Өмірдің мәні мен мақсаты неде?
Өмірдің мәні мен мақсаты неде?
НЕГЕ БҰЛ СҰРАҚТЫҢ ЖАУАБЫН БІЛУ МАҢЫЗДЫ? Өміріңнің мәнсіз, мақсатсыз өтіп жатқанын білуден жаман нәрсе кемде-кем. Мұндай ой жаныңды жегідей жеп, күйзеліске ұшыратады. Ал керісінше, адам не үшін өмір сүріп жатқанын анық білсе, өзін әлдеқайда бақытты сезінеді. Холокосты басынан кешірген Виктор Франкл есімді невролог былай деп жазды: “Не үшін өмір сүріп жатқаныңды білу ең сұрапыл жағдайда да аман қалуға көмектеседі деп сеніммен айта аламын”.
Алайда, бұл жайлы адамдар түрлі әрі қарама-қайшы пікірлер айтады. Көпшілік өмірдің мәні мен мақсаты неде екенін әр адам өзі үшін өзі шешуі керек деп ойлайды. Ал эволюция теориясына сенетіндер өмірдің нақты бір мақсаты жоқ дегенді үйретеді.
Дегенмен, өмірдің мән-мақсатын білудің ең дұрыс әрі ақылға қонымды жолы — Жаратушы Ехоба Құдайдың өзінен сұрау. Бұған қатысты оның Сөзінде не жазылғанын көрейік.
Киелі кітапта не айтылған?
Киелі кітапта Ехоба Құдайдың алғашқы адам жұбын жаратқанда, белгілі бір ниеті болғаны жазылған. Ехоба оларға мынадай нұсқау берген:
Жаратылыс 1:28. “Өсіп-өніп көбейіңдер! Ұрпақтарың жайылып, жер бетін толтырыңдар! Оны өздеріңе бағындырып, теңіздегі балықтарға, аспандағы құстарға және жер бетіндегі барлық жануарларға иелік етіңдер!”
Құдайдың ниеті бойынша, Адам мен Хауа әрі олардың ұрпақтары жер бетін жұмаққа айналдыру керек еді. Құдай адамның қартайып, өлгенін де, қоршаған ортаның бүлінгенін де қалаған жоқ. Алайда алғашқы адам жұбы бұрыс жолды таңдап, нәтижесінде ұрпағын күнә мен өлімге душар етті (Жаратылыс 3:2—6; Римдіктерге 5:12). Сонда да Ехоба ниетін өзгерткен жоқ. Жақында жер беті қайтадан жұмаққа айналады (Ишая 55:10, 11).
Ехоба бізге ақыл-сана мен тәндік қабілеттер беріп жаратты. Сондықтан біз оның ниетін жүзеге асыра аламыз. Алайда ол бізді өзінен тәуелсіз өмір сүре алатындай етіп жаратқан жоқ. Келесі Жазба орындарынан Құдайдың бізге қатысты ниеті қандай екені анық көрінеді.
Екклесиаст 12:13. “Осы айтылғандардың бәрінің мәні мынада: шынайы Құдайдан қорық және оның өсиеттерін орында, өйткені адам баласының бар міндеті — осы”.
Миха 6:8. “Жаратушы Ие нені талап ететіні саған айтылған жоқ па: әділеттен айныма, мейірімділік істерін жаныңа жақын тұт және Құдайыңның алдында құлшылығыңнан тайма деді ғой”.
Матай 22:37—39. “Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!” Бұл — ең ұлы да басты өсиет. Ал екіншісі де сол сияқты маңызды: “Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!”
Неге Киелі кітаптың жауабы жан дүниемізде тыныштық орнатады?
Қандай да бір құрылғыны өз мақсатына сай және құрылымын ескеріп қолданбаса,
ол ойдағыдай жұмыс істемейді. Сол сияқты біз де не үшін және қалай жаратылғанымызды ескеріп өмір сүрмесек, рухани күйімізге, санамызға, сезімізге және тәнімізге қауіп төнеді. Құдайдың өзімізге қатысты ниетін білгеніміз түрлі жағдайларда жан тыныштығын сезінуге қалай көмектесетінін көрейік.Өмірде маңызды нәрселерді шешкенде, көп адам бірінші орынға байлық жинауды қояды. Алайда, “баюға ұмтылғандар азғыруға ұшырап,.. көптеген ақымақ та зиянды құмарлықтардың торына түседі” (Тімотеге 1-хат 6:9, 10).
Ал ақшаны емес, Құдайды сүюді үйренген адамдар қанағат етудің құпиясын біледі (Тімотеге 1-хат 6:7, 8). Олар адал еңбектің маңыздылығын түсінеді және өз қажетін өзі қамтамасыз ету керек екенін біледі (Ефестіктерге 4:28). Сондай-ақ олар Исаның келесі ескертуіне ден қояды: “Ешкім екі қожайынға бірдей қызмет ете алмайды. Олай еткен күнде біреуін екіншісінен артық көріп, соған бағышталады, ал екіншісіне немкетті қарайды. Сол сияқты, сендер де Құдайға және байлыққа бірдей бағышталып қызмет ете алмайсыңдар!” (Матай 6:24).
Олай болса, Құдайды сүйетін адамдар жұмысты не байлық жинауды емес, оның еркін орындауды өмірлерінде ең басты орынға қояды. Олар не істесе де, Ехобаның еркін орындауды ескеріп істейтін болса, ол өздерінің қамын ойлайтынына кәміл сенеді. Шынында да, Ехоба біздің қамымызды ойлауды өз міндетіне алған (Матай 6:25—33).
Адамдармен араласқанда, көпшілік ең алдымен өзін ойлайды. Қазір адамдардың көпшілігі ‘өзімшіл, ымыраға келмейтін’ болып кеткендіктен, дүниеде тыныштық жоқ (Тімотеге 2-хат 3:2, 3). Біреу көңілдерін қалдырғанда не пікірлерімен келіспегенде, олар ‘ашу-ызаға, айқай-шуға, қорлауға’ дайын тұрады (Ефестіктерге 4:31). Мұндай ұстамсыздық тыныштық орнатпайды, қайта, ‘дау туғызады’ (Нақыл сөздер 15:18).
Ал Құдайдың маңайындағы адамдарды өзіндей сүй деген өсиетін орындайтындар ‘бір-біріне мейірімді де жан ашыр... өзара кешірімді’ (Ефестіктерге 4:32; Қолостықтарға 3:13). Тіпті өздеріне мейірімділік көрсетпеген жағдайда да олар Исаға еліктейді, себебі ол ‘Өзіне тіл тигізгендерге жаман сөз қайырмаған’ (Петірдің 1-хаты 2:23). Сондай-ақ Иса сияқты олар ризашылық танытпаған адамдарға да қызмет етуден қуаныш алуға болатынын біледі (Матай 20:25—28; Жохан 13:14, 15; Елшілердің істері 20:35). Өзінің ұлына еліктейтіндерге Ехоба Құдай өзінің киелі рухын береді. Ал осы рухтың арқасында олар нағыз тыныштыққа кенеледі (Ғалаттықтарға 5:22).
Болашақта орын алатын жайттар жан дүниеңізде тыныштық орната ма?
[6-беттегі сөздер]
Адам өмірдің мәні мен мақсаты неде екенін анықтап алуы қажет.
[7-беттегі сурет]
Иса жан дүниемізде тыныштық орнау үшін не істеу керектігін үйретті