Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Осы дүниенің соңғы күндерінде кіммен араласатыныңа мұқият бол

Осы дүниенің соңғы күндерінде кіммен араласатыныңа мұқият бол

“Жаман орта жақсы әдеттен айырады” (ҚОР. 1-Х. 15:33).

ӘНДЕР: 25, 20

1. Біз қандай кезеңде өмір сүрудеміз?

БІЗ өте қиын заманда өмір сүрудеміз. Киелі кітапта 1914 жылдан басталған кезең “соңғы күндер” деп аталған. Осы “ерекше қиын уақытта” адамзат бұрын-соңды көрмеген қиындықтарды бастан өткеруде (Тім. 2-х. 3:1—5). Алайда дүниедегі жағдай одан сайын ушыға түседі, өйткені Киелі кітапта “зұлымдар мен алаяқтар бұрынғыдан бетер жамандық жасайтыны” пайғамбарлық етілген (Тім. 2-х. 3:13).

2. Осы дүниенің ойын-сауық индустриясы жайлы не деуге болады? (Осы беттегі суретті қара.)

2 Бүгінде көптеген адамдар сергіп демалу үшін қатыгездік, азғындық, спиритизм сияқты нәрселерді тамашалайды, я болмаса осындай нәрселермен айналысады. Ғаламторда, телебағдарламалар мен киноларда, кітаптар мен газет-журналдарда зорлық-зомбылық пен азғындық жағымды етіп көрсетіледі. Тіпті кейбір елдерде кезінде сорақы деп қарастырылған іс-әрекеттер заңдастырылуда. Алайда Құдайдың көз алдында мұндай әрекеттер сорақы болып қала береді (Римдіктерге 1:28—32 оқы).

3. Осы дүниедегі адамдар Жазбалардағы талаптарға сай өмір сүретіндерге жиі қалай қарайды?

3 Бірінші ғасырдағы Исаның ізбасарлары азғын әрі қатыгез ойын-сауық түрлерінен аулақ жүрген. Құдайға ұнамды жүріс-тұрыстары үшін өзгелер оларды қаралаған, тіпті қудалаған. Бұл жайында елші Петір: “Олар енді өздерімен бірге осындай бейбастақ істердің шалшығына аунамайтындарыңа таңғалып, сендерді [мәсіхшілерді] жамандайды”,— деген (Пет. 1-х. 4:4). Бүгінгі күнде де осы дүниедегілер Құдайдың заң-талаптарына сай өмір сүретіндерді біртүрлі адамдар деп есептейді. Тіпті Киелі кітапта “Мәсіх Исаның шәкірті ретінде Құдайға шын беріліп өмір сүргісі келетіндердің бәрі де қуғындалады” деген ескерту жазылған (Тім. 2-х. 3:12).

“ЖАМАН ОРТА ЖАҚСЫ ӘДЕТТЕН АЙЫРАДЫ”

4. Неліктен осы дүниені сүймеуіміз керек?

4 Құдай еркін орындағысы келетіндерге Киелі кітапта осы дүниені де, ондағы еш нәрсені де сүймеуге кеңес беріледі (Жоханның 1-хаты 2:15, 16 оқы). Осы әлемнің діни, саяси, сауда-саттық жүйесі мен олардың ақпарат құралдары “осы дүниенің құдайы” Шайтан Ібілістің ықпалында (Қор. 2-х. 4:4; Жох. 1-х. 5:19). Сондықтан біз араласатын ортаны абайлап таңдауымыз қажет. Құдай Сөзінде келесідей маңызды шындық жазылған: “Алданбаңдар, жаман орта жақсы әдеттен айырады” (Қор. 1-х. 15:33).

5, 6. Біз кімдермен араласпауымыз керек және неге?

5 Жақсы әдеттерімізден айырылғымыз келмесе, жаман ортадан аулақ болуға тиіспіз. Бұл дегеніміз Құдайға сенбейтін адамдармен ғана емес, Ехобаға ғибадат етемін дей тұра, оның заңдарын әдейі бұзатындармен де араласпауды білдіреді. Егер ауыр күнә жасап, бірақ бұнысына өкінбесе, біз мұндай адамдармен қарым-қатынасымызды мүлдем доғарамыз (Рим. 16:17, 18).

6 Егер Құдайдың заңдарына мойынсұнбайтындармен аралассақ, көңілдерінен шығу үшін солар сияқты әрекет ете бастауымыз мүмкін. Мысалы, өнегесіз өмір кешетін адаммен аралас-құралас болсақ, азғындық жасауға азғырыламыз. Мұндай жағдай кейбір мәсіхшілердің басынан өткен. Ал кейбірі күнәларына өкінбегендіктен, қауымнан аластатылған (Қор. 1-х. 5:11—13). Олар сол күйі күнәларына өкінбесе, жағдайлары Петір суреттегендей болмақ (Петірдің 2-хаты 2:20—22 оқы).

7. Достарды кімдердің арасынан іздеуіміз керек?

7 Әрине, біз адамдардың бәріне бірдей мейірімді болғымыз келеді. Дегенмен Құдайдың заңдарына мойынсұнбайтындармен жақын араласпаймыз не дос болмаймыз. Ехобаның заң-талаптарын құрметтемейтін, оған бағышталмаған не адал қызмет етпейтін адаммен кездесу де дұрыс болмас еді. Құдайға мойынсұнбайтын адамдардың ықыласынан гөрі Ехобаның ықыласына бөленген артық. Біз дос-жаранды Ехобаның еркін орындайтындардың арасынан таңдауымыз керек. Осыған орай Иса: “Кім Құдай еркін орындаса, сол — менің бауырым, әпке-қарындасым және анам”,— деген (Мар. 3:35).

8. Қалай ертедегі исраилдіктер жаман ортадан жапа шекті?

8 Ежелдегі исраилдіктер жаман ортадан жапа шеккен. Ехоба оларды Мысыр құлдығынан азат етіп, Уәде етілген жерге әкеле жатқанда, сонда тұратын халықтарға қатысты келесідей сөздер айтқан: “Олардың тәңірлеріне бас иіп, құлшылық етпе, істегендеріне еліктеме. Қайта, тәңір мүсіндерін талқандап, қасиетті тас бағаналарын қиратып таста. Ехоба Құдайыңа қызмет ет” (Мұс. 2-ж. 23:24, 25). Өкінішке қарай, исраилдіктердің басым көпшілігі Ехобаның нұсқауларына құлақ аспады (Зәб. 106:35—39). Халық Құдайға адалдық сақтамағандықтан, ғасырлар өте Иса оларға: “Міне, Құдай үйлеріңді тастап кетеді”,— деді (Мат. 23:38). Осылайша Ехоба Исраил халқынан бас тартып, жаңадан құрылған мәсіхшілер қауымына батасын төкті (Ел. іс. 2:1—4).

НЕ ОҚЫП, НЕ КӨРЕТІНІҢЕ МҰҚИЯТ БОЛ

9. Осы дүниенің ақпарат құралдары мен ойын-сауық индустриясы неліктен қауіпті?

9 Осы дүниенің ақпарат құралдары мен ойын-сауық индустриясы ұсынатын өнімдердің көбісі мәсіхшілерге рухани қауіп төндіреді. Бұлар Ехобаға және оның уәделеріне деген сенімімізді әлсіретпесе, нығайтпайды. Қайта, Шайтанның зұлым дүниесін жарнамалайды, оның арман-тілектерін алға тартады. Сондықтан “осы дүниелік құмарлықтарға” азғырылмас үшін, не оқып, не көретінімізге мұқият болғанымыз абзал (Тит. 2:12).

10. Жуырда зұлым дүниенің ойын-сауық индустриясымен не болады?

10 Жақында Шайтанның дүниесі де, зиянды ойын-сауық индустриясы да жойылады. Құдай Сөзінде былай делінген: “Осы дүние мен оның қалауы өтеді де кетеді, ал Құдайдың еркін орындаушы мәңгі өмір сүреді” (Жох. 1-х. 2:17). Зәбүр жыршысы да осыған ұқсас сөздер айтқан: “Зұлымдар құрып кетеді, Ал Ехобаға үміт артатындар жерді мұра етеді. Момындар жерді мұра етеді, Керемет тыныштық орнағанын көріп, шаттыққа кенеледі”. Бұл керемет жағдай қанша уақытқа созылады? Жыршы әрі қарай: “Әділдер жерді мұра етеді, Онда мәңгі бақи өмір сүреді”,— деген (Зәб. 37:9, 11, 29).

11. Ехоба өз халқын қалай рухани ас-сумен қамтамасыз етуде?

11 Ал Ехобаның ұйымы болса бізге мәңгілік өмірге қол жеткізуге көмектесуде. Иса Ехобаға дұға етіп: “Мәңгілік өмірге ие болу үшін сені, жалғыз шынайы Құдайды, және өзің жіберген Иса Мәсіхті танып-білу керек”,— деген (Жох. 17:3). Осы сөздерге сай, көктегі Әкеміз өз ұйымы арқылы көл-көсір рухани ас-сумен қамтамасыз етуде. Мысалы, шынайы ғибадатты өркендететін көптеген журналдар, кітапшалар, кітаптар, бейнематериалдар мен сайтымыздағы мәліметтер бар. Бұған қоса, Құдай ұйымы дүниежүзі бойынша 110 000-нан аса қауымның жүйелі түрде кездесуіне қам жасап отыр. Осы кездесулерде, аудандық және аймақтық конгрестерде біз Киелі кітаптан білім алып, Құдайға және оның уәделеріне деген сенімімізді нығайтамыз (Евр. 10:24, 25).

ТЕК ИЕМІЗДІҢ ІЗБАСАРЫМЕН НЕКЕГЕ ТҰР

12. Киелі кітаптағы “тек Иеміздің ізбасарымен” некелесуге қатысты кеңесті түсіндір.

12 Отбасын құрғысы келетін салт басты бауырластар кіммен араласатынына әсіресе мұқият болғаны маңызды. Киелі кітапта келесідей нақты кеңес бар: “Сенбейтіндермен бір мойынтұрықты кимеңдер. Әділдік пен заңсыздық арасында қандай байланыс бар? Жарық пен қараңғылық арасында ортақ не бар?” (Қор. 2-х. 6:14). Киелі кітап жар іздеп жүрген мәсіхшілерге “тек Иеміздің ізбасарымен” некелесуге кеңес береді. Ал Иеміздің ізбасары деген — Ехобаға өмірін бағыштап, шомылдыру рәсімінен өткен, сондай-ақ Жазбалардағы талаптарға сай өмір сүретін мәсіхші (Қор. 1-х. 7:39). Мәсіхші бір сенімдегі адаммен некеге тұрса, оның Ехобаны жақсы көретін әрі мінсіздігін сақтауға көмектесетін өмірлік серігі болады.

13. Ехоба ежелдегі исраилдіктерге некеге қатысты қандай нұсқау берген?

13 Ехоба өз қызметшілері үшін ненің игілікті екенін жақсы біледі. Сондықтан ол некеге қатысты талабын қайта-қайта еске салып отырады. Мысалы, оның исраилдіктерге Мұса арқылы не дегеніне назар аударайықшы. Ол пұттарға табынатын көршілес елдерге қатысты келесідей нұсқау берген: “Сол халықтармен құда-жекжат болып, қыз алысып, қыз берісуші болмаңдар. Әйтпесе ұлдарыңды шынайы Құдайдан алып кетіп, басқа құдайларға құлшылық еткізеді. Сонда Ехоба сендерге қаһарын төгіп, лезде-ақ құртып жібереді” (Мұс. 5-ж. 7:3, 4).

14, 15. Сүлейменнің Ехобаның нұсқауына немкетті қарағанының салдары қандай болды?

14 Патша тағына отырған кезде Дәуіттің ұлы Сүлеймен Құдайдан даналық сұрады. Ехоба болса оған зор даналық сыйлады. Осылай Сүлеймен өркендеген елдің дана патшасы болып, даңқы шартарапқа тарады. Сонда оны көруге келген Шеба елінің патшайымы: “Өз көзіммен көрмейінше бұған сенбеген едім. Сөйтсем, мен тек шет жағасын ғана естіппін. Сіздің даналығыңыз бен дәулетіңіз мен естігеннен әлдеқайда зор екен”,— деген (Пат. 1-ж. 10:7). Бірақ Сүлеймен некеге қатысты жақсы үлгі қалдырған жоқ. Оның жағдайынан Құдайға ғибадат етпейтін адаммен некелесудің зардабы қандай болатынын білеміз (Уағ. 4:13).

15 Құдайдан алған зор баталарына қарамастан, Сүлеймен пұттарға табынатын көршілес елдерден әйел алмауға қатысты Ехобаның нұсқауына немкетті қарады. Ол көптеген жатжұрттық әйел алып, ақыр соңында, оның 700 әйелі, 300 кәнизагы болды. Бұның ақыры немен бітті? “Қартайған шағында әйелдері Сүлейменнің жүрегін бөтен құдайларға бұрып әкетті... Осылай ол Ехобаға ұнамсыз істер жасады” (Пат. 1-ж. 11:1—6). Осындай жаман ортамен араласқаны Сүлейменді даналығынан айырып, шынайы ғибадаттан бұрып әкетті. Ехобаны жақсы көрмейтін адаммен некеге тұруды ойлайтын мәсіхшілер үшін бұл жақсы ескерту болып табылады.

16. Ехобаға сенбейтін жұбайы бар бауырластарға қатысты Киелі кітапта қандай кеңес бар?

16 Ал некеге тұрып қойғаннан кейін, Ехобаны танып-білгендер туралы не деуге болады? Киелі кітапта бұған қатысты келесідей сөздер жазылған: “Әйелдер, күйеулеріңе бағыныңдар. Осылайша Құдай сөзіне мойынсұнбайтын күйеулерің сөздерің арқылы емес, жүріс-тұрыстарың арқылы оған мойынсұнатын болсын” (Пет. 1-х. 3:1). Бұл сөздер мәсіхші әйелдерге арналғанмен, әйелі Ехобаға ғибадат етпейтін ер бауырластарға да қатысты. Бұл — нақты айтылған кеңес. Демек, адам жақсы жұбай болып, Құдайдың некеге қатысты талаптарына сай өмір сүру керек. Ехобаға сенбейтін көптеген адамдар өз жарының Киелі кітаптың арқасында жақсы жаққа өзгергенін байқап, шындықты қабылдаған.

ЕХОБАНЫ ЖАҚСЫ КӨРЕТІНДЕРМЕН АРАЛАС

17, 18. Нұхқа және бірінші ғасырдағы мәсіхшілерге аман қалуға не көмектесті?

17 Жаманмен жолдас болсақ, жапа шегеміз, жақсымен жолдас болсақ игілігін көреміз. Осыған орай, зұлым адамдардың арасында өмір сүргенмен, олармен тығыз қарым-қатынаста болғысы келмеген Нұхтың мысалын қарастырайық. Сол заманда “Ехоба адам баласының жер бетінде жасаған зұлымдығы орасан зор екенін және олардың есіл-дерті жамандық істеу екенін көрген” еді (Мұс. 1-ж. 6:5). Сондықтан ол жер бетіне топан су қаптатып, зұлым дүниенің де, жаман адамдардың да көзін құртпақ болды. Ал Нұх замандастарының арасында мінсіз болып, Құдай жолымен жүретін әділ кісі еді (Мұс. 1-ж. 6:7—9).

18 Нұх Құдайға мойынсұнбайтын адамдармен достасуға тырыспаған. Өйткені өзінің де, отбасының да бар есіл-дерті кеме соғуда еді. Бұған қоса Нұх “әділдіктің уағыздаушысы” болды (Пет. 2-х. 2:5). Уағыз айтқаны, кеме соққаны және отбасындағы жеті жанмен тығыз араласқаны оған Ехобаға ұнамды істер жасай беруге көмектесті. Осының арқасында олар топан судан аман қалды. Барлығымыз да Нұх, оның әйелі, балалары мен келіндерінен тараған ұрпақпыз. Сондықтан олардың Құдайға адал қызмет еткендеріне ризамыз. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер де Ехобаға адалдықтарын сақтап, заң-талаптарына мойынсұнған, әрі оған ғибадат етпейтін адамдармен етене жақын араласпаған. Осының арқасында б. з. 70 жылы Иерусалим мен яһуди жүйесі жойылғанда аман қалған (Лұқа 21:20—22).

Бауырластарымызбен араласқанымыз жаңа дүниедегі өмірдің дәмін татуға көмектеседі (19-абзацты қара)

19. Құдайдың ықыласына бөлену үшін, не істеуіміз қажет?

19 Біз Нұх пен оның отбасына, сондай-ақ бірінші ғасырдағы адал мәсіхшілерге еліктеп, Құдайға сенбейтін адамдармен етене жақын араласпауымыз керек. Бұның орнына, достарды миллиондаған адал бауырластарымыздың арасынан таңдаймыз. Құдайдың басшылығымен жүретін дана адамдармен араласқанымыз осы ерекше қиын уақытта “сенімде нық тұруға” көмектеседі (Қор. 1-х. 16:13; Нақ. с. 13:20). Бізді керемет болашақ күтіп тұр! Жақында осы зұлым дүниенің жойылғанын өз көзімізбен көріп, Ехобаның жаңа дүниесінде мәңгі өмір сүреміз! Бірақ бұл баталарға қол жеткізу үшін жаман ортадан аулақ болуымыз қажет.