Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехобаны жақсы көретінімізді көрсетейік

Ехобаны жақсы көретінімізді көрсетейік

“Біздің сүйетін себебіміз — ол бізді алдымен сүйді” (ЖОХ. 1-Х. 4:19).

ӘНДЕР: 6, 138

1, 2. Елші Жоханның сөздеріне сай, қалай Ехоба бізге өзін жақсы көруді үйретті?

ӘКЕНІҢ балаларына тәлім беруінің ең ұтымды жолы үлгі көрсету екенімен көпшілік келіседі. Елші Жохан: “Біздің сүйетін себебіміз — [Құдай] бізді алдымен сүйді”,— деп жазған (Жох. 1-х. 4:19). Көріп отырғанымыздай, Ехоба әкелік махаббаттың керемет үлгісін көрсетті. Бұл біздің де оны жақсы көруімізге көмектеседі.

2 Қалай Құдай “бізді алдымен сүйді”? Елші Пауыл: “Құдай болса бізге сүйіспеншілік танытты, өйткені әлі де күнәкар болып жүрген біздер үшін Мәсіх өмірін қиды”,— деген (Рим. 5:8). Ехоба осындай үлкен құрбандыққа баруымен, яғни өз Ұлын сенушілер үшін төлем ретінде беруімен, нағыз сүйіспеншіліктің не екенін паш етті. Бұл бізге Құдайдың риясыз сүйіспеншілігінің игілігін көруге, сондай-ақ оған деген сүйіспеншілігімізді көрсетуге жол ашты (Жох. 1-х. 4:10).

3, 4. Құдайды сүйетінімізді қалай көрсетуіміз керек?

3 Сүйіспеншілік — Ехобаның ең басты қасиеті. Сондықтан Құдайдың ең маңызды өсиетіне қатысты Исаның: “Құдайың Ехобаны бар жүрегіңмен, бүкіл жан-тәніңмен, барлық ақыл-ойыңмен және бар күш-қуатыңмен сүй”,— деген сөздерін түсінуге болады (Мар. 12:30). Байқағанымыздай, Құдайға деген сүйіспеншілік, ең алдымен, жүректен шығады. Ехоба оны бар жүрегімізбен сүйгенімізді қалайды. Бірақ, Иса айтқандай, сүйіспеншіліктің жан-тәнімізбен, ақыл-ойымызбен, күш-қуатымызбен де байланысы бар. Демек, Құдайға деген шынайы сүйіспеншілік жүректен шыққан сезіммен ғана шектелмейді. Бұған қоса, Құдайды жақсы көру рухани және тәндік қабілеттеріміздің бәрін қамтиды. Миха пайғамбардың сөздеріне сай, Ехоба біздің өзін солай сүйгенімізді қалайды (Миха 6:8 оқы).

4 Көктегі Әкемізді шынымен сүйетінімізді қалай көрсетуге болады? Оны бар болмысымызбен жақсы көруіміз керек. Иса рухани, тәндік қабілеттерімізді және сезімдеріміздің бәрін іске қосуымыз керек екенін айтқан. Алдыңғы мақалада біз Ехобаның зор сүйіспеншілігін қалай көрсететінінің төрт жолын қарастырдық. Ал енді оған деген сүйіспеншілігімізді қалай арттыруға және көрсетуге болатынын қарастырайық.

ИГІЛІКТЕРІ ҮШІН ЕХОБАҒА РИЗАШЫЛЫҚ БІЛДІР

5. Ехобаның істеп жатқан бар игілігі туралы ойланғанымыз не істеуге талпындырады?

5 Сыйлық алғанда әдетте сен не істейсің? Ризашылық білдірсең керек. Сосын оны бағалап, қолданатын шығарсың. Шәкірт Жақып: “Игі де кемелді сыйдың бәрі көктен, аспан шырақтарын жаратқан Әкеден келеді. Ол құбылмалы көлеңке іспетті емес, еш өзгермейді”,— деп жазған (Жақ. 1:17). Ехоба әрқашан біздің өміріміз бен бақытты болуымызға қажеттінің бәрімен қамтамасыз етіп отырады. Бұдан оның бізді қаншалықты сүйетіні көрінеді, әрі бізді де оны жақсы көруге талпындырады.

6. Ехобаның батасынан айырылып қалмау үшін исраилдіктер не істеу керек еді?

6 Исраил халқы ғасырлар бойы Ехобаның сүйіспеншілігін көрді. Ехоба оларға нұсқаулар беріп, жетелеп жүрді, өмірлеріне қажеттінің бәрін беріп отырды (Мұс. 5-ж. 4:7, 8). Олар болса Құдайларының батасынан айырылып қалмау үшін оның заңдарына мойынсұну керек еді. Бұған “алғашқы өнімдерінің ең жақсысын” құрбан ету де жататын (Мұс. 2-ж. 23:19). Осылай Ехобаның батасы мен сүйіспеншілігіне деген ризашылықтарын көрсетер еді (Мұсаның 5-жазбасы 8:7—11 оқы).

7. Ехобаны сүйетінімізді көрсету үшін “құнды нәрселерімізді” қалай пайдалануға болады?

7 Біз жөнінде не деуге болады? Бүгінде бізден тура мағынада құрбандықтар әкелу талап етілмейді. Әйтсе де Ехобаны жақсы көретінімізді оны “құнды нәрселерімізбен” даңқтау арқылы көрсеткеніміз дұрыс (Нақ. с. 3:9). Мұны қалай істеуге болады? Өз еліміздегі не дүниежүзілік Патшалық ісіне барымызбен қолдау көрсетсек болады. Әл-ауқатымыз қандай болмасын, бұл — Ехобаны сүйетінімізді көрсетудің жақсы жолы (Қор. 2-х. 8:12). Алайда мұның басқа да жолдары бар.

8, 9. Ехобаның уәдесіне сенім арту мен оны жақсы көрудің қандай байланысы бар? Мысал келтір.

8 Есіңде болса, Иса шәкірттеріне Патшалықты бірінші орынға қойып, ішер ас пен киер киім жайлы уайымдамауды ескерткен. Ол көктегі Әкеміздің бізге шын мәнінде не керек екенін білетінін айтқан (Мат. 6:31—33). Осы уәдеге қаншалықты сенетінімізден Ехобаны қаншалықты сүйетініміз көрінеді. Өйткені сенім мен сүйіспеншілік қатар жүреді. Өзіміз сенім арта алмайтын адамды біз шынымен жақсы көре алмаймыз (Зәб. 143:8).Сондықтан келесі сұрақтар жайлы ой жүгіртсек болады: “Көздеген мақсаттарым мен өмір салтымнан Ехобаны шынымен сүйетінім көріне ме? Күнделікті іс-әрекетімнен Ехобаның қажеттіліктерімді қанағаттандыра алатынына сенетінім байқала ма?”

9 Майк деген бауырластың қалай Ехобаға сенім артқанын қарастырайық. Жас кезінде ол шетелде қызмет етуді қатты қалайды. Кейіннен ол үйленіп, екі баланың әкесі болды, бірақ жас кезіндегі ықыласы сөнбейді. Қажеттілік бар жерде қызмет еткендер жайлы біраз мақалалар оқыған соң, Майк отбасымен қарапайым өмір сүруді шешеді. Содан олар үйлерін сатып, пәтерге көшеді. Майк бизнесінің көлемін қысқартады, сондай-ақ оны шетелден ғаламтор арқылы басқаруды үйренеді. Ақырында, олар шетелге көшеді. Қуанышпен өткізген екі жылдан соң Майк: “Исаның Матай 6:33-те жазылған сөздері рас екеніне біздің көзіміз жетті!”— деді.

ЕХОБАНЫҢ ТӘЛІМІ ЖАЙЛЫ ОЙ ЖҮГІРТ

10. Дәуіттің жағдайынан көрінетіндей, Ехобаның тәлімі туралы ойланғанымыз бізге қалай әсер етеді?

10 Шамамен 3000 жыл бұрын аспан әлеміне қарап, көңілі толқыған Дәуіт патша: “Заңғар көк Құдайдың салтанатын жариялайды, Аспан әлемі оның істерін айтып жар салады”,— деген. Сосын Құдай Заңының даналығына тәнті болып: “Ехобаның заңы кемелді, қайтадан күш дарытады. Ехобаның ескертулері сенімді, тәжірибесізді дана қылады”,— деп қосқан. Осылай ризашылықпен ой жүгірткені оған қалай әсер етті? Дәуіт былай деді: “Аузымнан шыққан сөздерім мен жүрек толғанысым Өзіңе ұнамды болғай, уа, Ехоба, Жартасым әрі Азат етушім!” Байқағанымыздай, Дәуіт Құдаймен өте тығыз қарым-қатынаста болған (Зәб. 19:1, 7, 14).

11. Ехобаны сүйетінімізді көрсету үшін, одан алып отырған білімді не істеуіміз керек? (Мақаланың басындағы суретті қара.)

11 Бүгінде Ехоба бізге өзі туралы, ниеті, жаратылысы, Сөзі туралы көп білім беруде. Мына дүние адамдарды жоғары білім алуға талпындырады. Бірақ тәжірибеден көріп жүргеніміздей, мұндай нәрселерге ұмтылатындар жиі Құдайға деген сенімі мен сүйіспеншілігінен айырылады. Ал Киелі кітап бізді білімге ғана емес, даналық пен түсінікке де ие болуға шақырады. Бұл — өзімізге де, өзгелерге де пайдалы болу үшін, Құдайдан алған білімімізді қолдануды үйренуіміз керек деген сөз (Нақ. с. 4:5—7). Құдай “әртүрлі адамдардың құтқарылғанын және шындық жайлы тура білім алғанын қалайды” (Тім. 1-х. 2:4). Демек, барлық адамдарға Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды жеткізетін, сондай-ақ оның адамзатқа қатысты керемет ниетін түсіндіретін болсақ, Ехобаға деген сүйіспеншілігімізді паш етеміз (Зәбүр 66:16, 17 оқы).

12. Ехобаның сыйына қатысты бір жас бауырлас не деді?

12 Тіпті жастар да рухани ас-суға деген ризашылықтарын білдіру арқылы Ехобаны сүйетіндерін көрсете алады. Мысалы, Шэннон 11 жаста болғанда ата-анасы оны 10 жасар сіңлісімен “Құдайға шын берілгендік” атты облыстық конгреске алып барады. Конгресс бөлімдерінің бірінде жастар арнайы дайындалған орындарға отыруға шақырылады. Шэннон сәл қобалжыса да, барып отырады. Ал сол жердегі әр жас бауырласқа “Жастардың сауалдары. Пайдалы кеңестер” деген тамаша кітап берілгенде, ол қатты қуанады. Сол кезде Шэннон Ехоба жайлы не ойлады? Ол былай дейді: “Сонда мен Ехобаның шынымен бар екенін және мені өте қатты жақсы көретінін түсіндім. Ұлы Құдайымыз Ехобаның осындай керемет сыйларды кеңпейілмен беретіні неткен қуаныш!”

ЕХОБАНЫҢ ЖӨНГЕ САЛУЫНАН БАС ТАРТПА

13, 14. Ехобаның кеңесіне деген көзқарасымыздан оны жақсы көретініміз қалай көрінеді?

13 Киелі кітапта: “Әкесі жақсы көретін баласын түзеткендей, Ехоба кімді жақсы көрсе, соны түзетеді”,— делінген (Нақ. с. 3:12). Алайда жөнге салуды қалай қабылдаған дұрыс? Елші Пауыл: “Жөнге салынып жатқанда, бұл қуантпайды, қайта, ауыр тиеді”,— дегенде, адамның сезімін дәл сипаттаған. Бұлай деуімен ол жөнге салудың маңыздылығын да, пайдасын да төмендетпеген. Сондықтан сөзін былай деп жалғаған: “Бірақ [жөнге салу] арқылы тәрбиеленгендерге бұл соңынан татулық пен әділдік жемісін береді” (Евр. 12:11). Егер Ехобаны жақсы көрсек, біз оның кеңесіне немкетті қараудан не ренжуден аулақ болуға тиіспіз. Бұл кейбіреулер үшін қиынның қиыны болуы мүмкін. Бірақ мұндайда Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз зор көмек болады.

14 Малахи пайғамбардың заманында көптеген яһудилер Құдайдың кеңесін бағаламаған. Олар құрбандықтар ұсынуға қатысты заңды біле тұра, оған немкетті қарағандықтан, Ехоба оларға қатаң ескерту жасаған (Малахи 1:12, 13 оқы). Жағдай қаншалықты ушыққан еді? Ехобаның оларға не дегенін көрейікші: “Сендерге қарғыс жіберемін, баталарыңды қарғысқа айналдырамын. Иә, баталарыңды қарғысқа айналдырып та қойдым, өйткені сендер нұсқауымды көңілдеріңе түйіп алмадыңдар” (Малх. 2:1, 2). Иә, Ехобаның сүйіспеншілікпен берген кеңесіне немкетті қарауға әдеттеніп кетсек не әдейі елемесек, мұның арты насырға шабады.

Осы дүниенің емес, Ехобаның ақыл-кеңесімен жүр (15-абзацты қара)

15. Осы дүниеде қалыптасқан қандай көзқарастан аулақ болуымыз керек?

15 Бүгіндегі тек қара басын ойлайтын ұрпаққа кеңес айтып, жөнге салмақ түгілі бұл туралы айтудың өзі оңай емес. Ал құлақ асты дегендерінің өзі мұны мәжбүр болғандықтан ғана істейді. Бірақ мәсіхшілерге “осы заманның өмір салтын үлгі етпеңдер” деген кеңес берілген. Біз Құдайдың кемелді еркін түсініп, соған сай өмір сүруіміз керек (Рим. 12:2). Ехоба өз ұйымы арқылы өміріміздің түрлі саласына қатысты — мысалы қарсы жынысты адаммен қарым-қатынасқа, араласатын ортаға, ойын-сауыққа қатысты — уақтылы кеңестер беріп отырады. Осындай кеңестерге құлақ асып, іс жүзінде қолданар болсақ, Ехобаға деген ризашылығымыз бен сүйіспеншілігімізді көрсетеміз (Жох. 14:31; Рим. 6:17).

ЕХОБАНЫ ПАНАЛА

16, 17. а) Шешім қабылдағанда неге Ехобаның басшылығына жүгінуіміз керек? ә) Қандай оқиғадан исраилдіктер Ехобаға деген сүйіспеншілік пен сенімнен жұрдай екені көрінді?

16 Әдетте кішкентай бала бірдеңеден қорықса, дереу ата-анасына қарай жүгіреді. Ал өсе келе өз ақылына көбірек жүгініп, өзі шешім қабылдайды. Бұл — есеюдің белгісі. Әйтсе де ата-анасымен тығыз қарым-қатынастағы адам олардың пікірі мен кеңесін сұрап тұрады. Рухани мағынада да тура осылай. Ехоба бізге рухын беріп, бойымызда ықылас оятып, әрекет етуге күш беріп отыр. Сондықтан оның еркін ескермей, шешім қабылдағанымыз оған деген сүйіспеншілігіміз бен сеніміміздің жоқтығына нұсқайды (Філіп. 2:13).

17 Самуил пайғамбардың күндерінде болған бір шайқаста исраилдіктер філістірлерден ойсырай жеңіледі. Құдай халқы көмек пен қорғанышқа аса мұқтаж еді. Олар не істеді? Олар: “Шилодағы Ехобаның келісім сандығын осында алып келейік. Сонда келісім сандығы бізбен болып, жауымыздың қолынан құтқарады”,— деп шешеді. Бұның нәтижесі өздері ойлағандай болды ма? Жазбада: “Қан судай ақты; исраилдіктерден 30 000 жаяу жасақ жер құшты”,— делінген (Сам. 1-ж. 4:2—4, 10, 11). Келісім сандығын алдыруымен халық Ехобаның көмегіне жүгінгендей көрінуі мүмкін. Бірақ, шын мәнінде, олар Құдайдан басшылық сұрамай, өз ақыл-саналарына сүйенді. Ал бұның ақыры өте қайғылы болды (Нақыл сөздер 14:12 оқы).

18. Киелі кітапта Ехобаға сенім арту жөнінде не айтылған?

18 Зәбүр жыршысының келесі сөздерінен Ехобаны қаншалықты жақсы көретіні және оған арқа сүйейтіні байқалады: “Құдайды күт, Себебі мен Ұлы құтқарушымды әлі де мадақтайтын боламын. Уа, Құдайым, үмітім үзіліп, түңілдім. Сондықтан... сені еске аламын” (Зәб. 42:5, 6). Сен де көктегі Әкемізді осылай жақсы көріп, оған арқа сүйейсің бе? “Иә” деп жауап берген күннің өзінде, Киелі кітаптағы келесі сөздерге сай, бұл сезімдеріңді одан сайын күшейте бер: “Ехобаға бар жүрегіңмен сенім арт, Өз ақылыңа сүйеніп жүрме. Барлық ісіңде оны ескер, Сонда ол жолыңды тегістер” (Нақ. с. 3:5, 6).

19. Ехобаға деген сүйіспеншілігіңді қалай көрсеткің келеді?

19 Бірінші болып сүйіспеншілік танытуымен, Ехоба бізге өзін қалай сүюіміз керектігін көрсетті. Сондықтан оның керемет үлгісін әрқашан жадымызда ұстайық. Сондай-ақ Ехобаны “бар жүрегімізбен, бүкіл жан-тәнімізбен, барлық ақыл-ойымызбен және бар күш-қуатымызбен сүйетінімізді” барынша көрсете берейік (Мар. 12:30).