Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨМІРБАЯН

Жастық шағында қабылдаған шешіміне ол еш өкінген жоқ

Жастық шағында қабылдаған шешіміне ол еш өкінген жоқ

ӨМІРІНІҢ көші мәре сызығына жақындап қалғанда, түп нағашым Николай Дубовинский Ехобаға бағыштаған өмірінің қызығы мен шыжығы туралы жазып қалдырды. Ол көбінесе бұрынғы Кеңес Одағында біздің ісімізге тыйым салынған кезде болған оқиғаларды жазған еді. Талай ауыртпалық көрсе де, ол ешқашан адалдығынан таймаған. Оның өмірге деген құштарлығы да зор болатын. Ол кісі жастарды өз өмірбаянымен таныстырғысы келетінін жиі айтатын. Сондықтан оның өмірінен аз-кем сыр шерткенді жөн көріп отырмын. Ол 1926 жылы Черновицк облысы (Украина), Подвиривка ауылындағы бір шаруа отбасында дүниеге келген.

ШЫНДЫҚТЫ ТАБУ

Түп нағашым Николай былай деп баяндады: “1941 жылдың бір күнінде ағам Иван үйге “Құдайдың арфасы”, “Құдайдың ғасырлар жоспары” және бірнеше “Күзет мұнарасы” мен кітапша алып келді. Мен солардың бәрін оқып шықтым. Мені әсіресе таңғалдырған жайт — дүниедегі қиыншылықтардың бәріне себепкер Құдай емес, Шайтан екен. Осы әдебиеттерге қоса Інжілді оқып шықтым, сонда шындықты тапқанымды түсіндім. Патшалыққа деген үмітім жайлы өзгелерге құлшыныспен айта бастадым. Әлгі әдебиеттерді зерттеген сайын, шындықты терең түсіне бастадым, сондай-ақ бойымда Ехобаның қызметшісі болуға деген зор ықылас оянды.

Сенетін ілімдерім үшін азап шегетінімді түсіндім. Өйткені соғыстың уақыты болатын, ал мен ешқашан ешкімді өлтірмеймін деп шештім. Алдағы сынақтарға өзімді даярлау үшін, Киелі кітаптан Матай 10:28 және 26:52 сияқты тармақтарды жаттай бастадым. Мен Ехобаға қандай жағдайда да, тіпті өліп кетсем де, адал болып қалуға іштей бекіндім.

1944 жылы 18 жасқа толып, әскер қатарына шақырылдым. Осы кезде әскерге алынатын жастағы бауырластарды алғаш көруім еді. Біз штабтағы офицерлерге соғысқа қатыспайтынымызды нықтап айттық. Бұған қатты ашуы келген олар бізді аштан өлтіреміз, окоп қаздырамыз не атып тастаймыз деп қорқытты. Біз еш сескенбей: “Бізбен не істесеңіздер де өздеріңіз білесіздер. Қалай болған күнде де біз Құдайдың “кісі өлтірме” деген заңын ешқашан бұзбаймыз!”— деп жауап бердік (Мұс. 2-ж. 20:13).

Содан не керек, мені және тағы екі бауырласты Белоруссияға жіберді. Бізге танапта жұмыс істеп, қираған үйлерді жөндеу керек болды. Минск қаласының маңындағы жантүршігерлік көрініс әлі есімде: жолдың екі жағында жанып кеткен ағаштар; көмілмей жатқан мәйіттер; арықтар мен орманда сұлап жатқан аттар, жол-жөнекей қалып кеткен тіркемелі арбалар, қару-жарақтар мен тіпті ұшақтың қалдықтары. Бұның бәрі Құдай заңын орындамаудың салдары еді.

Соғыс 1945 жылы аяқталды. Соған қарамастан қолымызға қару алудан бас тартқанымыз үшін біз 10 жылға түрмеге жабылдық. Алғашқы үш жыл бойы кездесу өткізе алмадық, баспа түрінде рухани ас-суымыз да болған жоқ. Кейбір әйел бауырластармен хат алысып едік, бірақ олар да ұсталып, 25 жылға еңбекпен түзету лагеріне жіберілді.

1950 жылы мезгілінен бұрын босатылып, біз үйге қайттық. Мен әлі түрмеде болғанымда, анам мен қарындасым Мария Ехоба куәгері болыпты! Ал үш ағам әлі Куәгер болмаған, бірақ Киелі кітапты зерттеп жүр екен. Сосын уағыз ісіне жауапты бауырластар менен әдебиеттерді астыртын басып шығаруға көмектесуімді сұрады. Ол кезде мен 24-те едім.

ӘДЕБИЕТТЕРДІ ДАЙЫНДАУ

Куәгерлер: “Егер Патшалық ісіне жер бетінде тыйым салынса, онда ол жер астында жалғасады”,— деп жүретін (Нақ. с. 28:28). Бұл кезде әдебиеттеріміздің көбісі астыртын жертөлелерде басылатын. Менің алғашқы “жұмыс орным” ағам Дмитрий тұратын жердегі жертөле еді. Кейде мен ол жерден екі аптаға дейін шықпайтынмын. Оттегі жетіспей, керосин шамы сөніп қалғанда, жатып қалатынмын да, бөлме таза ауаға толғанша күтетінмін.

Николай әдебиеттерді басқан жертөленің сызбасы

Бір күні менімен бірге жұмыс істеп жүрген бауырлас: “Осы сен шомылдыру рәсімінен өткенсің бе?”— деп сұрады. Мен Ехобаға 11 жыл бойы қызмет еткенмен, әлі шомылдыру рәсімінен өтпеген едім. Сондықтан екеуміз бұл туралы сөйлестік, сөйтіп, сол күні кешкісін,  26 жасымда, бір көлде шомылдыру рәсімінен өттім. Үш жылдан соң маған қосымша міндет жүктеліп, жергілікті комитеттің мүшесі болдым. Сол жылдары бостандықта жүрген бауырластар түрмеге түскен бауырластардың міндетін атқарып, Патшалық ісі алға жылжып жатты.

ЖЕРТӨЛЕДЕ ЖҰМЫС ЖАСАУДЫҢ ҚИЫНШЫЛЫҚТАРЫ

Жертөледе әдебиет басу тіпті түрмеде отырудан да қиын болды! МҚК-нің (КГБ) көзінен таса болу үшін мен жеті жыл бойы қауым кездесулеріне бара алмадым, сондықтан өзімнің рухани күйімді қадағалауым керек еді. Отбасымды тек қонаққа барғанда ғана көретінмін. Бұл сирек болатын. Десе де олар менің жағдайымды түсінетін, әрі бұл маған жігер беретін. Үнемі жанымды шүберекке түйіп жүруге және сақ жүруге тура келгендіктен, күшімнен күш қалмады. Бізге кез келген жағдайға дайын жүру керек болды. Мысалы, бір күні екі полиция қызметкері мен тұрған үйге кіріп келді. Мен үйдің басқа жағындағы терезеден секіріп түсіп, орманға қарай зыта жөнелдім. Танаптың ішімен жүгіріп бара жатқанымда, бірдеңенің зуылын естідім. Мылтықтың дыбысын естігенде ғана, әлгінің оқтың зуылы екенін ұқтым. Менің соңыма түскендердің біреуі атқа қарғып мініп, артымнан оғы таусылғанша атып келе жатты. Бір оқ қолыма тиді. Содан 5 шақырым жерге дейін қаша отырып, орманға сүңгіп, бой тасаладым. Кейін мені соттаған кезде білдім, маған олар 32 оқ атыпты!

Мен көп уақыт жертөледен шықпағандықтан, түрім боп-боз еді. Осыдан-ақ менің немен айналысатыным білініп тұратын. Сол себептен мүмкіндігінше күннің көзінде жүруге тырыстым. Жертөледегі өмір денсаулығыма да сызат түсірмей қоймады. Бірде аузы-мұрнымнан тоқтамай қан кетіп, ер бауырластар бас қосқан маңызды кездесуді жіберіп алдым.

НИКОЛАЙДЫҢ ТҰТҚЫНДАЛУЫ

Мордовиядағы еңбекпен түзету лагерінде, 1963 жыл

1957 жылдың 26 қаңтарында мен тұтқынға алындым. Алты айдан соң Украинаның Жоғарғы Соты үкім шығарып, мені ату жазасына кесті. Алайда елде ату жазасы күшін жойғандықтан, менің жазамды 25 жылдық түрмемен ауыстырды. Сегізіміз жалпы алғанда 130 жылға еңбекпен түзету лагеріне жіберілдік. Содан біз Мордовиядағы лагерьлерге аттандық, ол жақта 500-ге жуық Куәгер болатын. Біз “Күзет мұнарасын” зерттеу үшін жасырын түрде шағын топ боп жиналатынбыз. Біздің бірнеше тәркіленген журналымызды қарап шыққан бір күзетші: “Мыналарды оқып жүрген болсаңдар, онда нағыз жау алмас адамдар екенсіңдер!”— деп таңғалды. Біз күнделікті жұмысымызды адал, тіпті артығымен істейтінбіз. Соған қарамастан лагерьдің командирі: “Бізге сендердің қанша жұмыс істегендерің маңызды емес, бізге керегі — сендердің отанға адал болып, оны қорғағандарың”,— деп кейіді”.

“Біз күнделікті жұмысымызды адал, тіпті артығымен істейтінбіз”

ОЛ МІНСІЗДІГІНЕН ТАЙМАДЫ

Великие Лукидегі Патшалық сарайы

1967 жылы еңбекпен түзету лагерінен босаған соң, түп нағашым Николай Эстонияда және Санкт-Петербургте (Ресей) қауымдар ұйымдастыруға көмектесті. Қылмыс жасалды деген нақты дәлел болмағандықтан, 1957 жылы қабылданған сот шешімі 1991 жылдың басында күшін жойды. Сол уақыттары биліктегілердің қолынан аяусыз жапа шеккен Куәгерлердің көбісінен айып алынып тасталды. 1996 жылы Николай Санкт-Петербургтен 500 шақырымдай жердегі Псков облысындағы Великие Луки қаласына көшті. Ол шағын үй сатып алды. Оның үйінің қасындағы жерге Патшалық сарайы тұрғызылды. Бүгінде ол жерде екі қауым өз кездесулерін өткізеді.

Күйеуім екеуміз Ехоба куәгерлерінің Ресейдегі филиалында қызмет етеміз. 2011 жылы түп нағашым Николай өлімінен бірнеше ай бұрын, бізге соңғы рет келіп кетті. Оның сол кезде көзі жайнап тұрып айтқан келесі сөздері бізді қатты тебірентіп жіберді. “Барлық белгіге қарасаң, Иерихонды айналып шығатын жетінші күн басталып кетті деуге болады”,— деді ол (Ешуа 6:15). Ол кісі 85 жасында дүниеден өтті. Өмір бойы қиындықтан көз ашпаса да, ол: “Мен жас кезімде Ехобаға қызмет етуді шешкеніме сондай қуанамын! Мұныма еш өкінбеймін!”— деді.