Неге Құдай қайғы-қасіретке жол беріп отыр?
Оқырман сауалдары.
Неге Құдай қайғы-қасіретке жол беріп отыр?
Адамзаттың қасірет шегіп жатқанына Құдай кінәлі емес. Киелі кітапта: “Шынайы Құдай зұлым әрекет етуден аулақ”,— деп айтылған (Әйүп 34:10, ЖД). Олай болса, қайғы-қасіреттің басты себепшісі кім?
Иса Шайтанды “осы күнәкар дүниенің әміршісі” деп атаған (Жохан 14:30). Әрине, Ехоба Құдай — Әлемнің Әміршісі. Бұл мәңгілік осылай бола да бермек. Алайда ол Шайтанға адамзаттың басым бөлігіне билік етуге уақытша жол беріп отыр (Жоханның 1-хаты 5:19).
Ал оның билігі жөнінде не деуге болады? Шайтан адамзат тарихы басталғалы бері кісі өлтіруші және өтірікші ретінде танымал болып келеді. Ол жер жүзінің астан-кестенін шығаруда. Иса ол туралы былай деген: “Ол әуел бастан кісі өлтіруші болып келеді, ақиқат жағында тұрған да емес, өйткені онда ақиқат жоқ. Ол өтірікті өз болмысына сай айта береді, себебі ол — өтірікші, өтіріктің бастауы” (Жохан 8:44). Сондай-ақ Иса өзін өлтіргісі келген адамдарды алғашқы кісі өлтірушінің ұрпақтары деп атаған. Олар Шайтан сияқты әрекет ете отырып, өздерін соның ұрпақтары ретінде танытқан. Иә, “атадан бала туар, атасының жолын қуар” деген мақал дәл айтылған.
Шайтан әлі күнге дейін адамдардың жүрегінде кісі өлтіруге деген зұлым ниет оятуда. Мысалы, Гавайидағы (АҚШ) бір университетте жұмыс істеген профессор Р. Дж. Раммелдің айтуынша, 1900—1987 жылдар аралығында әртүрлі өкімет басшылары саяси қуғын-сүргін, геноцид және адам талғамастан қырғынға ұшырату кезінде 169 198 000 адамның өліміне себепші болды. Бұған қоса, осы уақыт аралығындағы соғыстарда ондаған миллион адам қаза болған.
Егер қайғы-қасіретке Құдай кінәлі болмаса, ол бұған неге жол беріп отыр? Себебі ұзақ уақыт бұрын ненің дұрыс, ненің бұрыс екеніне қатысты туындаған даулы мәселелер шешімін табуға тиіс. Соның біреуін қарастырып көрейік.
Адамзат тарихының басында Адам ата мен Хауа ана Шайтанның жағына шығып кеткен болатын. Олар Құдайдың билігінен бас тартып, өз биліктерін орнатуды шешкен. Алайда осылайша өздері аңдамай Шайтанға бағынышты болып қалды (Жаратылыс 3:1—6; Аян 12:9).
Ехоба әділ Құдай болғандықтан билікке қатысты мәселе шешімін табу үшін жеткілікті дәлелдер болу қажет деп шешті. Ал бұл үшін белгілі бір уақыт өту керек еді. Мұның нәтижесі қандай болды? Адам Шайтанның ықпалымен билік ететін болса, бұл қайғы-қасіреттен басқа ештеңе әкелмейді. Мұндай билік басқа нәтиже әкеле алмас та еді. Шын мәнінде Құдайдың қайғы-қасіретке ұзақ уақыт жол беріп отырғаны адамдар үшін пайдалы болып отыр. Қай жағынан пайдалы? Айғақтарды зерттеп, оларға көз жеткізген адамдар Құдайдың билігіне мойынсұнуға дайын екендерін көрсете алады. Құдайдың талаптарын үйреніп, соған сай өмір сүретін адамдардың мәңгі өмір сүретін мүмкіндіктері бар (Жохан 17:3; Жоханның 1-хаты 2:17).
Иә, қазір Шайтан дүниені билеп-төстеуде. Алайда бұл ұзаққа созылмайды. Жақында Ехобаның рухани Ұлы Иса “бұл дүниеге шайтанның ісін талқандау үшін” келеді (Жоханның 1-хаты 3:8). Ол Құдайдың басшылығымен жаралы жүректерді жазып, қасірет шеккен адамдардың өмірін қалпына келтіреді. Ол көп қиындық көріп, қайтыс болған миллиардтаған адамды қайта тірілтеді (Жохан 11:25).
Исаның қайта тірілуі Шайтанның ісін талқандауға Құдайдың құдіреті жететінін, сондай-ақ өзінің билігін таңдаған адамдарға оның болашақта не істейтінін көрсетеді (Елшілердің істері 17:31). Біздің болашағымызға қатысты Киелі кітапта жұбаныш беретін сөздер жазылған: “Құдайдың Өзі [адамдармен] бірге мекендеп, олардың Құдайы болады! Ол барлық көздің жастарын сүртіп тастап жұбатады. Енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды. Себебі бұрынғы әлем құрып, жоқ болды” (Аян 21:3, 4).