Шайтан Хауамен сөйлескенде неге жыланды қолданды?
Оқырман сауалдары
Шайтан Хауамен сөйлескенде неге жыланды қолданды?
▪ Осы журналдың 8-бетінде айтылғандай, Хауамен сөйлескен жыланның артында Шайтан тұрғанымен келісерсіз. Киелі кітап солай деп үйретеді. Алайда сіз “Неге зор рухани тұлға жылан арқылы сөйледі?” деп сұрарсыз.
Киелі кітапта Шайтанның әдістерін “зымиян іс-әрекеттер” деп атаған, әрі мұны Едемде болған жайт растайды (Ефестіктерге 6:11). Сол оқиға — сөйлейтін жануар туралы жай ғана ертегі емес, Шайтан адамдарды Құдайдан бездіру үшін жақсылап ойластырылған айла-амал қолданатыны туралы ескертпе мысал. Ендеше, ол қандай айла-амал қолданғанын қарастырайық.
Шайтан жемтігін мұқият таңдады. Хауа ана саналы жаратылыстардың ішінде ең жасы болатын. Сондықтан тәжірибесіздігін пайдаланып, Шайтан оны қулықпен еліктірді. Өте сақ жаратылыс — жыланның артында тұрып ол өзінің зұлым пиғылы мен көксеген өзімшіл мақсатын жасыра алды (Жаратылыс 3:1). Шайтан жылан арқылы сөйлеуімен тағы не нәрсеге қол жеткізе алғанына көңіл бөлейік.
Біріншіден, Шайтанның айласы Хауаның назарын аударып, көңілін жаулап алды. Хауа жыланның сөйлей алмайтынын білетін. Күйеуі барлық жан-жануарларға, жыланға да, ат қоймас бұрын оларды мұқият бақылаған болу керек (Жаратылыс 2:19). Хауаның да осы сақ жаратылысты бақылағаны сөзсіз. Сондықтан Шайтан Хауаның қызығушылығын оята алды. Сөйтіп, оның бар назары бүкіл бақтың ішінде жеуге тыйым салынған жалғыз ағашқа ауды. Екіншіден, мына бір жайтқа көңіл бөлейік: Хауа жыланның тыйым салынған ағаштың арасында жүргенін көргенде, қандай ойға келген болуы мүмкін? Сөйлей алмайтын кәдімгі жыланға ағаштың жемісін жегеннен тіл бітіп кетті деп ойлаған болуы мүмкін бе? Егер жеміс жыланға осындай қабілет дарытқан болса, өзіне қалай әсер ете алар екен? Хауаның нақты қалай ойлағанын және жыланның жемісті жеген-жемегенін біз білмейміз. Бірақ білетініміз, жылан Хауаға жеміс “Құдай сияқты” ететінін айтқанда, ол бұл өтірікке сенуге дайын еді.
Шайтанның қандай сөз таңдағанынан да көп нәрсе білуге болады. Ол Хауаның санасына күмән сеуіп, Құдай өзінен бір жақсы нәрсені жасырып әрі бостандығын орынсыз шектеп отыр деп ойлауына ықпал етті. Оның Құдай сияқты боласың деген уәдесі орындалу үшін, Хауа өз мүддесін Құдайға деген сүйіспеншілігінен жоғары қоюы керек еді (Жаратылыс 3:4, 5). Өкінішке қарай, Хауа ана да, Адам ата да қажеттінің бәрімен қамтамасыз етіп отырған Ехобаға өз жүректерінде сүйіспеншілік пен ризашылықты дамытпаған еді. Сондықтан Шайтанның айласы іске асты. Қазіргі кезде де Шайтан адамның өз мүддесін ойлауына және негізсіз ақталуына түрткі жасап жатыр емес пе?!
Сонымен, Шайтанның пиғылы жайлы не деуге болады? Едем бағында ол өзінің кім екенін және арам пиғылын жасыра алғанмен, кейін мұны бәрібір аян етті. Исаны азғырған кезде, ол бетперде киюдің пайдасы жоқ екенін білді. Сондықтан оған: “Алдыма жығылып, маған бір рет табын”,— деп ашық айтты (Матай 4:9). Осы сөздерге қарағанда, Шайтан Ехоба Құдайға тиесілі ғибадатты қатты қалап жүргені анық. Ол адамдарды Құдайға ғибадат еткізбеу үшін және ғибадаттарын жарамсыз ету үшін неден болса да тайынбайды. Шайтан Құдай алдындағы мінсіздігімізді бүлдіруді, тіпті одан біржолата тайдыруды қатты қалайды.
Киелі кітапта Шайтанның өз мақсатына жетуде залым айлакер екендігі анық айтылған. Бақытымызға орай, “оның зымиян ниетін жақсы білеміз”, сондықтан Хауа сияқты алданып қалмайық (Қорынттықтарға 2-хат 2:11).