Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Шыдаммен күтіңдер!

Шыдаммен күтіңдер!

“Тіпті кідіргендей көрінсе де, оны күт!” (АБҚ. 2:3).

ӘНДЕР: 32, 45

1, 2. Ехобаның қызметшілерінің бәріне не нәрсе тән?

ЕХОБАНЫҢ қызметшілері пайғамбарлықтардың орындалуын әрқашан шыдаммен күткен. Мысалы, Еремия Яһуда елінің қаңырап бос қалатыны туралы пайғамбарлығының орындалуын күтті. Ал б. з.б. 607 жылы бабылдықтар бұл пайғамбарлықты жүзеге асырды (Ерм. 25:8—11). Ишая болса яһудилердің өз еліне қайта оралатынын алдын ала айтып: “Оны тағатсыздана күтетіндердің бәрі бақытты”,— деді (Ишая 30:18). Миха да Құдайдың ежелдегі халқы туралы пайғамбарлық етті. Ол: “Мен бар назарымды Ехобаға тігемін”,— деп, өзі айтқан сөздердің жүзеге асуын күтетінін көрсетті (Миха 7:7). Құдай халқы Мәсіхке қатысты пайғамбарлықтардың орындалуын да ғасырлар бойы күткен * (Лұқа 3:15; Пет. 1-х. 1:10—12).

2 Қазіргі таңда да Құдайдың қызметшілері Мәсіхке қатысты пайғамбарлықтардың толықтай орындалуын күтуде. Жуырда Құдай Патшалығының билеушісі Мәсіх зұлымдарды жойып, қайғы-қасіреттің түбіне балта шабады. Осылай Құдай халқын Шайтанның қол астындағы дүние мен оның ықпалынан азат етеді (Жох. 1-х. 5:19). Сондықтан мына дүниенің соңы зор қарқынмен таяп келе жатқанын ұмытпай, әрқашан сергек болайық.

3. Осы дүниенің соңын ұзақ уақыттан бері күтіп жүрсек, қандай сұрақ туындауы мүмкін?

3 Біз Құдай “еркінің көктегідей жер бетінде де орындалғанын” барынша қалаймыз (Мат. 6:10). Бірақ осы дүниенің соңын ұзақ уақыттан бері күтіп жүрсек, “Әрі қарай да күте беруге келелі себептер бар ма?” деген сұрақ туындауы мүмкін. Ендеше осы сұрақтың жауабын іздеп көрелік.

НЕГЕ ШЫДАММЕН КҮТУІМІЗ КЕРЕК?

4. Сергек болуымыздың басты себебі неде?

4 Иса шәкірттеріне: “Сергек болыңдар!”— деген. Сол себепті де осы дүниенің жуырда жойылатынына еш күмәнданбай, шыдаммен күткеніміз маңызды. (Мат. 24:42; Лұқа 21:34—36). Мұны Исаның өзі тапсырғандықтан, бұл — шыдаммен күтуіміз керек екенінің келелі себебі. “Ехобаның күнінің келгенін күтіп, оны есімізде мықтап ұстауға”, сондай-ақ жаңа дүниеге назар тігуге тиіс екенімізді Ехобаның ұйымы да үнемі есімізге салып отырады (Петірдің 2-хаты 3:11—13 оқы).

5. Неге біз әсіресе қазір барынша сергек болуымыз керек?

5 Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер шыдаммен күту керек еді, ал біз үшін мұның маңыздылығы одан да арта түсті. Неге? Себебі біз Иса тақта отырған уақытта өмір сүрудеміз. Мұның белгісі 1914 жылдан бері айқын көрінуде. Мысалы, дүниедегі ахуал нашарлап барады, Патшалық туралы хабар дүниежүзі бойынша уағыздалуда. Иса айтқан белгінің құрамдас бөлігі болып табылатын бұл оқиғалар — осы заманның ақырында өмір сүріп жатқанымыздың дәлелі (Мат. 24:3, 7—14). Иса заманның ақыры қанша уақытқа созылатынын нақты айтқан жоқ. Сондықтан біз барынша сергек болуымыз керек.

6. Неге біз осы дүниенің соңы жақындаған сайын әлемдегі ахуал нашарлай береді деп күтеміз?

6 Біз мынадай ойда болуымыз мүмкін: “Осы заманның ақыры деген сөздер дүниедегі ахуал әбден құлдырайтын алдағы уақытқа нұсқамай ма? Киелі кітапта соңғы күндері зұлымдықтың барынша белең алатыны айтылған ғой” (Тім. 2-х. 3:1, 13; Мат. 24:21; Аян 12:12). Иә, біз дүниедегі ахуал қазіргіден де нашарлап, әрі қарай да құлдырай береді деп күтеміз.

7. Заманның ақырында жер бетіндегі ахуалдың қандай болатынына қатысты Матай 24:37—39 тармақтарда не айтылған?

7 Бірақ “зор алапаттың” алдында дүниедегі жағдай қаншалықты нашарлайды деп ойлайсың? (Аян 7:14). Сен әр елде соғыс, әрбір үй ас-суға зәру, әр отбасында науқас адам болады деп күтесің бе? Мұндай жағдайда тіпті скептиктердің өзі Киелі кітаптағы пайғамбарлықтың орындалып жатқанын мойындауға мәжбүр болар еді. Алайда Иса адамдардың күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, оның Патша тағында отырғаны туралы, тым кеш болмайынша, “еш ойланбайтынын” айтқан (Матай 24:37—39 оқы). Байқағанымыздай, жер бетіндегі жағдай жұрттың бәрі осы дүниенің соңы жақындағанын мойындайтындай дәрежеде нашарламайды (Лұқа 17:20; Пет. 2-х. 3:3, 4).

8. Исаның “сергек болыңдар” деген кеңесіне мойынсұнатындарға не нәрсе айқын?

8 Әйтсе де Исаның кеңесіне мойынсұнып сергек жүргендер оның айтқан белгісін анық көруде (Мат. 24:27, 42). 1914 жылдан бері белгінің әртүрлі қырлары кеңінен орындалуда. Иә, қазір біз заманның ақырында өмір сүріп жатырмыз. Ұзаққа созылмайтын бұл уақыт аралығы зұлым дүние жойылғанға дейінгі және оның жойылатын уақытын қамтиды.

9. Неге зұлым дүниенің жойылуын шыдаммен күтуіміз керек?

9 Олай болса, неге мәсіхшілер шыдаммен күтуге тиіс? Себебі біз Иса Мәсіхке мойынсұнамыз, сондай-ақ оның тақта отырғанының белгісін анық көрудеміз. Біз не болса соған сене беретіндіктен емес, Жазбалардағы пайғамбарлықтардың орындалып жатқанын көріп жүргендіктен, осы дүниенің соңы жақын екеніне сенімдіміз. Сондықтан әрдайым сергек те сақ жүреміз.

ҚАНША УАҚЫТ КҮТУІМІЗ КЕРЕК?

10, 11. а) Неге Иса шәкірттерін “сергек болуға” шақырды? ә) Дүниенің соңы шәкірттері күткендей тез келмесе, Исаның айтуынша, олар не істеу керек еді? (Мақаланың басындағы суретті қара.)

10 Көпшілігіміз ондаған жылдан бері рухани сергек жүрміз. Бірақ қанша уақыт өтсе де, күте беруге деген шешіміміз әлсіремесін. Иса осы дүниені жоюға келгенде, біз сақадай сай болуымыз керек. Есіңде болса, Иса шәкірттерін мынаған шақырған: “Сақ болыңдар! Сергек болыңдар! Өйткені белгіленген уақытты білмейсіңдер. Бұл басқа елге сапар шеккелі жатқан кісінің әрекетіне ұқсайды: ол үйін басқаруды құлдарына тапсырып, әрқайсысына өз жұмысын береді де, қақпа күзетшісіне сергек болуды бұйырады. Сондықтан сергек болыңдар! Себебі үй иесі кешке, түн ортасында, әтеш шақырғанда, әлде таң сәріде келе ме — білмейсіңдер. Ол кенеттен келіп, ұйықтап жатқандарыңда үстеріңнен түспесін. Сендерге айтқанымды бәріне де айтамын: сергек болыңдар!” (Мар. 13:33—37).

11 Мәсіхшілер 1914 жылы Исаның таққа отырғанын білгенде, осы дүниенің соңы кез келген уақытта келуі мүмкін екенін түсінді. Сондықтан Патшалық туралы хабарды белсене уағыздауларымен бұған дайын жүрді. Исаның сөздерінен оның кешеуілдеп, яғни “әтеш шақырғанда” не “таң сәріде”, келуі мүмкін екені көрінеді. Мұндай жағдайда олар не істеу керек еді? Иса: “Сергек болыңдар!”— деді. Демек, осы дүниенің соңын ұзақ күткендіктен, оны ойша кейінге ысыруды не күтуді мүлдем доғаруды ақтауға болмас еді.

12. Абақұқ Ехобаға қандай сұрақ қойды, ал Ехоба қалай жауап берді?

12 Абақұқпен болған жағдайға көңіл бөлейікші. Оған Иерусалимнің күйрейтінін пайғамбарлық ету тапсырылған еді. Бірақ оған дейін де бұл хабар көп жылдан бері айтылып келе жатқан. Абақұқтың заманында жағдай әбден ушығып, “зұлымдар әділ жандарға қысым көрсетіп, әділдік бұрмалануда” еді. Сондықтан оның: “Уа, Ехоба, қашанғы көмек сұраймын?”— деген сауалы таңғалдырмайды. Ехоба оның сұрағына тікелей жауап бермей, жойылуға қатысты пайғамбарлық “еш кешікпей” орындалатынын айтты. Құдай Абақұққа: “Оны күт!”— деді (Абақұқ 1:1—4; 2:3 оқы).

13. Абақұқтың не деп ойлауына болар еді және неге бұл ақылдылыққа жатпас еді?

13 Абақұқтың көңілі түсіп, былай ойлай бастады делік: “Қаншама жылдан бері Иерусалимнің күйрейтіні жайлы естіп келемін. Ол жуық арада жойылмаса ше? Онда қала аяқастынан жойылады деп уағыздау қисынсыз ғой. Басқалар-ақ пайғамбарлық ете берсінші”. Егер Абақұқ осындай ойға берілсе, Ехобаның ықыласынан айырылар еді. Мұнымен қоймай, бабылдықтар Иерусалимді талқандағанда, қаза болуы мүмкін еді.

14. Неге біз шыдаммен күткенімізге еш өкінбейміз?

14 Жаңа дүниеде заманның ақырына қатысты пайғамбарлықтардың бәрі орындалғанына көзіміз жетеді. Олардың қалай орындалғаны туралы ой жүгірткеніміз Ехобаға деген және оның әлі орындалмаған уәделерінің жүзеге асатынына деген сенімімізді нығайтады (Ешуа 23:14 оқы). Сонда “уақыттар мен мерзімдерді” өз құзырына алған Құдайдың “барлық нәрсенің соңы таяп қалғанын” ескертіп отырғанына дән риза боларымыз сөзсіз (Ел. іс. 1:7; Пет. 1-х. 4:7).

КҮТУ ӘРЕКЕТ ЕТУДІ БІЛДІРЕДІ

Ізгі хабарды уағыздау ісіне құлшына атсалысып жүрсің бе? (15-абзацты қара)

15, 16. Неге біз уағыз ісіне қазір барымызды салуымыз керек?

15 Ехобаның ұйымы уақыттың тығыз екенін әрқашан есімізге салып отырады. Мұндай ескерту Құдайға талмай қызмет етуге ғана емес, Исаның тақта отырғанының белгісін көре білуімізге де көмектеседі. Біз қандай уақытта өмір сүріп жатқанымызды түсінеміз. Сондықтан Құдайдың Патшалығы мен оның әділдігін бірінші орынға қойып, ізгі хабарды құлшына уағыздаймыз (Мат. 6:33; Мар. 13:10).

16 Осы орайда бір бауырлас былай деді: “Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздағанда, біз... дүниежүзілік апат кезінде опат болуы мүмкін адамдардың құтқарылуына көмектесеміз”. Бұл бауырлас құтқарылудың не екенін жақсы біледі. Себебі 1945 жылы “Вильгельм Густлоф” атты үлкен кеме суға кеткенде, күйеуі екеуі тарихтағы ең қорқынышты кеме апатының бірінен аман қалған. Осындай қатерлі сәттің өзінде кейбіреулер ненің шынымен маңызды екенін айыра алмауы мүмкін. Мысалы, бауырласымыз апат кезінде бір әйелдің: “Шабадандарым, шабадандарым! Асыл бұйымдарым! Асыл бұйымдарымның бәрі каютада қалды. Бар жиған-тергенімнен айырылдым!”— деп зарлағанын есіне алды. Бірақ тастай суға құлап кеткен адамдарды шығарып алу үшін өз бастарын қатерге тіккен жолаушылар да болды. Сол риясыз жолаушылар іспетті біз де өзгелерге көмектесу үшін қолдан келгеннің бәрін істейміз. Уағыз ісінің қауырттығын ұмытпай, кеш болмай тұрғанда, жақындап келе жатқан дүниежүзілік апаттан өзгелердің аман қалауына көмектесеміз.

Уағыз ісінің қауырт екенін әрдайым есте ұстайсың ба? (17-абзацты қара)

17. Неге Шайтанның дүниесі аяқастынан жойылатынына сенімдіміз?

17 Дүниедегі жағдайдан Киелі кітап пайғамбарлығы орындалып жатқаны әрі мына зұлым дүниенің соңы таяп қалғаны анық көрінеді. Сондықтан Аян 17:16-да айтылған оқиғаның жүзеге асуына көп уақыт қажет деп ойламауымыз керек. Өйткені “он мүйіз бен жыртқыш аң” дүниежүзілік жалған діндер империясын бейнелейтін Ұлы Бабылға әп-сәтте, аяқастынан шабуыл жасайды. Бұлай етуді “олардың жүректеріне” Құдай салатынын ұмытпалық (Аян 17:17). Шайтанның дүниесінің соңы жақын. Ендеше Исаның мына ескертуіне ден қояйық: “Өздеріңе сақ болыңдар! Мешкейлік, ішімдікке салыну және күнделікті тұрмыс уайымы жүректеріңді жаулап алып, сол күн сендерге қапылыста келіп, тор сияқты болмасын” (Лұқа 21:34, 35; Аян 16:15). Біз Ехобаның “өзін күткендердің игілігі үшін әрекет ететініне” сенімдіміз. Сол себепті уақыт күттірмейтінін есте ұстап, талмай қызмет етеміз (Ишая 64:4).

18. Келесі мақалада не қарастырылады?

18 Зұлым дүниенің соңын күтіп жүргенімізде, шәкірт Яһуданың: “Сүйікті бауырластар, ең қасиетті сенімдеріңді негіз етіп, өздеріңді рухани нығайтып, киелі рухқа кенеліп дұға етіңдер, осылайша мәңгілік өмірге жеткізетін Иеміз Иса Мәсіхтің мейірімділігін күте жүріп, Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар”,— деген сөздерін есте ұстайық (Яһд. 20, 21). Ал Құдай уәде еткен жаңа дүниені тағатсыздана күтіп жүргенімізді қалай көрсете аламыз? Мұны келесі мақаладан білеміз.

^ 1-абзац “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 200-бетінде Мәсіхке қатысты кейбір пайғамбарлықтар мен олардың орындалғанын дәлелдейтін тармақтардың тізімі келтірілген.