Отбасы бақытының сыры
Кикілжің туғанда
Фернандо *: “Үйленген соң Сара екеуміз менің әке-шешеммен бірге тұрдық. Бір күні інімнің жүріп жүрген қызы үйіне апарып салуды өтінді. Мен қарсы болмадым, баламды да бірге ала кеттім. Ал үйге қайтып келсем, Сара ашуға мініп отыр екен. Біз қатты сөзге келіп қалдық. Ол туған-туыстарымның көзінше мені әйелжанды деп ызамды келтірді. Сосын, мен оған одан бетер ашуландыратын нәрселер айта бастадым”.
Сара: “Баламыздың денсаулығы нашар, оның үстіне, сол кезде қаражаттан қысылып жүргенбіз. Сондықтан Фернандоның қайнымның жүретін қызы мен баламызды машинаға салып алып кетіп қалғанына қатты ренжідім; ренжуге басқа да себептерім болды. Ол үйге келгенде, қандай күйде отырғанымды білдірдім. Біз жанжалдасып, бір-бірімізге талай нәрсе айтып тастадық. Бұдан кейін көңілім әлем-жәлем болды”.
ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАР керісіп қалса, бұл олар енді бір-бірін сүймейді дегенді білдіре ме? Жоқ! Жоғарыда сөздері келтірілген Фернандо мен Сара бір-бірін өте жақсы көреді. Алайда ең керемет деген некеде де кикілжің болып тұрады.
Мұның себебі неде және осындай кикілжіңдер шаңырағыңды ойран етпеу үшін не істей аласың? Некеге бастау берген Құдай болғандықтан, оның Сөзі Киелі кітапта бұған қатысты не айтылғанын біліп алған дұрыс (Жаратылыс 2:21, 22; Тімотеге 2-хат 3:16, 17).
Кикілжіңнің туу себебі
Әдетте жұбайлар бір-біріне сүйіспеншілік пен мейірімділік танытқысы келеді. Алайда Киелі кітапта айтылғандай, “бәрі де күнә жасап, Құдайдың өздеріне белгілеген ұлылығынан құр алақан қалды” (Римдіктерге 3:23). Сондықтан келіспеушілік туғанда, сезімді жүгендеу оңай болмауы мүмкін. Керісіп қалған жағдайда, кейбіреулерге айқай-шу шығарудан не қорлау сөздер айтудан тосылудың қиынға соғатыны да осыдан (Римдіктерге 7:21; Ефестіктерге 4:31). Ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасын тағы не қиындатуы мүмкін?
Көп жағдайда олар сөйлесу дегенді әртүрлі түсінеді. Мысалы, Мичико былай деді: “Қосылғаннан кейін, көп ұзамай мынаны байқадым: бір нәрсені талқыға салып әңгімелесуге келгенде, біздің көзқарасымыз әртүрлі екен. Мен тек не болғанын ғана емес, неге және қалай болғанын да әңгіме еткім келеді. Ал күйеуімді болған жайттың нәтижесі ғана қызықтыратын сияқты”.
Мұндай жағдай көп ерлі-зайыптыларға таныс. Бірі келіспеушілікті бүге-шігесіне дейін талқылағысы келсе, екіншісі дауласқысы келмей, әңгімені қайта қозғаудан қашқақтауы мүмкін. Ал кейде былай болып жатады: жұбайының бірі мәселенің бетін ашып алуға тырысқан сайын екіншісі сөйлесуден одан бетер қашқақтайды. Мұндай жайт сендердің араларыңда да байқала ма? Бірің мәселені талқылауға, ал екіншің одан қашқақтауға бейімсіңдер ме?
Сонымен қатар ерлі-зайыптылардың өзара әңгімелесуге деген көзқарасына қандай отбасынан шыққандары да әсер етуі мүмкін екенін ескеру керек. Үйленгеніне бес жыл болған Джастин былай дейді: “Менің отбасымдағылар өз сезімдерін ашып айта бермейтін, мұның маған да қиын екенін байқадым. Бұған әйелімнің ызасы келеді. Ол маған өз сезімін ашық білдіруден қиналмайды, өйткені ол сондай отбасында өскен”.
Неге туындаған қиыншылықты шешуге тырысу керек?
Зерттеушілердің ойынша, некенің бақытты екендігінің басты көрсеткіші — ерлі-зайыптылардың бір-бірін сүйетінін қаншалықты жиі айтатындығы емес. Төсек қатынасының жақсы және отбасының әл-ауқатты болуы да — ең маңызды жайттар емес. Некенің табысты болуы, ең алдымен, ерлі-зайыптылардың туындаған қиыншылықтарды қаншалықты шеше білетіндігіне байланысты.
Бұған қоса, Иса екі жас отау құрғанда, оларды қосатын адам емес, Құдай екенін айтқан (Матай 19:4—6). Сондықтан некенің жақсы болғаны Құдайға мадақ әкеледі. Егер күйеуі әйеліне сүйіспеншілік көрсетпейтін немесе сезімін ескермейтін болса, Ехоба Құдай оның дұғаларына құлақ салмауы мүмкін (Петірдің 1-хаты 3:7). Ал күйеуін сыйламайтын әйел, шындығына келгенде, оған отағасы міндетін жүктеген Ехобаны сыйламайды (Қорынттықтарға 1-хат 11:3).
Табыстың кілті — жанды жаралайтын сөздерден аулақ болу
Киелі кітаптағы принциптерді қолданып кикілжіңді шешу үшін ауыр сөздерден аулақ болу керек. Мұны әңгімелесуге деген көзқарасың не шыққан отбасың қандай екеніне қарамастан істей аласың. Өзіңе келесідей сұрақтарды қойып көр:
“Мен есемді жібермеуге тырысамын ба?”
“Мұрнын бұзсаң біреудің қан шыққандай, Ашу қоздырсаң жанжал туар осылай”,— деген нақыл сөз бар (Нақыл сөздер 30:33). Мұны қалай түсінуге болады? Мысалы, қаржы мәселесі көтеріліп, “біз ақшаны үнемдеп ұстауымыз керек” деген сөз айтылса, ерлі-зайыптылар дереу бір-бірін “сен ысырапшылсың” деген сияқты сөздермен айыптай жөнелуі мүмкін. Жұбайың қитығыңа тиіп, былайша айтқанда, ‘мұрныңды бұзса’, есеңді жіберіп қарап тұрғың келмейтін шығар. Алайда кек алудың арты тек ашу тудырып, келіспеушілікті ушықтыра түседі.
Киелі кітапты жазған кісілердің бірі Жақып: “От ұшқыны қаншама майда болса да, қалың орманды өртеп жібере алады! Тіл де от іспетті”,— деп ескерткен (Жақып 3:5, 6). Ерлі-зайыптылар тілдеріне ие болмаса, болмашы келіспеушілік лезде ұрыс-керіске айналып кетеді. Отша лаулаған сезімдерін жүгендемей, бір-бірінің көңілін қалдыра беретін некеде сүйіспеншілікке орын қалмайды.
Есеңді қайтаруға тырысқанша, өзіне тіл тигізгендерге ‘жаман сөз қайырмаған’ Исаға еліктеген жақсы емес пе? (Петірдің 1-хаты 2:23). Кикілжіңді өршітпеудің ең тиімді жолы — жұбайыңның пікірі ақылға қонымды екенін мойындап, өз тарапыңнан жасаған қателігің үшін кешірім сұрау.
БЫЛАЙ ЕТІП КӨР: Сөзге келіп қалған жағдайда, өзіңнен былай деп сұра: “Қандай да бір жайтқа қатысты жұбайымның уайымы орынды екенін мойындау сонша қиын ба? Керістің туындауына мен қаншалықты кінәлімін? Қателіктерім үшін кешірім сұрауыма не кедергі болып тұр?”
“Жұбайымның сезімін елемеуге немесе оны кемсітуге бейіммін бе?”
Құдай Сөзінде мынадай кеңес бар: “Бәрің де өзара ниеттес, қуаныш пен қайғыға ортақтас... болыңдар” (Петірдің 1-хаты 3:8). Бұл кеңесті орындау оңай болмауы мүмкін. Мұның екі себебін қарастырайық. Біріншіден, сен зайыбыңның ойы мен сезімін толық түсінбейтін шығарсың. Мысалы, ол қандай да бір жайт туралы сенен гөрі көбірек уайымдаса: “Сен тым әсершілсің”,— деуің мүмкін. Сенің бар ойың жағдайға дұрыс қарауына көмектесу болған шығар. Алайда мұндай сөздер біреуге жұбаныш беруі екіталай. Ерлі-зайыптылардың екеуі де сүйетін адамың сені түсініп, өзін сенің орныңа қоя білсе екен дейді.
Тым көкірек болғандықтан да адам жарының сезімін елемей, оны кемсітуі мүмкін. Көкірек адам үнемі өзгелерді төмендетіп, өзін жоғары қоюға тырысады. Ол мұны жұбайына ренжітетін аттар қойып не жағымсыз қылығы бар біреуге теңеу арқылы істейтін шығар. Исаның заманындағы парызшылдар мен дін мұғалімдерінің мысалын қарастырып көрейік. Сол өркөкірек кісілер әлдекім, тіпті парызшылдардың бірі болсын, өздерінікінен өзгеше пікірде болса, оған дереу ренжітетін аттар қойып не қорлайтын сөздер айтатын (Жохан 7:45—52). Ал Исаға мұндай нәрсе мүлдем жат еді. Өзгелер көңіліндегісін айтқанда, ол жанашырлық танытатын (Матай 20:29—34; Марқа 5:25—34).
Жұбайың өз ойы мен сезімі жөнінде айтқанда, оны қалай қабылдайтының жайында ойланып көрші. Сенің сөздеріңнен, дауысың мен бет әлпетіңнен жанашырлық көрініп тұра ма? Жоқ әлде ә дегеннен оның сезімдері көңіл қоюға тұрмайтындай сыңай танытасың ба?
БЫЛАЙ ЕТІП КӨР: Алдағы бірнеше апта бойы жарыңмен қалай сөйлесетініңе назар аударып жүр. Егер оны менсінбей не оған мысқылдап сөйлегеніңді байқасаң, бірден кешірім сұра.
“Маған жұбайым тек өзін ойлайтындай болып тұра ма?”
“[Әйүп] тегіннен-тегін Құдайдан қорқатын ба еді? Оны және оның үйін, ондағының бәрін айнала қорғап-қоршап қойған Сен емес пе едің?” (Әйүп 1:9, 10). Осы сөздерімен Шайтан әділ кісі Әйүптің ниетінің тазалығына шек келтірген.
Ерлі-зайыптылар абай болмаса, оларда да осындай бейімділік пайда болуы мүмкін. Мысалы, жұбайың саған бір жақсылық жасаса, “оған не қажет болып қалды екен” немесе “осында бір кілтипан бар-ау” деп ойлайсың ба? Ол мүлт кетсе, мұны өзімшілдігі мен бейқамдығының дәлелі деп қарастырасың ба? Бұрын да дәл осылай қателескен жерлерін есіңе ала қойып, мұнысын да соларға қосып қоясың ба?
БЫЛАЙ ЕТІП КӨР: Жұбайыңның өзіңе жасаған жақсылықтары мен бұған оны қандай игі ниет талпындырған болуы мүмкін екенін қағазға жазып шық.
Елші Пауыл: ‘Сүйіспеншілік кек сақтамайды’,— деп жазған (Қорынттықтарға 1-хат 13:5). Нағыз сүйіспеншілік қателіктерге көз жұмбайды, бірақ оларды жіпке тізіп те жатпайды. Сондай-ақ Пауыл сүйіспеншіліктің ‘ұдайы сенетінін’ айтқан (Қорынттықтарға 1-хат 13:7). Әрине, мұндай сүйіспеншілік кез келген нәрсеге нана салмайды, сөйтсе де сенім артуға дайын. Ол бәріне күмәнданғыш, күдікшіл емес. Киелі кітап бізді кешіруге және өзгелердің ниетінің тазалығына шек келтірмеуге дайын осындай сүйіспеншілікті дамытуға шақырып отыр (Забур 85:5; Ефестіктерге 4:32). Ерлі-зайыптылар бір-бірін осылай сүйетін болса, некеде бақытты болады.
ӨЗІҢНЕН БЫЛАЙ ДЕП СҰРА:
-
Мақаланың басында сөздері келтірілген ерлі-зайыптылар қандай қателік жіберген?
-
Өз некемде осындай қателік жіберуден қалай аулақ бола аламын?
-
Мақалада талқыланған ойлардың әсіресе қайсысына көңіл аударуым керек?
^ 3-абзац Есімдер өзгертілген.