Өмір қалай пайда болды?
Өмір қалай пайда болды?
НЕГЕ БҰЛ СҰРАҚТЫҢ ЖАУАБЫН БІЛУ МАҢЫЗДЫ? Көптеген адам өмірді кездейсоқ пайда болған деп есептейді. Олар эволюцияның таңғаларлық әрі түсініксіз құбылыстарының нәтижесінде сана-сезімі мен рухани қасиеттері бар адам баласы пайда болған деп тұжырымдайды.
Бірақ ойлап көріңізші, егер Жаратушы жоқ болып, ал біз эволюцияның нәтижесінде пайда болсақ, адам баласы, қандай да бір мағынада, жетім болған болар еді. Адамда өз ақылынан асқан даналықтың көзі болмас еді. Сонда табиғи апат, саяси қақтығыстар мен жеке бастың қиыншылықтары сияқты мәселелерді шешу үшін олар тек өз ақылына сүйенуге тура келер еді.
Осындай жағдай сізге жан тыныштығын бере ме? Ал басқа бір жағдайды ойлап көріңізші. Ол көңілге қонымды ғана емес, қисынды да.
Киелі кітапта не айтылған?
Киелі кітап адамзатты Құдай жаратқан деп үйретеді. Біз сезіммен және ақыл-парасатпен еш байланысы жоқ эволюцияның жемісі емеспіз. Қайта, ақыл-парасаты бар сүюші Әкенің балаларымыз. Осы жайлы Киелі кітапта нақты айтылған, соған назар аударыңызшы.
Жаратылыс 1:27. “Құдай адамды рухани жағынан Өзіне ұқсас етіп, бірін еркек, бірін әйел қылып жаратты.”
Забур 138:14. “Тамаша жаралдым, Сені мақтаймын, Керемет ғажап — жасаған істерің, Мұны мен шын жүректен мойындаймын”.
Матай 19:4—6. “Сендер Жаратқан Иенің әуел бастан-ақ “адамды бірін еркек, бірін әйел қылып” жаратқанын оқымап па едіңдер? Сол кезде ол былай деген: “Сондықтан еркек әке-шешесін тастап, әйеліне қосылады, сөйтіп екеуі біртұтас болады”. Осылайша олар енді екеу емес, біртұтас. Сонымен Құдай қосқанды адам баласы ажыратпасын!”
Елшілердің істері 17:24, 25. “Ол — әлемді және ондағының бәрін жаратқан Құдай, көк пен жердің Иесі, сондықтан Ол адамның қолынан шыққан киелі үйлерде тұрмайды. Құдай пенделердің Өзіне қызмет етуіне де зәру емес, қайта, Оның Өзі барлығына өмір, дем және қажеттінің бәрін сыйлайды”.
Аян 4:11. “Құдай Иеміз! Сен ұлылық, құрмет пен билікке лайықсың. Өйткені бүкіл әлемді жаратқан Өзіңсің; Сенің еркіңмен ол жаратылды және бола да береді,— деп дауыстады”.
Неге Киелі кітаптың жауабы жан дүниемізде тыныштық орнатады?
‘Жердегі бүкіл әулет Одан [Құдайдан] өз атын қабылдап алған’ (Ефестіктерге 3:15). Мұны білгеніміз адамдарға қалай қарайтынымызға, сондай-ақ өзіміз бен қиыншылықтарымызға деген көзқарасымызға әсер етеді. Мысалы, келесі жайттарға қатысты ой қалпымыз өзгереді.
Маңызды шешім қабылдау керек болғанда, неге қарама-қайшы пікірлер көп деп алаңдамаймыз. Қайта, біз Киелі кітаптың кеңесіне толық сенім артамыз. Себебі “Киелі жазбалардың бәрі Құдай Рухының жетелеуімен жазылып, тәлім беру, әшкерелеу, түзету әрі әділдікке тәрбиелеу үшін тиімді; осылай Құдайдың адамы барша игі іске дайындалып, толықтай даяр болмақ” (Тімотеге 2-хат 3:16, 17).
Рас, Киелі кітаптың кеңесін қолдану үшін күш салу керек немесе өз-өзімізді тәртіпке келтіру керек болуы мүмкін. Өйткені Киелі кітап кейде бізден күнәкар бейімділігімізге қайшы келетін әрекеттерді талап етеді (Жаратылыс 8:21). Алайда көктегі сүюші Әкенің жаратылысы екенімізді мойындайтын болсақ, оның бағыттайтын жолы біз үшін ең дұрыс жол деген тұжырымға келеміз (Ишая 55:9). Оның Сөзінде былай делінген: “Өз ақыл-санаңа сүйеніп жүрме, Сенім арт шын жүректен Жаратқан Иеңе. Бар жағдайда да мойында Тәңір Иеңді, Сонда Ол тура жолмен жетелер сені” (Нақыл сөздер 3:5, 6). Егер осы кеңеске құлақ асатын болсақ, қиындықтарға кезіккенде немесе шешім қабылдау керек болғанда, тым қатты уайымдамаймыз.
Алалаушылыққа кезіккенде, ұлты мен мәдениеті басқа адамнан өзімізді төмен санап, ауыр сезімнің ықпалында болмаймыз. Қайта, өзімізді лайықты түрде құрметтейтін боламыз. Себебі Әкеміз Ехоба Құдай “адамның бет-жүзіне қарамайды... әр ұлттың Өзін қастерлеп, әділетке сай әрекет ететіндерін қабылдайды” (Елшілердің істері 10:34, 35).
Бұл жайтты білгендіктен, біз де адамдарды алаламаймыз. Сондай-ақ Құдайдың ‘бір адамнан бар ұлттарды таратып, бүкіл жер жүзіне мекендетіп, олардың мерзімдері мен тұратын жерлерінің шектерін белгілеп қойғандықтан’, біз бір ұлтты басқа ұлттан артық деп санауға ешқандай негіз жоқ екенін түсінеміз (Елшілердің істері 17:26).
Бізді Құдай жаратқанын әрі ол қамымызды ойлайтынын білгеніміздің арқасында жан дүниемізде нағыз тыныштық орнайтыны сөзсіз. Біз осы тыныштығымыздың бұзылмағанын қалаймыз. Бірақ бұл үшін не қажет?
[4-беттегі сөздер]
Адам эволюцияның нәтижесінде пайда болды ма?
[5-беттегі сурет]
Құдай қамымызды ойлайтынын білгендіктен, жан дүниемізде нағыз тыныштық орнайды