Құдай сізге оң көзбен қарай ма?
Құдай сізге оң көзбен қарай ма?
ЖАРАТУШЫМЫЗ Ехобаның көру қабілеті бар ма? Әрине, бар! Бұған қисынды дәлел келтіріп, Киелі кітап былай дейді: “Көзді жасаған да көрмейді деймісің?” (Забур 93:9). Ехобаның көру қабілеті адамдардікінен әлдеқайда зор. Ол сырт пішінімізді ғана көріп қоймайды, сонымен қатар жүрегімізді сынайды әрі тексереді (Нақыл сөздер 17:3; 21:2). Демек, ол біздің ойымызды, ниетімізді және іште жатқан қалауымызды біле алады.
Ехоба біздің өмірде қандай қиыншылықтарға кезігіп жатқанымызды біледі және өтініштерімізге жауап береді. Забур жыршысы былай деген: “Жаратушының жанары құдайшылдарға қарайды, және де Оның құлағы — солардың зарын тыңдайды. Жаратушы жүректері шерлі пенделерге жақын жүреді және рухы күйрегендерді құтқарады” (Забур 33:16, 19). Ехобаның жағдайымызды түсінетінін және шын жүректен шыққан дұғаларымызды еститінін білу қандай жұбаныш!
Ехоба Құдай тіпті жасырын жасалып жатқан істерді де көреді. “Оның көз алдында барлығы ашық та айқын көрініп тұр. Біз Оның алдында есеп беруге тиіспіз” (Еврейлерге 4:13). Сондықтан біздің барлық ісіміз, жақсы болсын, жаман болсын, Құдайға аян (Нақыл сөздер 15:3). Мысалы, Жаратылыс 6:8, 9-да Нұхтың ‘Жаратқан Иенің рақымына ие болып’, онымен ‘байланысып өмір сүргені’ айтылған. Демек, Нұх Құдайдың әділ принциптерін ұстанған әрі қолдаған, сондықтан оның мақұлдауына және батасына ие болған (Жаратылыс 6:22). Ал сол замандағы басқа адамдар зұлымдық жасап, азғын өмір кешкен. Бұған Құдай көз жұмбады. Ол “жер бетінде адамдар жасаған зұлымдықтардың тым зор екенін көрді: жүрек қалаулары бойынша істегендерінің бәрі де жауыздыққа толы еді”. Ақыр соңында, Ехоба сол зұлым адамдарды түгел жойып, Нұх пен оның отбасын ғана аман алып қалды (Жаратылыс 6:5; 7:23).
Ехоба сізге оң көзбен қарай ма? Шын мәнінде, Ехобаның көзі “Өзіне жүрегімен берілгендерді қолдау үшін күллі жерді шолып тұрады” (Шежірелер 2-жазба 16:9). Жақында ол тағы да жер бетіндегі зұлым адамдарды жойып, момын адамдарды аман алып қалмақ (Забур 36:10, 11).