Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Рухани нәрселер туралы ой жүгірте бер

Рухани нәрселер туралы ой жүгірте бер

“Осылар туралы ой жүгірт, өзіңді соларға арна, осылайша жетістіктерің жұрттың бәріне анық көрінетін болсын” (ТІМ. 1-Х. 4:15).

ӘНДЕР: 22, 52

1, 2. Адам миы қай жағынан бірегей?

АДАМ МИЫ бірегей. Мысалы, бізде тіл үйрену қабілеті бар. Осының арқасында оқып, жазып, сөйлеп, естігенді түсіне аламыз. Сондай-ақ Құдайға дұға етіп, оны мадақтап, ән шырқай аламыз. Бұған мидың белгілі бір бөлігі жауап береді. Ғалымдар мидың бұл ғажап қабілеттерін әлі толық түсіне алмайды. Бір тіл маманының айтуынша, балалардың тілді меңгеруі — адамдарды жануардан ерекшелендіретін жайт.

2 Адам тілі — Құдайдың берген ғажап сыйы (Зәб. 139:14; Аян 4:11). Біздің миымызды бірегей ететін тағы бір жайт бар: жануардан айырмашылығымыз Құдай бізді “өзіне ұқсас етіп” жаратқан. Бізде таңдау еркіндігі бар, сондықтан тілімізді Ехобаны мадақтау үшін қолдануды шеше аламыз (Мұс. 1-ж. 1:27).

3. Даналыққа ие болуымыз үшін, Ехоба бізге қандай сый берді?

3 Тілдің Жаратушысын даңқтағысы келетіндердің барлығына Құдай керемет сый — Киелі кітапты берді. Оның толықтай не кейбір бөліктері 2800-ден аса тілде қолжетімді. Киелі кітапта жазылғандар туралы ой жүгірткенде, санамызды Құдайдың ойларымен толтырамыз (Зәб. 40:5; 92:5; 139:17). Осылай “құтқарылуға жеткізетін” даналыққа ие боламыз (Тімөтеге 2-хат 3:14—17 оқы).

4. Ой жүгірту дегеніміз не және қандай сұрақтарды қарастырамыз?

4 Ой жүгірту дегеніміз — жақсы не жаман нәрсе жөнінде ойланып-толғану, терең ой қозғау (Зәб. 77:12; Нақ. с. 24:1, 2). Біз Ехоба Құдай мен Иса Мәсіх туралы ой жүгіртсек болады (Жох. 17:3). Осы мақалада келесі сұрақтарға жауап аламыз: оқу мен ой жүгіртудің арасында қандай байланыс бар? Не туралы ой жүгірте аламыз? Ой жүгірту ішпыстырарлық болмау үшін не істей аламыз?

ЗЕРТТЕУІМІЗДІ ПАЙДАЛЫ ЕТЕЙІК

5, 6. Оқығанымызды түсінуге және ұзағырақ есте сақтауға не көмектеседі?

5 Миымыздың керемет жұмыс істейтіні сонша — тыныс алу, жүру, велосипед айдау сияқты нәрселерді істегенде аса ойланып жатпаймыз. Өкінішке орай, кейде адам еш ойланбай оқуы да мүмкін. Оқу барысында тіпті ойы басқа жаққа кетіп қалуы мүмкін. Бұған жол бермеу үшін не істеуге болады? Оқып жатқаныңа бар назарыңды аударып, оның мағынасына мән бер. Абзацты не тақырыпшаны оқып болған соң, сәл кідіріп, оқығаныңды дұрыс түсінгеніңе көз жеткіз.

6 Ғалымдардың зерттеулеріне сай, мәліметті дауыстап оқитын болсақ, оны есте сақтау жеңілдеу болады. Жаратушымыз бұны жақсы біледі, сондықтан ол Ешуаға Заң кітабын “күбірлеп оқуды” бұйырды (Ешуа 1:8 оқы). Киелі кітапты күбірлеп оқығанымыз мағлұматқа ден қоюға және оны санамызда ұзағырақ сақтауға көмектеседі.

7. Құдай Сөзі туралы қай кезде ой жүгірткен жақсы? (Мақаланың басындағы суретті қара.)

7 Оқу үшін көп күш салудың қажеті жоқ, ал ой жүгірту барынша зейін қоюды талап етеді. Неге? Өйткені кемелсіз адамның миы күш салуды талап етпейтін оңай істерге ауып кетуге бейім. Сондықтан ең жақсысы — аса шаршамаған кезде және көңілді алаңдатпайтын тыныш жерде ой жүгірту. Зәбүр жыршысы түнгі уақытта, төсегінде ояу жатып ой жүгірткен (Зәб. 63:6). Ой-санасы кемелді болған Иса да тыныш жерде ой жүгіртіп, дұға етудің пайдалы екенін білген (Лұқа 6:12).

НЕ ТУРАЛЫ ОЙ ЖҮГІРТУГЕ БОЛАДЫ?

8. а) Киелі кітаптан бөлек, тағы не туралы ой жүгірте аламыз? ә) Басқалармен өзі туралы сөйлескенімізге Ехоба қалай қарайды?

8 Киелі кітаптан бөлек, ой жүгіртетін тағы басқа нәрселер бар. Мәселен, Құдайдың ғажап жаратылысын көргенде, бір сәтке кідіріп, ой қозға. Бұл сені Ехобаға ізгілігі үшін ризашылық білдіруге талпындырары сөзсіз. Қасыңда біреу болса, сезіміңмен бөліссең болады (Зәб. 104:24; Ел. іс. 14:17). Ехоба осылай дұға етіп, ой жүгірткеніңе және басқалармен бөліскеніңе қалай қарайды? Бұл сұраққа Құдай Сөзі былай деп жауап береді: “Осы уақытта Ехобадан қорқатындар бір-бірімен, әрқайсысы өз дос-жаранымен сөйлесіп жатты, ал Ехоба оларға ден қойып, тыңдап тұрды. Ехобаның алдында одан қорқатындар және оның есімі туралы ой жүгіртетіндер жайлы естелік кітабы жазылып жатты” (Малх. 3:16).

Киелі кітапты зерттеп жүрген адамның қажеттіліктері мен жағдайы туралы ойланасың ба? (9-абзацты қара)

9. а) Пауыл Тімөтеге не жайлы ой жүгіртуді айтты? ә) Қызметке дайындалғанда, Пауылдың кеңесін қалай қолдана аламыз?

9 Елші Пауыл Тімөтеге сөйлеген сөзі, жүріс-тұрысы мен берген тәлімі өзгелерге қалай әсер ететіні жайлы “ой жүгіртуді” айтқан (Тімөтеге 1-хат 4:12—16 оқы). Тімөте сияқты, бізде де ой жүгіртуіміз керек рухани істер көп. Соның бірі — Киелі кітапты зерттеу сабағына дайындалу. Киелі кітапты зерттеп жүрген адамды есте ұстай отырып, оған рухани өсу үшін қандай сұрақ не мысал келтіруге болатынын ойланып көрсек болады. Осылай дайындалар болсақ, өз сенімімізді нығайтамыз және зерттеу сабақтарын нәтижелі әрі шабытпен өткіземіз. Уағызға шығар алдында да ой жүгірткеніміз пайдалы (Езра 7:10 оқы). Елшілердің істері кітабынан бір тарау оқығанымыз қызметке деген құлшынысымызды “оттай жалындатады”. Сол күні қолданғымыз келген тармақ не әдебиет жөнінде де ой жүгіртсек болады (Тім. 2-х. 1:6). Аумағымыздағы адамдар жайлы ойланып, олардың қызығушылығын не оятуы мүмкін екеніне ой жіберейік. Осындай дайындықтың бәрі Құдай Сөзінің “рухы мен құдіреті көрінетіндей етіп” куәлік беруге талпындырады (Қор. 1-х. 2:4).

10. Тағы қандай рухани нәрселер жөнінде ой жүгірте аламыз?

10 Қауымда не конгресте баяндама тыңдағанда, ойларды жазып отырасың ба? Жазсаң, оларды қайталап, ой жүгіртуге уақыт бөл. Қайталау барысында “Құдай Сөзінен және оның ұйымынан не үйрендім?” деген сұрақты ой елегінен өткіз. Сонымен қатар “Күзет мұнарасы”, “Ояныңдар!” журналының әрбір санын және соңғы аймақтық конгресте алған әдебиеттерді оқып, жақсылап “қорытсаң” болады. “Жылнаманы” оқығанда, бір оқиғадан екіншісіне секіріп кетпей, тоқтап, ой жіберіп, жүрегіңе әсер етуіне жол бер. Бәлкім, басылымдарды оқығанда, негізгі ойларды сызып, әдебиеттің шетіне түртіп аларсың. Сөйтіп, мұны қайта барғанда, бақташылық сапар жасағанда не баяндама айтқанда қолданарсың. Ал ең маңыздысы — сәл кідіріп, оқығаның жайлы ой жүгіртсең, ол жүрегіңе жетіп, біліп жатқан жақсы нәрселерің үшін Ехобаға дұғада алғыс білдіруге қозғау салады.

ҚҰДАЙ СӨЗІ ЖАЙЛЫ КҮНДЕ ОЙ ЖҮГІРТЕЙІК

11. Біз, бірінші кезекте, не жайлы ой жүгіртуіміз керек және неге? (Сілтемені де қара.)

11 Әлбетте, бірінші кезекте, Құдай Сөзінен оқығандарымыз жайлы ой жүгіртуіміз қажет. Мысалы, сенен Киелі кітапты алып қойып, оны оқуға тыйым салды делік *. Бірақ есіңде қалған сүйікті тармағың не Патшалық әндерінің сөздері туралы ойлануыңа ешкім де кедергі жасай алмайды (Ел. іс. 16:25). Құдайдың рухы саған оқыған-тоқыған нәрселеріңді еске түсіруіңе көмектеседі (Жох. 14:26).

12. Киелі кітапты оқуды қалай жоспарлауға болады?

12 Киелі кітапты оқуды қалай жоспарлауға болады? Аптаның кейбір күндерін теократиялық қызмет мектебінің апта сайынғы Киелі кітапты оқу бағдарламасына арнауға болады. Басқа күндері Матай, Марқа, Лұқа және Жохан жазған ізгі хабардан Исаның өмірі жайлы оқып, ой жүгіртуге болады (Рим. 10:17; Евр. 12:2; Пет. 1-х. 2:21). Сондай-ақ Исаның өмірі хронологиялық ретпен жазылған керемет әдебиет жарық көрген. Оның әрбір тарауындағы Інжілден келтірілген үзіндіні мұқият оқып, ой жүгіртсек, бұл құралдың барынша пайдасын көреміз (Жох. 14:6).

ОЙ ЖҮГІРТУ НЕЛІКТЕН МАҢЫЗДЫ?

13, 14. Рухани нәрселерге ой жіберу неге өте маңызды және бұл бізді не істеуге талпындырады?

13 Рухани нәрселерге ой жіберу мәсіхшіге рухани толысуға көмектеседі (Евр. 5:14; 6:1). Ехоба мен Иса туралы ой жүгіртуге аз уақыт бөлетін адам сенімін берік сақтап қала алмайды. Мұндай бауырлас Ехобадан біртіндеп алыстап кетуі, тіпті одан бас тартуы мүмкін (Евр. 2:1; 3:12). Иса Құдай Сөзін “таза да ізгі жүрекпен” қабылдамасақ, “көңілімізде сақтай” алмайтынымызды ескерткен. Қайта, “өмірдің уайым-қайғысына, байлығы мен ләззат-ермегіне” оңай беріліп қаламыз (Лұқа 8:14, 15).

14 Сондықтан Құдай Сөзі туралы ой жүгірте берейік. Бұл бізді Ехобаның ұлылығын, қасиеттері мен болмысын паш етуге талпындырады (Қор. 2-х. 3:18). Біз көктегі Құдай Әкемізді өмір бақи танып-біліп, оған еліктей аламыз. Бұдан асқан қандай мәртебе бар?! (Уағ. 3:11).

15, 16. а) Рухани нәрселер туралы ой жүгіртудің қандай пайдасын көрдің? ә) Неге ой жүгірту кейде қиынға соғады, бірақ не істеуге күш салуымыз керек?

15 Рухани нәрселер туралы ой жүгірте берсек, шындыққа деген құлшынысымызды сақтап қаламыз. Сонда бауырластарды және қызметте кездестірген адамдарды жігерлендіре аламыз. Құдайдың берген керемет сыйы, яғни Исаның төлем құрбандығы, жайлы ойланып-толғанатын болсақ, Киелі Әкеміз Ехобамен тығыз қарым-қатынасымызды бағалай түсеміз (Рим. 3:24; Жақ. 4:8). Оңтүстік Африкада тұратын Марк мәсіхшілік бейтараптық сақтағаны үшін түрмеде үш жыл отырған. Ол былай деді: “Ой жүгіртуді қызықты саяхатқа шығумен салыстыруға болады. Рухани нәрселер туралы неғұрлым көп ой жүгіртсек, Ехоба Құдайымыз туралы жаңа нәрселерді соғұрлым көп білеміз. Кейде сәл көңілім жасығанда не болашақ туралы уайымдай бастағанымда, қолыма Киелі кітапты алып, жазба орындары туралы ой қозғаймын. Бұдан жаным жай табады”.

16 Мына дүниеде алаңдататын жайттар көп болғаны сонша — рухани нәрселер туралы ой жүгірту қиынға соғып жатады. Африкада тұратын Патрик есімді бауырлас былай дейді: “Менің санам қажетті де, қажетсіз де мәліметке толы пошта жәшігі сияқты. Оны күнде іріктеп отыру қажет. Ой-санамды сараласам, жиі уайымға толы екенін байқаймын. Сондықтан олардан арылып, анық ойлана алуым үшін Ехобаға дұға етемін. Рухани нәрселер туралы ой жүгіртпес бұрын дұға еткенім азды-көпті уақыт алғанмен, бұл мені Ехобаға жақындата түседі. Сондай-ақ шындықты анық түсінуіме септігін тигізеді” (Зәб. 94:19). Иә, “Жазбаларды күн сайын зерттеп”, білгендері туралы ой жүгіртетін адам мұның зор пайдасын көреді (Ел. іс. 17:11).

ОЙ ЖҮГІРТУГЕ УАҚЫТТЫ ҚАЙДАН ТАБУҒА БОЛАДЫ?

17. Ой жүгіртуге уақытты қайдан табуға болады?

17 Кейбіреулер оқу, ой жүгірту және дұға ету үшін таңертең ерте тұрады. Өзгелері түскі үзіліс кезінде солай етеді. Бәлкім, саған Киелі кітапты кешкісін не жатар алдында оқыған ыңғайлы шығар. Тағы біреулер оны таңертең де, ұйықтар алдында да оқиды. Киелі кітапты қай кезде оқымайық, оны “күндіз-түні”, яғни жүйелі түрде оқуымыз қажет (Ешуа 1:8). Бұл орайда ең маңыздысы — “уақытты барынша тиімді пайдалану”, яғни Құдай Сөзі туралы ой жүгірту үшін аса маңызды емес істердің есебінен уақыт табу (Ефес. 5:15, 16).

18. Құдай Сөзі туралы ой жүгіртіп, өмірінде қолдануға тырысатын адамдар қандай баталарға кенеледі?

18 Ой жүгіртіп, оқығандарын қолдануға тырысатын адамға Ехоба батасын беретіні Құдай Сөзінде бірнеше рет уәде етілген (Зәбүр 1:1—3 оқы). “Құдай сөзін естіп, оны орындайтындар бақытты”— деді Иса (Лұқа 11:28). Ал ең бастысы — рухани нәрселер жөнінде күнде ой жүгірту миды керемет етіп жаратқан Құдайымызды мадақтауға көмектеседі. Осылай етер болсақ, Ехоба бізге қазірдің өзінде бақыт сыйлайды, ал әділдік орнаған жаңа дүниеде мәңгі өмір береді (Жақ. 1:25; Аян 1:3).

^ 11-абзац “Рухани мықты болып қалу үшін күрестік” деп аталатын мақаланы қара (“Күзет мұнарасы” (ор.), 2006 жыл, 1 желтоқсан).