Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Иса адамдарды жақсы көрген

Иса адамдарды жақсы көрген

“[Мен] адам баласын ерекше жақсы көрдім” (НАҚ. С. 8:31).

1, 2. Иса адамзатты қатты жақсы көретінін қалай дәлелдеді?

ЕХОБАНЫҢ шексіз даналығының ең алғашқы әрі ең толық көрінісі — тұңғыш Ұлы Иса Мәсіх. Әкесінің қасында “шебер жұмысшысы” болған ол даналықтың нақ өзі еді. Ехоба “аспанды дайындап”, “жердің іргетасын орнатқанда”, тұңғыш Ұлының зор қуаныш пен қанағат сезінгені сөзсіз. Сөйтсе де ол барлық жаратылыстардың ішінде “адам баласын ерекше жақсы көрген” (Нақ. с. 8:22—31). Осылай Исаның адамзатқа деген махаббаты оның адами өмірінен бұрын басталған.

2 Кейінірек Құдай Ұлы Әкесіне деген адалдығы мен сүйіспеншілігінің, сондай-ақ адам баласына деген махаббатының дәлелі ретінде “барлығынан өз еркімен бас тартып”, адами кейіппен жер бетіне келді. Ол мұны “көптеген адамдар үшін жанын төлем ретінде беру” үшін істеді (Філіп. 2:5—8; Мат. 20:28). Адамзатқа деген неткен сүйіспеншілік! Құдай оған кереметтер жасайтын құдірет берді. Иса солар арқылы адамдарға деген сүйіспеншілігін паш етпек еді. Сондай-ақ бұл кереметтер болашақта орын алатын игіліктердің нышаны болды.

3. Біз нені қарастырамыз?

3 Жерге келгенде, Иса үшін “Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды” жариялаудың да мүмкіндігі ашылды (Лұқа 4:43). Ол осы Патшалық арқылы Әкесінің есімінің киелі тұтылатынын және адам баласының бар қиындықтары түбегейлі шешілетінін білген. Ол уағыздаумен қатар, адамдардың қамы үшін кереметтер жасады. Неге бұл бізді қызықтыру керек? Мұны білгеніміз бізге болашаққа деген сенімділік пен үміт береді. Ал енді Исаның төрт кереметін қарастырып көрейік.

АУРУЛАРДЫ САУЫҚТЫРАТЫН ҚҰДІРЕТ

4. Исаның алапеске шалдыққан кісіні кездестірген кезін суреттеп бер.

4 Иса көп жағдайда ел аралап қызмет ететін. Ол әсіресе Ғалилея аймағына жиі баратын. Сол аймақтағы қалалардың бірінде Иса аянышты көріністің куәсі болды (Мар. 1:39, 40). Ол ауыр науқасқа, алапеске, шалдыққан бір кісіні кезіктірді. Дәрігер Лұқаның айтуынша, әлгі кісінің “үсті-басын алапес басқан” еді. Бұдан оның ауруының қаншалықты асқынғаны көрінеді (Лұқа 5:12). “[Алапес кісі] Исаны көргенде, жерге жығылып: — Ием, қаласаңыз болғаны, мені айықтырып тазарта аласыз,— деп жалбарынды”. Ол өзін айықтыруға Исаның құдіреті жететініне күмәнданбады, бірақ ол мұны қалай ма — соны білгісі келді. Иса оның өтінішіне қалай жауап береді? Жантүршіктіретін науқастан сұрқы кеткен түрін көргенде, Иса не ойлады? Ол мұндай науқастарға еш аяушылық танытпайтын парызшылдар сияқты әрекет ете ме? Ал сен не істер едің?

5. Алапес адамды сауықтырғанда, Исаны “Қалаймын!” деуге не талпындырған?

5 Мұса Заңы бойынша, алапес адам “Таза емеспін! Таза емеспін!” деп айғайлау керек болған. Әлгі кісі бұлай етпегенге ұқсайды. Бірақ Иса бұған мән бермеді. Оны адамның өзі мен қажеттілігі көбірек қызықтырды (Мұс. 3-ж. 13:43—46). Сол кезде Исаның санасында қандай ой болғанын білмесек те, жүрегінде қандай сезім болғанын нақты білеміз. Қатты жаны ашыған ол адам сенгісіз әрекет жасады: алапес кісіге қолын тигізді. Сосын жұмсақ, әйтсе де нық дауыспен: “Қалаймын, тазар!”— деді. Сол сәтте ол алапесінен тазарды (Лұқа 5:13). Әрине, Иса бұл кереметті Ехобаның құдіретімен жасады. Ехоба оған мұндай құдіретті керемет жасау үшін ғана емес, сол арқылы адамзатты қаншалықты жақсы көретінін паш етсін деп те берген (Лұқа 5:17).

6. Иса жасаған кереметтердің қандай ерекшеліктері болған және біз бұдан не білеміз?

6 Құдайдың құдіретінің арқасында Иса Мәсіх таң-тамаша қалдыратын көптеген кереметтер жасаған. Ол алапес кісіні ғана емес, басқа да небір науқастар мен кемтарларды айықтырған. Жазбаларда бұл жайында: “Жұрт мылқаулардың сөйлеп, кемтарлардың айығып, ақсақтардың жүріп, соқырлардың көзі ашылып жатқанын көрді”,— делінген (Мат. 15:31). Жанашырлыққа толы осындай кереметтер жасағанда, Исаға ауру адамдардың дене мүшесін ауыстырудың қажеті болмаған. Ол науқастың өз дене мүшесін сауықтырған! Сонымен қатар Иса ауру адамды әп-сәтте, ал кейде тіпті көрмей-ақ айықтырған (Жох. 4:46—54). Бұдан ол жайлы не білеміз? Қазір Патша тағында отырған оның науқастарды түбегейлі сауықтыратын күші ғана емес, ықыласы да бар. Исаның адамдарға жасаған игі істерін білгеніміз жаңа дүниеде оның “бейшара мен кедейге жаны ашитынына” сенімділік береді (Зәб. 72:13). Иә, ол ауру-сырқау атаулының бәрін зор ықыласпен сауықтырады.

“ТҮРЕГЕЛ, ЗЕМБІЛІҢДІ АЛ ДА, ЖҮРЕ БЕР”

7, 8. Исаның Бетзада хауызында науқас кісіні кезіктіруіне қандай жағдайлардың себеп болғанын айтып бер.

7 Исаның Ғалилеяда алапес кісіні сауықтырғанына бірнеше ай болды. Енді ол Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздау үшін Яһудеяға бет алды. Мыңдаған адам оның жариялап жүрген хабарын естіп, әрі сүйіспеншілігін сезінсе керек. Исаның тілегі кедейлерге ізгі хабарды, тұтқындарға бостандық алатынын, зағиптарға көздері ашылатынын жеткізу еді (Ишая 61:1, 2; Лұқа 4:18—21).

8 Осылай нисан айы да келді. Мұса Заңы бойынша Құтқарылу мейрамын тойлау үшін Иса Иерусалимге жол тартты. Бұл уақытта жан-жақтан мейрамға адамдар келіп, қала абыр-сабыр болып жататын. Ал ғибадатхананың оң қанатында Бетзада деген хауыз болатын. Иса сол жерде бір науқас кісіні кездестірді.

9, 10. а) Бетзада хауызына адамдар не үшін келетін? ә) Иса сол жерде не істеді және бұл бізді не істеуге талпындырады? (Мақаланың басындағы суретті қара.)

9 Бетзада хауызының айналасынан ауру-сырқаулар мен кемтарлар үзілмейтін. Олар, неге екені белгісіз, су қозғалғанда хауызға түскен адам сауығып кетеді деп сенген. Ондағы жұрттың бірі алаңдаулы болса, бірінің көңілі күпті, өзге бірі шарасыз күйде еді. Бірақ ешқашан ауырып көрмеген кемелді Исаның бұл жерге келуінің себебі неде? Ол өзінің жердегі ғұмырынан да ұзақ уақыт науқастанып жатқан бір кісіні көріп, оны аяп қасына келген еді (Жохан 5:5—9 оқы).

10 Иса “Сауыққың келе ме?” деп сұрағанда, әлгі кісінің көзіндегі үмітсіздік табын елестете аласың ба? Ол бірден жауап беріп, қанша сауыққысы келгенмен, оны хауызға түсіретін ешкім жоқ екенін айтады. Сонда Иса оған үш ұйықтаса түсіне кірмеген нәрсені істеуді бұйырып: “Түрегел, зембіліңді ал да, жүре бер”,— дейді. Сал кісі Исаның айтқанын істейді. Бұл — Исаның жаңа дүниеде не істейтінінің пұшпағы ғана! Бұл кереметінен оның қаншалықты жанашыр екені де көрінеді. Ол көмекке мұқтаж жандарды өзі іздеп табатын. Исаның үлгісі бізді осы дүниедегі жантүршігерлік жайттар жандарына батып жүрген адамдарды іздей беруге талпындырады.

“ЖАМЫЛҒЫМА КІМ ҚОЛЫН ТИГІЗДІ?”

11. Марқа 5:25—34 тармақтардан Исаның науқас адамдарға жаны ашитыны қалай көрінеді?

11 Марқа 5:25—34 оқы. Бір әйел 12 жыл бойы ауруынан ұялып өмір сүреді. Оның науқасының кесірі бүкіл өміріне, тіпті Құдайға деген ғибадатына да тиді. Әйел “көп дәрігерге емделемін деп талай азап шегіп, қолындағы бар мал-мүлкін жұмсаса да, еш ем қонбай, қайта, халі бұрынғысынан да нашарлай түседі”. Бірақ бірде ол кеселінен айығудың басқа бір жолын табады. Ол Иса деген кісінің қасына бармақ болады. Содан қаумалаған жұрттың арасынан өтіп, Исаға келеді де, жамылғысына қолын тигізеді (Мұс. 3-ж. 15:19, 25). Иса бойынан күш шыққанын сезіп, оған қолын тигізген кім екенін сұрайды. Сонда әлгі әйел “қорыққаннан дірілдеп, оның алдына келеді де, аяғына жығылып, бар шындықты айтып береді”. Әйелді Ехоба сауықтырғанын түсінген Иса мейіріммен: “Қызым, сеніміңнің арқасында айықтың. Уайымдамай қайта бер, жаныңа батқан дерттен сауықтың”,— дейді.

Жасаған кереметтері арқылы Иса біздің қамымызды ойлайтынын, қиындықтарымыз оны бейжай қалдырмайтынын көрсетті (11, 12-абзацтарды қара)

12. а) Жоғарыда қарастырғандарымызды ескеріп, Исаны қалай сипаттар едің? ә) Иса бізге қандай үлгі қалдырды?

12 Иса неткен мейірімді еді! Байқағанымыздай, науқас адамдардың қасіретін көргенде, оның жүрегі қан жылайтын. Шайтан бізді ешкім жақсы көрмейді, түкке тұрғысызбыз дегенге сендіргісі келеді. Бірақ жасаған кереметтері арқылы Иса біздің қамымызды ойлайтынын, қиындықтарымыз оны бейжай қалдырмайтынын анық көрсетті. Патша әрі Діни қызметкеріміз неткен жанашыр! (Евр. 4:15). Сау адамға созылмалы дертке шалдыққан адамның сезімін түсіну оңай емес шығар. Ал Иса өзі ешқашан ауырып көрмесе де, науқастардың жанын түсіне білген. Олай болса, осыны есте ұстап, мүмкіндігінше оның үлгісіне еліктейік (Пет. 1-х. 3:8).

“ИСА КӨЗІНЕ ЖАС АЛДЫ”

13. Елазарды тірілткенінен Иса жайлы не білеміз?

13 Өзгелердің қасіреті Исаның жанына бататын. Мысалы, досы Елазар қайтыс болғанда, жұрттың қайғырғанын көріп, ол “іштей күңіреніп, толқып кетті”. Көп ұзамай Елазарды қайта тірілтетінін білсе де, оның бойын осындай сезім биледі (Жохан 11:33—36 оқы). Иса бұл сезімін өзгелерден жасырмады. Бұдан жұрт Исаның Елазар мен оның үй ішіне қаншалықты бауыр басқанын көрді. Құдай дарытқан күшін досын қайта тірілту үшін қолдану неткен жанашырлық десеңші! (Жох. 11:43, 44).

14, 15. а) Ехобаның қайғы-қасіретті жоюды қатты қалайтыны неден көрінеді? ә) “Есте сақтау қабірлері” деген сөздерден Ехоба жайлы не білеміз?

14 Киелі кітапта айтылғандай, Иса — Жаратушымыздың “болмысының дәлме-дәл көрінісі” (Евр. 1:3). Сондықтан Исаның жасаған кереметтерінен оның да, Әкесінің де қайғы-қасіретті, сондай-ақ ауру мен өлімді түптамырымен құртқысы келетіні көрінеді. Олардың бұл ниеті Киелі кітапта жазылған бірнеше адамның қайта тірілтілуімен шектелмейді. Иса: “Есте сақтау қабіріндегілердің бәрі... қабірден шығады”,— деген (Жох. 5:28 сілт., 29).

15 Мұндағы “есте сақтау қабірлері” деген сөздер Құдайдың есте сақтау қабілетіне нұсқайды. Ұлан-ғайыр әлемді жаратқан Құдіреті шексіз Құдай өмірден өткен әрбір адамның туа біткен не кейін пайда болған мінез-құлқы мен қасиеттерін жадында сақтай алады (Ишая 40:26). Мәселе Ехобаның олардың бәрін есте сақтай алатынында ғана емес, есте сақтағысы келетінінде. Елазар мен басқалардың қайта тірілгені — жаңа дүниеде зор көлемде жасалатын кереметтің нышаны.

ИСАНЫҢ КЕРЕМЕТТЕРІ МЕН СЕНІҢ БОЛАШАҒЫҢ

16. Мінсіздігін сақтаған мәсіхшілерді алда не күтіп тұр?

16 Егер мінсіздігімізден таймасақ, біз бұрын-соңды болмаған зор кереметті көреміз: зор алапатта аман қаламыз. Ал Армагеддоннан кейін көп ұзамай тағы талай кереметтердің куәсі болып, науқастарынан сауыққандарды көреміз (Ишая 33:24; 35:5, 6; Аян 21:4). Зағиптардың көріп, ақсақтар мен мүгедектердің жүріп, саңыраулардың құлақтары ашылып жатқанын елестетіп көрші. Ехоба Армагеддонда аман қалғандардың денсаулығы мықты болуы керек екенін біледі. Себебі олар атқаратын жұмыс көп болады. Олар өздеріне сый ретінде берілген Жер шарын жұмаққа айналдырады (Зәб. 115:16).

17, 18. а) Исаның кереметтерінің мақсаты қандай болған? ә) Неге сен жаңа дүниеде өмір сүруің үшін күш салуың керек?

17 Жер бетінде болғанда Исаның науқастарды сауықтырғаны бүгінде “ұлы жамағатқа” жігер береді (Аян 7:9). Өйткені бұл олардың болашақта барлық ауру-сырқауларынан айығатынына деген сенімін нығайтады. Сол кереметтерінен біз Исаның адам баласын қаншалықты жақсы көретінін байқаймыз (Жох. 10:11; 15:12, 13). Ал Исаның жанашырлығы — Ехобаның әрбір қызметшісіне деген қамқорлығының көрінісі (Жох. 5:19).

18 Бүгінде адамзат қайғы мен қасіреттен көз ашпайды, өлімнен де қашып құтыла алмайды (Рим. 8:22). Біз Құдай уәде еткен жаңа дүниеде ғана науқас атаулыдан құтыламыз. Малахи 4:2-де жазылған сөздер науқастарынан айыққандардың кемелсіздіктің құрсауынан босап, “семіз торпақтай ойнақтап секіретініне” сенімділік береді. Ендеше, Құдайға деген ризашылығымыз бен берік сеніміміз сол жаңа дүниеде өмір сүруге лайық болу үшін қолдан келгеннің бәрін істеуге талпындыра берсін. Иса жасаған кереметтердің Құдай Патшалығындағы игіліктердің нышаны болғанын білгеніміз зор қуанышқа бөлейді!