Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Құдай сіздің қамыңызды шынымен ойлай ма?

Құдай сіздің қамыңызды шынымен ойлай ма?

Құдай сіздің қамыңызды шынымен ойлай ма?

БІРЕУДІҢ сүйіспеншілігіне бөленіп жүрсіз бе? Әлде кейде өзіңізді ешкімге керек еместей сезінесіз бе? Осы қарбалас, әркім өз жанын күйттеп кеткен өмірде біреу елеп-ескеретіндей мен кіммін деген ойдың жетегінде кету оңай. Киелі кітаптың осы заман туралы айтқан сөздері рас. Өйткені көп адам өз қамын ғана ойлап, басқаларға көңіл бөлуді қойған, әрі мұндай жайт барлық жерде орын алуда (Тімөтеге 2-хат 3:1, 2).

Жасына, мәдениетіне, тіліне, нәсіліне қарамастан, әр адам сүюге және сүйікті болуға мұқтаж. Бір мәлімет көзінің айтуынша, біздің жүйке жүйеміз сүйіспеншілікті, мейірімділікті сезетіндей етіп ерекше жаратылған. Бізді жаратқан Ехоба Құдай осындай қажеттілігімізді кез келген адамнан артық түсінеді. Егер ол сізді бағалайтынын айтса, қандай сезімде болар едіңіз? Мұны білгеніңіз сіз үшін дүниеде ең бағалы сый болмас па еді?! Құдайдың кемелсіз адамзатқа көңіл бөлетініне неге сенімді бола аламыз? Ол жеке әрқайсымыздың қамымызды ойлай ма? Ойлайтын болса, оның көзінде адамды бағалы ететін не нәрсе?

Ехоба Құдай қамымызды ойлайды

Осыдан 3000 жыл бұрын Құдайды қастерлеген забур жыршысы жұлдызды аспанның көркіне тамсанып, жаны қатты тебіренген. Сол сәтте оның сансыз жұлдызды жаратқан құдіреті шексіз зор Тұлға жайында ойланғаны сөзсіз. Ехоба Құдайдың ұлылығы туралы, ал адам баласының оның алдында қаншалықты елеусіз екені жайлы ой жүгірткен забур жыршысы Құдайдың сүйіспеншілікке толы қамқорлығын былай деп жырлады: “Сенің қолыңнан шыққан аспаныңа, Өзің орнатқан ай мен жұлдыздарға Назар аударған әрбір уақытымда Мынадай сұрақтар туады ойымда: Өзің ескеретіндей адам сонша кім, Сен қамқорлайтындай адам баласы кім?” (Забур 8:4, 5). Әлемдегі ең жоғары Тұлға жұмыр басты пендеден тым биік немесе оған көңіл бөлетіндей тым асқақ деген тұжырымға келу оңай. Алайда забур жыршысы адам баласының салыстырмалы түрде әлсіз әрі қысқа ғұмырлы болғанына қарамастан, Құдайдың көзінде бағалы екенін білген.

Басқа бір забур жыршысы көңіліндегі сенімін білдіріп: “Риза болады Жаратқан Ие Өзін қастерлеп, рақымына үміт еткенге”,— деген (Забур 146:11). Осы жыршылардың екеуі де жүрек толқытатын әсерлі ой айтқан: Құдай қаншама биікте болса да, адамзатқа қарап қана қоймай, оларды “қамқорлайды” және оларға “риза болады”.

Осы жайтқа біздің күнімізде орындалып жатқан Киелі кітаптың тағы бір пайғамбарлығы назар аударады. Ехоба Құдай Нағай пайғамбар арқылы Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздау ісінің дүниежүзін қамтитынын айтқан. Оның нәтижесі жайлы: “Барша халықтардың қалаулы қазынасы келеді, сөйтіп осы үйді даңққа бөлеймін”,— деген (Нағай 2:7 ЖД).

Барша халықтан келетін бұл қандай “қалаулы қазына”? Әрине, дүние-мүлік емес (Нағай 2:8). Ехобаның жүрегін алтын-күміс нағыз қуанышқа бөлемейді. Ол өзіне сүйіспеншілікпен ғибадат етіп жүрген адамдарды, олар кемелсіз болса да, жақсы көреді (Нақыл сөздер 27:11). Бұлар Құдайды дәріптейтін “қалаулы қазыналар”, сондықтан Құдай олардың жүректеріндегі шексіз берілгендікті және қызметке деген құлшынысты бағалайды. Сіз сол адамдардың арасындасыз ба?

Кемелсіз, болмашы пенде Әлемнің Ұлы Жаратушысының көзінде бағалы бола алады деген ой адам сенгісіз болып көрінгенімен, бұл солай. Осы шындық бізді “Құдайға жақындаңдар!” деген шақыруды қабыл алуға талпындыру керек (Ишая 55:6; Жақып 4:8).

“Сен аса қалаулы адамсың”

Бір күні кешке қарт Даниял дұға етіп отырғанда, ерекше жағдай орын алды. Оның жанында кенеттен періште пайда болады. Періштенің есімі Жәбірейіл еді. Даниял оны бұрын көргендіктен, Ехобаның періштесі екенін бірден таныды. Жәбірейіл өзінің неге күтпеген жерден келгенін түсіндіріп: “Уа, Даниял, мен саған терең түсінік беру үшін келдім... өйткені сен аса қалаулы адамсың”,— деді (Даниял 9:21—23 ЖД).

Басқа жолы Ехобаның бір періштесі Даниялға: “Уа, Даниял, сен аса қалаулы жансың”,— деген болатын. Содан кейін: “Қорықпа, уа, қалаулы адам. Көңілің тыныш тапсын”,— деп Даниялды нығайтты (Даниял 10:11, 19 ЖД). Осылайша үш рет Даниял “аса қалаулы адам” деп аталды. Бұл тіркес түпнұсқадағы еврей тілінде “сүйікті”, “қымбатты”, “ұнамды” дегенді білдіреді.

Әрине, бұдан бұрын да Даниялдың Құдаймен қарым-қатынасы тығыз болған, әрі ол өзінің адал қызметі Құдайға ұнамды екенін білген. Бірақ Құдай өзінің періштесі арқылы оны қаншалықты жақсы көретінін айтқанда, Даниялдың сенімі одан сайын күшейді. Сондықтан оның: “Сен мені нығайттың”,— дегені бізді таңғалдырмайды (Даниял 10:19).

Ехоба Құдайдың адал пайғамбарына деген жылы сезімі жайлы айтылған Киелі кітаптағы бұл мәлімет біз үшін жазып қалдырылған (Римдіктерге 15:4). Даниял пайғамбардың үлгісі жайлы ой жүгіртудің арқасында сүйіспеншілікке толы көктегі Құдайдың көзінде адамды не нәрсе бағалы ететінін түсінеміз.

Құдай Сөзін жүйелі түрде зерттеңіз

Даниял пайғамбар Жазбаларды мұқият ден қойып зерттеген. Мұны оның: “Иерусалимнің жетпіс жыл ойрандалатынын кітаптардан қарап білдім”,— деген сөзінен білеміз (Даниял 9:2). Сол заманда Даниялдың қолында киелі рухтың жетелеуімен жазылған Мұсаның, Дәуіттің, Сүлейменнің, Ишаяның, Еремияның, Езекиелдің және басқа да пайғамбарлардың жазбалары болса керек. Көз алдымызға Даниялдың көп шиыршықты алдына жайып қойып, бас көтермей оқып отырғанын және Иерусалимдегі шынайы ғибадаттың қалпына келтірілуі жайлы пайғамбарлықтарды бір-бірімен салыстырып отырғанын елестетіп көрсек болады. Оның тыныш жерде, бәлкім үйінің жоғарғы бөлмесінде отырып, оқығандарының үстінен терең ой жүгірткені сөзсіз. Даниялдың белгілі бір мақсатты көздеп зерттеу жүргізгені сенімін нығайтты және Ехоба Құдайға жақындатты.

Құдай Сөзін зерттегені Даниялға жақсы қасиеттер дамытуға көмектескені және бүкіл өмір салтына әсер еткені сөзсіз. Мысалы, жас кезінде Жазбалардан тәлім алғанның арқасында есейе келе Құдайдың тамаққа қатысты сол кездегі заңын берік ұстанды (Даниял 1:8). Кейінірек, ол Бабыл билеушілеріне батылдықпен Құдайдың хабарын айтты (Нақыл сөздер 29:25; Даниял 4:19—25; 5:22—28). Ол ұқыптылығымен, шыншылдығымен және сенімділігімен баршаға танымал еді (Даниял 6:4). Бәрінен де бұрын Даниял өміріне қауіп төнсе де, сеніміне қайшы әрекет етпей, толығымен Құдайға арқа сүйеді (Нақыл сөздер 3:5, 6; Даниял 6:23). Сондықтан Құдайдың көзінде оның “аса қалаулы” адам болғаны бекер емес!

Даниялдың заманына қарағанда, біздің күнімізде Киелі кітапты зерттеу әлдеқайда оңай деуге болады. Себебі бүгінде Құдайдың сөзі үлкен шиыршықтарда емес, ыңғайлы кітаптарда басылып шығуда. Бұған қоса, Киелі кітапты толығымен, оның ішінде Даниялдың орындалған пайғамбарлықтарын да, оқи аламыз. Киелі кітапты зерттеуге және түрлі ізденістер жүргізуге қажетті құрал-саймандар жетіп артылады a. Соларды пайдалануға тырысыңыз. Киелі кітапты үнемі оқуға және ой жүгіртуге уақыт бөліңіз. Осылай етсеңіз, сіз де Даниял пайғамбар сияқты мұның көп игілігін көресіз. Мысалы, Құдайға деген сеніміңіз нығаяды және оған жақындай түсесіз. Құдайдың қамқорлығына сеніміңіз күшейіп, өмірге қажетті дұрыс басшылықтар алып отырасыз.

Үнемі дұға етіңіз

Құдайға дұға ету Даниялдың өмірінде маңызды орын алды, әрі ол Құдайға ұнамды өтініштер айтатын. Мұны оның өмірінде болған көп оқиғадан білеміз. Мысалы, Бабыл патшасы Набуходоносор көрген түсін жорып бере алмаған данышпандарын өлім жазасына кеспек болады. Сонда жас Даниял бірден дұға етіп, Ехоба Құдайдан қолдап-қорғауын сұрап жалбарынады (Даниял 2:17, 18). Жылдар өте келе, осы адал пайғамбар өзінің пендешілігін кішіпейілділікпен мойындап, халықпен бірге өзінің де күнәлі екенін Құдайдың алдында ашық айтады және сол үшін кешірім сұрайды (Даниял 9:3—6, 20). Ал киелі рухтың жетелеуімен айтылған нәрселерді түсінбегенде, ол Құдайдан көмек іздеген. Сондай кездердің бірінде оған тереңірек түсінік беру үшін Құдайдың періштесі келіп: “Сенің сөздерің құлаққа жетті”,— деген (Даниял 10:12).

Адал Даниял өтініш айтып қана қоймаған. Даниял 6:10-да: “Ол бұрынғы әдетімен күніне үш мәрте тізе бүгіп, өзінің Құдайына сыйынды және оған мадақ айтты”,— деп жазылған. Ол Ехоба Құдайды мадақтауға, оған ризашылық білдіруге әрқашан көп себептер тауып отырған. Демек, дұға айту оның ғибадатының ажырамас бөлігі болған, тіпті бұл әдетінен өміріне қауіп төнсе де, таймаған. Ехоба оны осындай табандылығы үшін жақсы көргені сөзсіз.

Құдайға дұға ете алғанымыз бізге берілген зор мәртебе емес пе?! Ендеше, Құдайға күнде-күнде дұға етіп жүрейік. Оны бар игілігі үшін мадақтауды әрі ризашылық білдіруді ұмытпайық. Бір нәрсе бізді мазаласа, дұғада бәрін ашып айтайық. Сондай-ақ Құдайдың өтінішімізге қалай жауап бергені жайлы ой жүгіртіп, ризашылығымызды білдірейік. Дұға ету үшін арнайы уақыт бөліп отырған абзал. Құдайға ішімізді ақтарып сиынсақ, оның жеке өзімізге көрсеткен сүйіспеншілігін сезінеміз. Ал бұл — бізді “ұдайы дұға етуге” талпындыратын зор күш (Римдіктерге 12:12).

Ехоба Құдайдың есімін дәріптеңіз

Достардың бірі өзімшіл болса, достық қарым-қатынастары ұзаққа бармайды. Бұл шындықтың Ехоба Құдаймен қарым-қатынасқа да қатысы бар. Даниял пайғамбар мұны жақсы түсінген. Сондықтан ол ең алдымен Ехобаның есімін дәріптеуді ойлаған. Мұны қалай істегенін қарастырып көрейік.

Құдай Даниял пайғамбардың дұғасына жауап ретінде Набуходоносор патша көрген түстің мәнін ашып берді. Сонда пайғамбар: “Жаратушы Иенің аты ғасырдан ғасырға жетіп, алғысқа бөлене берсін! өйткені кемеңгерлік те, күш-құдірет те Сонда”,— деген. Кейінірек түстің мәнін патшаға түсіндіргенде, Даниял қайта-қайта бұл Ехоба Құдайдың арқасында ғана екеніне назар аударып: “Сыр біткенді ашатын аспанда Құдай бар”,— деген. Сондай-ақ Даниял кешірім сұрағанда және азат етуін өтінгенде: “Жаратушы Ием!.. қаланың да, халқыңның да маңдайында Өзіңнің атың жазылған”,— деп сыйынған (Даниял 2:20, 28; 9:19).

Біз Даниял пайғамбарға еліктесек болады. Дұға еткенде Құдай “есімінің киелі тұтылуын” ойлайтынымызды білдіре аламыз (Матай 6:9, 10). Оның киелі есіміне кір келтіретін іс-әрекеттен аулақ жүреміз. Сондай-ақ Патшалық туралы ізгі хабарды басқалармен бөлісу арқылы Ехобаны дәріптегіміз келеді.

Жалпы алғанда, бізді қоршаған дүниеде біреуге сүйіспеншілік, қамқорлық көрсету деген некен-саяқ. Алайда забур жыршысы: “Жаратқан өз халқынан рақат табады, Кішіпейілдерді даңқтап, құтқарады”,— деген (Забур 149:4). Осы сөздерге сай, Ехоба Құдай өзіне ғибадат ететін адамдардың әрқайсысының қамын шынымен ойлайтынын білгеніміз бізге зор жұбаныш береді.

[Сілтеме]

a Ехоба куәгерлері Киелі кітапты оқып, зерттеуге көмектесетін көптеген құралдар басып шығарған. Олардың бірін алғыңыз келсе, Ехоба куәгерлерінің бірінен сұрауға қысылмаңыз.

[21-беттегі сөздер]

Құдай Даниял пайғамбарды нығайту үшін Жәбірейіл періштесін жіберіп, жақсы көретінін білдірген

[23-беттегі сөздер]

Даниял тыңғылықты зерттеуінің және үнемі дұға етуінің арқасында жақсы қасиеттер дамытты және Құдайға ұнамды болды