Жаңа дүниеде өмір сүруге қазір дайындал
“Олар жақсылық жасай берсін... Осылай шынайы өмірді берік ұстансын” (ТІМ. 1-Х. 6:18, 19).
ӘНДЕР: 43, 40
1, 2. а) Жер бетіндегі жұмақта алатын баталардың әсіресе қайсысын күтудесің? (Осы беттегі суретті қара.) ә) Жаңа дүниеде қандай рухани баталарға кенелеміз?
“ШЫНАЙЫ ӨМІР”. Бұл сөзді естігенде, көпшілігіміздің есімізге жер бетіндегі жұмақ түседі. Елші Пауыл “мәңгілік өмірді” “шынайы өмірмен” байланыстырған (Тімөтеге 1-хат 6:12, 19 оқы). Біз мәңгі қанағат пен қуаныш сыйлайтын өмірді күтудеміз. Сол уақытта күн сайын таңертең денсаулығымыз мықты, көңіліміз тоқ болып оянамыз (Ишая 35:5, 6). Ал қайта тірілгендермен, туған-туыс, дос-жарандарымызбен араласу неткен ғанибет! (Жох. 5:28, 29; Ел. іс. 24:15) Ғылым, музыка, сәулет саласында қабілетімізді шыңдауға да уақытымыз жеткілікті болады.
2 Болашақтан осындай көптеген игіліктер күткенімізбен, біз үшін ең құндысы рухани баталар болмақ. Ехобаның есімі киелі тұтылып, оның бүкіләлемдік билігінің ақталғаны бізге зор қанағат сыйлайды (Мат. 6:9, 10). Сонымен қатар Ехобаның адамзат пен жерге қатысты о бастағы ниетінің орындалғаны да шаттыққа бөлейді. Кемелділікке жақындаған сайын Ехобамен қарым-қатынасымызды нығайту қаншалықты оңай болатынын ойлап көрші (Зәб. 73:28; Жақ. 4:8).
3. Біз қазір не нәрсеге дайындалуымыз керек?
3 Ехоба аталмыш баталарды міндетті түрде береді, өйткені Иса: “Құдайдың қолынан бәрі келеді”,— деген (Мат. 19:25, 26). Жаңа дүниеде, сондай-ақ Мәсіхтің мыңжылдық билігінен кейін де өмір сүргіміз келсе, қазір “мәңгілік өмірді берік ұстанайық”. Осы зұлым дүние жойылатын уақытты күте жүріп, жаңа дүниедегі өмірге дайындала берейік. Ал бұл үшін қандай қадамдар жасау қажет?
ЖАҢА ДҮНИЕГЕ ДАЙЫНДЫҚ
4. Жаңа дүниеде өмір сүруге қалай дайындалуға болатынын мысалмен түсіндір.
4 Жаңа дүниеде өмір сүруге қалай дайындалуға болады? Мысалы, басқа елге көшпек болып жатырмыз делік. Бұған қалай дайындалар едік? Бәлкім, сол елдің тілін үйренерміз. Салт-дәстүрімен танысармыз, тамағының дәмін татармыз. Тіпті сол елде тұрып жатқандай өмір сүріп көрерміз. Өйткені көшіп барғанда, бәрібір солай өмір сүреміз ғой. Тура осы сияқты, біз де қазірдің өзінде жаңа дүниеде өмір сүріп жатқандай өмір сүру арқылы сол уақытқа дайындала аламыз. Осыған орай кейбір мысалдарды қарастырып көрейік.
5, 6. Теократиялық басшылыққа мойынсұнуды үйренгеніміз қалай бізді жаңа дүниедегі өмірге дайындайды?
5 Жаңа дүниеде Құдайдың бүкіләлемдік билігі толығымен күшіне енеді. Сол уақыттағы өмір Шайтанның қоластындағы мына өзімшіл дүниеден мүлдем өзгеше болады. Тәуелсіз болып, өз дегенімен жүру кейбіреулерге қатты ұнайтын шығар. Бірақ мұның зардабы қандай? Құдайдың басшылығынан бас тарту адам баласын тек азап пен қайғы-қасіретке ұшыратуда (Ерм. 10:23). Сондықтан біз сүйіспеншілікке толы Ехобаның бүкіл адамзатқа билік ететін кезін асыға күтудеміз!
6 Жаңа дүниеде Ехобаның басшылығымен жер бетін көркейту, қайта тірілгендерге тәлім беру зор қуанышқа кенелтеді. Ехобаның бізге тапсырар басқа да көптеген істері болады. Бірақ көңілімізге онша жақпайтын іс тапсырылса ше? Басшылыққа мойынсұнып, оны қолымыздан келгенше әрі қуана атқарамыз ба? Әрине, көбіміз “иә” деп жауап берерміз. Ал қазіргі беріліп жатқан теократиялық басшылыққа мойынсұнып жүрміз бе? Солай етіп жүрсек, Ехобаның қоластындағы мәңгілік өмірге дайындалып жатқанымыз.
7, 8. а) Не себепті қызметтес болуды үйренуге тиіспіз? ә) Кейбір бауырластардың қызметінде қандай өзгерістер болды? б) Жаңа дүниеге қатысты не нәрсеге сенімдіміз?
7 Жаңа дүниедегі өмірге Ехобаның басшылығына мойынсұну арқылы ғана емес, қанағатшылдық пен қызметтестікке үйрену арқылы да дайындаламыз. Мысалы, жаңа қызметке тағайындалғанда, басшылықты қолға алғандармен қызметтесіп, разы көңілмен қуана атқарсақ, жаңа дүниеде де осындай рух танытамыз (Еврейлерге 13:17 оқы). Исраилдіктер Уәде етілген жерге кіргенде, мұралық иеліктері жеребе арқылы бөлінген (Мұс. 4-ж. 26:52—56; Ешуа 14:1, 2). Жаңа дүниеде қай жерде тұру ұсынылатынын біз қазір білмейміз, әрине. Егер қызметтесуді үйренсек, жер талғамай, Ехобаның еркін қуана орындай береміз.
Нақыл сөздер 10:22 оқы). Ал болашақ жайлы не деуге болады? Жаңа дүниеде әлдебір жерде тұруды армандайтын шығармыз, бірақ ұйым бізге басқа жаққа көшіп баруды өтінуі мүмкін. Алайда сол уақытта қай жерде тұрмайық, қандай қызмет атқармайық, қуанышымыз бен ризашылығымызда шек болмайды (Нех. 8:10).
8 Құдай Патшалығының азаматы болу мәртебесі Ехобаның ұйымымен қызметтес болып, кез келген тапсырманы орындауға күш салуымызға тұрады. Әлбетте, уақыт өте жағдайымыз өзгеруі мүмкін. Мысалы, Құрама Штаттарда кейбір бетелдіктер танапқа тағайындалып, толық уақытты қызметтің өзге түрлерінің көл-көсір батасын көруде. Ал аралаушы бақылаушы қызметін атқарған кей бауырластар жасы келгендіктен не басқа да себептермен арнайы ізашар болып тағайындалған. Егер біз қанағатшыл болсақ, Ехобаға дұға етсек және тапсырған қызметін барымызды салып атқарсақ, тіпті осы қиын-қыстау соңғы күндердің өзінде зор қуаныш пен баталарға кенелеміз (9, 10. а) Жаңа дүниеде қандай жағдайларда шыдам мен сабыр қажет болуы мүмкін? ә) Шыдамды екенімізді қалай көрсете аламыз?
9 Жаңа дүниеде шыдамдылық та таныту қажет кездер болуы мүмкін. Мысалы, әлдебіреулердің қайта тіріліп, туыстары мен достары мәре-сәре болып жатқанын естірміз. Ал бізге жақындарымыздың қайта тірілуін әлі де күту керек шығар. Осындайда шыдамды болып, өзгелердің қуанышына ортақтасамыз ба? (Рим. 12:15) Ехобаның уәделерінің орындалуын қазір шыдаммен күтуді үйренсек, жаңа дүниеде де шыдамдылық танытамыз (Уағ. 7:8).
10 Киелі кітап ілімдеріне қатысты түсініктердің өзгеруін шыдаммен, сабырмен қабылдау арқылы да жаңа дүниеде өмір сүруге дайындала аламыз. Ашылған жаңа түсініктерді зерттеуге ықыластымыз ба? Ал егер жете түсінбесек, сабыр сақтаймыз ба? Осындайда шыдам мен сабыр сақтар болсақ, жаңа дүниеде Ехоба адамзатқа қатысты жаңа талаптар бергенде де, бұл қасиетті таныту қиындық тудырмас (Нақ. с. 4:18; Жох. 16:12).
11. Неліктен кешірімділікке қазір үйренгеніміз дұрыс және жаңа дүниеде бұның қандай көмегі болады?
11 Жаңа дүниеде қажет болатын тағы бір қасиет — кешірімділік. Мәсіхтің мыңжылдық билігінің кезінде “әділдерге де, әділетсіздерге де” жаман қасиеттерінен толығымен арылуға біраз уақыт қажет болуы мүмкін (Ел. іс. 24:15). Сол уақытта бір-бірімізге сүйіспеншілік танытамыз ба? Егер бүгінде өзгелермен қырғиқабақ болмай, кеңпейілмен кешіруді үйренсек, жаңа дүниеде бұл әлдеқайда оңайырақ болады (Қолостықтарға 3:12—14 оқы).
12. Қазіргі және жаңа дүниедегі өмірдің қандай байланысы бар екенін түсіндір.
12 Жаңа дүниеде өмір сүру әрқашан қалаған нәрсемізді қалаған уақытта аламыз дегенді білдірмейді. Қайта, біз барлық жағдайда қанағатшыл әрі ризашыл болуымыз керек. Демек, Ехоба бүгінде дамытуға талпындырып отырған қасиеттер сол уақытта да керек болады. Сондықтан оларды қазір дамытуға тырыссақ, жаңа дүние орнайтынына кәміл сеніп, мәңгі өмір сүруге дайындалып жатқанымызды көрсетеміз (Евр. 2:5; 11:1). Сондай-ақ әділдік орнаған жер бетінде өмір сүруді қаншалықты қалайтынымыз да көрінеді. Иә, қазір біз жұмақтағы мәңгілік өмірге дайындалудамыз.
РУХАНИ МАҚСАТТАР ҚОЙ
13. Жаңа дүниеде қандай істер бірінші орында тұрады?
13 Болашақтағы өмірге тағы қалай дайындалуға болатынын қарастырайық. Жаңа дүниеде азық-түліктен де, басқа нәрседен де еш таршылық көрмейміз. Әйтсе де біз үшін ең қуаныштысы рухани қажеттіліктеріміздің қанағаттандырылуы болмақ (Мат. 5:3). Сол уақытта рухани істерге өміріміздің төрінен орын беріп, Ехобаға қызмет етуден артық қуаныш жоқ екенін көрсетеміз (Зәб. 37:4). Демек, қазір рухани істерді өмірімізде бірінші орынға қойғанымыз — болашақтағы шынайы өмірге деген дайындығымыз (Матай 6:19—21 оқы).
14. Қалай жастардың жаңа дүниеге назар тіге отырып, мақсат қоюына болады?
14 Теократиялық істерден табатын қуанышымызды қалай арттыруға болады? Бұның бір жолы — рухани мақсаттар қою. Сен бар өміріңді Ехобаға қызмет етуге арнағысы келетін жастардың бірі шығарсың. Олай болса, неге толық уақытты қызмет түрлері талқыланатын мақалаларды зерттеп көрмеске? Сосын солардың бірін бастауды мақсат етіп қоюыңа болады *. Ұзақ жылдан бері толық уақыт қызмет етіп жүрген бауырласпен ақылдасып көргенің де дұрыс. Толық уақыт қызмет етуді өмір жолы етсең, керемет тәлім аласың, әрі көп тәжірибе жинайсың. Ал бұның жаңа дүниедегі қызметіңе зор пайдасы тиеді.
15. Қандай рухани мақсаттар қоюымызға болады?
15 Алдымызға қандай рухани мақсаттар қоюымызға болады? Мысалы, мыналар туралы ойланып көр: қызметтің қандай да бір саласын шыңдай түсу; Киелі кітап принциптерін жақсырақ түсініп, қолдану; көпшіліктің алдында оқу не баяндама айту қабілетің мен түсініктемелеріңді жақсарту. Әрине, бұдан басқа да мақсаттар бар. Бұлардың мәні: рухани мақсаттар қояр болсаң, теократиялық істерге деген ықыласың артады. Ал бұл өз кезегінде саған жаңа дүниеге дайындалуға көмектеседі.
ҚАЗІРГІ БАТАЛАРЫМЫЗ
16. Ехобаға қызмет ету неге ең керемет өмір жолы болып табылады?
16 Жаңа дүниедегі өмірге дайындаламыз деп, осы дүниенің игілігінен құр қалып жүрген жоқпыз ба? Әлбетте, жоқ! Ехобаға қызмет етуден артық не бар дейсің! Біз зор алапатта аман қалу үшін ғана амалсыздан қызмет етіп жүрген жоқпыз. Құдай бізді өзіне қызмет етуден қуаныш табатындай етіп жаратқан. Сондықтан біз үшін Ехобаның басшылығымен жүріп, айнымас сүйіспеншілігін сезінуден артық ештеңе жоқ (Зәбүр 63:1—3 оқы). Бірақ Ехобаға қызмет етуден келетін баталарға кенелу үшін, жаңа дүниені күтудің қажеті жоқ. Оларға қазірдің өзінде ие бола аламыз, арамыздағы кейбір бауырластар ондаған жылдан бері көл-көсір баталарға кенеліп те жүр. Біз өмірімізге мән-мағына беретін бұдан басқа өмір жолы жоқ екенін білеміз (Зәб. 1:1—3; Ишая 58:13, 14).
17. Жаңа дүниеде сергіп демалуға және арман-тілектерімізді орындауға мүмкіндік бола ма?
17 Құдайдың жаңа дүниесінде көңіл де көтереміз, арман-тілектерімізді де орындаймыз. Ехоба бізді осындай қажеттіліктермен жаратқандықтан, бұлар міндетті түрде толығымен қанағаттандырылады (Уағ. 2:24). Ехоба осы және басқа да жолдармен “тіршілік иелерінің бәрін тойындыратын” болады (Зәб. 145:16). Әдетте, көңіл көтеріп, демалу адамды сергітеді. Ал Ехобамен қарым-қатынасымызды бірінші орынға қойғанда, бұлар одан да зор қанағатқа бөлейді. Жаңа дүниеде де осылай болады. Сондықтан қазір Ехобаның баталарына ие болуға ұмтылып, Патшалықтың мүддесін өмірімізде басты орынға қойғанымыз абзал (Мат. 6:33).
18. Жұмақта мәңгі өмір сүруге дайындалып жатқанымызды қалай көрсетеміз?
18 Жұмақта қаншалықты бақытты болатынымызды елестете де алмаймыз! Сондықтан жаңа дүниеде өмір сүруді қатты қалайтынымызды қазірден бастап шынайы өмірге дайындалу арқылы көрсетейік. Бұл үшін Құдайға ұнамды қасиеттер дамытып, Патшалық жайлы хабарды таратуға құлшына атсалысайық. Рухани істерді өмірімізде басты орынға қойып, содан қуаныш табайық. Ехобаның уәделеріне кәміл сене отырып, жаңа дүниені күтіп өмір сүрейік!
^ 14-абзац “Жастардың сауалдары” (ор.) 2-том, 311—318 беттерді қара.