Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехобаның мызғымас сүйіспеншілігі жөнінде ой жүгірт

Ехобаның мызғымас сүйіспеншілігі жөнінде ой жүгірт

“Сенің бар әрекеттерің жайлы ойланамын” (ЗӘБ. 77:12).

ӘНДЕР: 18, 29

1, 2. а) Ехобаның өз халқын жақсы көретініне неге сенімдісің? ә) Адам баласы қандай қажеттілікпен жаратылған?

ЕХОБАНЫҢ өз халқын жақсы көретініне неге сенімдісің? Бұл сұрақтың жауабы әртүрлі болуы мүмкін. Солардың кейбірін қарастырып көрейікші. Қауымдағылар Тэйлин деген бауырласты байсалды болып, өзінен тым көп нәрсе күтпеуге біраз жылдар бойы талпындырады. Бұған қатысты ол: “Ехоба мені жақсы көрмесе, маған кеңес беруден жалығар еді”,— дейді. Ал күйеуі қайтыс болғаннан кейін, екі баласын жалғыз тәрбиелеген Бриджит былай дейді: “Шайтанның дүниесінде бала тәрбиелеу, әсіресе жалғызбасты адам үшін, қиынның қиыны. Ехобаның мені жақсы көретініне сенімдімін. Себебі ол жаным ауырып, көз жасым көл болған кездерде, мені жетелеп жүрді, көтере алмайтын қиындыққа кезігуіме ешқашан жол бермеді” (Қор. 1-х. 10:13). Сандра болса беті қайтпайтын науқасқа шалдыққан. Бір конгресте оған көпке танымал бауырластың әйелі ерекше көңіл бөледі. Сандраның күйеуі бұған қатысты: “Таныс болмасақ та, оны біздің жағдайымыз қатты қызықтырғаны жүрегімізді қуанышқа толтырды. Бауырластардың осындай кішігірім істерінің өзі Ехобаның бізді қатты жақсы көретініне сенімімді арттырады”,— деп өз лебізін білдірді.

2 Ехоба адамды өзгені сүю әрі өзгенің сүйіспеншілігін сезіну қажеттілігімен жаратқан. Сондықтан осы қажеттілігіміз қанағаттандырылмаса, сағымыз сынуы оп-оңай. Ал бұған тосын оқиға, көңілдің қалуы, денсаулықтың нашарлауы, қаржы тапшылығы, қызметіміздің жемісін көрмегеніміз ықпал етуі мүмкін. Осындайда Ехобаның бізге деген сүйіспеншілігі суып кеткендей болып көріне бастаса, Ехоба үшін бағалы екенімізді әрі “оң қолымыздан ұстап”, бізге көмектесіп жатқанын есте ұстаған абзал. Оған деген адалдығымыздан таймасақ, ол бізді ешқашан тастамайды (Ишая 41:13; 49:15).

3. Ехобаның бізге деген сүйіспеншілігі мызғымайтынына сенімді болуымызға не көмектеседі?

3 Жоғарыда сөздері келтірілген бауырластар Ехобаның сын сағатта өздерін тастамағанына сенімді. Біз де бұған сенімді бола аламыз (Зәб. 118:6, 7). Осы мақаладан келесі төрт жайттан Ехобаның сүйіспеншілігі қалай көрініс табатынын білеміз: 1) жаратылыстары, 2) рухтың жетелеуімен жазылған Сөзі, 3) дұға, 4) төлем құрбандығы. Ехобаның жасап жатқан игілігі туралы ойланғанымыз мызғымас сүйіспеншілігіне деген ризашылығымызды арттырары сөзсіз (Зәбүр 77:11, 12 оқы).

ЕХОБАНЫҢ ЖАРАТЫЛЫСТАРЫ ТУРАЛЫ ОЙЛАН

4. Ехобаның жаратылыстарынан не көруге болады?

4 Ехобаның жаратылыстарынан бізге деген мызғымас сүйіспеншілігі көріне ме? Иә, өйткені оның жаратылыс ісінің өзі — сүйіспеншіліктің көрінісі (Рим. 1:20). Мысалы, жердің өз экожүйесі бар, соның арқасында тіршілік етудеміз. Бірақ ол біздің тіршілік етіп қана қойғанымызды емес, өмірдің рақатын көргенімізді қалайды. Сондықтан ас-ауқатымыз болу үшін қам жасап, жерде сан-алуан өсімдік өсетіндей етті. Ал бізді ішіп-жеуден қуаныш пен қанағатқа бөленетіндей етіп жаратты (Уағ. 9:7). Кэтрин деген бауырлас Құдайдың жаратылыстарын әсіресе Канадаға көктем келгенде бақылағанды ұнатады екен. Ол былай дейді: “Тіршілік атаулыға жан біткенін көру бір ғанибет! Өз мезгілінде гүлдер өсіп шығады, жыл құстары оралады, тіпті құртақандай колибри де менің ас бөлмемнің терезесінің алдындағы жемшашарын тауып келеді. Осыншама қуаныш сыйлаған Ехоба, әрине, бізді жақсы көреді”. Көктегі сүюші Әкеміз өз жаратылыстарын жақсы көреді, әрі олардың бізді де рақатқа бөлегенін қалайды (Ел. іс. 14:16, 17).

5. Адам баласының жаратылысынан Ехобаның сүйіспеншілігі қалай көрінеді?

5 Ехоба бізді жемісті де мағыналы жұмыстан рақат табатындай етіп жаратқан (Уағ. 2:24). Оның еркі бойынша, адамдар жер бетін ұрпақтарына толтыруы әрі оны өңдеуі керек еді. Сондай-ақ балықтар мен құстарға, басқа да жаратылыстарға иелік етулері керек болатын (Мұс. 1-ж. 1:26—28). Бұған қоса, Ехоба бізге керемет қасиеттер дарытқан, солардың арқасында оған еліктей аламыз (Ефес. 5:1).

ҚҰДАЙ СӨЗІН БАҒАЛА

6. Неге біз Құдай Сөзін барынша бағалауымыз керек?

6 Ехобаның бізге өз Сөзі Киелі кітапты бергені — зор сүйіспеншілігінің көрінісі. Киелі кітаптан біз Құдай мен оның адамдарға қалай қарайтыны туралы білеміз. Мысалы, онда тілазар Исраил халқына оның қалай қарағаны жазылған. Зәбүр 78:38-де мынадай сөздер бар: “Ол мейірімділік танытатын, Күнәларын кешіретін, оларды құртып жібермейтін. Бар қаһарын төкпей, әдетте ашуын басатын”. Бәлкім, осы сөздер жайлы ой жүгірткенің Ехобаның сені жақсы көріп, қамыңды ойлайтынына деген ризашылығыңды арттыра түсетін шығар. Ехобаның сені бағалайтынына еш күмәнің болмасын (Петірдің 1-хаты 5:6, 7 оқы).

7. Неге біз Киелі кітаптың қадірін білуіміз керек?

7 Құдай бізбен, негізінен, Жазбалар арқылы сөйлесетіндіктен, бұл кітаптың қадірін білген дұрыс. Ата-аналар мен балалар ашық әңгімелесіп тұратын болса, бір-біріне деген сенімі мен сүйіспеншілігі артады. Ал Ехоба туралы не деуге болады? Біз оны ешқашан көрмегенбіз, даусын да естімегенбіз, әйтсе де ол бізге өз Сөзі арқылы сөйлейді. Ал біз оны тыңдауымыз керек (Ишая 30:20, 21). Ехоба бізді жетелеп жүріп, жамандықтан қорғағысы келеді. Сонымен қатар оны жақыннан танып-біліп, өзіне арқа сүйегенімізді қалайды (Зәбүр 19:7—11; Нақыл сөздер 1:33 оқы).

Ехоба Иқу арқылы Жосафат патшаға разы емес екенін білдіргенмен, оның “бойынан біраз жақсылық тапты” (8, 9-абзацтарды қара)

8, 9. Ехоба өзін қандай Құдай ретінде білгенімізді қалайды? Киелі кітаптан мысал келтір.

8 Ехоба бізді жақсы көреді. Ол тек кемелсіздігімізді ғана емес, бойымыздағы жақсылықты да көреді, тіпті оны іздейді (Шеж. 2-ж. 16:9). Ехоба өзін осындай Құдай ретінде білгенімізді қалайды. Осы орайда Яһуда патшасы Жосафатпен болған жағдайды қарастырып көрейік. Бірде ол ақымақтық жасап, сириялықтардан Рамот-Ғалақатты қайтарып алғысы келген Исраил патшасы Ахабпен соғысқа шығуға келіседі. Зұлым патша Ахабты 400 жалған пайғамбар жеңіске жететініне сендіргенмен, Ехобаның шынайы пайғамбары Миха оның міндетті түрде жеңілетінін айтады. Содан Ахаб шайқаста қаза болады, ал Жосафат әрең аман қалады. Иерусалимге оралғанында, Ехоба оған Ханани ұлы Иқу арқылы әрекетіне разы емес екенін жеткізеді. Әйтсе де мына сөздерді де айтады: “Сенің бойыңнан біраз жақсылық табылды” (Шеж. 2-ж. 18:4, 5, 18—22, 33, 34; 19:1—3).

9 Жосафат билік құруының алғашқы жылдарында бекзадалар, леуіліктер мен діни қызметкерлерге бүкіл Яһуда қалаларын аралап, жұртқа Ехобаның Заңын үйретуді тапсырады. Бұл шараның жемісті болғаны сонша — айналадағы халықтар Ехобадан қорқа бастайды (Шеж. 2-ж. 17:3—10). Жосафат ақылсыз әрекет жасағанмен, Ехоба оның бұрынғы игі істерін ұмыт қалдырмады. Көріп отырғанымыздай, Ехобаға ұнамды болуға тырыссақ, кемелсіз болғанымызға қарамай, оның бізге деген сүйіспеншілігі мызғымайды.

ДҰҒА ЕТУ МӘРТЕБЕСІН БАҒАЛА

10, 11. а) Неге дұға Ехобаның ерекше сыйы? ә) Құдай дұғаларымызға қалай жауап беруі мүмкін? (Мақаланың басындағы суретті қара.)

10 Балаларын жақсы көретін әке олардың сөзін зейін қойып тыңдайды. Оны балаларының жүрегінде не бар екені қызықтырады, сондықтан сезімдері мен уайымдарын білгісі келеді. Көктегі Әкеміз Ехоба да дұғаларымызды зейінмен тыңдайды. Онымен сөйлесу — біз үшін зор мәртебе!

11 Біз Ехобаға кез келген уақытта дұға ете аламыз. Бұған қатысты ол ешқандай шектеу қоймайды. Ол — әрқашан тыңдауға дайын Досымыз. Жоғарыда сөздері келтірілген Тэйлин: “Оған көңіліңдегінің бәрін айтуға болады”,— дейді. Құдайға дұға етіп, сырымызды ашқанда, ол Киелі кітап не журналдарымыздағы қандай да бір мақала арқылы жауап беруі мүмкін, я болмаса бір бауырлас арқылы жігерлендіретін шығар. Ехоба өтініштерімізді тыңдайды, бізді ешкім түсінбесе де, ол түсінеді. Оның дұғаларымызға жауап бергені — бізге деген мызғымас сүйіспеншілігінің айқын көрінісі.

12. Неге Киелі кітапта жазылған дұғаларды қарастырғанымыз дұрыс? Мысал келтір.

12 Біз Құдай Сөзінде жазылған дұғалардан көп нәрсеге үйрене аламыз. Сондықтан осы дұғаларды отбасылық ғибадатта қарастырғанымыздың пайдасы зор болары сөзсіз. Құдайдың ертедегі қызметшілерінің жан дүниелерін ақтарып айтқан дұғалары туралы ойланар болсақ, өз дұғаларымыз да мәнді бола түседі. Мысалы, Жүніс пайғамбардың алып балықтың құрсағында болғанда опық жеп айтқан дұғасын қарастыруға болады (Жүніс 1:17—2:10). Сүлейменнің ғибадатхананы бағыштау рәсімінде шын жүректен айтқан дұғасына көңіл бөл (Пат. 1-ж. 8:22—53). Біздің игілігіміз үшін үлгі ретінде берген Исаның дұғасы жөнінде ой жүгірт (Мат. 6:9—13). Ал, ең бастысы, “барлық өтініштеріңді Құдайға білдіріп” отыр. Сонда “Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы жүрегің мен ой-санаңды сақтайды”. Сонымен қатар Ехобаның мызғымас сүйіспеншілігіне деген ризашылығың артады (Філіп. 4:6, 7).

ТӨЛЕМ ҚҰРБАНДЫҒЫНА РИЗАШЫЛЫҚ БІЛДІР

13. Төлем құрбандығының арқасында адамзат үшін қандай мүмкіндік ашылды?

13 Ехоба біз “өмірге ие болсын” деп, төлем құрбандығын берді (Жох. 1-х. 4:9). Бұл сый — Құдайдың асқан сүйіспеншілігінің көрінісі. Осы орайда елші Пауыл былай деген: “Белгіленген уақытта Мәсіх күнәкарлар үшін өмірін қиды. Әділ адам үшін біреудің өз өмірін құрбан етуі екіталай, ал ізгі адам үшін өмірін қиятын біреу табылатын шығар. Құдай болса бізге сүйіспеншілік танытты, өйткені әлі де күнәкар болып жүрген біздер үшін Мәсіх өмірін қиды” (Рим. 5:6—8). Ехобаның осындай зор сүйіспеншілігінің арқасында біз оның ықыласына ие бола аламыз.

14, 15. Төлемнің мыналар үшін қандай мәні бар: а) майланған мәсіхшілер, ә) жерде өмір сүруге үміттенетіндер?

14 Ехобаның мызғымас сүйіспеншілігін ерекше сезінетін адамдардың саны көп емес (Жох. 1:12, 13; 3:5—7). Киелі рухпен майланғандықтан олар “Құдайдың балалары” болады (Рим. 8:15, 16). Пауыл майланғандардың Иса Мәсіхпен “бірге тірілтіліп, көкте онымен бірге отырғызылатынын” айтты (Ефес. 2:6). Оларға “уәде етілген киелі рухпен мөр басылған”, әрі бұл киелі рух — мұраны алатындарының, яғни “көкте сақтаулы тұрған үміттерінің” кепілі (Ефес. 1:13, 14; Қол. 1:5).

15 Төлем құрбандығына сенетін, бірақ киелі рухпен майланбаған басқа адамдар да Құдайдың досы әрі балалары бола алады. Алайда олар жер бетінде орнайтын жұмақта мәңгі өмір сүруге үміттенеді. Осылай Ехоба төлем құрбандығы арқылы бүкіл адамзатқа сүйіспеншілігін паш етіп отыр (Жох. 3:16). Ехобаға адал қызмет ете беретін болсақ, жаңа дүниенің бар игілігін көретінімізді білу неткен қуаныш! Төлем құрбандығын Ехобаның мызғымас сүйіспеншілігінің айрықша көрінісі деп білгеніміз өте орынды!

СЕН ДЕ ЖАҚСЫ КӨРЕТІНІҢДІ КӨРСЕТ

16. Құдайдың сүйіспеншілігі жайлы ой жүгірткеніміз не істеуге талпындырады?

16 Ехоба мызғымас сүйіспеншілігін сан қилы жолдармен көрсетеді. Бұған қатысты Дәуіт былай деп жырлаған: “Сенің ойларың маған сондай қымбат! Уа, Құдай, олардың саны неткен көп! Ойларыңды санайтын болсам, Олар құм қиыршықтарынан да көп болар еді” (Зәб. 139:17, 18). Ехобаның сан алуан жолдармен көрсетіп жатқан сүйіспеншілігі туралы ойланғанымыз оны жақсы көруге және қолымыздағы ең жақсыны беруге талпындырады.

17, 18. Құдайға деген сүйіспеншілігімізді қалай көрсетуге болады?

17 Ехобаға деген сүйіспеншілігімізді әрқилы жолдармен көрсетуге болады. Мысалы, Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздағанда, Құдайға және өзгелерге сүйіспеншілік танытамыз (Мат. 24:14; 28:19, 20). Сын сағаттарда мінсіздігімізден таймай, төтеп беру арқылы да Ехобаны шынымен сүйетінімізді көрсетеміз (Зәбүр 84:11; Жақып 1:2—5 оқы). Ал басымызға түскен сынақ ауыр болса, Ехобаның бұны білетініне әрі көмектесетініне сенімді бола аламыз. Себебі біз ол үшін аса қымбатпыз (Зәб. 56:8).

18 Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз оның жаратылыстары мен басқа да керемет істері туралы ой жүгіртуге талпындырады. Киелі кітапты ықыласпен зерттеу арқылы Құдайды жақсы көретінімізді және оның Сөзін барынша бағалайтынымызды көрсетеміз. Сонымен қатар Ехобаны жақсы көретіндіктен дұға арқылы онымен тығыз қарым-қатынаста болуға тырысамыз. Ал күнәларымыз кешірілу үшін берген төлем құрбандығы туралы ой жүгірткенде, сүйіспеншілігіміз бұрынғыдан да арта түседі (Жох. 1-х. 2:1, 2). Бұлар Ехобаның мызғымас сүйіспеншілігін бағалайтынымызды көрсетудің бірнеше ғана жолы.