БІЗДІҢ МҰРАҒАТТАН
“Ехоба сендерді Францияға шындықты ашу үшін әкелді”
БАЛА КЕЗІНДЕ Антуан Скалецкидің ажырамас серігі пони не жылқы болатын. Ол жарығы күңгірт, тар туннельдер арқылы 500 метр тереңдікте орналасқан кеніштен көмір таситын. Антуанның әкесі кеніште апат болғанда, жарақат алған еді. Сондықтан өзінің орнына тоғыз сағат бойы бейнеттенуге баласын жіберуден басқа амалы қалмады. Ал бірде кеніштегі арқалықтар құлап, Антуан өмірімен қош айтыса жаздады.
Антуан 1920—1930 жылдары Францияда туылған поляк балаларының бірі еді. Бірақ поляк иммигранттары Францияға не үшін келді? Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Польша тәуелсіздік алған соң, елде халықтың тым көп болуы үлкен проблемаға айналды. Ал Францияда соғыс кезінде бір миллионнан аса ер адам опат болып, көмір кенішінде жұмыс істейтін ер азаматтарға мұқтаждық туды. Сол себепті 1919 жылдың қыркүйегінде Франция мен Польша үкіметі көші-қон туралы келісімге қол қойды. Содан 1931 жылы Франциядағы поляктар саны 507 800-ге жетті. Көптеген поляк кеншілері Францияның солтүстігіндегі кеніш алабына қоныс тепті.
Поляктар аянбай жұмыс істеуімен қатар, салт-жоралары мен діндерін де берік ұстанатын. Бүгінде 90-ға келген Антуан: “Нағашы атам Джозеф Киелі Жазбаларды айрықша құрмет тұтатын, бұны оған әкесі дарытқан еді”,— деп есіне алды. Поляк кеншілері өз елдеріндегі әдеттері бойынша сенбі сайын ең жақсы киімдерін киіп, отбасыларымен шіркеуге баратын. Ал бұл аса діндар емес кейбір француздардың қитығына тиетін.
Киелі кітап зерттеушілерін көп поляктар алғаш рет Нор-Па-де-Кале өңірінде кезіктірді. Олар 1904 жылдан бері сол өңірде құлшына уағыздап жүрген еді. 1915 жылдан бастап “Күзет мұнарасы” ай сайын поляк тілінде шығатын болды. Ал 1925 жылдан “Алтын ғасыр” (қазір “Ояныңдар!”) журналы басылатын болды. Жазбаларға негізделген осы журналдар, сондай-ақ “Құдайдың арфасы” атты кітап көп отбасыларына ұнады.
Антуанның отбасы Киелі кітап зерттеушілерімен нағашы ағасы арқылы танысты. Нағашы ағасы Киелі кітап зерттеушілерінің қауымына
алғаш рет 1924 жылы барған екен. Сол жылы Брюэ-ан-Артуа қалашығында поляк тілінде бірінші рет конгресс болды. Бір ай өтпей-ақ сол қалада дүниежүзілік бас басқарманың өкілі Джозеф Рутерфорд көпшілікке арналған кездесу өткізді. Кездесуге 2000 адам жиналды. Келушілердің көбісі поляк екенін көрген Рутерфорд бауырлас былай деді: “Ехоба сендерді Францияға шындықты ашу үшін әкелді. Ал енді өздерің де, балаларың да француздарға көмектесулерің керек! Әлі де үлкен уағыз ісі атқарылуы тиіс. Ехоба бұл істі жүзеге асыратын жариялаушыларды өзі табады”.Ехоба дәл солай етті! Поляк Куәгерлер кеніште қалай аянбай еңбектенсе, уағыз ісінде де еш аянбады! Ал кейбір бауырластар өздері тапқан бағалы шындықты жеткізу үшін туған елдеріне оралды. Ұлан ғайыр Польшада ізгі хабарды уағыздау үшін Франциядан кеткендердің арасында Теофил Пиасковский, Шчепан Кощак, Ян Забуда болды.
Сөйтсе де поляк тілінде сөйлейтін жариялаушылардың көбі Францияда қалып, француз бауырластарымен бірге құлшына уағыздады. 1926 жылы Син-ле-Нобльде өткен конгресте француз секторында 300, ал поляк секторында 1000 адам отырды. Осы орайда 1929 жылғы “Жылнамада”: “Бір жылда 332 поляк бауырлас бағышталғандарын шомылдыру рәсімі арқылы паш етті”,— делінді. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін Франциядағы 84 қауымның 32-сі поляк тілінде өтетін.
1947 жылы Польша үкіметінің шақыруын қабыл алып, көп поляк бауырластар елдеріне көшті. Соған қарамастан олардың және француз бауырластардың еңбегі еш кетпей, сол жылы Францияда жариялаушылар саны 10 пайызға өсті. Ал одан кейінгі 1948—1950 жылдары 20, 23, тіпті 40 пайызға дейін өсім болды! Сол жаңа жариялаушыларға көмектесу үшін, Франциядағы филиал 1948 жылы алғашқы бес аудандық бақылаушыны тағайындады. Тағайындалған бауырластардың төртеуі поляк еді. Антуан Скалецки солардың бірі болды.
Францияда кеніште де, уағызда да аянбай қызмет еткен аталарынан полякша текті мұра еткен Ехоба куәгерлері әлі де көп. Бүгінгі күні де шындықты Францияда біліп жатқан иммигранттар аз емес. Олар, мейлі, өз еліне оралсын не Францияда тұрақтап қалсын, кезіндегі поляк жариялаушылары іспетті жан сала уағыздауда. Франциядағы біздің мұрағаттан.