Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехобаның жомарттығына ризашылық білдірейік

Ехобаның жомарттығына ризашылық білдірейік

ЕХОБА — жомарт Құдай (Жақ. 1:17). Ехобаның әсем жаратылыстары — аспан күмбезінде жарқыраған жұлдыздардан бастап жер бетіне кілемдей төселген көк шөпке дейін — оның жомарттығын паш етеді (Зәб. 65:12, 13; 147:7, 8; 148:3, 4).

Зәбүр жыршысының Жаратушысына деген ризашылығы терең болғаны сонша — Ехобаның істерін мадақтап ән шығарған. Зәбүр жырының 104-тарауын оқи отырып, оның не сезінгенін жақсы түсінеміз. Зәбүр жыршысы: “Мен өмір бақи Ехобаға арнап ән айтамын, Көзім тірі кездің бәрінде Құдайыма мадақ әнін шырқаймын”,— деп жырлаған (Зәб. 104:33). Сен де осылай еткің келе ме?

ЖОМАРТТЫҚТЫҢ ДАРА ҮЛГІСІ

Ехоба біздің де өзі сияқты қолымыз ашық болғанын қалайды. Ол бізге дарқандық танытудың келелі себептерін келтіреді. Ехоба елші Пауылды келесідей сөздерді жазуға талпындырған: “Осы заманның байларына мынаны ескерт: менмен болмасын, үміттерін тұрақсыз байлыққа емес, біз рақатын көру үшін бәрін молынан қамтамасыз ететін Құдайға артсын. Олар жақсылық жасай берсін, игі істерге бай әрі жомарт болып, барымен бөлісуге даяр болсын. Осылай шынайы өмірді берік ұстану үшін, өздеріне келешекке жақсы негіз болатын, еш құрымайтын қазына жинасын” (Тім. 1-х. 6:17—19).

Қорынттағы қауымға жазған екінші хатында Пауыл беруге қатысты дұрыс көзқарас таныту керектігін ерекше атап өткен. Ол былай деген: “Әркім жүрек шешіміне қарай, еш қиналмай, зорлықсыз берсін, себебі Құдай қуанышпен беретіндерді жақсы көреді” (Қор. 2-х. 9:7). Әрі қарай Пауыл алатындар да, беретіндер де жомарттықтың пайдасын көретінін айтқан. Себебі алатындардың қажеттіліктері қамтамасыз етіледі, ал садақа беретіндер рухани баталарға кенеледі (Қор. 2-х. 9:11—14).

Құдайдың жомарттығының ең керемет көрінісін атап, Пауыл былай деп қорытындылады: “Теңдесі жоқ сыйы үшін Құдайға мың да бір рақмет!” (Қор. 2-х. 9:15). Ехобаның сыйына Иса Мәсіх арқылы төгіп жатқан бар игілігі кіреді. Теңдесі жоқ бұл сыйдың қаншалықты құнды екенін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес!

Ехоба мен оның Ұлы біз үшін жасаған әрі болашақта жасайтын барлық жақсылығына деген ризашылығымызды қалай білдіре аламыз? Мұның бір жолы — уақытымызды, күшіміз бен қаражатымызды жомарттықпен, аз болсын не көп болсын, шынайы ғибадатты өркендету үшін қолдану (Шеж. 1-ж. 22:14; 29:3—5; Лұқа 21:1—4).