Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ол көңіл қалдыратын жағдайларда жасымады

Ол көңіл қалдыратын жағдайларда жасымады

Олардың сенімдерін үлгі етіңдер

Ол көңіл қалдыратын жағдайларда жасымады

ИСРАИЛДЕ Құдай пайғамбары болған Самуил Шило қаласының басына түскен қасіретті жақсы түсініп тұр. Қала тұрғындарының қайғыдан көкірегі қарс айырылуда: қаншама үйден күйеулері, әкелері, ұлдары мен аға-інілерінің соғыстан оралмайтынын естіп, жоқтау айтқан әйелдер мен балалардың зары естіледі! Исраил халқы філістірлермен болған жойқын шайқаста 30 000 сарбазынан айырылып отыр. Ал мұның алдында ғана 4000 сарбазын жоғалтқан еді (Патшалықтар 1-жазба 4:1, 2, 10).

Халықтың қасіретінің себебі бұл ғана емес. Бас діни қызметкер Елидің зұлым ұлдары Опни мен Пінехес Шилодан ұрыс алаңына қасиетті келісім сандығын алып шыққан болатын. Әдетте шатыр іспетті ғибадатхананың киелі бөлігінде тұратын бұл құнды сандық Құдайдың олармен бірге екендігінің бейнесі болған. Сондықтан халық жеңіске жеткізетін сиқырлы күші бар деп ақымақтық жасап, оны шайқасқа алдыртқан еді. Бірақ філістірлер Опни мен Пінехесті өлтіріп, келісім сандығын қолға түсірді (Патшалықтар 1-жазба 4:3—11).

Ғасырлар бойы осы сандық Шилодағы киелі шатырды ұлылыққа бөлеп тұрған еді. Ал енді ол жоқ. Осыны естігенде, 98 жастағы Ели орындығынан шалқалай құлап түсіп, мерт болды. Тап сол күні жесір қалған жүкті келіні де босанып жатып көз жұмды. Соңғы демі шығар алдында ол: “Салтанатты ұлылық Исраилді тастап кетті!”— деді. Иә, Шило енді ешқашан бұрынғыдай бола алмайды (Патшалықтар 1-жазба 4:12—22).

Самуил пайғамбар көңіл қалдыратын осы ауыр жағдайларға қалай төтеп берер екен? Ехобаның қорғанышы мен ықыласынан айырылып қалған халыққа көмектесуде сенімін берік сақтап қала ма? Бүгінде бәріміз де сеніміміз сыналатын ауыр қиыншылықтар мен көңілімізді қалдыратын жағдайларға кезігіп жатамыз. Осы орайда Самуил пайғамбардан неге үйрене алатынымызды көрейік.

Ол “әділ әрекет етті”

Осы жерден бастап Киелі кітапта әңгіме желісі Самуил пайғамбардан келісім сандығына ауады да, філістірлердің оны алып кеткені үшін қалай азап шеккені мен оны кері қайтаруға мәжбүр болғаны әңгімеленеді. Самуил жайлы қайта сөз болғанда, арада 20 жылдай уақыт өтеді (Патшалықтар 1-жазба 7:2). Сол жылдары ол немен айналысты? Мұны бізге топшылап жатудың қажеті жоқ.

Киелі кітапта сол жылдардан бұрын “Самуилдің айтқандары бүкіл Исраил халқына кеңінен тарап жатқаны” туралы айтылған (Патшалықтар 1-жазба 4:1). Ал осы жылдар аяқталған соң, оның Исраилдегі үш қаланы жыл сайын аралап, дау-дамайды, туындаған мәселелерді шешіп, сосын туған жері Рамаққа қайтатыны жазылған (Патшалықтар 1-жазба 7:15—17). Демек, Самуил ешқашан қол қусырып отырмаған, сол 20 жылдың ішінде де оның көп іс атқарғаны анық.

Елидің азғын әрі бұзылған ұлдарының қылығы халықтың сеніміне нұқсан келтірді. Нәтижесінде, көбісі жалған тәңірлерге табынып кеткенге ұқсайды. Алайда 20 жыл аянбай еңбек еткен соң, Самуил пайғамбар халыққа былай деді: “Егер сендер Құдайға шын жүректен қайтамын десеңдер, онда қолдарыңдағы Аштар мен өзге де бөтен тәңірлердің мүсіндерін лақтырып тастаңдар! Жаратқан Иеге шын көңілден мойынсұнып, тек Оған ғана қызмет етіңдер! Сонда Ол сендерді філістірлердің қол астынан құтқарып алады” (Патшалықтар 1-жазба 7:3).

Філістірлердің қол астындағы халыққа көрсеткен жәбірі күннен-күнге күшейе түсті. Исраил әскерін ойсырата жеңген олар еш кедергісіз Құдай халқына қысым көрсете берді. Ал Самуил халықты Құдайға қайта бет бұрғанда ғана жағдайлары өзгеруі мүмкін екеніне сендірді. Олар Ехоба Құдайға бет бұруға дайын ба еді? Самуилдің қуанышына орай, олар пұттарынан арылып, “тек Жаратқан Иеге ғана қызмет ете бастады”. Самуил халықты Иерусалимнің солтүстік таулы аймағында орналасқан Миспа қаласына жиналуға шақырды. Олар жиналып, ораза ұстап, жалған тәңірге құлшылық еткендеріне өкініш білдірді (Патшалықтар 1-жазба 7:4—6).

Філістірлер қалың жұрттың жиналғанын естігенде, Ехобаның қызметшілерін құртудың оңтайлы сәті туды деп ойлап, өз жасағын Миспаға аттандырды. Исраилдіктер өздеріне төніп тұрған қауіп туралы естіді. Зәре-құты қалмаған олар Самуилдан өздері үшін дұға етуді өтінді. Ол дұға етіп, сондай-ақ құрбандық шалды. Осы кезде жау жасағы Миспаға жақындап келді. Сонда Ехоба Самуилдің дұғасына жауап берді, дәлірек айтқанда, ол өзінің қаһарын білдіріп, “өте қатты күн күркіретіп, філістірлердің зәресін ұшырды” (Патшалықтар 1-жазба 7:7—10).

Філістірлер зәресі ұшатындай, күн күркірегенде қорыққаннан жүгіріп барып, анасының артына тығылып қалатын кішкентай балалар сияқты ма еді? Жоқ, олар соғыста жүріп қатуланған мықты сарбаздар болған. Ендеше олар бұрын-соңды мұндай күн күркірін естімеген болса керек. Бұл күркір қайдан пайда болды? Ол әдеттегіден ерекше шыққан, яки кенеттен ашық аспанда пайда болған не төбелерден жаңғырып шыққан дыбыс па еді? Қалай болған күнде де, одан філістірлердің төбе шашы тік тұрғаны анық. Әбден абыржыған олар қуғыншылардан қуғындалушыларға айналды. Исраилдіктер Миспадан шығып, оларды өкшелей қуып, бірнеше шақырым жерге, Иерусалимнің оңтүстік-батысына, жеткенше қырып жойды (Патшалықтар 1-жазба 7:11).

Бұл шайқас Құдай халқының өмірінде шешуші жайт болды. Самуилдің көзі тірісінде філістірлер кері шегіне берді. Ал қалалар бірінен соң бірі қайтадан Құдай халқының қол астына өтті (Патшалықтар 1-жазба 7:13, 14).

Ғасырлар өткеннен кейін, елші Пауыл “әділ әрекет еткен” адал билер мен пайғамбарлардың қатарында Самуилды да атаған болатын (Еврейлерге 11:32, 33). Самуил, шынында да, халыққа Құдайдың көз алдында тура әрі дұрыс әрекет етуге көмектесті. Оның қызметі нәтижелі болды, себебі көңілін қалдыратын жағдайларға қарамастан, өз тапсырмасын адал атқара берді және Ехобаны шыдамдылықпен күте білді. Сондай-ақ ризашылық рухын танытты. Миспада жеңіске жеткен соң, Самуил ескерткіш тас орнатты. Мұны ол халық Ехобаның өздеріне қалай көмектескенін естерінен шығармауы үшін істеді (Патшалықтар 1-жазба 7:12).

Біздің де “әділ әрекет еткіміз” келетін шығар. Онда Самуил пайғамбардың шыдамдылығына, кішіпейілділігі мен ризашылық рухына еліктейік. Бұл қасиеттер бәрімізге де керек емес пе? Самуил осы қасиеттерді жас кезінде дамытқанының зор пайдасын көрді. Өйткені ол кейінірек бұдан да ауыр қиындықтарға кезікті.

“Ұлдарыңыз сіздің жолыңызбен жүрмей келеді”

Бұдан соң Самуилдің “қартайған шағы” жөнінде оқимыз. Бұл кезде оның Жоел және Абия деген екі ересек ұлы болды. Самуил оларды өзіне көмектесу үшін би етіп тағайындаған болатын. Өкінішке қарай, оның үміті ақталмады. Өзі адал да әділ болғанымен, ұлдары дәрежелерін өз мүддесі үшін пайдаланып, шындықты бұрмалайтын, пара алатын (Патшалықтар 1-жазба 8:1—3).

Бірде Исраилдің ақсақалдары қарт пайғамбарға келіп: “Ұлдарыңыз сіздің жолыңызбен жүрмей келеді”,— деп шағымданады (Патшалықтар 1-жазба 8:4, 5). Самуил бұдан хабардар ма еді? Жазбада бұл туралы ештеңе айтылмаған. Алайда оның Ели сияқты айыпталуға лайық әке болмағаны анық. Ехоба Елиді зұлым ұлдарын жөнге салмағаны үшін, сондай-ақ оларды Құдайдан артық көргені үшін айыптаған және жазалаған болатын (Патшалықтар 1-жазба 2:27—29). Ал Самуилдан ешқашан мұндай мін таппаған.

Самуил ұлдарының зұлым істері туралы естігенде, ұяттан өртенді, қатты мазасызданды не түңілді деп Жазбаларда ештеңе айтылмаған. Өкінішке орай, бүгінде көп ата-ана осындай сезімде болады. Осы қиын-қыстау күндері балалардың ата-анасының билігіне және тәрбиесіне қарсы шығуы кең етек алған (Тімөтеге 2-хат 3:1—5). Осындай күй кешіп жүрген ата-аналар Самуил пайғамбардың үлгісінен өздеріне жұбаныш пен басшылық ала алады. Ұлдарының адалдық танытпағаны Самуилдың тура жолмен жүруіне кедергі болған жоқ. Ендеше сөздері мен жөнге салу шаралары балаларының жүрегіне жетпесе де, жақсы үлгілерінің әсері күшті болып қала беретінін ата-аналардың ұмытпағаны жөн. Самуил пайғамбар сияқты, олар да көктегі Әкелері Ехоба Құдайды әрқашан қуанта алады.

“Бізге патшамызды тағайындап беріңіз”

Самуил пайғамбардың ұлдары ашкөз де өзімшіл әрекеттерінің зардабы қаншалықты ауыр болатынын ойламаса керек. Исраил ақсақалдары Самуилге келіп: “Басқа халықтардағыдай бізге де билік айтатын патшамызды тағайындап беріңіз”,— деді. Бұны естігенде, Самуил жұрт өзінен бас тартып тұрғандай сезінді ме? Ол Құдай атынан халыққа ондаған жылдар бойы билік айтып келді ғой! Ал енді олар өздеріне Самуил сияқты жай пайғамбардың емес, патшаның билік айтқанын қалап отыр. Айналадағы халықтардың патшалары болғаны сияқты, исраилдіктер де патшалары болғанын қалады. Самуил бұған қалай қарады? Киелі жазбадан бұл сөздердің Самуилге мүлдем ұнамағанын көреміз (Патшалықтар 1-жазба 8:5, 6).

Ол бұл жайлы дұға еткенде, Ехобаның не дегеніне көңіл аударайықшы: “Халықтың айтқандарының бәріне көн. Олар сенен емес, Менен бас тартып, өздеріне патшалық етуіме қарсы болып тұр”. Бұл сөздер Самуил үшін неткен жұбаныш болды! Алайда халық Құдіретті Құдайды қалай қорлады десеңші! Ехоба Самуилге адамның патша болғаны неге апарып соқтыратынын исраилдіктерге ескертуді айтты. Пайғамбар ескерткенде, олар: “Жоқ, өз патшамыз болсын!”— деп тұрып алды. Құдайға әрдайым мойынсұнатын Самуил барып, Ехоба таңдаған патшаны тағайындады (Патшалықтар 1-жазба 8:7—19).

Алайда Самуил Құдайға наразылықпен не амалсыздан мойынсұнды ма? Ол жүрегіне түңілу, ашыну сияқты жағымсыз сезімдердің ұялауына жол берді ме? Мұндай жағдайда көп адам осылай етер еді, бірақ Самуил олай еткен жоқ. Ол Саулдың басына май құйып, патша етіп тағайындады және оны Ехобаның таңдағаны ретінде мойындады. Сондай-ақ бетінен сүйіп, оны қабыл алғанын және жаңа патша ретінде оған бағынатынын көрсетті. Сосын, халыққа: “Жаратқан Иенің таңдағанын көріп тұрсыңдар ма? Халық арасында оған сай келетін ешкім жоқ”,— деді (Патшалықтар 1-жазба 10:1, 24).

Самуил пайғамбар Ехоба таңдаған адамның кемшіліктеріне емес, жақсы жақтарына назар аударды. Ал өзіне келсек, сенімсіз халыққа жағуды емес, Құдай алдында мінсіз болуды ойлады (Патшалықтар 1-жазба 12:1—4). Сонымен қатар өз тапсырмасын адал орындап, Құдай халқын рухани қауіптен сақтандырып, кеңес берді және Ехобаға адал болып қалуға талпындырды. Оның ақыл-кеңесі халықтың жүрегіне жетіп, олар өздері үшін дұға етуін өтінді. Сонда оның берген керемет жауабы мынау болды: “Сендер үшін Жаратқан Иеге жалынып сиынуды қойып, Оған қарсы күнә жасаудан аулақ болайын! Қайта, сендерге ізгі де дұрыс жолды көрсете бермекпін” (Патшалықтар 1-жазба 12:21—24).

Қандай да бір жауапкершілікке біз емес, басқа біреу ие болғанда, бұған көңіліміз түскен кез болған ба? Самуилдің үлгісі жүрегімізге қызғану, ашыну сияқты жағымсыз сезімдерді ұялатпауға қатысты жақсы ескерту болып табылады. Құдайда өзінің әрбір адал қызметшісіне арналған қызықты да қанағаттанарлық іс жетіп-артылады.

“Сен Саул үшін қашанғы қайғыра бермексің?”

Самуилдің Саул патшаның жақсы жағын көре білгені орынды-ақ еді: Саул, шынында да, керемет адам болатын. Ұзын бойлы әрі келбетті ол алғашқыда қарапайым да кішіпейіл, сөйте тұра батыл да тапқыр болған (Патшалықтар 1-жазба 10:22, 23, 27). Бұларға қоса, онда бағалы сый — таңдау еркіндігі, яғни өмірлік жолын таңдау мен шешім қабылдай алу қабілеті бар-тын (Заңды қайталау 30:19). Ол осы сыйды дұрыс қолданды ма?

Бір өкініштісі, адамның қолына билік тисе, қарапайымдылық әдетте жайына қалады. Саул патша да көп ұзамай тәкаппарлана бастады. Ол Ехобаның Самуил арқылы айтқан бұйрықтарына мойынсұнбауды шешті. Бірде шыдамы жетпей, Самуил пайғамбардың ғана құқы бар нәрсені істеп, құрбандыққа мал шалды. Самуил оған қатаң ескерту жасады және патшалық оның әулетінен алынып қойылатынын айтты. Бұдан сабақ алудың орнына, Саул одан бетер тілазарлық танытты (Патшалықтар 1-жазба 13:8, 9, 13, 14).

Бірде Самуил арқылы Ехоба Саулға амалектіктерге қарсы соғысуды айтады. Ехобаның нұсқауы бойынша, ол зұлым патша Агагты да өлтіру керек-тін. Алайда ол Агаг патшаны да, қолға түскен олжасының ең жақсыларын да аяп, жойғысы келмеді. Самуил оны түзету үшін келгенде, ол өзінің қаншалықты өзгеріп кеткенін көрсетті: түзетуді кішіпейілділікпен қабыл алудың орнына, болған жайтты түсіндіруге тырысып-бақты, өзін және іс-әрекетін ақтап шыға келді, тақырыптан қашқақтап, кінәні халыққа жабуға тырысты. Ол олжа болған ең қоңды малдар Ехобаға құрбандық шалу үшін алынғанын айтып, өз жазасын жеңілдетпек болғанда, Самуил “Мойынсұну [Жаратқан Иеге] артық сый-тарту атаулыдан” деген әйгілі сөздерін айтқан болатын. Ол Саулға батылдықпен сөгіс айтып, Ехобаның шешімін мәлім етті: патшалық Саулдан тартып алынып, әлдеқайда жақсы біреуге берілмек (Патшалықтар 1-жазба 15:1—33).

Самуил пайғамбар Саулдың қылығына қатты ренжіп, түні бойы Ехобаға жалбарынып шықты. Ол тіпті Саул үшін қайғырып жүрді. Одан көп жақсылық күтіп еді, үміті ақталмады. Бұрынғы білетін адамы мүлдем өзгеріп кетті: ол бар жақсы қасиетінен ада болып, Ехобаға қарсы шықты. Самуил оны бұдан былай көргісі келмеді. Алайда уақыт өте келе Ехоба Самуилді жұмсақтықпен түзетіп былай деді: “Сен Саул үшін қашанғы қайғыра бермексің? Мен оның Исраил патшасы болуынан бас тарттым. Бір құтыны хош иісті майға толтырып алып, бетлехемдік Есейге бар. Оның ұлдарының ішінен біреуін патша етуге таңдап алдым” (Патшалықтар 1-жазба 15:34, 35; 16:1).

Ехобаның ниетінің орындалуы адалдығынан тайып кетуі мүмкін кемелсіз адамдарға байланысты емес. Егер әлдекім адалдығынан тайса, Ехоба өз еркін орындау үшін өзге біреуді табады. Сондықтан да Самуил пайғамбар Саул үшін қайғыруын қойды. Ехобаның айтуымен ол Бетлехемдегі Есейдің үйіне барып, оның келбетті ұлдарын көрді. Алайда тұңғышын көргенде-ақ Ехоба оған былай деп ескертті: “Сен оның бет-жүзіне, бойшаңдығына қарамай-ақ қой... Мен пенденің көзімен қарамаймын ғой. Пенде адамның тек бет-әлпетіне қараса, Жаратқан Ие жан дүниесіне қарайды” (Патшалықтар 1-жазба 16:7). Ақыр соңында Самуил Есейдің кенже ұлы Дәуітті көрді. Оның алдында Ехобаның таңдаған адамы тұр еді!

Ехоба Саулдың орнына Дәуітті таңдап дұрыс істегеніне өмірінің соңғы жылдарында Самуил пайғамбардың көзі жете түсті. Саул қызғанышқа бой алдырып, Дәуітті өлтірмекші болды, сондай-ақ тура жолдан тайып кетті. Ал Дәуіт батылдық, мінсіздік, сенім және адалдық сияқты керемет қасиеттер танытты. Өмірінің соңы таяған сайын, Самуил пайғамбардың сенімі күшейе түсті. Ол Ехоба Құдай шеше алмайтын қиындық не жағдай жоқ екенін, тіпті оны батаға айналдыра алатынын көрді. Ақырында Самуил пайғамбар дүние салды. Ол мағыналы өмір кешіп, жүз жылдай жасады. Сол адал жанды бүкіл Исраил халқының жоқтағаны таңғалдырмайды. Бүгінде Құдай қызметшілерінің өздеріне “Мен Самуил пайғамбардың сеніміне еліктеймін бе?” деп сұрақ қойғандары жөн.

[25-беттегі сурет]

Самуил пайғамбар қасірет шеккен халыққа қалай көмектесті?

[26-беттегі сурет]

Ұлдарының адалдық танытпағаны Самуилдың тура жолмен жүруіне кедергі болды ма?