. Осылай Құдайдың әділ билігінің жағында берік тұрды. Бірақ Шайтанның берілмек ойы жоқ еді. Ол “басқа бір қолайлы уақытты күтті” (Лұқа 4:13). Шайтан қанша тырысса да, Иса мінсіздігінен таймады. Ол Ехобаны Билеушісі ретінде мойындап, кемелді адамның ең ауыр сынақта да адал бола алатынын дәлелдеді. Сөйтсе де Шайтан Исаның ізбасарларын, демек сені де, тұзаққа түсіргісі келеді.

14. Азғыруға түсіп қалмау үшін не істеуіміз керек?

14 Бүкіләлемдік билікке қатысты даулы мәселе әлі шешілмегендіктен, Ехоба Азғырушының бізді сынауына жол беріп отыр. Бұл сынақтар Құдайдан келеді дегенді білдірмейді. Керісінше, ол өзіне адал болатынымызға сенімді, әрі бізге көмектескісі келеді. Ол бізді ештеңеге мәжбүрлемейді, қайта, ерік бостандығымызды сыйлап, адал болу-болмау шешімін өзімізге қалдырады. Азғыруға түсіп қалмау үшін бізден екі нәрсе талап етіледі: рухани сергек болу және ұдайы дұға ету. Ал Ехоба дұғаларымызға қалай жауап береді?

Рухани күйің мен қызметке деген құлшынысыңды сақта (15-абзацты қара)

15, 16. а) Біз қандай азғыруларға қарсы тұруымыз керек? ә) Азғыруға түсіп қалсақ, бұған Шайтан кінәлі ма?

15 Ехоба бізге құдіретті киелі рухын беріп, нығайтады, соның арқасында біз Шайтанның азғыруына қарсы тұра аламыз. Ол өзінің Сөзі мен қауым арқылы да бізді сақтандырады. Мысалы, уақытымызды, қаражатымыз бен күш-қайратымызды қажетсіз заттарға жұмсамауды ескертеді. Эспен мен Яна Еуропаның бір ауқатты елінде тұрады. Олар біраз жылдар бойы елдерінде қажеттілік бар аумақта ізашар болып қызмет еткен еді. Бірақ тұңғыш балалары туылғанда, ізашарлық қызметтерін доғаруға тура келді. Ал бүгінде олардың екі баласы бар. Эспен былай дейді: “Қазір біз теократиялық істерге бұрынғыдай көп атсалыса алмағандықтан, азғыруға түсіп қалмайықшы деп Ехобаға жиі дұға етеміз. Біз одан рухани күйіміз бен қызметке деген құлшынысымызды сақтап қалуға көмектесуін сұраймыз”.

16 Қазіргі таңда дендеп тұрған азғырулардың бірі — порнография. Егер порнографияның шырмауына түссек, бұған Шайтан кінәлі емес. Неге бұлай дейміз? Себебі Шайтан мен оның дүниесі өз еркімізге қарсы бізге ештеңе істете алмайды. Кейбіреулердің осы азғыруға түсіп қалуына жаман ойлардың саналарында тұрақтап қалуына жол бергені себеп болған. Бірақ мыңдаған бауырластарымыз сияқты біз де бұған қарсы тұра аламыз (Қор. 1-х. 10:12, 13).

“ЗҰЛЫМНАН САҚТАЙ КӨР”

17. а) “Зұлымнан сақтай көр” деген өтінішімізге сай өмір сүру үшін не істеу керек? ә) Жақында қандай қуанышты кез келеді?

17 “Зұлымнан сақтай көр” деген өтінішімізге сай өмір сүру үшін, Шайтанның дүниесіндегі істерге араласпауымыз, сондай-ақ оның “дүниесін де, ондағы еш нәрсені де сүймеуіміз” керек (Жох. 15:19; Жох. 1-х. 2:15—17). Бұл — бір күндік күрес емес. Ехоба осы өтінішімізге жауап беріп, Шайтан мен оның зұлым дүниесін жойған соң, неткен қуанышты кез болады десеңші! Ал сол уақыт келгенше мынаны ұмытпайық: Шайтан жерге лақтырылғанда, уақыты аз екенін білген. Сондықтан ашуға мініп, бізді мінсіздіктен айыру үшін барын салуда. Ендеше Зұлымнан сақтауын өтініп, әрі қарай да Ехобаға дұға ете берейік (Аян 12:12, 17).

18. Шайтанның дүниесі жойылғанда аман қалу үшін, не істей беруіміз керек?

18 Сен осы кезді асыға күтіп жүрсің бе? Олай болса, Құдай Патшалығы келсін, Ехобаның есімі киелі тұтылсын, оның еркі жерде де орнасын деп дұға ете бер. Ехобаның рухани және тәндік қажеттіліктеріңді қанағаттандыратынына сенім арт. Иә, үлгілі дұғаға сай өмір сүруге беліңді бекем бу!