Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Табанды болуларың қажет”

“Табанды болуларың қажет”

АЙНҰР * шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехоба куәгері болғанда, күйеуі қатты қарсылық көрсете бастайды. “Күйеуім маған қауым кездесулеріне баруға, тіпті Құдайдың есімін атауға тыйым салды. Ехобаның есімін естігенінің өзі оны ашуландыратын”,— дейді ол.

Балаларына Ехоба жайлы тәлім беру де үлкен сынаққа айналғанын айтып, Айнұр былай дейді: “Ехобаға ғибадат етуіме өз үйімде тыйым салынды. Балаларыммен зерттеу сабағын еркін өткізе алмадым, оларды қауымға да апара алмадым”.

Айнұрдың жағдайынан көрінетіндей, отбасы мүшелері қарсылық көрсетсе, мәсіхшінің мінсіздігі сыналуы мүмкін. Созылмалы науқасқа шалдығу, баламыздың не жұбайымыздың өлімі, отбасы мүшесінің Ехобадан бас тартуы сияқты жағдайларда да мінсіздігіміз сыналады. Олай болса, Ехобаға деген адалдығымыздан таймауға не көмектеседі?

Осындай жағдайлардың біріне тап болсаң, сен не істер едің? Елші Пауыл: “Табанды болуларың қажет”,— деп жазған (Евр. 10:36). Бірақ табанды болуға не көмектеседі?

ДҰҒА ЕТІП, ЕХОБАНЫҢ КӨМЕГІНЕ ЖҮГІН

Қиын шақта табанды болу үшін, Ехобадан көмек сұрап дұға еткен аса маңызды. Осы орайда Аннамен болған жағдайды қарастырып көрейік. Дүйсенбі күні оның отбасы үшін қаралы күн болды. Оның 30 жыл отасқан жұбайы аяқ астынан көз жұмды. Анна: “Күйеуім жұмыстан қайтып оралмады. Ол небәрі 52-де еді”,— дейді.

Аннаға не көмектесті? Жұмыстан қол үзбегені оған біршама көмегін тигізді, себебі жұмысы бар назарын салуды талап ететін. Десе де ол қайғысынан толықтай арылмады. Анна былай дейді: “Мен ішімдегінің бәрін Ехобаға ақтарып, жан жарасына дауа сұрап жалбарындым”. Ехоба оған жауап берді ме? Анна дұғасына жауап алғанына сенімді. Ол: “Тек Құдай бере алатын тыныштық жаным мен ой-санама шипа болды. Мен Ехобаның күйеуімді қайта тірілтетініне кәміл сенемін”,— дейді (Філіп. 4:6, 7).

Құдай өз қызметшілерінің дұғаларын тыңдап, адалдықтарын сақтауға көмектесуді уәде еткен (Зәб. 65:2). Мұндай уәде сенімімізді нығайтады емес пе?! Демек, қиын шақта сен де табанды бола аласың.

ҚАУЫМНЫҢ КӨМЕГІНЕ ЖҮГІН

Ехоба өз халқын мәсіхшілер қауымы арқылы да демейді. Мысалы, Салоника қаласындағы қауым қатты қуғынға ұшырағанда, Пауыл ондағы мәсіхшілерді “бір-бірін жұбатып, нығайтып жүргендеріндей, әрі қарай да солай ете беруге” шақырған (Сал. 1-х. 2:14; 5:11). Сынақ кезінде бір-біріне сүйіспеншілік танытып, қолдағанының арқасында салоникалықтар адалдықтарын сақтап қала алар еді. Олар бізге керемет үлгі қалдырды, әрі табынды болуға не көмектесетінін көрсетті.

Қауымдағы бауырластармен достық қарым-қатынас орнатсақ, “бір-бірімізді нығайтуға ықпал ететіннің бәрін істейміз” (Рим. 14:19). Әсіресе қиындыққа кезіккенде, мұның маңыздылығы арта түседі. Елші Пауылдың өзі де көп қиындық көрген, сондай кездерде Ехоба оған табанды болуға күш берген. Ал біраз жағдайларда Құдай оны бауырластары арқылы жігерлендірген. Мысалы, Пауыл Қолостағы қауымға сәлем жолдағанда, кейбір бауырластардың атын атап, олардың өзі үшін тірек болғанын айтқан (Қол. 4:10, 11). Олар Пауылды жақсы көрген, сондықтан ол мұқтаждық көргенде, жұбатып, жігерлендірген. Сені де қауымдағы бауырластар жігерлендіріп, қолдаған кездер болған шығар.

АҚСАҚАЛДАРДЫҢ КӨМЕГІНЕ ЖҮГІН

Құдай бізге көмектесу үшін қауымда ақсақалдардың болуына қам жасаған. Бұл рухани толысқан бауырластар біз үшін “желден қорғайтын сая, Жаңбырлы дауылдан бассауғалайтын пана... құла түздегі су көздеріндей, Қуаң жердегі алып жартастың саясындай” бола алады (Ишая 32:2). Жанға жұбаныш беретін неткен сөздер! Сен олардың көмегіне жүгініп көрдің бе? Олардың жігерлендіргені, қолдау көрсеткені табанды болуыңа көмектеседі.

Әрине, ақсақалдар біздің бар қиындығымызды шешіп бере алмайды. Себебі олар да өзіміз сияқты пенде (Ел. іс. 14:15). Сөйтсе де ақсақалдардың біз үшін жалбарына айтқан дұғаларының көмегі зор (Жақ. 5:14, 15). Италияда тұратын бір бауырластың сөздеріне көңіл бөлейікші. Көп жылдар бойы бұлшық ет дистрофиясынан жапа шегіп жүрген ол: “Бауырластардың сүйіспеншілігі мен бауырмалдығы, жиі-жиі келіп, қал-жағдайымды біліп тұрғаны мойымай, берік болуыма көмектесіп келеді”,— дейді. Басыңа қандай да бір қиындық түссе, Ехоба сенің де ақсақалдардың көмегіне жүгінгеніңді қалайды.

РУХАНИ ІСТЕРМЕН АЙНАЛЫСУДЫ ДОҒАРМА

Табанды болуымызға көмектесетін тағы бір нәрсе — рухани істермен айналысуды доғармау. Джон 39 жасында қатерлі ісіктің сирек кездесетін түріне шалдығады. Ол кезде оның баласы небәрі үш жаста еді. Джон былай дейді: “Бұл мен үшін әділетсіз болып көрінді. Енді әйелім кішкентай баламыздың ғана емес, менің де қамымды жасау керек еді. Бұған қоса, маған ем-дом қабылдауға көмектесу керек болды”. Оның үстіне, химиотерапиядан Джонның жүрегі айнып, әл-дәрмені құритын. Бұл аз болғандай, оның әкесі беті қайтпайтын дертке шалдығып, отбасының көмегіне мұқтаж болып қалады.

Осындай қиын кезеңде Джон мен отбасының табанды болуына не көмектесті? Ол: “Мен әлімнің жоқтығына қарамай, отбасымның рухани істерден қол үзбегенін қадағалайтынмын. Біз жиналыстардың ешқайсысын қалдырмайтынбыз, апта сайын қызметке де шығатынбыз. Қиын болса да, отбасылық ғибадатты үзбей өткізетінбіз”,— дейді. Қиындықтарға төтеп беру үшін Джон рухани берік күйін сақтаудың аса маңызды екенін түсінді. Қиындыққа тап болған бауырластарға ол келесідей кеңес береді: “Алғашқы алай-түлей сезімдерің басылған соң, жаман ойлардан арылып, Ехобаның күші мен сүйіспеншілігін сезінесің. Ехоба мені нығайтқанындай, сендерді де нығайтады”.

Қазір не болашақта қандай қиындыққа кезікпейік, Ехобаның көмегімен табанды бола аламыз. Ендеше Ехобаның көмегіне жүгініп, дұға етейік, қауымдағы бауырластармен достық қарым-қатынас орнатайық, ақсақалдардан көмек іздейік және рухани істермен айналысуды доғармайық. Сонда елші Пауылдың “табанды болуларың қажет” деген сөздеріне сай әрекет етеміз.

^ 2-абзац Кейбір есімдер өзгертілген.