Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨМІРБАЯН

Ехоба өмірімнің мәні мен сәнін келтірді

Ехоба өмірімнің мәні мен сәнін келтірді

МЕН 1927 жылы Саскачеван провинциясының Уоко (Канада) қалашығында дүниеге келдім. Ата-анамның төрт ұлы, үш қызы — бас-аяғы жеті баласы болды. Сондықтан мен бала күнімнен көпшілікті жатсынбай өстім.

“Ұлы тоқырау” деген атпен белгілі болған 1930 жылдардағы экономикалық дағдарыстың әсері біздің отбасымызға да тиді. Біз ауқатты тұрған жоқпыз, бірақ ас-судан таршылық көрмедік. Отбасымыз тауық бағып, сиыр ұстайтын, сондықтан үйден ешқашан жұмыртқа, сүт, қаймақ, ірімшік, май үзілмейтін. Өздеріңіз байқағандай, үйде бәрімізге де шаруа жететін.

Балалық шағымнан қалған жағымды естеліктер көп. Күзде әкем фермамыздың өнімін сату үшін қалаға барғанда, жиі бір жәшік жаңа терілген алма ала келетін. Әлі есімде, бөлменің ішін алманың аңқыған иісі алып кететін. Бәріміз күнделікті шырынды алма жеп, мәре-сәре болатынбыз!

ОТБАСЫМЫЗДЫҢ ШЫНДЫҚТЫ БІЛУІ

Ата-анам шындықты естігенде, мен алтыда едім. Олардың тұңғышы Джонни туылған соң көп ұзамай шетінеп кеткен болатын. Содан қайғыға батқан ата-анам жергілікті дін қызметкерінен Джоннидің қайда кеткенін сұрады. Дін қызметкері балаға шомылдыру рәсімі жасалмағандықтан көкке алынбағанын, бірақ ата-анам ақысын төлесе, Джоннидің көкке баруын сұрап дұға ететінін айтты. Сізге біреу осылай десе, не сезінер едіңіз?! Ата-анамның көңілі қалғаны сонша — әлгі дін қызметкеріне қайтып бармады. Бірақ Джоннидің қайда екені маза бермеді.

Бірде анамның қолына Ехоба куәгерлері басып шығарған “Өлген адамдар қайда болады?” деген кітапша түседі. Анам мұқият оқып шығып, әкем келгенде, қуанышы қойнына сыймай: “Мен Джоннидің қайда екенін білемін! Ол ұйықтап жатыр, бірақ бір күні оянады”,— дейді. Әкем сол кеште әлгі кітапшаны түгел оқып шықты. Осылай ата-анам Киелі кітаптан өлген адамдардың ұйықтап жататынын, ал болашақта қайта тірілетінін біліп, көңілдеріне жұбаныш тапты (Уағ. 9:5, 10; Ел. іс. 24:15).

Олардың шындықты білгені өмірімізді өзгертіп, жұбаныш пен қуанышқа бөледі. Ата-анам Куәгерлермен Киелі кітапты зерттеуді бастап, Уоко қалашығындағы кішігірім қауымға барып тұратын болды. Ондағылардың басым көпшілігі Украина тумасы еді. Көп ұзамай ата-анам уағыз ісіне атсалысатын болды.

Кейінірек біз Британ Колумбиясына (Канада провинциясы) көштік. Ондағы қауым бізді жылы қарсы алды. Сол кездері қауымға дайындалу үшін “Күзет мұнарасын” отбасымызбен зерттейтін шақтарды жылулықпен еске аламын. Осылай бәріміз Ехобаны және Киелі кітаптағы шындықты жақсы көруді үйрендік. Мен өмірімізге мән-мағына кіргенін, Ехобаның батасын беріп жатқанын көрдім.

Біздерге, балаларға, өз сеніміміз туралы жұртқа айту оңай болған жоқ, әрине. Бірақ бізге мына жайт қатты көмектесті: жиі сіңлім Ева екеуміз ай сайын шығатын ұсыныс үлгісіне дайындалып, қызмет кездесуінде көрсететінбіз. Екеуіміз де ұялшақ болатынбыз, сондықтан бұл біз үшін Киелі кітаптағы шындықты өзгелерге жеткізуді үйренудің керемет мүмкіндігі еді. Сол кезде осылай уағыздауды үйренгенімізге сондай ризамын!

Балалық шағымның жарқын кезеңдерінің бірі толық уақыт қызмет ететін бауырластардың үйімізге тоқтауы болатын. Мысалы, аудандық бақылаушымыз Джек Нейтан қауымға келіп, біздің үйге тоқтағанда, қатты қуанатынбыз *. Оның көптеген қызықты оқиғалары мен шын жүректен мақтау сөздер айтқаны бізді Ехобаға адал қызмет етуге талпындырды.

Сонда мен: “Өскенде Нейтан бауырлас сияқты болғым келеді”,— деп ойлағаным есімде. Оның үлгісі мені толық уақытты қызметке дайындағанын кейін түсіндім. Он бес жасымда мен Ехобаға қызмет етуге бел байладым. Содан 1942 жылы Ева екеуміз шомылдыру рәсімінен өттік.

СЕНІМІМНІҢ СЫНАЛУЫ

Екінші дүниежүзілік соғыстың кезінде, патриотизм өршіп тұрғанда, сыңаржақ бір мұғалім екі сіңлім мен бір інімді мектептен шығарып жіберді. Не үшін? Олар туға тағзым етуден бас тартқан еді. Сосын ол менің мұғаліміммен хабарласып, мені де мектептен шығаруға талпындырды. Бірақ мұғалімім: “Біз ерікті елде өмір сүреміз. Сондықтан патриоттық рәсімдерге қатыспауға әркімнің құқы бар”,— деді. Әлгі мұғалімнің көп қысым жасағанына қарамай, оқытушым: “Мен солай шештім”,— деп үзілді-кесілді жауап берді.

Бұған ол: “Сіз олай шеше алмайсыз! Мелитаны мектептен шығармасаңыз, үстіңізден шағым түсіремін”,— деп қарсылық білдірді. Сонда мұғалімім ата-анама мені мектептен шығармаса, жұмысынан айырылатынын, бірақ бұлай ету дұрыс емес екенін білсе де, шарасыз екенін айтты. Алайда біз бағдарламадан қалмай, үйде оқыдық. Сосын көп ұзамай 32 шақырымдай жердегі елді мекенге көшіп барып, сондағы мектепте оқыдық.

Соғыс жылдары әдебиеттерімізге тыйым салынғанмен, біз Киелі кітаппен үйме-үй уағыздай бердік. Осылай уағызда Жазбаларды шебер қолдануды үйрендік. Бұл рухани өсуімізге ықпал етті, әрі біз Ехобаның қолдауын сезіндік.

ТОЛЫҚ УАҚЫТТЫ ҚЫЗМЕТТІ БАСТАУЫМ

Шаштараз ісіне ебім бар еді, мен тіпті бірнеше рет марапатталдым

Мектепті бітіре сала, Ева екеуміз ізашар болып қызмет ете бастадық. Бастапқыда мен әмбебап дүкенде жұмыс істедім. Бірақ үйде шаш қию мен сәндеуді ұнататынмын, сондықтан уақыт өте алты айлық шаштараз курсын бітірдім. Сосын шаштаразда екі күндік жұмыс таптым, сондай-ақ айына екі рет шаштараз ісі бойынша дәріс беретін болдым. Осылай өз қамымды жасап, толық уақыт қызмет етуді жалғастырдым.

1955 жылы мен Нью-Йорк (АҚШ) және Нюрнберг (Германия) қалаларында өтетін “Патшалықтың салтанат құруы” деген конгреске баруды жоспарладым. Нью-Йоркке жол жүрмес бұрын дүниежүзілік бас басқармадан келген Нейтан Норр бауырласпен жолықтым. Жағдай былай болды: ол әйелі екеуі Ванкуверде (Канада) өтетін облыстық конгреске келіпті. Оның әйелі шашын сәндеп беруді өтінді. Нейтан бауырласқа жұмысым ұнап, менімен кездескісі келді. Онымен әңгімелесіп отырып, мен Германияға бармас бұрын Нью-Йоркке соғатынымды айттым. Сонда ол мені Бруклиндегі Бетелде 9 күн жұмыс істеуге шақырды.

Бұл сапар өмірімді күрт өзгертті. Нью-Йоркте мен Теодор (Тед) Ярач деген жас бауырласты кездестірдім. Азды-көпті әңгімелескеннен кейін, оның: “Ізашарсың ба?”— деп сұрағанына таңғалдым. Мен: “Жоқ”,— дедім. Әңгімемізді естіп тұрған құрбым Лавонн: “Иә, ізашар”,— деп түзетті. Бұған абдырап қалған Тед: “Мұны қайсысың жақсырақ білесің? Сен бе, ол ма?”— деп сұрады. Сонда мен ізашарлық қызметті тоқтатқанымды, бірақ конгрестерден кейін қайта бастамақ ойым бар екенін айттым.

МЕНІҢ РУХАНИ ТОЛЫСҚАН ЖАРЫМ

Тед 1925 жылы Кентукки штатында (АҚШ) туылған. Үй ішіндегілердің ешқайсысы шындықты қабылдамаса да, ол 15 жасында Ехобаға бағышталып шомылдыру рәсімінен өтеді де, екі жылдан кейін ізашар болады. Осылай оның 67 жылға ұласқан толық уақытты қызметі басталған еді.

1946 жылдың шілдесінде Тед 20 жасында Күзет мұнарасының Ғалақат Киелі кітап мектебінің жетінші сыныбын бітіреді. Сосын Кливлендте (Огайо штаты) аралаушы бақылаушы болып қызмет етеді. Ал шамамен төрт жылдан кейін Австралияға филиал қызметшісі болып тағайындалады.

Нюрнбергте (Германия) өткен конгреске Тед те барды. Сол жерде біраз уақыт бірге болдық. Біз бір-бірімізді ұнатып қалдық. Маған ұнағаны — оның өмірлік мақсаты Ехобаға жан-тәнімен қызмет ету еді. Ол Ехобаға барынша берілген, бағышталғанына жеңіл-желпі қарамайтын, мейірімді, ақжарқын жігіт болатын. Мен оның өзгенің мүддесін өзінікінен жоғары қоятынын байқадым. Конгрестен кейін Тед Австралияға, ал мен Ванкуверге оралдым. Бірақ қатынасымызды үзбей, хат алысып тұрдық.

Шамамен бес жылдан кейін Тед Австралиядан Құрама Штаттарға оралды, сосын Ванкуверде ізашар болып қызмет етті. Мен отбасымның оны қатты ұнатқанына қуандым. Ағам Майкл мені үнемі қорғаштап жүретін. Сондықтан жас бауырластардың бірі маған көз салса, қобалжи қалатын. Бірақ Тедті ол бірден жақсы көріп кетті. Ол маған: “Мелита, мына жігіт жақсы екен. Оған қырын қарап, айырылып қалып жүрме”,— деді.

1956 жылы некелескеннен кейін, біз көп жылдар бойы қуанышпен толық уақытты қызмет атқардық

Тедті мен де қатты жақсы көріп кеттім. Содан біз 1956 жылдың 10 желтоқсанында некелестік. Тед екеуміз Ванкуверде, сосын Калифорнияда ізашар болып қызмет еттік. Бұдан кейін Миссури мен Арканзасқа аудандық бақылаушы болып тағайындалдық. Осылай Құрама Штаттардың ұлан-ғайыр аумағын аралап, 18 жылдай апта сайын көшіп-қонып жүрдік. Біз қызметте керемет оқиғаларды бастан өткердік, көптеген бауырластармен аралас-құралас болдық. Осының арқасында аудандық қызметтің тұрмыстық қолайсыздықтары түк те болмай қалатын.

Тед Ехобамен қарым-қатынасына ешқашан үстіртін қарамайтын, әрі мен мұны қатты бағалайтынмын. Ол ғаламдағы ең ұлы Тұлғаға атқарып жүрген қасиетті қызметін қадір тұтатын. Біз Киелі кітапты бірге оқып, бірге зерттегенді ұнататынбыз. Ал жатар алдында, тізерлеп тұратынбыз да, екеуміздің атымыздан Тед дұға айтатын. Сосын әрқайсысымыз жеке дұға ететінбіз. Егер Тед қайтадан төсектен тұрып, тізерлеп ұзақ дұға етсе, оны қандай да бір маңызды мәселе мазалап жүргенін білетінмін. Мен оның үлкенді-кішілі мәселелердің бәрін Ехобаға айтқысы келетініне тәнті болатынмын.

Отау құрғанымызға бірнеше жыл болғанда, Тед Еске алу кешіндегі рәміздерден дәм татуды бастайтынын айтты. Ол: “Ехобаның менен не күтетініне толық сенімді болу үшін, бұл туралы қатты дұға еттім”,— деді. Оның көкте қызмет ету үшін Құдайдың киелі рухымен майланғанына мен аса таңғалмадым. Мәсіхтің бауырларының біріне қолдау көрсететінімді мәртебе деп білдім (Мат. 25:35—40).

ҚАСИЕТТІ ҚЫЗМЕТТІҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ

1974 жылы Тедке Ехоба куәгерлерінің Басқарушы кеңесінің мүшесі болу ұсынылды. Бұл біз үшін күтпеген жайт болды. Уақыт өте Бруклиндегі Бетелде қызмет етуге шақырылдық. Тед Басқарушы кеңестегі қызметін атқарып жүргенде, мен тазалық бөлімінде не шаштаразда істейтінмін.

Тедтің міндетіне түрлі филиалдарға сапармен бару да жататын. Әсіресе оны “Темір перденің” арғы жағындағы, Кеңес Одағына қарасты Шығыс Еуропа елдеріндегі, уағыз ісі қатты қызықтыратын. Бірде бізге демалыс қажет болып, Швецияға барғанбыз. Бірақ Тед маған: “Мелита, Польшада уағыз ісіне тыйым салынған, мен сондағы бауырластарға қатты көмектескім келеді”,— деді. Содан біз виза алып, Польшаға жол тарттық. Сол жерде Тед Куәгерлердің іс-шарасына жауапты бауырластардың кейбірімен кездесті. Олар әңгімелерін ешкім естімеу үшін, бірталай жер жаяу жүрді. Бауырластар төрт күн бойы кездесіп, маңызды мәселелерді талқылады. Ал мен Тедтің рухани отбасына көмектесіп қанағат сезінгеніне қуандым.

Бұдан кейін біз Польшаға 1977 жылы тағы бардық. Сол жылы Фредерик Френц, Дэниел Сидлик, Тед үшеуі Басқарушы кеңестің мүшесі ретінде Польшаға алғаш рет ресми сапармен барды. Уағыз ісіне салынған тыйым әлі де күшінде еді. Сөйтсе де олар түрлі қалаларға барып, бақылаушылармен, ізашарлармен, ұзақ уақыт шындықта жүрген Куәгерлермен сөйлесе алды.

Тед пен өзге де бауырластар Мәскеудегі Әділет министрлігінің алдында тұр. Ресейдегі Куәгерлер ресми тіркеуден өткенде түсірілген сурет

Келесі жылы Милтон Хеншель мен Тед Польшаға барғанда, билік басындағылармен кездесті. Бұл кезде олар Куәгерлерге бұрынғыға қарағанда, жылы шырай танытатын. Ал 1982 жылы Польша үкіметі бір күндік конгрестер өткізуге рұқсат етті. Одан кейінгі жылы облыстық конгрестер ұйымдастырылды. Олардың басым көпшілігі жалданған ғимараттарда өтті. 1985 жылы әлі тыйым күшінде болса да, үкімет басындағылар үлкен стадиондарда төрт конгресс өткізуге рұқсат етті. Кейінірек, 1989 жылдың мамыр айында, бұрынғыдан да үлкен конгрестер жоспарланып жатқанда, Польша үкіметі Ехоба куәгерлерін ресми тіркеуден өткізді. Тедті бұрын-соңды мұншалықты қуантқан жайт кемде-кем шығар.

Польшада өткен облыстық конгресс

АУРУМЕН АРПАЛЫС

2007 жылы біз Оңтүстік Африкадағы филиалға бара жатқанбыз. Англияда Тедтің қан қысымы көтеріліп кетті де, дәрігер оған сапарын кейінге қалдыра тұруға кеңес берді. Денсаулығы қалпына келген соң, біз Құрама Штаттарға оралдық. Бірақ бірнеше аптадан кейін ол ауыр инсульт алып, оң жағы сал болып қалды.

Тедтің оңалуы баяу болып, бастапқыда жұмысқа бара алмады. Сөйтсе де біз оның сөйлей алғанына қуандық. Осындай жағдайда болғанына қарамай, ол үйреншікті өмір салтынан қол үзбеуге тырысты. Тіпті Басқарушы кеңестің апта сайынғы кездесулеріне телефон арқылы үйден қатысты.

Бетелде көрсетілген медициналық көмекке Тед дән риза болды. Уақыт өте келе ол еркін қозғала бастап, кейбір міндеттерді орындай алатын болды. Ол әрқашан жадырап жүруге тырысатын.

Үш жылдан кейін Тед екінші рет инсульт алып, 2010 жылдың 9 маусымында, сәрсенбі күні қиналмай көз жұмды. Мен күндердің-күнінде оның жердегі сапарын аяқтайтынын білетінмін. Әйтсе де одан айырылу мен үшін қаншалықты ауыр тигенін, оны қаншалықты сағынатынымды сөзбен жеткізе алмаймын. Тедке демеу бола алғаныма Ехобаға күн сайын алғыс айтамын. Біз 53 жылдан аса толық уақытты қызмет атқардық. Тедтің маған көктегі Әкеме жақындай түсуге көмектескеніне дән ризамын. Қазір жаңа қызметінде оның зор қуаныш пен қанағатқа бөленіп жүргеніне сенімдімін.

ЖАҢА ҚИЫНДЫҚТАР

Бетелдегі шаштаразда қызмет ету әрі ондағы бауырластарға дәріс беру маған қатты ұнайтын

Күйеуіммен бірге қызметте өткізген қызығы мен қуанышы мол ұзақ жылдардан кейін, қазіргі қиындықтарға бейімделу оңай болған жоқ. Тед екеуміз Бетелге, Патшалық сарайымызға келген қонақтармен араласқанды ұнататынбыз. Ал қазір қасымда жан жарым жоқ, өзім бұрынғыдай қажырлы да емеспін. Сондықтан бұрынғыша көп адаммен араласа алмаймын. Сөйткенмен әлі де Бетелдегі және қауымдағы бауырластармен араласқанды жақсы көремін. Бетелдің өмір ағымына ілесу оңай емес, бірақ Ехобаға осылай қызмет ету мені қуанышқа бөлейді. Уағыз қызметіне деген махаббатым да еш суыған жоқ. Кейде шаршайтыныма, аяғым басуға да келмейтініне қарамастан, мен көшеде уағыздағанды, зерттеу сабағын жүргізгенді жақсы көремін.

Қазір дүниеде болып жатқан қорқынышты жайттарды көргенде, өмірімді керемет жарыммен Ехобаға қызмет етіп өткізгеніме сондай қуанамын! Иә, Ехоба менің өмірімнің мәні мен сәнін келтірді (Нақ. с. 10:22).

^ 13-абзац Джек Нейтан бауырластың өмірбаяны “Күзет мұнарасының” (ор.) келесі санында басылды: 1990 жыл, 1 қыркүйек, 10—14 беттер.